Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3080 0 пікір 3 Қараша, 2010 сағат 06:55

Асхат Бекенов Мәжіліс депутаты: Қазақ өз ішінен «бүлінгелі» тұр

- Сіз жақында Премьер-Министрдің атына депутаттық сауал жолдадыңыз. Бұған не түрткі болды?

- Сіз жақында Премьер-Министрдің атына депутаттық сауал жолдадыңыз. Бұған не түрткі болды?

- Мен еліміздің батыс өңірінен сайланған депутатпын. Елдегі ағайын-туған, құрбы-құрдастардан кейінгі кезде дінімізге жат ағымның, уахабшылардың қатары күрт өсіп бара жатқандығын жиі естимін. Оны аймаққа барған сайын көріп те жүрмін. Қоғамдағы осындай келеңсіз құбылыстар, жастардың көзжұмбайлықпен әлгі ағымның қатарына ілесіп кетуі қатты алаңдатады. Негізгі қауіпті құбылыс уахаббилік ағымына ілескендердің саны көбейіп, салафиттер ағымының кеңінен насихатталуы көңілге қорқыныш ұялатады.
Соңғы кезде мұндай көріністі Астанада да жиі кездестіретін болдым. Бет-аузын тұмшалаған, хижап киген жастар көбейе бастаған. Жас жігіттер сақал-мұртын қаулатып, шалбарларының балақтарын шұлығының ішіне салып жүруі - олардың басқалардан ерекшелігін аңғартады. Сыртқы көрінісі ғана бұл. Уахабшылардың жолы біздің мәзхабымызға қайшы. Депутаттық сауал жолдауыма осылар түрткі болды.
- Сіз жергілікті жерлерде уахабшылардың қармағына жасөспірімдердің көбірек ілініп жатқанын айтасыз. Бұл қаншалықты шындыққа саяды?
- Ел ішінде 14-15 жастағы балалардың отбасынан кетіп қалуы жиі кездеседі. Мектеп жасындағы ұлдар мен қыздар арасында музыка тыңдау харам деп, мемлекеттік Туға құрмет көрсетпеу, әскери борыштан бас тарту деректері кездеседі. Өмірдің қарапайым қағидаларын, салт-дәстүрді мойындамағандықтан, отбасынан іргесін аулақ салады. Олардың арасында оқуын тастап кеткен, мектептерде уағыз жүргізетін шәкірттер де бар.
Уахабшылардың қатарына әлеуметтік жағынан жағдайы төмен отбасылардың мүшелері көптеп тартылады. Жастарды шамалы ақша беріп, өз қатарларына қосуға тырысады. Бұл әрекеттің бәрі сыртқы күштердің ықпалымен жүзеге асып жатыр. Шет жерден уахабшылдықты насихаттайтын кітаптар, видеокассеталар, дискілер әкелінеді. Интернет арқылы таратады.
- Жасөспірімдер демекші, хижап киюге байланысты мәселе Білім және ғылым министрлігіндегілердің де басын қатырып отырған көрінеді. Бұл туралы заң шығарушы органның өкілі ретінде не айтасыз?
- Біз зайырлы мемлекетпіз, Ата заңымызда осылай жазылған. Сол себепті мектепте бірыңғай киім үлгісі болуы тиіс. Әйтпесе, әркім өз ыңғайына қарай киім үлгісін кие беретін болса, ертең протестанттар өз үлгісін, католиктер өзінікін, иудаизм өкілдері өз нұсқасын ұсынады емес пе. Менің ойымша, оқушыларға хижап киюге рұқсат беру қай жағынан да дұрыс емес.
Тағы бір айта кететіні, «Діни сенім және діни бірлестіктер туралы» Заңға 15-16 жастағы балаларды діни ұйым қатарына қабылдауға болмайды деген норманы енгізген абзал.
- Жоғарыда заңға норма енгізу туралы айтып қалдыңыз. «Діни сенім және діни бірлестіктер туралы» заңды қабылдауға қандай кедергі бар?
- Аталған заңның жаңа нұсқасын қабылдауды тездету керек. Діни ахуал-ды бақылауда ұстау үшін жергілікті атқарушы органдар тарапынан жүргізіліп жатқан шаралар нәтижесін бермей отыр. Өйткені бұл саладағы қызмет заңнамалық тұрғыдан қамтылмаған, яғни дәстүрлі емес діни бірлестіктердің заңсыз әрекеттеріне құқықтық тосқауыл қою мүмкіндігі шектеулі. Қоғамдағы діни қарым-қатынас заңдық тұрғыдан реттелмесе, онда бұның ақыры ауыр зардаптарға соқтыруы ықтимал. 16 миллионнан аса халықты демократия, діни сенім бостандығы деп әр түрлі дінге, ағымға жіберіп қоятын болсақ, ертеңіміз не болады?! Дін қоғаммен үйлесім тауып өмір сүруі керек деп есептеймін. Қоғамда қайшылық туғызып, алауыздыққа бастайтын діни ағымға тосқауыл қою керек дейтінім сондықтан.
- «Діни сенім және діни бірлестіктер туралы» заң жобасы туралы ұсыныс алғаш рет көтеріліп отырған жоқ. Бұрын да жаңа заң жобасын қабылдау сәтсіздікке ұшыраған-ды. Ол тағы да қарсылыққа кездеседі деп ойламайсыз ба?
- Жоқ, олай ойламаймын. Қоғамдық пікір толыққанды пісіп-жетілді. Қазір уахабшылар тәрізді теріс пиғылды ағымдардың көздеген мақсаты белгілі бола бастады. Тіпті жоғары билікте отырған азаматтардың арасында әлгіндей ағымдарды қолдайтындар да баршылық. Дегенмен, қоғамдық пікірдің, халықтың қолдауының арқасында аталған заң жобасы қабылданатынына сенімдімін.
- Оппоненттеріңіз аталған заң жобасына қарсы шығып, өз құқымызды аяқ асты етпейміз деп айтуы мүмкін ғой...
- Мен бұнымен ешқашан келіспеймін. Олар үшін демократия бетперде ғана, түпкі мақсаты мүлде бөлек. Діни алауыздықты қоздырып отырған ағымға «өз білгенін жасауға» мүмкіндік беріп, өзіндік «құқығын іске асыруға» жол берсе, мемлекеттіліктің өзіне қатер төнуі әбден мүмкін. Қазіргі жастардың сан бөлікке жарылуы, елдің арасына іріткі салуы, ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрді жоққа шығаруы қоғамға орасан зиянын тигізеді. 15-20 жылда уахабшылар қанатын кеңге жаяды да, елдің ішкі бірлігіне қатер төндіреді. Сол себепті қапы қалмаған абзал. Діни қарым-қатынас тетігін заңдық тұрғыда реттеп, жастарға исламдағы ағымдардың аражігін ажырата білуге жан-жақты танымдық-ағартушылық тұрғыда көмектесуіміз қажет.
- Дін мемлекеттен бөлек қой... Конституцияда да осылай жазылған. Теріс ағымдарға қалай тосқауыл қоюға болады?
- Әрине, ең алдымен заңнамамызды дұрыстап алуымыз керек. Бұрын-соңды елімізде болмаған діни ағымдарға тосқауыл қойған жөн. Шет мемлекеттерден ағылған уаһабизмді, басқа да жат пиғылды ағымды насихаттаушылардың ел аумағына енуіне тыйым салу қажет. Әйтпесе, олар жай қоғамдық ұйым есебінде тіркеліп алады да, кейін өз дегендерін істейді.
- Астана соңғы уақытта әлемдік діндер лидерлерінің басын қосып, бейбітшілік пен келісім орнықтыру идеяларын ұсынып отыр. Ағайынгершілікке ұйытқы болып, Қазақстанды басқаларға үлгі етуге деген ұмтылыс басым. Өз ішімізден ши шығып жатса, сонда масқара болмаймыз ба?
- Рас, елімізде түрлі ұлт өкілдерінің мәдени орталықтары, олардың басын біріктіретін Қазақстан халқы ассамблеясы бар. Басқа ұлттардың діндерін құрметтейміз, сыйлаймыз. Солардың бәрін бірлікке, татулыққа шақырамыз...
Алайда, қазақ өз ішінен «бүлінгелі» тұр. Ислам арасында жат пиғылды діндер кеңінен қанат жая бастады. Уахабшылар тәрізді ел арасына іріткі салатын ағымдарды Үкімет дер кезінде ауыздықтамаса болмайды. Уаһабизмге, басқа да пиғылы жат ағымдарға қарсы белсенді күреспесек, онда мемлекеттілігімізге, ұлттық тұтастығымызға қатер төнеді.

- Кезінде түркілердің де түбіне жеткен осы діни алауыздық қой. Ендеше, Мәдениет министрлігінің құзырындағы Дін істері жөніндегі комитет не тындырып отыр?
- Жалпы, жергілікті атқару органдарының «Жол картасы», «Бизнес - 2020» деген сияқты түрлі бағдарламалар бойынша атқаратын жұмысы бастан асады. Мәселен, облыста ішкі саясат басқармасында бір адам ғана дін мәселесімен айналысады. Жалғыз адам не істей алады? Оныкі, шыны керек, кеңселік жұмыс. Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Білім және ғылым министрлігі, Мәдениет министрлігі Дін істері жөніндегі комитеті және Қазақстан мұсылмандары басқармасының өкілдері осы бағытта бірлесіп жұмыс атқаруы тиіс. Ал Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері жұма күні мешітке жиналған жамағатқа уаһабизмнің зардабы жөнінде, жастар ол ағымға кірсе неге ұшырайтынын айтып түсіндірулері қажет. Түрлі ағым мүшелері мешітті жағалап келеді, пиғылы бұзықтарды тіпті мешітке кіргізбеу де керек.
- Қазір жер-жерде Діни басқарманың құзырына кірмейтін мешіттер де бар. Бір орталыққа бағынбаудың ақыры да діни алауыздыққа бастап отырған сияқты...
- Жергілікті жерде бизнесмендер салған жеке меншік мешіттер бар. Меншік иесі кімді дұрыс көреді, соны имам етіп тағайындай салады. Діни басқарма аталған мешітте не болып жатқанынан бейхабар. Біздіңше, барлық мешіттер заңды түрде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құзырында болуы тиіс.
- Біздің ұстанатын мәзһаб салт-дәстүрімізге қарай икемделген. Ал жат ағымдар келеді де, «дәстүріңнің керегі жоқ» деп жатады...
- Жергілікті орган - әкімдікті алыңызшы, Президент Әкімшілігі, Үкімет тапсырмаларын дереу орындайды. Сол сияқты мешіттер де Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының айтқандарын басшылыққа алғаны жөн. Мешіт имамдарының айтқаны жамағатқа да заң болғаны абзал. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлінің айтқан сөзімен мешіттегі имамдардың ойлары, идеялары, өсу жолдары да бір болуы тиіс. Қоғамға, дінге деген көзқарастары да бірдей болуы керек қой. Әйтпесе, қазақ қоғамындағы діннің өзі бір-бірін жоққа шығаратын ағымдарға бөлінсе, ондай елде қандай береке болмақшы?
- Қысқасы, өскелең ұрпақты жат ағымдардың ықпалынан қалай сақтауға болады?
- Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, балаларға «Дінтану» пәнін қалай оқытуды ойластырғаны абзал. Сондай-ақ, мектепте осы пәннен дәріс оқу үшін көлденең көк аттылар немесе белгілі бір ағымды насихаттайтын мұғалімдердің еніп кетпеуін қадалаған жөн. Ол үшін сабақ беретін мұғалімдерді аккредитациядан өткізу қажет. Сертификат алған соң ғана «Дінтану» пәнінен сабақ өткізуге рұқсат беруге болады.


Әңгімелескен Талғат Ғалымжан

«Нұр Астана» газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3234
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364