Сенбі, 23 Қараша 2024
EXPO - 2017 6659 0 пікір 7 Шілде, 2017 сағат 16:50

Еріктілер: Біз көрсеткен қызмет пен құрметтен біздің ел туралы естелік қалады

 

«Астана ЭКСПО -2017» көрмесінің архитектуралық символына айналған «Нұр Әлем» нысаны, әлем елдерінің 115 павильоны, оған қоса амфитеатр, конгресс орталығы, медиа орталық, басқа да толып жатқан кешендер... 174 гектар жерді алып жатқан халықаралық көрме аумағында орналасқан нысандар бұл. Күніне мыңдаған адамды қарсы алу,тіркеуден өткізіп, билет тексеру,  халықаралық жұмысшыларға бағдар, осы сияқты 16 функционалды бағыттағы жұмыс. Бұл - Қазақстанның түпкір-түпкірінен жиналған 4500 еріктінің күнделікті міндеті. Олардың екі мыңнан астамы астаналық болса, дені өңірлерден келіпті.

Мәселен, Қарағандыдан келген Лаура Ғаниева үшін ЭКСПО көрмесі білімін жетілдіруге мүмкіндік беріпті. Қарағанды мемлекеттік университетінің 2- курс студенті, болашақ аудармашы Лаура шет тілдерін білуінің арқасында жүздеген студенттің ішінен таңдалыныпты. «ЭКСПО -2017» көрмесіне келіп, мен күнделікті теория жүзінде алған білімімді енді тәжірибе жүзінде пайдаланудамын.  Мен болашақ ағылшын, қытай тілдерінің маманы болғандықтан, осы жерге келгелі тілдік орта қалыптастырып алдым. Бірқатар шетел ғалымдарымен танысып, әңгімелестім» дейді ол.

Ал, Кәусар Бейсенбаева  мамандығына көрмеге ерікті болуы айтарлықтай пайда әкелмесе де, есесіне таным көкжиегін кеңейтіп, жан-жақты дамуына септігін тигізгенін айтады. Көрменің ашылғанына көп бола қоймаса да, Кәусар павильондардың денін аралап, біраз дүниеге қанық болыпты, алайда, көп жағдайда, павильон аралап, концерт тамашалауға уақытымыз аздық етеді, дегенмен, өзіме берілген бір ай мерзім ішінде барлығын аралап, көріп шығамын деп мақсат қойдым» дейді.  Иә...Үш ауысымда жұмыс істейтін еріктілердің көрме тамашалап жүруге қолдары тие бермейтініне көзіміз жетті. Алайда, қарбаласқа толы күндері тек қонақ қарсы алып, қызмет көрсетумен ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік желінің белсенді пайдаланушысы Әсет Қайратұлы  жеке парақшаларында өтіп жатқан шаралар туралы әсерлері мен суреттерін жариялап отырады екен. Ал, бастысы, қарағандылық студент өзінің алдағы жылы жазатын ғылыми жобасының тақырыбын ЭКСПО көрмесін тамашалағаннан кейін таңдап, оған қажет материалдарды да жинауға үлгеріп жатқанын айтып ағынан жарылды.

Қазақстандықтардан бөлек көрмеде қызмет көрсететін еріктілер қатарында Өзбекстан, Испания, Франция, Канада, Франция мен АҚШ-тан  келетіндердің қарасы қалың екен. Ай сайын Астанаға әлемнің қырыққа жуық елінен елуден астам ерікті келетін көрінеді.

Айта кетерлігі, қазақстандық еріктілердің дені жастар, оның ішінде студенттер. Алайда, еліміз үшін айтулы шараға қатысып, қызмет көрсетеміз дегендер қатарында ересектер, егде тартқандар  да көп екен. «Шет тілін білу басты талаптардың бірі болғандықтан, үміткерлердің дені сынақтан өтпеді»- дейді ұйымдастырушылар.  Десе де, қалың жастың арасында белсенді жұмыс істеп жүрген, ағылшын тілін білетін зейнет жасындағы кісілерді де  кездестіруге болады.

Ұйымдастырушылар «ЭКСПО 2017» көрмесінің еріктілеріне қажет жағдайдың барлығы жасалғанын айтады. Тамақтандыру, трансфер, арнайы жатақхана, ұялы байланыс шығындары, экскурсия – барлық ерікті қамтамамыз етілген.  Кейбірі тіпті, еңбекақы алады. Ол жұмыс нәтижесінің көрсеткішіне байланысты. Назарбаев университетінің 1-ші курсын биыл тәмамдаған  Айдана  билет тексеру бөлімінде істейді. Басында ерікті ретінде келген ол ағылшын тілін жетік білуінің арқасында билет тексеруші етіп алыныпты, үш ай уақытта тапқан нәпақам оқуыма қажет жабдықтарымның шығынын өтейтін болды деп қуанды ол.

Еріктілердің әрқайсысы түрлі бағытта міндеттерін атқаруда. Бірі: қонақ қарсы алып жатса, бірі билет тексереді, бірі көрмені аралатса, бірі медициналық жәрдем көрсетеді, бірі ойын-сауық шараларына жауапты болса, бірі аудармашы. Бұл тізім осылайша жалғасып кете береді. Алайда, оларды біріктіретін бір мүдде. Айтуларынша, көрменің сәтті, жоғары деңгейде өтуіне теңізге тамған тамшыдай  өз үлестерін қосу. «Біз көрсеткен қызмет пен құрметтен біздің ел туралы естелік қалады» дейді олар.

Зарина Әділбек

Abai.kz

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3235
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5366