Шүкір ШАХАЙ: Біз - «аңшылармыз»
Шүкір Шахай - қазақ фотожурналистикасының белді өкілі, шашасына шаң жұқтырмас жүйріктерінің бірі. Бір қызығарлығы, Шүкір Шахайдың шынайы шығармашылығы Қазақ елінің тәуелсіздігімен түйдей құрдас. Алдағы жылы 20 жылдығын атап өтпекші. Міне, осы айтулы датаға орай, бұған дейін «Астана: Қас-қағым сәт», «Қазақстан», «Қасым Қайсенов», «Роза Рымбаева», «Түркістан», «Қазақтың киіз үйі», «Мақтаарал», «Жер жәннаты - Жетісай», «Шежірелі Шардара» сияқты онға жуық альбом-кітаптарын жарыққа шығарған фотоөнердің хас шебері «Тәуелсіздік: Қас-қағым сәт» атты жеке фотокөрмесін ашпақшы. Мекен-жайы: Астана қаласындағы Тәуелсіздік сарайы, 2-ші қабат. Өтетін күні: 11-ші желтоқсан, 2010 жыл. Басталуы сағат 12.00-де.
Фотокөрменің ашылуына бір айдан астам уақыт болса да, біз Шүкір Шахайды арнайы іздеп бардық. Ондағы ойымыз - қазақ фотожурналистикасының бүгіні мен ертеңі, ұлттық патриотизм төңірегінде ой бөлісу болатын-ды. Ашық әңгімемізді алдағы фотокөрмеден бастадық...
- Шүкір аға, фотокөрмені ашудағы мақсатыңыз не?
Шүкір Шахай - қазақ фотожурналистикасының белді өкілі, шашасына шаң жұқтырмас жүйріктерінің бірі. Бір қызығарлығы, Шүкір Шахайдың шынайы шығармашылығы Қазақ елінің тәуелсіздігімен түйдей құрдас. Алдағы жылы 20 жылдығын атап өтпекші. Міне, осы айтулы датаға орай, бұған дейін «Астана: Қас-қағым сәт», «Қазақстан», «Қасым Қайсенов», «Роза Рымбаева», «Түркістан», «Қазақтың киіз үйі», «Мақтаарал», «Жер жәннаты - Жетісай», «Шежірелі Шардара» сияқты онға жуық альбом-кітаптарын жарыққа шығарған фотоөнердің хас шебері «Тәуелсіздік: Қас-қағым сәт» атты жеке фотокөрмесін ашпақшы. Мекен-жайы: Астана қаласындағы Тәуелсіздік сарайы, 2-ші қабат. Өтетін күні: 11-ші желтоқсан, 2010 жыл. Басталуы сағат 12.00-де.
Фотокөрменің ашылуына бір айдан астам уақыт болса да, біз Шүкір Шахайды арнайы іздеп бардық. Ондағы ойымыз - қазақ фотожурналистикасының бүгіні мен ертеңі, ұлттық патриотизм төңірегінде ой бөлісу болатын-ды. Ашық әңгімемізді алдағы фотокөрмеден бастадық...
- Шүкір аға, фотокөрмені ашудағы мақсатыңыз не?
- Қоржындағы бар дүниелерді елге бір көрсетейін деген мақсат. Оның ішінде жұртқа таныс суреттер де бар. Келесі жылы тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы деп жатырмыз. Қарап отырсам, 20 жыл бұрын қабылданған елтаңбамыз бен туымыздан бастап бүгінгі бидайымыз бен мысымызға дейін – барлығы байлығымыз. Осыны елге көрсеткім келді. Бізде Менделеев кестесіндегі химиялық элементтердің барлығы бар деп мақтанамыз. Соны тағы бір көрсеткім келді. Жақында ғана Сингапурде болдым. Сіз сенесіз бе, сол елде ауыз суды басқа мемлекеттен сатып алып келеді екен. Басқасын айтпай-ақ қойғанның өзінде... Ал осы Сингапурың мұнайды өңдеуден, одан басқа заттар шығарудан дүние жүзінде 1-ші орын алады екен. Бірақ, өздерінде мұнай шықпайды. Таң қалдым. Ал мынау Атыраудағы «Болашақ» мұнай өңдеу зауыты (Ол өзі түсірген суретті көрсетті). Бір-екі жылда іске қосылатын зауыттың ұзындығы – 7 шақырым. Бұл суретті тікұшақтан түсірдім. Бір қуанатыным, осы 20 жылда соғысты түсіріп көрмеппін. Тек, жақсылық пен игіліктерді түсіріппін. Осының бәрі ата-бабаларымыз аңсаған тәуелсіздікті көруді, соны таспаға қалдыруды біздің маңдайымызға жазғаннан шығар!.. Тәубә деймін! Содан соң, көрмені өткізудегі бір мақсатым - өз суреттерімді заңдастыру.
- Қалай заңдастырдыңыз?
- Бүкіл суреттерімнің бір-бір данасын шығарып, түбін түптеп, Әділет министрлігіне апарып тапсырдым. Сол жердегі көмектескен қыздар: «Әлі ешбір фотограф бұлай жасаған жоқ!» деп күліп жатыр. Заңдастырудың жолдары бар. Менің алдымда марқұм Ақселеу Сейдімбектің әйелі мен қызы ғалымның 5 томдығын өз аттарына заңдастырып жатыр екен. Мен де үш кітабымды заңдастырдым. Оның тәртібі былай екен: қанша өмір сүретінімізді бір Алла ғана біледі. «Тірі жанның барлығы өлімнің дәмін татады» дейді пайғамбарымыз бір хадисінде. Яғни, заң бойынша бұл суреттерім мен өлгенге дейін және одан кейін 70 жылға дейін менің меншігім болып табылады. Кейіннен немерелеріме мұраға қалады екен. Олар аттарына қайта тіркете алады.
- Бұл идея (заңдастыру) ойыңызға қалай келді? Суреттеріңіз жиі ұрлана ма?
- Иә. Біріншіден, фотосуреттерім жиі ұрланады. Өткенде демалысқа Шымкентке барғанымда көшелерде суреттерім билборд болып ілініп тұрғанын көрдім. Аты-жөнімді жазбапты. Қайдан алғандарына қайран қалдым. Сол сияқты талай кітаптарға да шығып жатыр. Тегімді кейде көрсетеді, кейде көрсетпейді. Міне, осыған тосқауыл қоюдың бір жолы – заңдастыру екен. Әйтеуір, жолын таптым. Екіншіден, 20 жыл бұрын қабылданған туымыздың, елтаңбамыздың қадір-қасиетін бағаламай жүрміз. Төлен, өзің де көріп жүрсің, Парламентте әнұранымыз ойнағанда «Мен қазақпын!» дегендер ғана жүрегіне қолын қояды. Ал орыстар болса орнынан да тұрмайды. Осы дұрыс па? Спорттық ойындарда да әнұран ойнағанда стадиондағы екінің бірі кеудесіне қолын қоймайды. Үшіншіден, туымыз бен елтаңбамыздың белгілі бір стандартқа түскен жүйесі жоқ. Әр жерде - әр түрлі. Бір жерде аудитория үлкен, елтаңба кіші, енді бір жерде керісінше. Тудың түстері де сондай. Бір жерде қою көк, екінші бір жерде ашық көк. Осыған қарап қатты қынжыламын. Жаным ашитыны, олардың қалай қабылданғанын көзіммен көріп, куә болдым. Бәлкім, жиырма жылдағы еңбегімді жинап, елге көрсетейін дегенім де – патриот болғанымнан шығар?!.
- Шүкір аға, қазақ фотожурналистикасы бүгінгі күні қандай деңгейде? Алға басып бара ма, әлде, кері кетіп бара ма?
- Шынымды айтсам, өз әріптестеріме көңілім толмайды. Қазір цифрлық технологияның дамыған заманы. Жақсылап қарасақ, керемет мүмкіндіктер бар. Өкініштісі сол, мұндай мүмкіндіктерді пайдалана алмай жатырмыз. Мысал үшін, суретті түске дейін түсіріп, түстен кейін газетке шығаратын мүмкіндіктер бар. Қызығы сол, жаңа бір телефонды меңгеріп жатқанымызда екіншісі шығады. Оны да үйреніп болғанымызда айфон шығып жатыр. Оған жете бергенімізде тағы бірдеңе шығады. Технологияның соңынан қуып отыруымыз керек. Мысал үшін, бір кезде біз суретті пленкаға түсірдік. Онда қазіргідей бытырлатып бірден 4-5 кадрды түсіру деген жоқ. Керек кадрыңды аңдып отырып, сәтінде түсіріп аласың. Ал, бүгін өзімізге керек дүниені пайдалана алмай жүрміз.
- Оған кім кінәлі?
- Әрине, әріптестеріміз. Шерағаңның кезінде «Социалистік Қазақстанда» фототілші болдым. Шерағаң мені айына бір рет облыстарға іссапарға жіберетін. Сол сапарлардың рахатын көрдім. Ел көрдім, жер көрдім. Қаншама адамдармен танысып, қаншама суреттер түсірдім. Ал бүгін бір фототілші бір облысқа іссапарға барыпты дегенді естімеймін.
- 21 ғасыр – ақпарат ғасыры. Бірақ, бізде осы ақпарат ағынының бел ортасында жүретін фототілшілердің еңбегі еленбейді. Неге?
- Оның рас. Күні бүгінге дейін редакциялардағы фототілшілерге екінші сұрыптағы адамдардай қарайды. Тіпті, фототілшілерді журналист деп те санамайды ғой. Фотосурет түсірушілердің өз көзқарасы, өз композициясы бар. Қандай да бір тапсырмамен барғанында олар өзінің таспаға түсіретін нүктесін, сәтін күтеді. Соны фотоаппаратына түсіріп алғаннан кейін ғана көңілі жайланады. Мысал үшін, мен Кеңес Одағының кезінде Латвияның 6 фотографының мемлекеттік сыйлық алғанын білемін. Аттары есімде жоқ. Ал бізде өнердің бұл түрі - өгей.
- Сонда өгейсітудің себебе неде?
- Бір кезде Шерағаң айтқандай: «Журналистердің жегені – жантақ, көтергені -алтын». Сол сияқты, иығымыздағы фотоаппаратымыз мылтық, ал өзіміз аңшы сияқтымыз. Онда да дәл бүгінгі қас-қағым сәтті түсіріп алып, ертеңгі күнге, келешек ұрпаққа қалдырушы «аңшылармыз». Бірақ, бізге аңшы деп те қарамайды. Фотожурналистерге ешқандай қолдау жоқ. Өз өмірімде бір жақсылықты Сергей Терещенко мен Иманғали Тасмағамбетовтен көрдім. Әуелі С. Терещенко үкімет басшысы болып тұрғанында фотоаппарат сатып әперді. Содан кейін Иманғали Тасмағамбетов те премьер-министр болып келгенінде жаңа фотоаппаратқа қолым жетті. Бір жолы Душанбеге барғанымда Имекең: «Фотоаппаратың қалай?» деп сұрады. Мен көрсеттім. Ол «Жаз» деді. Содан бір қызығы, мемлекеттік сатып алу, тендерден өтеді деп жүргенде Имекең үкімет басынан кетіп қалды. Сол фотоаппараттың рахатын Даниал Ахметов көрді.
- Шүкір аға, сізді кәсіби фотограф ретінде не қуантады, не мұңайтады?
- Мені мұңайтатыны, біз фотоөнердің қадірін білмей жүрміз. Қазақ десең өзіңе тиеді. Бір айтайын дегенім, соңғы екі-үш жылда көп ағаларым бақилық болып кетті. Аттарын атасам, Сиез Бәсібеков, Рахымбай Ханалиев, Қайрат Мұстафин, Сайлау Пернебаевтардың үйлерінде қаншама құнды мұрағаттар қалды. Қаншама тарих керексіз болып жатыр. Сол мұрағаттардың цифрлық нұсқаларын жасап, неге келешек ұрпаққа аманат етпейміз?.. Естеріңізде болса, бір жолы Сайлау Пернебаев ағамның мұрағатын Жазушылар Одағының дәлізіне шығарып тастап, үлкен шу шыққан еді. Газет-журналдар жарыса жазды... Ал, фотоөнердің қадірін түсінсек, сөйтіп лақтырмас едік қой?!. Алматыда тұрып, газетте жұмыс істеп жүргенімде фототілшілер жылына 2 мың дана негативті мұрағатқа тапсыратынбыз. Ал бүгін бірде бір адам мұрағат сұрамайды. Ондай үрдіс жоқ. Осыған қынжыламын. Мені қуантатыны, бұ дүниеден өткен ағаларымыздың шағын өмірбаяны, суреттері жиыстырылған бір кітапты дайындап қойдық. Сол кітапта 5-6 суреті болады. Содан кейін, 20 жылдық шығармашылығыма қарап отырсам, мен де шалдардың қатарына қосылып барады екенмін. Өйткені, көзі тірі фототілшілерден 83 жастағы Нұрқожа Жұбанов, 68-дегі Нұрманбет Қизатов, Зейнел Үйсінбаев, Асылхан Әбдірайымнан кейін жас шамасынан 5-ші адам екенмін.
- «Жасым ұлғайып келеді» деп өкінгендейсіз ғой. Фотожурналистикада шәкіртіңіз бар ма?
- Бүгінгі жастар жаңа технологияны меңгерсе екен деймін. Фотошоп деген нәрсені жақсылап білсе екен деймін. Ал шәкірт дегенге келсек, азды-көпті танылып қалған Нұрғиса Мейрамбекұлын, Мұқтар Қалдарбекті, Серік Тұрлыбекұлын шәкіртім деп айта аламын. Бірақ... біздің қоғамда суретке деген сұраныс жоқ. «Осы өнердің түрі кенжелеп қалып жатыр-ау» деген жан жоқ. Бар болғаны әке-шешесі өлгеннен кейін: «Мынау жалғыз суреті еді» деп үлкейттіріп жатады. Болды.
- Фотокөрмеге қоятын суреттеріңіздің ұзын-саны қанша?
- 130. Құдай қаласа, 1-2 желтоқсанда өтетін ЕҚЫҰ-ның саммитін де таспаға түсіріп, көрмеге қоятын суреттерімнің ішіне қосқым келеді. Фотокөрмем Астанадағы Тәуелсіздік сарайының екінші қабатындағы фойеге қойылады. Алғашқы келісім бойынша, 2 не 6 ай тұрады деп отырмыз. Өзімнің ойымша, көрменің денін туәелсіздігімізге арналған суреттер құрайтындықтан оны 1 жыл бойы көрсетсек те жарасар еді. Қалай боларын уақыт көрсете жатар.
- Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Төлен Тілеубай.
Суреттерді түсірген Шүкір Шахай.
Редакциядан: Елге есімі белгілі кәсіби фотожурналист Шүкір Шахайдың Тәуелсіздігіміздің бейнелі шежіресіне айналған үздік туындыларын Abai.kz ақпараттық порталының «Фотобаян» айдарынан тұрақты көре алатын боласыздар.
Әріптестеріміздің қаперіне: порталымыздың «Фотобаян» айдарындағы Шүкір Шахай түсірген суреттерді көшіріп алатын болсаңыздар авторға және Abai.kz сайтына міндетті түрде сілтеме жасауыңыз керек.
Шүкір Шахай
Еңбек жолын Оңтүстік Қазақстан облысы Киров (қазіргі “Мақтаарал”) аудандық “Комунистік еңбек” газетінде фототілші болып бастаған. Одан кейін әр жылдары республикалық “Қазақстан пионері”,”Халық кеңесі” газеттерінің фототілшісі болды.1990-1996 жылдары жалпыұлттық “Егемен Қазақстан” газетінде фототілші болып еңбек етті. Сондай-ақ республикалық “Жас Алаш”, халықаралық “Түркістан” газетінде де жұмыс істеді. 2002 жылдан бері Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің жеке фототілшісі.
Шүкір Шахай-“Қазақстан”, “Қасым Қайсенов”, “Роза Рымбаева”, “Түркістан”, “Қазақтың киіз үйі”, “Мақтаарал”, “Жер жәннаты Жетісай”, “Шежірелі Шардара”, “Тәуелсіздік: Қас-қағым сәт”, “Астана: Қас-қағым сәт” атты фотоалбомьдардың және басқа онға жуық кітапальбомдардың авторы.
Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының лауреаты.