Жұма, 22 Қараша 2024
Бәсе... 8934 13 пікір 3 Шілде, 2017 сағат 13:02

Құт әкелген құрылтай

Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайының ашылуы, құрылтайда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың жасаған баяндамасы Тәуелсіздік жылдары Атажұртына көшіп келген бір миллионнан астам қандастарымыз үшін де, енді көшіп келуге түйесін қомдап отырған алыс-жақын шетелдегі бес миллион қазақ  үшін де зор қуаныш болды. Міне, он күннен асты, жұр сол құрылтайдың әсерінен әлі шыға алмай, мәз-мәйрам болып, бір-бірінен сүйінші сұрап жүр.

Соның бір дәлелі Ақмола облысы, Бурабай ауданы, Атамекен ауылында «Құт әкелген құрылтай» деген атпен өткен үлкен той.

Абылай ханның алты қанат ақ ордасы тігілген бұл өлке жердің жәннәты, Алты Алаштың мақтаны. Тәуелсіздік жылдары Бурабай ауданына 200-ге тарта отбасы көшіп келіп, ірге тепкен екен. Соның көбісі Моңғолия мен Қытай Халық Республикасынан оралыпты. Құдайға шүкір, алыстан келген ағайын бұл күндері ішкені алдында, ішпегені артында, қорасынан алды мыңдап, арты жүздеп мал өргізіп отырған жайы бар.

Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайының ашылуын тағатсыздана күткен жұрттың арасында бурабайлық қандастарымыз да бар екен. Ұлт Көшбасшысының баяндамасын телеарнаға тесіле отырып тыңдаған сол қауым, аса мәртебелі Нұрсұлтан Әбішұлының «Ардақты ағайын! Құрметті бауырлар! Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайына келген баршаңызға қазақтың қастерлі Атажұрты – Қазақ еліне, оның бас ордасы – Астанамызға қош келдіңіздер деп қуанышымды білдіремін. Қайда жүрсе де қазақтың тарихи, Отаны біреу-ақ, ол – Қазақстан! Атамекеніміз жалғыз, ол – бір уыс топырағына дейін қасиетті біздің Ұлы Дала Қазақ еліміз! Бүгінгі басқосуға негізінен жас буын қатысып отыр. Себебі, жас ұрпақ түбі, негізі қазақ екенін ешқашан ұмытпайды, сол үшін ата-аналарына рахмет айтамыз. Олар туған елімен байланысын нығайтып, ата салтын сақтап, ана тілін ұмытпауға тырысады», – деген сөздерін естігенде көздеріне және бір мәрте жас алғандарын айтады.

Айтты-айтпады, Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы, шынымен де,  құт әкелген құрылтай болды.

Елім, жерім деп еңіреген әрбір қазаққа Қазақстанның есігі әрқашан ашық. Ешкімге шектеу жоқ. Жағдай бар, еліме келемін дегендерге қауымдастық арқылы барлық жағдайды жасауымыз керек. Біз көшіп келуге ниет еткен ағайынға жол сілтеуді тұрғылықты жерінен бастауымыз керек. Біздің барлық мем­лекетте елшіліктеріміз бар, сол елші­ліктер азаматтардың құжаттарын қамдап, қоныстанатын жері туралы кеңес беруі тиіс. Бұл жұмысты осында отырған Сырт­қы істер министріне тапсырамын. – деді Елбасы.

Бұл – Мәңгілік Елдің тарихында мәңгілікке қалатын, ешкім өзгерте алмайтын Ұлы сөз!

Тағдыры қыл үстінде тұрған Қытайдағы қазақтар мың тексеру мен тергеуден өтіп, Атажұртыма жеттім-ау дегенде алдынан «Сотталдың ба, жоқ па» деген анықтама шығып, еңсесі түсіп келіп еді.

Елге келгеннен соң құжат түгендеу үшін әрі-бері сабылу болмауы керек. Қы­тай қазақтарының сотталғаны немесе соттал­мағаны туралы анықтама алу жайы ағайын­ның арғы беттегі еңбегіне проблемалар туғызады. Оны шекара тұрғысынан сол жер­де анықтап, елменен ақылдасып, келісіп шешу керек. Үкіметке осының бар­лығын кешенді түрде қайта қарап, шешімін табуды тапсырамын. – деп, қандастарын ол азаптан да құтқарды біздің аса мәртебелі Президентіміз.

Шетте жүрген ағайынның ұрпағына көмек жасау, өсіп келе жатқан жастарға қолұшын беру қажет. Біз шетелдегі қазақ бауырларымыздың балаларына Қазақстанда білім алуларына бар жағдайларын жасауымыз керек. Қазір олар грант арқылы еліміздің жоғары оқу орындарында оқи алады. Үкіметке қандастарымыздың жоғары білім алуларын қолжетімді ету үшін, оларға бөлінетін квотаны екі есеге көбейтуді тапсырамын. – деп, Ұлт Көшбасшысы шеттен келетін жастардың санының артуына, білім алып, тұрақтап қалуына одан ары кең жол ашты.

Ал, экономикалық дағдарысқа байланысты Үкімет баяғыда 20 мың отбасыға деп бөлетін квотаны тоқтатты. Тек, Үкімет айқындаған жеті облысқа келетіндерге ғана аздап қолұшын беруді шешті. Осы жағдайды ескеріп, 2011 жылдан бастап, Тұңғыш Президенттің Көші-қон қорын құру мәселесін дүркін-дүркін көтеріп келіп едік, көреген Президентіміз «Шеттегі және елге көшіп келген ағайындарды қолдау үшін «ОТАНДАСТАР» деген қор құрамыз. Әрине, мен оны Үкіметке тапсыратын боламын» деп, осы құрылтайда жарқ еткізіп, бұл арманымызды да орындады да тастады...

Тілек қабылданды! Арман орындалды!! Ал қуанбай көр!!!

Жоғарыда біз сөз етіп отырған Атамекен ауылында тұратын Тоқмұхамет Тұрсынұлы ақсақал, қуанышы қойнына сыймай, екі інісі Толқын Дәутайұлы мен Берікбол Шұғайұлын шақырып, осынау қуанышты ауылда дүбіретіп атап өтуді ұсынады. Тоқмұхамет Тұрсынұлы ағамыз арғы бетте жүргенде 23 жыл ауыл әкімі болыпты. Ақсақал басқарған ауыл бүкіл Қытай мемлекеті бойынша «Озат Қыстақ» болып, орталық Бежіңнен марапатталыпты. Ал, өзі екі кезек Іле Қазақ автономиялы облыстық, бір кезек Шыңжаң өлкелік Халық құрылтайының (бізше кеңестің) депутаттығына сайланып, міндет өтепті. Ардақты ағаның сөзін іскер інілер жерге тастасын ба, сайдың тасындай екі бауыры ол ұсынысты құптай жөнеледі. Ауыл әкімі Дауылбай Қапезов та бұл бастамаға бірден қол соғады. Жүздеп, мыңдап мал айдап отырған қандастарымызға қаражат деген сөз бе екен тәйірі, мынадай қуанышты сәтте ақ түйенің қарыны жарылмай көрсін! «Жұмыла көтерген жүк жеңіл!» деген, берекесі айрандай ұйыған ауыл халқы бұл жағын өздері-ақ шешіп тастайды.

Сөйтіп, ауыл маңындағы қарағаймен көмкерілген кең жазыққа оншақты ақ шаңқан үйлер тігіліп, V құрылтайдың төрінде отырған Елбасымыздың фото суреті басылған кермеге «құт әкелген құрылтай» деген айшықты сөз жазылып, ілінеді. Ары қарай аудан халқы жиылып, ақсарбас айтылып сойылып, мол дастарқан жайылады., ақындар айтысы ұйымдастырылды.

1 шілде күні біз - «Қазақстан РТРК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары, талантты журналист Қайнар Олжай ағамыз бен «Республикалық радио» ЖШС Бас директорының орынбасары – Қазақ радиосының Бас редактор Серік Сейтіман, Ел гәзеті «Егемен Қазақстанның» тілшісі Асқар Тұрапбай бастаған бір шоғыр БАҚ қызметкерлері, сондай-ақ Науша қажы, кәсіпкер Айдын Оразанбай, Әнуар Наушаұлы, күйші Ардаби Мәулет қостаған астаналық азаматтар сол Атамекен ауылында өткен  қуанышты тойдың құтты қонақтарының қатарында болып қайттық.

Атап айтуымыз керек, ағайынның көңіл күйі көтеріңкі. А десе, ауыздарынан Елбасы, Құрылтай түспейді. Мұхтар Әуезовтың сөзімен айтсақ, қандастарымыздың жүзінен V құрылтайдың жыл келгендей жаңалық әкелгені, қуаныш сыйлағаны бірден сезіліп тұр!

Тойдың да тойы болады. Өткенді аңсап, нәзір-құзыр бере-бергеннен гөрі, болашаққа даңғыл жол сілтейтін мынадай шешімдерді шеттегі шеркөкірек болып отырған жұртқа қуана жеткізу, әрине, құптарға тұрарлық бастама. Бірақ тойлау екен деп, біздің ағайындар ауыл басы бірден ат шаптырудың қажеті жоқ. Осы той – барша қауымның ортақ қуанышы мен Елбасымызға деген алғысы деп қабылдаған жөн. Сол тойға жұмсайтын ақшаны Елбасы құруға тапсырма берген ана «ОТАНДАСТАР» қорына құйып отыру керек. Қор құрылып, тұсауы кесілген күннен бастап өзім еңбекақымның 1 % -ын есеп-шотына аударып отыратын болам. Сіздер де, қандастар, табыстарыңыздың бір пайызын осы Қорға қосыңыздар!!!

Тойға ауданның жаңадан тағайындалған әкімі Қанат Серікұлы өзінің аппаратын ерте келіпті. Той шымылдығын қысқаша құттықтау сөз сөйлеп, сол Қанат Серікұлы бауырымыз ашып берді. Әкім сөзі ары қарай Қайнар Олжай ағамыздың көмейінен төгілген маржан сөздермен тұздықталды. Той соңы ауыл өнерпаздары дайындаған концерке, ат бәйгесіне, палуан күресіне, алтыбақанға жалғасып кете берді...

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

13 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5308