Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 5221 0 пікір 3 Маусым, 2009 сағат 14:11

«ТАЛТҮСТІ» ОҚЫҒАННАН СОҢ...

Лучше напоминать миру о великих словах
и славных делах древних, чем сокрушаться
об испорченности современных нравав.

Хун Цзычэн

Таласбек Әсемқұловтың «Талтүс» романы оқырманынан дайындық қажет етеді. Жүрдім-бардым, уақыт өткізбек мақсатта оқуға мүлде келмейді емес. Олай да болар. Бірақ, бұл шығарманың астарына бойлап, иірімдерін сезіну, абзац, тарау қуалап ілгерілеген сайын салмағы ауырлай түсер қазақы қоңыр мұңның әлдиіне шыдас беру – қиын. Әккі оқырманға ауыр.

Лучше напоминать миру о великих словах
и славных делах древних, чем сокрушаться
об испорченности современных нравав.

Хун Цзычэн

Таласбек Әсемқұловтың «Талтүс» романы оқырманынан дайындық қажет етеді. Жүрдім-бардым, уақыт өткізбек мақсатта оқуға мүлде келмейді емес. Олай да болар. Бірақ, бұл шығарманың астарына бойлап, иірімдерін сезіну, абзац, тарау қуалап ілгерілеген сайын салмағы ауырлай түсер қазақы қоңыр мұңның әлдиіне шыдас беру – қиын. Әккі оқырманға ауыр.
Жалпы бұл романды күйші талдауға тиіс шығар. Бағып отырсаңыз, роман басынан аяғына дейін тұнған күй. Қысқа күй, тарау-тараудан тұратын күні-түні шертілер хикая күй, дара қағыс, дара шертіс. Бұлардың барлығы тұтасып барып, үлкен бір әңгімеге, романға айналады. Ар жағында ұзақ-сонар жалқы күй күмбірі ағыл-тегіл солқылдап жатқан романға. Бағып отырсаңыз, жазушы абайлап қана, қарабайырлап, ауыз-екі тіл пошымына салып күйшіліктен дәріс оқиды. Домбыра беретін неше түрлі нақыштарды сөзге күрмеп, бейнелей отырып, қазақшалап, неше күйдің техникасын қағазға түсіреді. Домбыра тартатын, тартқанда, кәсіби тартатын адам ғана оқи алар кілтсөздер. Бірақ мені, көркемсөзден аз-маз сауат-түсінігі бар адамды, сөздерге дарыған әуез елітеді. «Әуелінде көсем пернеде жеңгемсүйер сымбатты бір әуен шертіліп тұрып алды. Содан соң төменгі сағаға түскен күй бұрын мүлдем естімеген бір жаңа сырдың ұшағын шығарған. Адамда айтылмайтын сөз болмайды. Басқалар айта алмағанды Тәттімбеттің жынысты күйі айтып берді. Домбыра... көкіректің, жаңа ғана кешкен, қайталанбас сезімді сұрап отырғанын сезгендей, көргендей, ындыныңды құртып, ынтықтырып тағы да айтты... Қайырыла бере тағы да айтты...». «Күміске буланғандай ішектер ақырын күмбір етті де үнсіз қалды». «Домбыра ішіне боран толғандай күркіреп кеткен». «Күйдің әуені емес, күмбірі қымбат». Ауаға атып шығып, көкірегіңе жеткеннен кейін қолқаңды суыра әлдеқайда  ғайып болатын түрлі қағысқа сөзден қалып құйып, қағазға басыпты жазушы. Бәлкім, бір кәдеге жарар... Ескіден келе жатқан қазақтың тамаша салтының бірі  - шебер артына шәкірт қалдырады. Өзгеден алған, өзі жеткен керемет мүмкіндіктерін өзімен бірге ала кетпес үшін. Сабыт күйші өзінің жиені Әжігерейді шақалақ кезінен бауырына басып, бала етеді. Мақсат – өнерін мирас ету.  «Біздің талқанымыз таусылды. Бір аяғымыз көрде, бір аяғымыз жерде. Енді қанша қалды дейсің. Бірақ арттағы елдің күйі не болады. Бүгінгінің төресі домбыраның, ән мен күйдің не екенін біледі дейсің бе. Бір ақынның айтқаны бар. «Кедейден болды шоңдарым» деп. Төренің сиқы сол болғанда, сол төреге, сол ақ ордаға қарап салтын түзеген елдің жайы не болмақ. Баяғыда домбырашыны ат арытып іздеп келіп күй үйренуші еді. Енді Қазығұрттың басында қалған кемедейміз.  Айтқан әңгімеңнің барлығы өтірік. Сондай да сондай салтанат болған десең, осындай да осындай ел болған, осы қара жерді қайыстырып басып өткен десең кім сенер. Нансаң, мені осы жасыма дейін бір адам іздеп келген жоқ. Шәкіртсіз өтіп барамын». Бұл - құдайы қонақ болып жатқан күйшінің, Сәруар шалдың сөзі. Бұл – біздің заманның трагедиясы. Өткенін ұмытып, батысқа елітіп-елігіп, қайырылмастай кетіп бара жатқан ұрпақтың. Сіңілім үй сыпырып жүріп Стингтің әуенін ыңылдайды, балам атқа мінген болып далбаңдап, Верка Сердючка салатын әнді келтіреді. 
Өнер – Алланың берген сыйы болса, оны ана жаққа ала кету – орны толмас өкініш, тіпті күнә. Тастайын десе, лайықты адамы жоқ. Бұл шығарманы күйші Таласбек Әсемқұловтың өзінің болашақта өмір сүріп жатқан шәкіртіне қалдырған ұлағаты деп ұғу керек шығар, бәлкім. «Күйдің жоғалғаны – адамның өлгенімен бірдей қаза» депті бір жерінде өзі.
Романның музыкант жазған шығарма екенінің тағы бір көрінісі – махаббат линиясында. Әжігерей мен Гүлшат арасындағы қарым-қатынас, олардың соңғы кездесуі, екеу арадағы сезімнің түйіні - өмірде болатын, алғашқы махаббат хикаяты емес, жоғарғы деңгейге көтерілген, әсерлендірілген, әспеттелген – символ, идеал, қиял. Әйел даналығы, көрегештігі мен сезгіштігі, еркектің басын бағалау қасиеті  осындай болса деген тілектің - әдеби туындыда тапқан көрінісі. Гүлшат образы біздің замандастың сықпытынан гөрі – Құрта қыз бен Гүлбаршынның бейнелеріне жақын. Оның Әжігерейден, қосылып қойған, көңілі сүйетін адамынан бас тартуы, оның үйленейік деген тілегін қабылдамай тастауы – он алты-он жетідегі бойжеткен қабылдайтын шешім емес. Тағы бір «біртүрлі» көрінер жері - соңғы кездесу кезінде Гүлшаттың аузынан беті ашылып, өмір көрген әйел ғана айта алатын сөздердің шығуы. Әжігерей мен Гүлшаттың соңғы әңгімесін біз эстетикалық диалог деп ұғамыз. Бұл жерде автордың күйшілік болмысы басым түскен. Әжігерей мен Гүлшат арасындағы сезім - өзінің шарықтау шыңына, биігіне жеткен кезде кенет шорт үзіледі. Бұл – күйде кең қолданылар тәсіл. Логикалық шешімсіз, салтанат құрып, әбден өрлеп біткен тұстан үзілу. Әдебиеттегі финал өзгешерек болмақ еді.
Көзге ұрар тағы бір тұсы – роман кейіпкерінің көбісі шал. Олардың арасында Сабыт, Сәруар, Ғазиз – күйші болса, Шерім, Жұмақан - әнші, Ахметжан – ұста. Жай, анау-мынау емес, бұлардың әрқайсысы ғасырда бір туар, ел ауызында аңыз болып қалар дара шеберлер. Әрқайсысының басынан өткен тарих – ғасырлық бәйтеректі қайыстырардай ауыр жүк. Қазақ басынан кешкен барлық қиямет-шежірені автор осы шалдар тағдырына аударып, назарға ұсынады. Бұл жерден біз образдық жинақ, символдық меңзеу көреміз. «Бір ғана тілек, бір ғана өсиет құлыным. Басыңа әлі талай қиын-қыстау күн туады. Өнеріңді саудаға сал, бірақ өнермен саудаласпа. Өнермен саудалассаң, өнердің кәріне ұшырайсың, киесі соғады. Міне, мен бүгін күйді қайырдым. Ендігі күй сенікі» дейді атасы соңғы сапарға аттанып бара жатып Әжігерейге. Бұл кешегі өткен асылдардың біздің әрқайсымызға айтқан, айтатын өсиеті, тілегі. 
Тіпті Сабыттың кемпірі Күлбағиланың бойына от басы, ошақ қасынан асып кетер мінез дарытылған. Әжігерейге Күлбағиланың күн көрсетпей, ұрып-соғып жүргенін білген Сабыт «Періштедей баламды қор қылды, сүйегін жасытты» деп, мойнына шылбыр салып сүйрегеннен кейін, басынан қамшымен салып қалып «Алды-артың бір уыс топырақ. Бар» деп айдап шыққаннан кейін қайтып келуі, кешірім сұрай тұрып, қаршадай балаға деген өшпенділігінен жаңылмауы – мүмкін жарығы аз, бірақ мінез ірілігінің көрінісі. Сабыттың айтуынша, Күлбағила – кезінде үй-ішімен қызылдар түгел қырған бидің ұрпағы. Қаршадай қыз жақындарының өліміне куә болған, содан осындай жібімес қатты қалып тапқан. Оның Сабытқа деген құрметі, қызметі роман бойында ерекше нәзік, ерекше қасіретті, естілер естілмес әуен болып созылған. Бұл  әуен соңында, кітап соңында атасы жерленіп, Әжігерей өзінің туған шешесіне кететін жерде, қоштасар сәтте Күлбағила көкірегінен ән болып шығады. «Бұл әнді әжесі жас кезінде бұның атасына алғаш ғашық болғанда айтқан деседі. Сәл қарлығыңқы дауыспен ешқандай нәшсіз, ешқандай әшекейсіз айтылған ән жанның терең түкпіріне жетіп, бұрын сезіп білмеген, жүрек елжіретер аяулы мұды оятты. Ән, біреу үшін өнер болса, біреу үшін қасірет пен күрсініс екен».
Басында Баянауыл ойнайды арқар,
Арқырап таудың суы төмен сарқар.
Бірге өскен кішкентайдан, сәлетайым,
Қайғы-шер қатып қалған қашан тарқар.
Дейді. Көшпенді жүрегінде, далалық кеудесінде мәңгі қатқан, музыкасында, ән мен жырында, ойған оюы мен соққан бұйымында көрініс табатын, ешқашан толық жібіп, мүлде кетпейтін қайғы-шер. Күлбағиланың ерекше жаратылысының бір белгісі осы қайғы-шерді көтере жүріп, өзінің әйелдік миссиясын толық орындап шыққандығында болса керек. Жалпы Ана ерлігі осында жатса керек.
Туынды енді ашылмастай болып жабылған, ұмытылды деген қай-қайдағы естеліктерді қозғайды. Кенет есіңе өзіңнің кім екенің түседі. Ғасырлар бойы ата балаға, бала немереге тапсырып, сенің дүние есігін ашуыңа сеп болған әлемдегі ең құдіретті микроскоп таба алмас, қанның ішіндегі бір бөлшегің дүр сілкінеді. Патриотизм. Отансүйгіштік. Осыған ұқсас. Бірақ басқа. Алпамыс пен Қобыландыны жауға шаптырған. Осыған жақын. Әлдене. Көркем шығарманың басты миссиясы  - ойлау жүйесін өзгерту, сананы басқа арнаға бұру, ояту. 
«Талтүс» бір сәтке де күмәндандырмайды. Қазақтығыңды еске салады, кең даланың төрінде сайран салып жүрген мұңсыз кезің болды ғой дейді.  Домбыраң, симфониялық қырық оркестрге татитын  күміс күмбір, от-жалын күйің болған. Дара, кесек тұлғалар да бар еді. Басыңнан қайғы өтті, қасірет өтті, өлім көрдің, өзен боп аққан қан көрдің. Бір басыңда барлығы  болды дейді «Талтүс»-тің астарындағы домбыра үні тербеліп. Еріксіз елтисің. Сағым әлем. Ертегі оқып отырғандайсың. Хикая. Жоқ дейді қатқылданған домбыра үні енді басқа арнаға ауысып. Ертегі емес. Болған. Тәтіттімбет те, Сабыт та, әнші Шерім де, Ахметжан ұста мен Сәруар. Болған. Өткен. Енді сен барсың.Сен – қазақсың. Сен бұндай емессің. Асылдың сынығы. Сен – тектісің. Ал олар – ертегі емес. Осыған сендіреді. Рухыңды көтереді. Жалған намысты, жасанды отансүйгіштікті емес, тереңдегі рухыңды. Демек, шығарма миссиясы орындалды. «Талтүс»-ті біз үлкен бір әдеби шығарманың басы, кіріспесі деп ұғамыз. Бұл кітапта Әжігерейдің бұғанасы бекіді. Қалыптасты. Оқырман романның жалғасын күтеді.

МАДИНА ОМАРОВА

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1479
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5470