Сенбі, 23 Қараша 2024
Арылу 8860 6 пікір 14 Шілде, 2017 сағат 14:02

Төл атынан айрылған "Қазақ" туралы...

(Бірінші әңгіме)

Қазақтың өзінің төл атынан айрылса не болар еді? Ал оның Қазақ атымен қоса мемлекетінің атауынан да жұрдай болып тоналғаны - рас болса ше?
Және ай мен күннің аманында, егер соның өзін алғанымыз рас болса, мына тәуелсіздік заманында қасақана атынан айрылып, жер сипап қалған ұлт және мемлекет - мына біз болсақ ше?

Елімізді соңғы жетпіс жылдан астам уақыт езгісінің астында ұстаған кеңестік-тоталитарлық жүйенің бодандық қамытын киген тұсымызда біздің – «Қазақ ССР-і» деген мемлекет болғанымыз естеріңізде шығар?..

Мемлекетіміздің Қазақ атынан қалай айрылып қалғанымыз естеріңізде болар. Ол туралы екінші әңгімеде жеке тоқталамыз.

Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінде өткен сол Мұрат Әуезов бастамашыл болған дәл осы оқиғадан бастап, біздің Қазақтың басынан бағы тая бастады.

Ең алдымен барлық мемлекеттік ресми құжаттар қазақ және орыс тілдерінде жүргізілетін болды. Мемлекет басшысы екі тілде: қазақша, орысша сөйлейтін жағымпаздық әдет тапты. Ол онысымен қоймай «біз көп ұлтты елміз, бізде 140 ұлттың өкілі тұрады» деп соқты. Сол тұста тіпті, 14 миллионға да жетпейтін ел халқынан биліктің 140 ұлтты қалай жасап алғанын ешкім де сезбей қалды.

Қазақ оларға отар болған кезден бастап, шамамен үш жүз жылдай, Қазақты орыстар - «Казах» деп айтып және солай жазып келеді. Ұзақ жылға созылған сол бодандықта, орыстардың бізді әлгіндей «казах» деп айтқанына, қойдан жуас қазақтардың еті де үйреніп кеткен сияқты еді.

Бүгінде, атап айтқанда, «Тәуелсіз мемлекет болдық!» деп жүрген кезімізде, барлық ағылшын тіліндегі халықаралық мемлекеттік құжаттарда, қатынас қағаздарында, еліміз ішіндегі автокөліктердегі, халықаралық әуе, авто, және теміржол көліктері билеттеріндегі жазулар, тіпті, ағылшын тіліндегі жағарафиялық және саяси, физикалық, геодезиялық карталарда, Қазақстан азаматтарының төл құжаттарында, т.б. қатынас қағаздарында ұлтымыздың және мемлекетіміздің аты мен атауы - тура орысшадағыдай: «kazakh», «Kazakhstan» - деп байдырайтып тұрып жазылып, ауыз-екі сөздерде де дәл сол орысшадағыдай айтылып жүргеніне, міне, табаны күректей жиырма жылдың жүзі болыпты.

Рас, бүгінде латын жазуынсыз өмір жоқ. Латын қаріптерінің ғылымның дамуындағы прогрестік қызметін де жоққа шығара алмаймыз. Басқасын айтпағанның өзінде, бүгінгі таңда түріктілдес мемлекеттердің дені осы латын қарпімен жазады. Жиырма жылдан асса да орыс бодандығынан құтыла алмай, солардың кирилл жазуын тастамай келе жатқан жалғыз ұлт - біз қазақтар ғана екеніміз қандай аянышты еді десеңізші!

...Латын жазуына көшіп жатсақ, біз неге екінші дүниежүзілік соғысқа дейін Қазақстанда қолданылған және күні бүгінге дейін шетелдегі қандастарымыз пайдаланып жүрген латын жазуының заңдылықтарын сақтай отырып, «qazaq», «Qazaqstan» деп қасақана жазбай, орыс тілінің заңдылықтарына сәйкес «казах», «Казахстан» деп, өзімізді өзіміздің қалай қорлап жүргенімізге таңмын. Осындайларды күнде көзімізбен көріп жүріп, «апыр-ау, біз не деген намыстан жұрдай болып тоналған сорлы ұлт едік десеңші!»- деген ойға еріксіз қалады екенсің...

Күл-білтелемей, ашығын, анығын айтатын болсақ, халықаралық дәрежеде бүгін біз өзіміздің «қазақ» (qazaq) екенімізді дәлелдей алмайтын күйге жетіп отырмыз, қойдан жуас момын ұлтым!

Бір сұмдығы сол, біз енді өзіміздің «казах» емес, «қазақ» екенімізді дәлелдей алмайтын пұшайман қәлге жетіп отырғанымыз, неткен өкінішті еді десеңші! Өйткені қазақ ұлты мен оның мемлекетінің атауы - барлық ресми құжаттарда қасақана дәл жоғарыдағы біз көрсеткендей жағдайда заңдастырылып, жазылып кеткен. Сенбесеңіз, жалғыз ғана қалтаңыздағы төлқұжатыңыздың сыртындағы ағылшын тіліндегі жазуға және ішіндегі «ұлтыңызға» қараңызшы?..

Қазір заманауи жаңа технологияның қарыштап алға дамып, ғаламтордың (интернеттің) біз қолданатын күнделікті тіршілік көзіне айналғалы қашан! Ғаламтор демекші, осы ғаламтордағы барлық байланыстардың негізінен латын қарпімен жүргізілетіні тағы да белгілі.

Ғаламтордағы Қазақстан билігі жүзеге асырып отырған қазақ тілінің бүгінгі қәлі тіпті мүшкіл дер едім. Қазақтың: ә, ө, і, ү, ұ, қ, ғ, ң... сияқты өзінің төл әріптері күнделікті қолданыстағы латын қаріптерінен мүлдем алынып тасталып және тұтасымен аласталған.

Қазақстандағы ғаламторлардағы латын қарпімен жазылған: Kazakh, Kazakhstan, mail.ru, kz, т.б. атаулардан аяқ алып жүру мүмкін емес. Әр қайсымыз күнделікті пайдаланатын электронды пошталарымыздағы mail.ru – біздің қожайындарымыздан ешқандай сыр бүкпейтіндігімізді, күні бүгінге дейін орыстардың құлы екенімізді айғақтаса, ал, kz - qazaq-тың әдейі орысшаланған нұсқасы. Еліміздегі сайттардың барлығы осылайша «пәленше.qz» емес, әдейі орысшаланып, «пәленше. Kz» болып таңбаланып жүргені - басқалардан гөрі біздің қазақ оқығандарын неге шындап ойлантпайтынына таңым бар. Қазақстандағы барлық мемлекеттік құпия атаулы орыстардың алдында ашық жатыр...

Көшелердегі, жол жиектеріндегі , маңдайшалардағы, телеарналардағы, спорттық және жарнамалық киім-кешектердегі, радиотолқындарындағы, дүкендердегі, дәмханалардағы, мемлекеттік және жекеменшік мекемелердегі, т.б. бүкіл жарнама атаулыларда бір де бір қазақтың төл қарпі жазылмайды. Бәрі орысша, не ағылшынша, қытайша, шүршітше болып кете береді...

Күні бүгінге дейін бір ғана мемлекеттік туымыздың нақты түсі анықталмай келеді. Қараңызшы, ілініп тұрған мемлекет байрақтарына: бірінің түсі жасыл, бірі көгілдір, бірі сарғыш, осылайша кете береді...

Тап бір «Қазақ» атымен аталатын бұл мемлекетте қазақ деген ұлт аты, сойы жоқ сияқты. Біз қазақтар бүгінде АҚШ-тағы резервацияларға күштеп қуылған үндіс қандастарымыздың ауыр тағдырын басымыздан кешіп отырғандай болып елестейді маған. Егер біздегі қазаққа деген саясат осылай жалғаса берсе, қазақтың түптің-түбі сол үндістердің кебін киері де және даусыз...
Бір ауыз қазақша сөйлемейтін Қазақстанның қазіргі астанасы - Астана қаласы тұрғындарын айтпаған күннің өзінде, қасиетті де киелі Арқа төсіндегі сол жаңа қаладағы барша сәулет, құрлыс өнерінен қазақтың иісі де шықпайтыны өтірік емес. Керісінше, орыстың, қытайдың, будданың, еврейдің, христиан әлемінің сәулет өнерінен аяқ алып жүре алмайсыз. Оған дәлел, ана еврейдің елтаңбасына ұқсас Пирамида, ана Сыпыртқы, Мәскеудегі Ломоносов университетіне ұқсас тұрғын үй кешені, т.б. айтуға болады. Бүкіл қала иуда дінін насихаттап тұрған сияқты әсер етеді.

Иә, айтпақшы, алда-жалда біз латын қарпіне көшіп жатсақ, сонда өзіміздің және мемлекетіміздің атын латынша – qazaq, Qazaqstan-деп емес, орысшадағыдай – Kazakh, Kazakhstan - деп жазып, масқарамыз шығары тағы да даусыз. Шалақазақтардың ол орысшылдықтарын тыңдамай, өзімізше - Qazaq, Qazaqstan ,Qz, QU -деп, жаза қалған күннің өзінде, ана биліктегі тексіздер көсемін арқаланып, орындарынан өре түрегеліп, бөрінің көтіндей шулай жөнеліп:

- Калбиттер, оттамаңдар, халықаралық құжаттарда біз - казах, Казахстан (Kazakh, Kazakhstan) болып жазылып кеткенбіз. Оны енді ешқашан да өзгерттірмейміз. Өйткені біз, ұлы көшбасшымыз Елбасымыз айтқандай, түбі қазақ емес, казах, яғни, «қазақстандық» ұлт боламыз. Және де біз өмірбақи солай болып қала береміз. Кім де кім қарсы шықса, заңды бұзған болып саналады! - деп, қоқан-лоққы көрсетулері әбден мүмкін. Мүмкін ғана емес, олардың бұл ұсыныстары ащы да болса, ақиқатқа айналғалы тұр.

Тәуелсіздікті алған жиырма төрт жылдың ішінде біз тек қана өлшеусіз жер асты және жер үсті байлықтарымыздан ғана айырылып қойғамыз жоқ, аса қастерлі бүкіл ұлттық құндылықтарымыздан, тілімізден, дінімізден айрылдық деп жүрсек, ол да бізге аз екен.

Міне, Қазақ деген атымыздан, Қазақстан (халықаралық құжаттарда – qazaq, Qazaqstan емес, қасақана орысшаланып – Kazakh, Kazakhstan)- деген мемлекетіміздің атауынан, баяғыда-ақ айрылып қалыппыз ғой.
Біздің ұлтымыздың және рас болса, тәуелсіз мемлекетіміздің латынша атауларының халықаралық деңгейде қасақана орысша бұрмалануларының артында - «Кедендік одақ», «Еуразиялық одақ» дегендер тұр.

Сонымен, «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, қасақана төл атынан тоналған Қазақ ұлтының, атауынан айрылған Қазақстан мемлекетінің болашағы бұлдыр деп ашына ашық айта аламын.

Біздің не «бар», не «жоқ» деген екі тарам жол айрығының түйісер жерінде, ең соңғы таңдаудың алдында тұрғанымыз тағы да жалған емес!

Бізде енді бұрылатындай басқадай үшінші жол жоқ! Ойлан, оян, Қазақ!

Жұмаш КӨКБӨРІ, ақын

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1474
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5450