Қытай қазақ руларын шежіре кітап шығару арқылы бөлшектеп жатыр
Жуырда Қытайдың "Таң дәуіріндегі поэзия. Үш жүз өлең" атты кітабын оқып шықтым. 650-ден 950-жылдар аралығында өмір сүрген Жаң Жиюлиң, Ли Бай, Ду Фу, Уаң Уи секілді жүздеген ақынның өмірбаяндары мен өлеңдері қағазға қаттап, дәл кеше өмірден өткендей тасқа қашаған екен. Кеңестік кезеңде бес ғасырды жырлатқан Мұхтар Мағауиннің өлшеусіз еңбегі ойыма орала берді. Мағауин сынды біртуар ұлдарымыз болмағанда қазақтың әдебиеті қараң қалғандай екен. Бұған да шүкір делік.
Таң дәуіріндегі Қытай поэзиясы, оның көркемдігі, өміршеңдігі, я басқа да кемшіліктері жайлы ләм-мим дегім келмейді. Осы кітапты оқып отырғанда менің санамды поэзиядан гөрі саясат өз ырқына бағындырып алды.
Қытай сонау 650 жылдардағы ақындарының қандай өлең жазып, кіммен ішкенін, қалай мас болғанын аңыз емес, дерекпен нақтылап кейінгіге жеткізіп отыр. Ақындардың тарихы осылай болған соң, мемлекеттің тарихы жайлы ауыз ашпай-ақ қоялық. Ал, бізде ше?
Біз бар тарихты Жоңғар шапқыншылығынан бастағымыз келеді. Қай қазақ болмасын бабаларының қалмақты қынадай қырғанын мақтануға әуес. Одан ілгері тарихқа тіс батырғымыз келмейді. Бар болғаны 300 жылдық, қала берді Қазақ хандығы құрылған 550 жылдық тарихымыздың өзі нақты деректен гөрі аңызға жақын.
Осыны айтар болсаң, қазағыңа жау адам болып шыға келесің. Бүкіл қазақ даласын жоңғардан тазартқан Әбілқайырдың қолы екенін бүгінде ешкім айтпайтын болды. Осы ақиқатты мойындар болса, Кіші жүздің даңқы артып, өзге жүздердің жүзі күйердей сасық намыс бой көтереді. "Жетісудан Алтайға дейінгі аймақты Абылай мен Қабанбайдың қолы тазартты" деген ақиқат айтылар болса, Ұлы жүздің халқы у жұтып өлері анық. Міне, біздің тарихтың сыйқы осы.
Әр өлкені бір тұлғаға сыйлап, әр ауданның кіре берісіне бір-бір атқа мінген батырдың ескерткішін қоюмен тарих жасағымыз келеді. Қазақта Жоңғардан бұрынғы заманды сөз ету, Шыңғысхан құрған Ұлы империяның егесі болуға талпыну, тарихты жүздік көзқараспен емес, елдік көзқараспен жазу жағы кемшіл. Бұл кемшілік қашанға дейін созыла бермек?
Қазір әр өлкенің өз батыры бар. Ол батырлардың тарихы 90 жылдардан кейін ескі жырлар мен аңыз әңгімелердегі тиіп-қашты деректер негізінде жасалғандықтан бүгінде көп жазарманның өтірігі ашыла бастады. Сонда да өтірік тарих жазудан бас тарта қоймадық.
Нәтижесінде туғанына 250 жыл болмаған тұлғаларды 350 жылдық мерейтойын тойлап тастадық. Қорқыт ата секілді тым ертеде өмір сүрген халықтық аңыздардың кейіпкерлерін Төле, Әйтеке билердің замандасы етіп, тағы алжастық. Әр қазақ өз батырын қазаққа мәлім тұлғалармен байланыстырып, мемлекеттік деңгейдегі "шенеунікке" айналдырғысы келіп шапқылап жүр.
Аз ата қазақты руға бөліп, қазақтың емес, рулардың тарихын жазып жүргенімізді көргенде іргедегі қытайлардан ұялады екенсің. "Бақа-шаян жейді" деп менсінбейтін ханзуларымыз өз тарихын біздің заманымызға дейінгі дәуірлерге дейін тамырландырып үлгерді. "Қытай қорғанын біз салдырдық" деп күпінетін біз болсақ, ескерткіш тұрғызудан ары бара алмай отырмыз. Ал енді Қытайға қарсы тұр? Ал, енді күш сынас?
Өз тарихын тым тереңге бойлатып алған Қытай мемлекеті қазір қандастарымызға шежіре кітап шығаруға молынан мүмкіндік беріп отыр. Арғы бетте аз Албан мен аз Қызайдың, аз Керей мен аз Найманның басын біріктірмеу үшін жылына бірнеше шежіре шығып жатқанға ұқсайды. Кез-келген нәрсеге үрке қарап, астарынан саясат іздейтін ханзулардың қазақ шежіресіне қамқор бола қалуы, оның жолын айқара ашып тастауының астарында не жатыр? Әрине, "Әр ата шежіре арқылы бөлшектеніп, бір-бірімен қырық пышақ болсын" деген ниеттен өзге ештеңе жоқ.
Қытай осындай саясат ұстанып отырған кезде біз де сол дүрмекке өз еркімізбен еріп, тарихымызды жүздің ыңғайына жыға жазуымыз, Үш жүзден шыққан үш биге бар кітаптарымыздан теңдей орын беріп, әділетті бола қалуымыздың соңы елді құрдымға жіберерін бағамдар уақыт келген жоқ па?
"Таң дәуіріндегі поэзия. Үш жүз өлең" атты кітапты оқып отырып, осындай ойларға берілдім. Қызық-ә!
Шәріпхан Қайсар
Abai.kz