Нұрлан Қабдай. АЛМАТЫ КӨЗ ЖАСЫҢА СЕНБЕЙДІ
Бұныкінің тұмсығы алдыңғы машинаның құйысқанын тірей тоқтаған. Енді өңмеңдесе өкшесін басып кетердей. Адымы ашылмайды. Сәл шегініп не оң, не сол қатарға киіп кетер де мүмкіндік жоқ. Қылмайқанның қызғынан қашқақтаған арттағының қолақпаны қол апартпайды. Бұдан бірер минут бұрын.
Көшеде
Алматының быршыған ауасынан мең-зең боп, ұйқы қашса да, дене ауырлап, жаялығыңа оранып, илектеліп жата тұрғың келген. Оның үстіне күндіз зымырай алмай жымырайып іргеңде тұратын да қоятын, түн баласында құлағыңды егеумен қажап, дабылыңа дауыл орнатқандай ышқына, қышқыра шабатын машиналардың гүжілі және бар. Батысың мен шығысың баттасқанша дөңбекшисің келіп. Сөйтіп бапты ұйқы бақуатты жұрттың баласына ғана еншілідей, тоқалдан тумағаныңды сақалың ағарғанша дәлелдей алмай өтеріңе сене бастаған шақта кешіккен толғаттай зарықтырып барып таң атады-ау. Таң атқанда құяңың ұстағандай қирап жатқаның. Содан соң...
Бұныкінің тұмсығы алдыңғы машинаның құйысқанын тірей тоқтаған. Енді өңмеңдесе өкшесін басып кетердей. Адымы ашылмайды. Сәл шегініп не оң, не сол қатарға киіп кетер де мүмкіндік жоқ. Қылмайқанның қызғынан қашқақтаған арттағының қолақпаны қол апартпайды. Бұдан бірер минут бұрын.
Көшеде
Алматының быршыған ауасынан мең-зең боп, ұйқы қашса да, дене ауырлап, жаялығыңа оранып, илектеліп жата тұрғың келген. Оның үстіне күндіз зымырай алмай жымырайып іргеңде тұратын да қоятын, түн баласында құлағыңды егеумен қажап, дабылыңа дауыл орнатқандай ышқына, қышқыра шабатын машиналардың гүжілі және бар. Батысың мен шығысың баттасқанша дөңбекшисің келіп. Сөйтіп бапты ұйқы бақуатты жұрттың баласына ғана еншілідей, тоқалдан тумағаныңды сақалың ағарғанша дәлелдей алмай өтеріңе сене бастаған шақта кешіккен толғаттай зарықтырып барып таң атады-ау. Таң атқанда құяңың ұстағандай қирап жатқаның. Содан соң...
Шаппама өрт түскендей апыл-ғұпыл киініп, жазып кеткендерін адам ұғып болмайтын бытықы-шытықы, бірақ айтса айызыңды қандырып, пайызыңды түгендеп беруші еді деп замандастары естелік соғатын атақты сыншының атындағы көшенің жұп жақ басынан санағанда әлде төртінші, әлде бесінші тұрған қотыр «хрущевкадан» шыға такси ұстадым. Түйесін берсең биесін қоса сұрайтын Алматының аузы үлкен арбакештеріне не дауа, өзім құралпы қара қазақ өзі айтқан пұлына жүгіндіріп, салып алды. Төмен қарай екі квартал құлдадық. Содан оңға бұрылып, Тимерязев көшесіне шыға бере көлік кептелісіне ұрындық. Жіпсіз байланды деген осы шығар. Кептелісті кейде «тығын» дейді. Май құйрықтың ортасына тығын кептелгендей бір орында тыпыршыған әлдекімнің қойғаны болу керек. Тығыннан ығырым шығып, терезеге телміріп отырмын. Күні көлікте өтіп, дүмі мүйіз болған тізгіншіге жаным ашиды. Жүйкесін жол мүжіген байғұстардың, тап бір әкесінің төрін бөтеннің бөксесі иемденіп кеткендей, қапталы сәл тарылса арылдаса кететін боқтауық мінездеріне тағы бір рет қол қойғандайсың. Басқалармен жамбас жанастыра ілбіп, кезекті бағдаршаммен де бақұлдасқанбыз. Төрт жолдың түйлісінен өте бере, құрық тастам жердегі ақ бауыр автобустар ұрық тастаған балықша ылқ етіп тоқтап, жылп етіп жөнеліп жатқан аялдаманың етегін иіскей іркілдік...
Жолайрық сайын аялдама. Аялдама сайын автобусқа емінген қара-құрым. Аялдама сайын зымырап кеп тоқтаған автобустан зымыранша ытқып шығып, бүлкілдей жөнелетін жұрт. Алматының адамдары аяңды ұмытып қалғандай. Өйтпесіңе қоя ма бұл Алматы. Бұл Алматы түске дейін малшылық, түстен кейін жалшылық қылмасаң, алақан жайып, ауыз ашқанның ағайыны емес. Екі иығыңды жұлып жеп, екі қапталыңдағыны, екпетің мен көтегейіңдегіні қоса қарбытпасаң қараң қалғаның.
Хош. Шашын жайып жіберіпті. Құлақтың ығынан сусып түсіп, сол жақ жүзін көлегейлеген ұзынша кекілдің ар жағынан бұзық қоғамға қызыға қарап тұрғандай көрінді. Құдды бұрынғының қаралы сұлуы жаралы жанын шүберекке түйіп, бергі өмірге өтіп кеткендей. Тоқыма жейдесінің өңір ойығы тебінгідей. Алқа төсі ауа жұтып тұрғаны тап қазірдей алқынады кеп. Қысқа кенеп юбкасының етегі қақпақтан қарысқа жуық жоғары жатыр. Қалақтай ақ сандар да ашқарақ, алдамшы әлемге алақтай қарайды. Әлде керісінше ме.
...Қыз қол көтеріп тұр екен. Көлік бейкүнә сұлудың башпайларын баса жаздап тоқтады. Мен жақ терезе тызылдап төмен түсті. Бұйырғаны осы шығар дегендей аса маңғаз кейіппен бұрала бүктелген қыз құлақ түбімнен сызылуынан сыбыры басым үнмен «Ағай, асығып тұрмын, КазГУ-ге дейін жеткізіп тастаңызшы» дейді. Өзі де желінқаптың жиегінен иек асыра сыртқа өңмеңдеген қос анар біз жаққа қарай ақтарылып түсердей кілк-кілк етеді. Еңкейген иесінің ебімен кенеп юбканың алдыңғы етегі тізеге қарай сырғығанда артқы жағы сәңірейіп, бар дүниені бүкпесіз жайып салғанын ойша топшылап отырмын. Қорыққаннан құмға басын тыққан түйеқұс келді көз алдыма. Бағанадан аузындағы ақ иті мен көк иті айналасына абалай соқтығып, жағалай сықпыртып келе жатқан таксистің маңдайы жазылып, езуі құлаққа қарай өрмелеп барады екен. Қыз өтінішін жерге тастай алмаған мәрт неме «жарайдысын» изең еткен иегімен ұқтырды. «Қарындастың орнына отырып алдым-ау» - деймін қарап отырмай. Көлік иесі көңілді. Ыржың-ыржың етеді.
Кафеде
Жұмыстан соң жұғым болар ортаға қарай жылыстағысы кеп тұратын замандастың әрекетіне берекет тілегішпіз. Өйткені үйден қырық қадам шыға құрық көрмеген асауымсып, қойқаңға басатын «заңды мүсәпірлердің» аулымен Баукең екеуіміздің де қотанымыз бір ғой. Кеше арсалаңдап алдыңнан шыққан, бүгін шаужайыңда, ертең етегіңнен тартқылары саған да, Құдайға да аян таршылықтың уайымын сыраға шылап, бір істік кәуәптің күшімен тезекке айналдырудың кезегін бірде ол, бірде мен пұлдап дегендей, шулы кафенің нуына сүңги береміз. Ондағы жұрт қойындағысы ойындағысындай болмай жоқ іздеп, елес қуғандар. Тағы біреулері берерде жылтыр көз, жылмағай жүз, аларда жайын ауыз даяшыларды жұмсап, қолбаланың қызығын көруге келгендей көрінеді.
...Жоқ іздеп, елес қуғандарды айтсақ.
Сылқым келіншектердің құлқын сәріден бақайшығын боятудағы бақай есебі - іңірде жан бітіп, алагеуімде аласұрып жататын Алматының екінші тынысында иек қышытарлық сиқыр бардай. Бұлардың күндізгі шандырыңды созып, арқаңды жауыр қылатын батпан жұмыстың батпағын сылып тастарлық қылыққа қамшы басары сондықтан. Сондықтан сен де ол жерге сұлу іздеп бармайсың. Жеті қат көктен отын ап түскен прометейімсіп «жылу шаша» барасың, құдайы қолдағы барыңның бодауына не байлайын десе, ізім-қайым құлын кездің ізіне түсіп, құлдыраңдай шабуға пейіл, сейілшіл ұрғашыға. Сен құдай емессің, бірақ Құдай жаратқан тірі адамысың ғой. Тірі адам тіршілігін істейді. Олар болса өтпеген күні өткен күнінен қысқара түскен сайын желік кернеп, жетпеген жерін жалғай, жамай түсуге құмар-ақ. Сен болсаң кербездігін кеңсе жұтып, ер жігіттің тоятын қамдауға әуелде құлқы болғанмен парқына жете алмай, сосын уақыт-жегінің қара табасында жан шыжғырылып бара жатқан соң, қасаң тірліктің қалыбында бұлқынған масаң жүзді келіншектердің еміншек көңіліне көбірек шоқ тастауға тырысасың. Быртысқан көңілдің қыртысын жазу екі бас, төрт қолға ермек болғай деп. Сосын ұрған сайын семіретін борсықша, қылқылдатқан сайын бұрындап сөйлеп, бұрымдылардың бұлыңғыр өмірінде бұрыннан бар кісіше ақтарыласың-ай келіп. Тап бір жігіттің жіліктісін алдына келтіргендей олар да шат, қақпайламай-ақ қасынысуға жарап қалғандарына сен де шадыман. Алда талайдың ұрлығын етегімен басып, сырт көзге сығалатпаған Алматының ұза-а-ақ түні...
Кеңседе
Кеңсеге кірсең қитығып кеңеске кірмей, айналасын жалпақтатып қойған адуын құдағиша қаздиып отырғандары. Ит көрген ешкі бастанып одырая қарасып, жақтырмағандарын жанарымен ұқтырады. Именшектей басып шеткі біреуінің алдына барасың. Жөн сұрағанға жол сілтеп, құрақ ұшуға арланатын сыңай танытып, сөздерін санап тастайды. Аздап жібитін шығар деген есек дәмемен бірдеңе деп мысқылдаған боласың. Мысқылыңа пысқырып та қарамайды. Амал жоқ, ол шаншылып отырғанда, сен қарадай жаншылып отырасың. Кеңсе заңы еңсеңді езіп бара жатады. Қысқасы сен одан, ол сенен құтылғанша асық. Бір қызығы шеттерінен сұлу. Бірақ мейірімнен менмендігі басым сұрқия сұлулық. Содан да болар байсалды дегеннің байызын қашырып, желіккенді жолына сұлататын кеңсе сәулімдері, үйді-үйіне сопиып жалғыз қайтатыны...
Алматының ерте келетін көктемі Алатау бір сілкінсе-ақ дүр етіп етекке құлай салатындай көрінеді. Арқаның көктемі Алматының көктеміндей емес, шуағын пұлдап өткізеді. Пұлдап өткізсе де жырғап қалушы едік. Үзілісте бой тоңазытар көлеңкеден ығысып, күнеске шүпірлейтінбіз. Сондайда сыңғырлай күлісіп жанымыздан өтіп бара жатақан үлкен кластың қыздары тоқтай қап, «и-и-ии тәтті күшік» деп бетіңнен шымшып алар еді. Әйелдік инстинктері оянып, әлеміш әлемнің әлдебір өзгеше әсерін аңдай бастаған бойжеткендердің әншейінде сүйкеп өтсе де сипап өткендей болатын сүйрік саусақтары шымшуырдай қадалғанда шым етіп қан жүгіріп, жүрегің тап сол жерден соққандай болатын. Көктеммен бірге өктемси жеткен әдемі сезімге өкпе айтпақ тұрмақ, қабақ шытуға қауқары болмай, қалбалақ қаққан қыздарға ызбар шашудан аулақсың. Қайта тәтті екенің белгісіз, күшік екенің белгісіз, аңтарылып тұрғаның.
...Еш пендесінің көз жасына сенбейтін Алматының әріңді сатпасаң төріңді сайлай алмайтын ащы тірлігінен ит сілікпесі шыққан кейіпкерлерім, тәттісі мол «күшік» кездегі көктемді аңсай ма екен осы...