ҚАРАЖАТТЫ ҚАЙ ВАЛЮТАМЕН САҚТАУ ҚАЖЕТ?
Кейінгі жылдары Ұлттық банк теңге бағамының тұрақтылығын сақтауға мейлінше күш салып келгені болатын. Бұл, айналып келгенде, экономикалық және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етудің алғышарты екені түсінікті. Бірақ, ішкі-сыртқы ықпалдарға байланысты Ұлттық банк ақша саясатын қайта қарауға мәжбүр болғанын білесіздер. Осы ретте астаналықтарды толғандырып жүрген сауалдарға Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі Орталық бөлімшесінің директоры М.Х.Сейфуллин жауап береді.
– Жуырда төл теңгеміздің бағамы күрт төмендегені тұрғындар арасында дүрбелең тудырды. Ұлттық валютаны бұлайша кенеттен девальвациялауға итермелеген нендей жағдай?
Кейінгі жылдары Ұлттық банк теңге бағамының тұрақтылығын сақтауға мейлінше күш салып келгені болатын. Бұл, айналып келгенде, экономикалық және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етудің алғышарты екені түсінікті. Бірақ, ішкі-сыртқы ықпалдарға байланысты Ұлттық банк ақша саясатын қайта қарауға мәжбүр болғанын білесіздер. Осы ретте астаналықтарды толғандырып жүрген сауалдарға Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі Орталық бөлімшесінің директоры М.Х.Сейфуллин жауап береді.
– Жуырда төл теңгеміздің бағамы күрт төмендегені тұрғындар арасында дүрбелең тудырды. Ұлттық валютаны бұлайша кенеттен девальвациялауға итермелеген нендей жағдай?
– Біріншіден, бұл – қолда бар алтын-валюта қорын сақтаудың амалы. Кейінгі бес айдың ішінде Ұлттық банк теңгенің тұрақтылығын ұстап тұруға 6 миллиард доллар шығындады. Бұның 2,7 миллиарды ағымдағы жылдың қаңтар айына тап келді. Екіншіден, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін қолдау. Еліміздің 1998-1999 жылдардағы тәжірибесінен де, тауарларының бәсекеге қабілеттілігі төмендеп кеткен өзге мемлекеттердің де тәжірибесіне жүгінсек, тауарөндірушілердің мүддесін қорғауда девальвациядан артық жол жоқ екенін көреміз. Бұлардан өзге теңгені девальвациялауға сыртқы факторлар да ықпал еткенін айтуымыз керек. Сыртқы ықпал дегенде, біріншіден, ауызға экономикалық дағдарысқа байланысты мұнай бағасының төмендеп кетуі ілінеді. Сондай-ақ, Қазақстанның сауда-саттық жөніндегі әріптесі саналатын елдердің төл ақшасын девальвация жасағаны. Егер біз теңгемізді 25 пайызға құнсыздандырсақ, ресейдік рубль - 44 пайызға, украин гривнасы - 53 пайызға, Беларусь валютасы 28 пайызға девальвацияланды.
– Теңге 25 пайызға девальвацияланды. Яғни, бұл күнелтіс себеті де 25 пайызға қымбаттайды деген сөз бе?
– Тұтынушылар себеті қымбаттауын қымбаттайды. Бірақ, бұл болмашы ғана. Себебі, біздің дүкендеріміздегі тауарлардың бәрі бірдей импорттық емес. Тұтынылатын тағамдардың көпшілігі елімізде өндіріледі. Ал, қазір дүкендерде сатылып жатқан, шетелден теңге құнсызданғанға дейін әкелінген тауарлар қымбаттамайды. Өйткені, олар девальвацияға дейін, яғни, ақшаның бұрынғы бағамымен жасалған келісім-шарт бойынша әкелінді. Егер алдағы уақытта импорттық өнімдердің құны қымбаттайтын болса, бұл жағдай отандық өнімдерге деген сұранысты көбейтеді. Ендеше, қазақстандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігі артуының бір жолы осы.
– Дегенмен, көптеген тауар бағасы ақша айырбастау бағамы өзгерген күні-ақ қымбаттап шыға келді. Мұндай жайт неге негізделді?
– Рас, айырбастау бағамы өзгерген күні-ақ тауар құнын негізсіз көтеріп, жағдайды өз пайдасына ыңғайлап алғысы келген кәсіпорындар аз болған жоқ. Алайда, осы ретте Үкімет те қарап қалмады. Қазіргі кезде Премьер-министр Кәрім Мәсімовтің тапсырмасымен Астана қаласының әкімдігі елордада тауар бағаларының негізсіз өсуіне жол бермеуді тұрақты қадағалауда.
Бағамы динамикасы Ұлттық банктің да бақылауында. Яғни, бұл – еліміз бойынша баға тұрақтылығын қамтамасыз ету жолы. Ұлттық банктің орталық бөлімшесінің қызметкерлері елорда базарларындағы, сауда орталықтарындағы, ірі-ірі сауда-саттық нүктелеріндегі барлық тауарлардың бағаларына қатысты апта сайын талдау-сараптау жұмыстарын жүргізуде.
– Алдағы уақытта теңгенің долларға шаққандағы айырбас бағамы кеми түсуі мүмкін бе?
– Ұлттық банк тарапынан бұған дейін де мәлім етілгеніндей, теңгенің айырбас бағамы әр долларға 150 теңгенің шамасынан ауытқымауы тиіс. Ал, плюс-минус - 3 пайызға, яғни, 5 теңгеге ауытқуы – әуелден жоспарланған заңдылық. Бұл – жуырда қайта қаралмайтын орта мерзімдік бағдар. Осы жерде мына жайтты нықтап айтуға тиіспіз: Ұлттық банк валюта нарығында алаяқтық әрекеттер орын алмауын мұқият қадағалайды және айырбас бағамы жоғарыда аталған дейгейден ауытқымауына жауап береді.
– Теңге/доллар айырбас бағамына алдағы уақытта қандай жайт ықпал етуі мүмкін?
– Бірінші кезекте – шикізат нарығындағы баға динамикасы. Егер мұнай бағасы қымбаттаған жағдайда теңге бағамы да нығая түсуі әбден ықтимал. Сонымен қатар, теңге/доллар ауыстырым бағасына валютаға импорттық тауарлар сатып алу кезінде сұраныс туған жағдайда және аса ауқымды сыртқы несиелерді жабу кезінде айтарлықтай өзгеріс енуі мүмкін.
– Ақша айырбастау барысында алаяқтарға ұрынып қалмау үшін халыққа қандай кеңес берер едіңіз?
– Тұрғындар дүрбелеңге салынып, жағдайды бас пайдасына шешкісі келетіндерге алданбауы керек. Оның үстіне қазір қандай да бір алаяқтық әрекетке мүмкіндік беретін механизм жоқ. Астананың айырбастау пункттері тұтынушыларды шетелдік валютамен қолма-қол қамтамасыз етуге қауқарлы. Оларда басқа банктерден де, шетелден 600 миллион доллар әкелген Ұлттық банктен де қаражат жеткілікті. Сондықтан, мен тұрғындарды алаяқтықтан сақтандыру үшін ақша банктердің арнайы айырбастау бөлімшелерінен алуға кеңес берер едім. Себебі, банктік емес бөлімшелерде девальвацияның алғашқы күндері кемшіліктер жиі тіркелді. Дегенмен де, Астананың банктік емес айырбастау бөлімшелеріндегі жағдай – ақша ауыстыруға қатысты дүрбелең тудырғысы келетіндерге шара қолдану құзыретіне ие Ұлттық банк Орталық бөлімшесінің бақылауында.
– Девальвация нәтижесінде ақшасын шетел валютасымен сақтаған салымшылар ұтты. Қалыптасқан жағдайда алдағы уақытта шығынға ұшырамас үшін салымшылар қай ақша өлшеміне сенім артқанын құптайсыз?
– Дұрыс айтасыз. Девальвация кезінде шетел ақшасының салымшылары өкінішке ұшыраған жоқ. Ал, 2003-2007 жылдар аралығындағы 4 жылда теңгемен депозит ұстаушылардың бағы жанып келген-ді. Осы ретте жылдар бойы Ұлттық банк басшылығы ескертіп келген жайтты қайталағым келеді: адамдар өз меншігіндегі ақшаны 2-3 «себетке» бөліп ұстағаны жөн. Оның 50 пайызы төл теңгеміз болсын, қалған 50 пайызын өзіңіз көбірек керек ететін бірнеше валютаға бөліп салыңыз. Сондықтан, осынау кеңеске құлақ асқандар ұтылмайды.
Меніңше, салымын теңгемен ұстайтын тұрғындар долларға ауысуға әуестенбегені жөн. Себебі, осы айдың 16-нан бастап қаражатын шетел ақшасымен сақтайтын жеке тұлғаларға ынталандыру үстемеақысы 10 пайыздан 8 пайызға төмендетілді. Есесіне, теңге ұстаушыларға керісінше, жылдық ынталандыру ақысы 13,5 пайызға дейін жоғарылатылды.
– Үкімет девальвациядан екі күн бұрын «БТА банк» АҚ-ның 78,14 пайыздық акциясын сатып алғаны мәлім. Бұл жайт банк қызметін тұтынушылар мен салымшылар арасында неше түрлі арандатушы, алыпқашпа қауесеттерді көбейтті. Бұған қатысты қандай түсініктеме берер едіңіз?
– Иә, банктердің қаржылық жағдайы туралы қауесет таратылғаны рас. Кейбірі саналы түрден қолдан ұйымдастырылды. Енді бірін ахуалды бақылауды ұстай алмаған адамдар тарапынан шығып жатты. Шын мәнінде «БТА банк» АҚ акциясын сатып алу салымшылар мүддесін қорғау мақсатында жүзеге асырылды. Аталған банк капиталына мемлекеттің араласуы оның қаржылық жағдайын оңалтып, барлық салымшылар мен несие берушілердің жұмысына жаңаша қарқын сыйлайтыны сөзсіз.
Ермен ТІЛЕКҚАБЫЛ.