Зымыраннан келген ажал екенiн билiктегiлер бiлмей ме?
ТӨЛЕП ЖЕРIН ТӨПЕЛЕУ ТОҚТАТЫЛСЫН!
Маңғыстау облысының Қарақия ауданына қарасты Сенек елдiмекенi тұрғындарының жанайқайы
Ресейлiк зымыран бөлшегi түсiп жатқан "Төлеп" жерi - Қарақия ауданының ең шалғайдағы Өзбекстан Республикасына шектесетiн "Сенек" ЖШС-ның бiрнеше жылқы отарының мал жайылымы. Ресейдiң құрлықаралық балистикалық зымыран бөлшегi бiрiншi рет 2008 жылы тамыз айында, екiншi рет 2010 жылы маусым айында "Төлеп" елдiмекенiнен 35 шақырымдай арнаулы нүктеге келiп түстi. Оны растайтын куәлер жетерлiк. Олар Ресей, Қазақстан жақтарынан шығарылған залалсыздандыру тобының мамандарымен бiрге болған және солармен әңгiмелескен.
"Бiрнеше күн бұрын залалсыздандыру тобындағылар (зымыран бөлшегiнiң түсуiн күтiп жатқандар) өздерiне алдын ала екпе жұмыстарын жүргiзiп, арнаулы киiмдермен жабдықталып, спирттiк iшiмдiктерiнiң бiз көрмеген түрлерiн iшiп жатты", - дейдi төлептiктер.
Сол жерде болған Кенжеғалидың баласы Ербосын: "Зымыран бөлшегi түскеннен кейiн көзiм ашып қызарды, қолқаны тұтатын өткiр иiстi сездiм, тыныс жолыма әсер етiп, өзiмдi мазасыз сезiндiм", - дейдi. Төлеп елдiмекенiнде басқа тұрғындарға да өткiр иiс сезiлген, тыныс жолдары тарылып, бастары айналған, денелерi ауырлаған.

Арада бiрнеше күн салып Сенек ауылы тұрғындары арасында бас айналу, өздерiн мазасыз сезiну, денесiнен ауырлық, күш қуаттың кемуi сияқты қосалқы сезiмдер пайда болды. Аспан кеңiстiгiнде тозаң ба, әлде шаң ба, мұнар ма әйтеуiр белгiсiз зат тұрып алды және бiрнеше күнге созылды. Ауыл тұрғындары кездескенде: "Әй, мынау не болды? Мазасызбыз, бас ауырады, көңiл-күй төмен, ауа бiздi жерге сiңiрiп бара жатыр, көк аспанды көруден қалдық, мұнар ма, тозаң ба, әлде шаң ба торлап алған?" - деп бiр-бiрiне айта бастады.
Зымыран бөлшегi түскен жерге Сенек ауылының полиция инспекторы Жанболат Сағындықов арнайы комиссиямен бiрге барып зымыран қалдықтарын залалсыздандыруға қатысты. Үйiне келген соң бiрнеше күннен кейiн жұмыс кезiнде Жанболаттың ми қан тамырлары жарылып, ауыр халде операция үстелiне жатқызылды, ауруынан әлi айыға қойған жоқ.
Төлептiң 30 жылдан бергi тұрғыны елге сыйлы азаматы Жарылғасов Кенжеғали деген ағамызды да ұйқысыздық мазалайды, жайсыз сезiнедi, немерелерi де ауырады деп естiдiк. Билiктегi ақыл-есi түзу адамдарға бiздi қоршаған ортаның ластануы, яғни экология салдары екенi күдiк туғызбай ма?
19 қыркүйек Болат жерленген күн. Сол күнi Сенек ауылы әкiмшiлiгi алдына 18-30 жас аралығындағы 70-ке жуық жас жiгiт жиналды. Аққұдық елдiмекенiнде тұратын, ауысыммен мұнай мекемелерiнiң бiрiнде жұмыс жасайтын 20 жастағы Болат Сәбитұлы деген азамат ми қан тамырлары жарылып, кенеттен қайтыс болды. Ол азамат зымыран бөлшегi түскен жерге мал қарап жүрiп барып қалған. Мiне осы азаматтың, өмiрден өтуi, Жанболаттың ауруханаға түсуi, мал төлдерiнiң қорқынышты түрде туылуы, көк аспанды торлаған белгiсiз, мұнар, шаң, тозаң, адамдардың кейiнгi кездерi мазасыз жүруi, денесiн басқан ауырлық, Төлеп маңына түсiп жатқан зымыран бөлшектерi туралы әкiмнен сұрап бiлгiсi келген. Өкiнiшке қарай, әкiм ауылда болмай шықты. Ауыл ақсақалдары келiп мән-жайды түсiндiрiп, жастарды таратты.
20 қыркүйек күнi ауыл жастары қайта жиналып, ауыл әкiмiне болған оқиғаны аудан әкiмiне жеткiзудi тапсырды.
21 қыркүйек күнi аудан әкiмiнiң орынбасары, аудандық санэпидемия бөлiмiнiң меңгерушiсi, аудандық жер бөлiмi қызметкерлерi қатысқан жиналыста үкiметке үндеу жазу туралы қаулы қабылдапты.
1949 жылы Семей жерiнде атом бомбасы сыналып, ел қоныстанған жерiнен көшiрiлiп, жер аударылды. Сынақ үшiн сынама жерге, естуiмiзше бiрнеше отбасы қалдырылған, кейiн сол отбасылардың ұрпағы мүлдем жойылып кеттi. Мұны бiз одақ құлағаннан кейiн, қазақ зиялыларының БАҚ арқылы көздерiне жас алып отырып, кезiнде дәрменсiз болғанын жазған мақала естелiктерiнен бiлдiк. Мұндай сынақ 1971-73 жылдары Қарақия ауданының "Ақотты" Кiндiктi жерiнде сыналды, зардабы күнi бүгiнге дейiн жойылған жоқ. "Жығылғанға жұдырық" деген, ендi Ресей үкiметi Қазақстанға "көмек", жердi қашықтан, соғыс құралдарының көмегiмен, жер серiктерi арқылы зерттеу, ел игiлiгiне пайдалану дегендi тауып алды.
Әрине, түскен жерiн жойқын күшпен қырып жоятын, тас-талқан қылатын, артына тiршiлiк нышанын қалдырмайтын соғыс құралының құрамында және ол ұшып өткен кеңiстiкте, жерде "у" бар. Олай болмаса, соғыс құралы болмағаны. Көзi қарақты, ақыл-есi түзу, мектеп қабырғасында жүрiп химия сабағын оқыған кез келген оқушы гептилдiң у екенiн бiледi. Тас түскен жерiне ауыр. Соңғы кездерi Қарақия ауданының Төлеп елдiмекенiнiң маңына жиiлеп түсiп жатқан зымыран бөлшектерi Сенек, Аққұдық елдi мекен тұрғындарының алаңдаушылығын туғызып отыр. Уақыт өте бiрнеше жылдардан кейiн қоғамда өзгерiстер болады, сонда сол кездегi ел азаматтары, ата-бабаларымыз, зиялы қауым неге дәрменсiздiк танытты , неге бiздiң ағзамызды, санамызды улап өсiрдi деп кейiнгi ұрпақ бiзге лағнет айтпай ма?
Ата-бабаларымыз найзаның ұшымен, бiлектiң күшiмен қорғаған ұлан-ғайыр жердi бiз кейiнгi ұрпаққа залалсыз қалдыруымыз керек.
Сенек, Аққұдық, Төлеп елдiмекендерiнiң тұрғындарының Қазақстан Республикасының премьер-минстрi К.Мәсiмовке қояр мынандай талап-тiлектерi бар:
1. Ресей мен Қазақстан арасындағы осы зымыран жөнiндегi келiсiмшарт күшiн жойсын;
2. Жергiлiктi әкiмшiлiк пен аудандық мәслихаттың РС-20 зымыраны бөлшегi тасталынатын жерге шешiмi бұзылсын;
3.Тек қана Маңғыстауда емес, Қазақстанның кең-байтақ жерiн өзге мемлекеттердiң сынақ алаңына айналдыруға жол берiлмесiн;
4. Зымыран бөлшегi түскен жердiң тұрғындары мен малдары ай сайын (1 жыл бойы) жаппай медициналық және ветеринарлық тексерiстерден өтiп тұрсын;
5. Жергiлiктi тұрғындарға Ресей арнайы өтемақы төлесiн. Ол денсаулық түзетуге, залалсыздандыру мақсаттарына пайдаланылсын;
6. Қазақстанның барлық қоғамдық ұйымдарынан, саяси партиялар мен зиялы қауым өкiлдерiнен бiздiң үндеуiмiздi қолдап, көмектесудi өтiнемiз.
Әлқуат Дауымбаев, еңбек ардагерi, Бесiнбай Бегенiшұлы, ардагер ұстаз, ағарту iсiнiң үздiгi, Әжен Әбиев, "Сенек" ЖШС-ның бас мал дәрiгерi, Қойшыбай Нұрғараев, мұнайшы, Бауыржан Еркеғұлов, шаруа, Қонақбай Әбдiкәрiмов, қорық қызметкерi, Ғинаш Омарова, дәрiгер, Болдыхан Шалқарбаева, мұғалiм, Адайбек Баймуханов, мұнайшы, Аман Базылбеков, кәсiпкер, Наурызбай Ғазимов, С. Жүгенбаев зейнеткер.
«Жас Алаш» газеті