Этникалық қазақтар “Оралман” мәртебесін шетелде тұрып та алады
Қазір қолданыстағы «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 22 шілдедегі №477-IV Заңына сай, Еліміз шекара аумағынан тыс жерде жасап жатқан қандастарымыз (этникалық қазақтар) жеке басын куәландыратын құжаттардағы жазба негізінде, мұндай жазба болмаған кезде өзінің ұлтын растайтын басқа да құжаттар негізінде ҚАЗАҚ екенін дәлелдесе, сол өздері тұрған мемлекеттегі Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерінен «Оралман» мәртебесін (куәлігін) ала алады және оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасына ене алады. Тіпті Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алуға өтініштері мен құжаттарын да тапсыра алады.
Бұл туралы аталған «Халықтың көші-қоны туралы» заңның 20-бабының 1-тармағында «Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері үміткерлердің оралман мәртебесін беруге және (немесе) оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алуға өтініштері мен құжаттарын қабылдайды және оларды тіркелген күнінен бастап он жұмыс күні ішінде халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органға жібереді» – деп көрсетілген.
Өкінішке орай, Заңның бұл тұсынан бейхабар болғандықтан, шетелдегі этникалық қазақтар аса қажетті тиімділіктен құр қалып отыр.
Аталған «Халықтың көші-қоны туралы» заңның 10-бабында «Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері: 2)Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясаты туралы ақпараттың шетелде таратылуына жәрдемдеседі;», сондай-ақ «Қазақстан Республикасына өз еркімен қоныс аударуға ниет білдірген этникалық қазақтарға келу, оның ішінде оралмандарды қабылдаудың өңірлік квоталары шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге келу шарттары, қабылдау шарттары мен әлеуметтік қолдау шаралары туралы ақпарат береді;» – деп ашық жазылған.
Егер, Атажұртына бір жола көшуге ниет білдірген шетелдегі этникалық қазақтар «Оралман» мәртебесіне өздері қоныстанған Елдерде тұрып қол жеткізсе, аталған заңның 23-бабында көрсетілген «оралмандар және олардың отбасы мүшелері Қазақстан Республикасының аумағына келген кезде Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына және (немесе) кеден заңнамасына сәйкес, көлік құралдарын қоса алғанда, жеке пайдалануға арналған мүлкіне кедендік төлемдерді төлеуден босатылады.» – деген норма бойынша, өздеріне тиесілі авто көлігі мен заттарын алып өтуге зор қолайлық тур еді.
Одан қала берді, шекара аттаған соң өзі қоныстанған бірден барып ауылдық елдімекендерден шаруашылық құру үшін Жер телімдерін алуға өтініш бере алды. «Оралман» мәртебесінің уақыты бір жыл ғана екенін ескерсек, қандастарымыз уақыт пен игіліктен тең ұтары шындық!
Сондықтан, Қазақстан республикасы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен сәйкесе отырып, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі өзінің шетелдегі мекемелеріне «Халықтың көші-қоны туралы» заңның осы баптарын атқаруды, Елімізге көшіп келуге өтініш білдірген қазақтарға ақпарат беру жұмысын жеделдетіп қолға алуын сұраймын. Сондай-ақ, шетелдегі қандастарымыздың да «Халықтың көші-қоны туралы» заңның бұл тиімділігінен ұтымды пайдалануын ескертемін!
Ауыт Мұқибек
Abai.kz