Сенбі, 23 Қараша 2024
Дін мен тін 5418 1 пікір 3 Тамыз, 2017 сағат 09:43

Қостанайдағы діни бірлестіктердің лаңы

Кейінгі кездері  біздің Қостанайда дәстүрлі емес діни бірлестік дегендер  ойына келгенін істеп, адамгершілік дегенді былай қойып, заңды да жалпағынан басып жүр. Олар өздеріне «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ» екендігін әбден біліп алған. Өйткені қожайындары сонау алты қырдың астында, яғни шетелдерде. Және шеттерінен «сен тұр, мен атайын» дейтіндей өте мықты, түкіріктері жерге түспейді. Ақшалары да жетеді, мүмкіндіктері де шексіз. Мұндағылар солардың бір бөлшегі яғни филиалдары.

Бірдеңе болса, жоғары жаққа қарай ымдайды. Соларға сенеді. Олар да бұларды далаға тастамайды. Қандай жағдайда болса да алып шығады. Осындай мықтыларына сене ме, әлде біздің иіміз жұмсақ, көңіліміз кең, кімдерге болса да құшағымыз ашық дархандығымызға яғни дарақылымызға сене ме, кім білсін, мұндай бірлестіктер ойына келгенін істеп жүр. Бұлардың барлығы да «жұртқа имандылық, обал, сауап секілді асыл қасиеттерді дарытуға барынша күш салып жатырмыз»  деп қанша сендіргенімен, өздері ондай ұғымдарды белінен бір-ақ басады. Мүмкін, бұлар өздерін былайғы жұрттан жоғары тұрмыз деп есептейтін шығар, бәлкім.

Міне, әлгі бірлестіктердің есіріп кеткендігі сондай, қазір жаман қылықтарымен, сиықсыз істерімен жұртқа қара бет болып отыр. Мәселен, осындағы төрт-ақ жасар Виктория Сусаева деген дүниенің есігін енді ғана ашқан сәби әлгіндей діни бірлестіктің әртүрлі тиым салу әрекетінің құрбандығы болып, өмірден ерте кетті. Дәрігерлер жап-жас балаға бауырының ісігі бар, жедел емдеу керек деп шешкенімен оның шешесі Наталья Сусаева оған бой бермей қойған. Сөйтсе ол осындағы «Христианская общины Свидетелей Иеговы» деген жергілікті өкілдігінің белсенді мүшесі екен. Ондағы қатаң тәртіп, бұлжымас қағидасы бойынша кім-кім де өлейін деп жатса да қан құю дегенге тиым салынған екен. Міне, нәресте үлкендердің осындай миға сыйымсыз әрекетінің құрбаны болып кетті. Ал қазір Наталья ханым мұны жоққа шығаруға тырысады. Ол кісі «Мен қызымды Қазақстанда емдей алмайтын болғандықтан, Индиядағы қан құймай-ақ емдейтін ауруханаға апардым», – деп мәселені басқа жаққа аударуға тырысады. Иә, апарғаны рас. Алайда ондағылардың да емдеп қарық қылғаны шамалы. Нәресте бәрібір шейіт болып кетті. Мүмкін, өз елімізде қан ауыстыру арқылы ем-дом жасағанда кім біліпті сауығып кетер ме еді. «Үмітсіз – сайтан» деген емес пе?!.

Жалпы, бізде не көп, осындай бірлестіктер көп. Әсіресе, еліміз егемендік алғаннан бері мұндайлар жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті. Жақында бұрын құлақ естіп, көз көрмеген «Источник жизни» деген бір діни қауымдастықтың жаман аты шығып, жұрттың жағасын ұстатты. Осы қауымдастықтың белсенді бір мүшесі балиғат жасына толмаған, нәбірі 14 жасар қыз баламен жыныстық қатынасқа түскендігі анықталып, оның аяғы сотқа жетті. Сот оның «мұның бәрі өзара келісім бойынша жасалынды» дегеніне қарамастан оны жауапқа тартты. Алайда былайғы жұрт оның оңай құтылғандығын әлі күнге дейін түсінбей, дал болып жүрген жайы бар. Өйткені қылмыстық кодекстің арнайы бабы бойынша кәмелет жасына толмаған бойжеткенмен жыныстық қатынасқа түскен адам үш жылға дейін бостандығын шектеу немесе бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жайлы айтылғанымен, ол небәрі әлгі мектеп оқушысына 140 мың теңге моральдық шығынын төлеп, екі жылға ғана бостандығы шектелді. Яғни түрмеге қамалмай, бостандықта еркін бой жазатын  болды.

Жергілікті баспасөздің жазуына қарағанда әлгі 24 жасар жігітіміз осы қауымдастыққа келіп, құдайына құлшылық етуге ниет еткен жас қыздарды бос жібермейтін көрінеді. Қалта телефонындағы қыздардың тізімінен көз сүрінеді деседі. Сірә, ол қауымдастықты көңіл көтеріп, нәпсісін қанағаттандыратын орынға айналдырса керек. Ал сол қауымдастықтың сандаған мүшелері мен оның басшылығы оның бұл қылығынан мүлдем хабарсыз болып шығыпты. Әлде «Бас сынса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» деген өздерінен қолайлы саясат ұстанып, «Ішің білсін Алуа-ай» деп отыр ма?

Жалпы, біздегі дәстүрлі емес деп аталатын діни бірлестік дегендердің бүлдіргі әрекеттері жалғыз бұл ғана емес. Олардың заңға томпақтау келетін, тіпті жұрттың жағасын ұстататын жайттар жетерлік.  Осыдан біраз уақыт бұрын Қостанайда бір жарым жасар қыз баланың, дәрігерлердің қаншама тырысқанымен,  кенеттен қайтыс болуы бұл мәселені одан сайын күрделендіріп жіберді. Шақалақтың неден шейіт болғандығы жайлы оның әке-шешесі жұмған аузын ашпайды. Сол жұмбақ күйінде қалып отыр. Өйткені ол кісілер өзіміз әңгіме етіп отырған «Источник жизни» қауымдастығының белсенді мүшелерінің бір көрінеді. Мүмкін, осы жағдай әсер етті ме, кім білсін, сол бір оқиға жабулы қазақ жабулы күйінде қалды. Ал былайғы жұрт оны сыртқа ешбір сыр шашпайды бекем ұстанатын сектаның өзіндік ерекшелігінен көреді. Кімнің аузына қақпақ қоярсың. Әңгіме ашық айтылмаған жерде әртүрлі жорамалдардың орын алатындығы анық қой.

Жақында осы сектаның тағы да жаман аты шықты. Қауымдастықтың бір мүшесі – Татьяна Срибняк дегеннің белсенділігінің шектен шыққандығы соншалық, сот оған ақшалай айып салуға мәжбүр болды. «Бақсақ бақа екен» дегендей, ол пысығың облысымыздың Арқалық қаласындағы жатақханаларды жағалап, сектаның жұмысын насихаттайтын әдебиеттерді таратып, ондғы жұрттың әбден мазасын алып бітіпті. Егер сот оған тоқтау салмағанда, оның миссиялық қызметі облысымызды түгел қамтып, ұлан-байтақ еліміздің басқа да аймақтарына таралар ма еді, кім білсін.

Жайберген Болатов

Abai.kz

                  

 

    

 

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3234
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364