Жарқын Түсіпбекұлы. Саяси партиялардың сайттарында қазақша сыңар сөйлем жоқ
«Әлемдегі демократиялық құндылықтарды жоғары қоятын өркениетті мемлекеттер сияқты, бізде де солшылдар – билік үшін, оңшылдар қол жеткізген билігін сақтап қалу үшін күрес жүргiзiп келеді. Әлбетте, ашық саясатта күрес керек-ақ. Бірақ сол өркениетті идеологиялық күресті біздің саясаткерлер қаншалықты жүргізіп жүр? Бұл тақырыпты қозғағанда, саясатта жүрген партияларды айтып өтпесе болмайды. Қазіргі кезде ресми тіркелген он партияның идеологиялық жұмысының қарқыны біздің назарымыздан қағыс қалмады.
«Әлемдегі демократиялық құндылықтарды жоғары қоятын өркениетті мемлекеттер сияқты, бізде де солшылдар – билік үшін, оңшылдар қол жеткізген билігін сақтап қалу үшін күрес жүргiзiп келеді. Әлбетте, ашық саясатта күрес керек-ақ. Бірақ сол өркениетті идеологиялық күресті біздің саясаткерлер қаншалықты жүргізіп жүр? Бұл тақырыпты қозғағанда, саясатта жүрген партияларды айтып өтпесе болмайды. Қазіргі кезде ресми тіркелген он партияның идеологиялық жұмысының қарқыны біздің назарымыздан қағыс қалмады.
Қазақстан Республикасының «Саяси партиялар туралы» заңы бойынша саяси партиялар өздерiнiң бұқаралық ақпарат құралдарын құруға құқылы. Еліміздегі мүйізі қарағайдай партиялардың барлығының да газет-журналдары мен ресми сайттары бар. Алайда саяси күштер күрестің осы қолда бар құралын пайдалана отырып, жібі түзу идеологиялық жұмыстарды ұйымдастыра алмай келеді. Сарапшылар қауымының үнемі көзге шұқып көрсететіні де – осы ұрымтал тұс. Оппозиция өкілдерінің кейде мемлекеттік басылымдардан оқуға ештеңе таппайсың деп кінәлайтыны бар. Алайда оппозицияның «құлағы мен көзі» қоғамдағы мәселелерге, жекелеген тұлғалар төңірегінде өсек-аяң сапырумен шектелмей, байыпты көзқарас таныта алып жүр ме? Өтірік-шыны аралас мақалалар басып, 90 мың таралыммен бұрқырап шығып жатқан кейбір апталық басылымдарға сұраныс жоқ дей алмаймыз. Дегенмен біздің айтпағымыз басқа. Қалай десек те идеологиялық ұйымдастыру саласында билікте де, оппозицияда да кемшіліктер жоқ емес.
Биліктің бақылауындағы ақпарат құралдарының кемшіліктері:
Біріншіден, ресмилік басым және көбіне науқаншыл.
Екіншіден, мадақ пен мақтаудан өзекті мәселелер көрінбей қалады.
Үшіншіден, шынайы қоғамдық пікір қалыптастыра алмайды.
Оппозициялық ақпарат құралдарының кемшіліктері:
Біріншіден, газет бастан-аяқ жеке басты қаралау материалдарынан сіресіп тұрады.
Екіншіден, ақпарат саласының ішкі мәдениетіне жете көңіл бөле бермейді.
Үшіншіден, қоғамдағы өзекті, түйткілді мәселелерді объективті бағаламай, тым саясиландырып жібереді. Көпе-көрінеу теріс қоғамдық пікір қалыптастырып бағады.
Интернет Игiлiкке аспай тұр
Кезінде «Херст» атты америкалық газет магнаты Уильям Рандолф: «Газеттер – өркениеттің алапат күші. Газеттер соғыс аша алады, саясаткерлерді тағайындайды және оларды қызметтен кетіруге қауқарлы», – деген екен. Ал қазір сол қауқарлы деген басылымдардың аламанына интернет сайттары да қиқулатып ат қосты. Ол ол ма, біреуді-біреуге айдап салатын, жұртты айтаққа ергізетін материалдар өріп жүретін болды. Жер-жаһанның кез келген нүктесін қосуға мүмкін екенін ескерсек, ғаламтордың газет-журналдармен салыстырғанда екі есе алапат күш екенін аңғарамыз. Біздегі саяси күштер өздерінің идеологиялық жұмыстарын жүргізуде интернеттің құдіретін жөнді қолдана алмай келеді. Қазір барлық партияның жеке сайттары бар. Ғаламторды ұялы телефонмен-ақ шарлайтын мүмкіндікке әркімнің қолы жетеді. Саяси партиялардың ғаламтор кеңістігіндегі майданы қалай жүріп жатыр деген сауал жетегімен олардың ресми сайттарына көз жүгіртіп, бажайладық.
ЖСДП-ның сайты жайбасар
Жалпыұлттық социал-демократиялық партия сайтының орыс тіліндегі беті өткен айдың орта тұсынан бері жаңартылмаған. Онда да партияның қазіргі кезде атқарып жатқан жұмыстары туралы мәліметтер жоқтың қасы. Партия төрағасы Жармахан Тұяқбайдың сұхбаттары мен баспасөз-релизі тұр. Бұл сайттан бүгінгі таңдағы өзекті мәселелерге қатысты зерттеулер таба алмадық. Қоғамдағы проблемаларды елеп-екшеп, партия мүшелерінің мүдделері ескерілуге тиіс тұщымды материалдарды көзіміз шалмады. Ал қазақ беті өткен жылдың қараша айында берген партия төрағасының сұхбатымен тамамдалған.
«Ақжолдың» қазақшасы қайда?
«Ақжол» партиясының ғаламтордағы айнасын ашсаңыз, саяси құрылым атынан Қазақстан халқын Наурыз мерекесімен құттықтауын көресіз. «Самарқанның көк тасы ерігелі» екі айдан астам уақыт өтсе де, бұл құттықтаудан кейін ешқандай ақпарат жарық көрмеген. Ақпараттық материалдардың ең жаңасы – ақпан айында өткен партияның орталық кеңесі президиумының соңғы отырысы туралы мәліметтер. Оның өзі ресми тілде баяндалған. Бір айта кетерлігі, «ақжолдықтардың» сайтында арнайы қазақша бет қарастырылмапты.
«Азаттікі» сайт па, әлде блог па?
«Азат» партиясының ресми сайтының орыс тіліндегі мұқабасындағы материалдарды оқып отырсаңыз, партия мүшелерінің мұң-мұқтажын жоқтау үшін құрылған партияның сайтына емес, өзіңізді бейнебір жеке адамның блогына «сүңгіп» кеткендей сезінесіз. Партия төрағасының жеке сұхбаттары мен ол туралы жазылған мақалалардан көз сүрінеді. Ал қазақ тіліндегі мұқабасын ашпай-ақ қоюыңызға да болады. Себебі партияның қазақ тіліндегі сайты уақыт көшінен екі ай емес, екі жыл қалып қойған. Жыл санап емес, күн санап өзгеріске ұшырап жатқан қазіргі ақпараттық ғасырда елу жылда емес, екі-ақ жылда ел жаңарады. Ендеше, әркімнің жеке басына шүйлігіп, жоғарыға ұмтыла бергеннен күнделікті проблемаларды көтеріп жаза білу де игілікті іс сияқты.
«Ауыл» ауылдан алыс
Ал алыстағы елді мекендердегі таза қазақ тілінде сөйлейтін ағайынның күйін күйттейміз деп тіркеуден өткен «Ауыл» партиясының сайты тұтастай орыс тілінде жазылған. Қазақ және ағылшын тілін таңдау құқығыңыз болса да, сайтты қазақша сөйлетуге мүмкіндігі жетпейді. Алғашқы бетінде дағдарысқа қарсы бағдарламасы орналасқан. 2009-2011 жылдарға қабылданған осы бағдарламадан басқа ақпараттық-сараптамалық мақалалар таба алмайсыз.
ҚХКП: күн көсем – Косарев
Халық арасында косаревтік коммунистік партия атанған ҚХКП сайтында қазақ тілінде мұқаба атымен жоқ. Орыс тіліндегі ақпараттардың өзі жұтаңдау. Жаңашылдық іздеп әуре болмай-ақ қойсаңыз да болады. Модернизацияланған тұсын айтар болсақ, бұрнағы уақытта қызыл тудың астында тұратын Лениннің орнын Косарев басқан.
Ал «Руханият» пен «Патриоттар» партиясының ресми сайттары тіпті ашылмайды да. Тек «Нұр Отан» партиясының айнасы ғана күнбе-күн жаңартылып отырады. Және алғашқы беті қазақша ашылатын бір ғана сайт екен.
Ой-тұжырым
Саяси партия жетекшілерінің халықпен кездесіп, дағдарыс кезінде олармен жүздесіп жүрмегені белгілі. Партиялардың сайлау жақындағанда дауыс сұрап жан ұшыратыны қалың бұқараға жақсы мәлім. Сайлау науқанынан басқа кезде де, әсіресе қазіргідей қиын кезеңде халықпен етене жұмыс істеудің ең төте жолы жеке басты қаралау емес, тым құрығанда, ресми сайттары арқылы халықпен байланыс орнату екенін түсінсе игі. Шахматтан турнир ұйымдастырса да, жар салатын партияшылдардың жазары болмағанынан олардың тындырып жатқан жұмыстарының «нәтижесін» көресіз.
Саяси партиялардың ақпарттық ресурстарына жасалған бұл шолу «Алаш айнасы» газетінде «Партиялар айтар ойын қалай жеткізіп жүр?» деген тақырыппен берілген.