Сенбі, 19 Қазан 2024
Көршінің көлеңкесі 5976 3 пікір 9 Тамыз, 2017 сағат 06:38

Қытай билігі. "Туысыңды кепілге қой да, Қазақстанға барып оқы"

Қытайдағы қандастарымызға жасалып жатқан заңсыздықтардың кесірі – Қазақстанда оқығысы келетін Қазақ жастарына қиындық туғызып жатыр.

Әр жыл сайын Қытайдан Қазақстанға оқу үшін неше мыңдаған жастар келеді, бұл жылы да солай келмекші еді... Бірақ, сол солақай саясаттың кесірінен, еңкейген қариядан еңбектеген балаға дейін не істерлерін білмей дал болып жүрген жайлары бар. Осы жылдың басынан қандастарымыздың төлқұжаттарын жиып алған Қытай өкіметі әлемдік ақпарат құралдарының шулауынан сескенді ме, әйтеуір қазір төлқұжаттарын жайлап бере бастады. Десе де шетелге шығу үшін тоқсан тесіктен рұқсат алып, бір туысын кепілге  (залогқа) қойып, өлдім дегенде әрең шекара асатын болды...

Біздің Білім және Ғылым министрлігі ол жақтағы жағдайды білмеді ме қайдам, әдеттегідей шеттен келетін қазақ жастарын «дайындық курсына» қабылдау уақытын жылдағыдай 15-тамызға бекітіп, оған үлгермегендер ақылы түрде 300 мың теңге көлемінде ақша төлеп оқитынын ескертіпті... «Жау жағадан алғанда бөрі етектен алды» деген осы шығар. Министрліктің бұл шешімге бір жағынан күлкің келеді, ал екінші жағынан жылағың келеді...

Жақында ғана Дүние жүзі қазақтарының құрылтайында Елбасы сөйлеген сөзінде «Шеттен келетін қазақ жастарына білім грантын екі есеге арттырып, құжаттарын рәсімдеуді жеңілдетуге» нақтылы тапсырмалар бергенін, соның арқасында осы жылы «дайындық курсына» келетін жастарға 1400 грант берілетінін мәлімдеген еді. Білім және Ғылым министрі дайындық курсына қабылдау уақытын созбаса, Елбасының тапсырмасын толық орындай алмайды. Нәтижесінде мемлекет бюджетінен ақша бөлінген грантты толық игере алмай, жыл соңында "игерілмеген ақшаны қайтаратын моданы" жасайын деп тұр.

Осы жайтты ескеріп, бүгін Алматыда бір топ жастар Елбасына, Білім және Ғылым министріне өтініш жазып;

1. Дайындық курсына қабылдауды 15.09.2017 ге дейін ұзартуды,

2. Қытайдағы Қазақстан консулы оларға кезексіз, тез виза беруді,

3. Дайындық курсқа қабылдайтын ЖОО-дары, түрлі сылтау айтпай, құжаттарын тезірек қабылдауын өтінді...

Қазірше қолдан келер осы ғана болып тұр...

Abai.kz

3 пікір