Бейбарыс Сұлтанның ұрпағы Самия Бейбарыс Астанаға қонаққа келді
Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасын орындау аясында, сондай-ақ Қазақстан мен Мысыр елдері арасындағы мәдени қарым-қатынастарды дамыту мақсатында Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Халықаралық қоғамдық қайырымдылық қорының шақыртуымен Бейбарыс Сұлтанның тікелей ұрпағы Самия Бейбарыс ханым Қазақстанның бас қаласы – Астанаға қонаққа келді. Күні кеше Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне арнайы бас сұғып, халықаралық көрмелерді тамашалап, қазақ халқына ғана тән көне жәдігерлер және еліміздің салт-дәстүрін насихаттайтын айрықша дүниелермен танысты. Қонақтар үшін Халықаралық «Сақтар алтыны» атты түпнұсқа жәдігерлер көрмесіне арнайы экскурсия ұйымдастырылды.
С. Бейбарыс ханымның жұмыс жолы 1993 жылы Араб Мемлекеттері Лигасын ұйымдастырудан басталды. 2013 жылы LAS ақпараттық секторының меңгерушісі болып тағайындалды. Ол араб мемлекеттерінің Еуропамен қарым-қатынастарын қадағалайды, сондай-ақ араб-африка ынтымақтастығын, араб-қытай және араб-америка байланыстарын насихаттауға жауапты. Сонымен қатар, Самия Бейбарыс ханым «Араб істері журналы» бизнес-басылымының кеңесшісі, Каир университетінің оқытушысы болып қызмет атқарады.
Бүгін, яғни, 10 тамыз күні Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Араб мемлекеттері лигасы (LAS) «Мәдениетаралық диалог» департаментінің басшысы Самия Бейбарыс ханымның қатысуымен «Мысырдың мәдениеті мен тарихындағы қыпшақтар мен мәмлүктер» атты дөңгелек үстел өтеді. Іс-шараға Ұлттық музейдің ғылыми қызметкерлері, С.Ы. Ысқақов, Сағадат Нұрмағамбетов атындағы халықаралық қоғамдық-қайырымдылық қорының Астана қаласы филиалының президенті, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткерлері, Қазақстан және Мысыр елдерінің ғалымдары, БАҚ өкілдері қатысады.
Abai.kz