Қанат ӘБІЛҚАЙЫР. Қазақ ғалымы қашанғы қамауда отырады?!
Профессор, әлем мойындаған ғалым, бір кафедраның меңгерушісі. Иә, сондай адам «үлкен қылмысты іске барады» деген сөзге бесіктегі бала сене ме? Жоқ, әлде... «Мағжанды жапонның шпионы» еткен заман баяғыда өтіп еді ғой. Гәптің бәрі бәлкім басқа жақта шығар. Ойымызды ширатып көрейік. Демократиялы һәм зайырлы мемлекетте тым құрыса ой бостандығы бар шығар.
«Ит талас»
Профессор, әлем мойындаған ғалым, бір кафедраның меңгерушісі. Иә, сондай адам «үлкен қылмысты іске барады» деген сөзге бесіктегі бала сене ме? Жоқ, әлде... «Мағжанды жапонның шпионы» еткен заман баяғыда өтіп еді ғой. Гәптің бәрі бәлкім басқа жақта шығар. Ойымызды ширатып көрейік. Демократиялы һәм зайырлы мемлекетте тым құрыса ой бостандығы бар шығар.
«Ит талас»
Осыдан бір айдан астам уақыт бұрын Қаныш Сәтпаев атындағы Қазақ Ұлттық Техникалық университетінің профессоры Саят Ыбырай (суретте) қамауға алынды. Еліміздегі сопылық ағымның көзіріне баланатын ғалым «абақтыда айдан күннен жаңылып» отыр. Неге? Себебі, біздегі діни ахуал қатты шиеленісті. Қазір әр ағымның бөлтіріктері бір-бірін талап жеуден тайынбайды. Қазақ дінсіз халық емес еді. Сөйте тұра шамадан тыс фанаттыққа ұрынды. Қазір денесі тітіркенбей «Әулие ағашты» өртемек болған қазақ үшін бір ғалымды құрбандыққа шалу түкке тұрмас дүния секілді. Алаштың бас көтерер арыстарын 1937 жылы қалай қамады?. Қазақ зиялыларынан қалай айрылдық?. Оның бірі де қаперімізде жоқ. Көңіл таразысы деген қайда? Саят Ыбырайдың қазақ ғылымына қосатын үлесін кім ойлайды? Өзгелерді шиіттей бес баланың тағдыры мен жаны нәзік әйел тағдыры толғандырмай ма? Рас. Біреулердің өті жарылып кетсе де айтайын, Саят қазақтың зиялысы деп атауға лайықты тұлға. Маған сенбесеңіз оның ғылым саласында жүріп өткен жолына қараңыз. 1966 жылы дүниеге келген Саят Ыбырай республикалық физика-математика мектебін алтын медальмен тәмамдаған. Мәскеудегі Ломоносов атындағы университеттің механика-математика факультетін қызыл дипломмен бітірген. 25 жасында кандидаттық, 29 жасында докторлық диссертациясын қорғаған. 1998-2000 жылдарда Германиядағы Александр Гумбольд атындағы қордың Степендияты болып ғылым саласындағы білімін жетілдіріп елге оралған. Ағылшын, неміс, орыс тілдерін жақсы меңгерген. Техника ғылымдарының докторы, профессор. Үш ғылыми монография мен 60-тан астам ғылыми мақаланың авторы. Механика мен машинажасау саласы бойынша бес патентке ие болған. Ғылымдағы өз саласы бойынша әлемдегі ең мықты 5 ғалымның біреуі. Осындай тұлғаны зайырлы мемлекетте істі ету кімге опа береді.
Мынау ит тірлікте дініміз саясиланып бара жатыр. Соңғы кездері халқымыз кімнің артынан ерерін білмей қалды. Бәрінің айтатыны бір сөз. Бәрі «құран мен қадиске» сүйенеді. Бәрінің қазақ десе жүректері елжірейді. Бәрі пайғамбарымыздың сүннетімен жүреді. Құраннан сусындайды. Сөйте тұра, қырық пышақ. «Итталас». Қазақтың жастары сол иттердің таласына сүйек болып лақтырылып жатыр. Кім бұрын қарпыса, соның құлқынында. Салаф-ит, құран-ит, уахаб-ит... Сосын қаптаған измдер мен исттер... Экстремист, террорист... Солардың біріне мүше болуың керек. Болмадың екен, өз обалың өзіңе... Жан-жақтан талап тастайды. Сосын жатасың, қансырап... Осы таластың алдын алады деп көптеген ағаларымыздан үміттенетін едім. Бір қызығы сол үміт еткен ағалар әр ағымның басында жүр. Әрине, атын атап түсін түстемесек те белгілі. Бірі шейіт, бірі шейх болуды армандайды. Бірін түлен түреді, бірін шүлен түртеді. Бірінің құлқынын ақша, бірінің санасын салт-дәстүрдің сарқыншағы тесіп барады. Бірі домбырасын шыбыққа, бірі жайлы креслоға, меніңше тұлыпқа айналдырды. Бірі көкесіне, бірі әкесіне сенеді. Бірі қабірлерді күрегісі келеді. Бірі ата жолымен әруақтардан әлденені тілегісі келеді. Бірі өлікке (орысшасы «трупқа»), бірі жұмақ пен тозақтың есігіндегі құлыпқа құмар. Мұнан нені ұғуға болады?. Сол «итталасты болдырмайды» дегендеріміздің өзі арпылдасып жатыр. Бәрінің илегені бір терінің пұшпағы емес пе? Бәрі ізгілікті ислам жолында емес пе еді? Алланың жолы арзан саясаттың ойынына айналмаса керек-ті. Алланың ақ жолы қазақ ғылымының ертеңіне балта шаппаса керек-ті. Қазақ ғалымының қолындағы кісен шынтуайтында заң орындарының кісені ме? Екі елі ауызға қойылған төрт елі қақпақ кімдікі? Бұған халық әлі-ақ көзін жеткізеді. Менің бір-ақ білетінім бар. Саят жау болса, қазақтың салт-дәстүрі мен тағлымды тарихы бізге жау болғандығы. Осы ғана. Басқа түк те емес.
«Төрт елі қақпақ»
Суфизмнің, яғни зікіршілердің жолының дұрыс-бұрыстығына жауап бере алмаймын. Бұл бір жақты қарайтын мәселе емес. Егер біреу сопылықты қазаққа қастерлі ағым десе, оның олқылықтарын ғылыми түрде дәлелдеп дәйектесін. Біз біріншіден дінтанушы емеспіз. Екіншіден біреуге сопылық жол тура, біреуге қата. «Сен неге өйтпейсің?» деген ділмарлықтан да аулақпыз. Бірақ, ақиқаттың шымылдығы шырылдағанда ғана ашылады. Әр ағымның дұрыстығы мен бұрыстығы, түзулігі мен қиғаштығы халықтың талқысына түсіп, бұқаралы ақпарат құралдарында айтылғанда ғана, жазылғанда ғана айшықталмайтын ба еді? Соны айшықтау қолынан келетін, қоғамдық пікір туғыза алатын адам түрмеге тоғытылады. Неге? Халық сол «айтқышбектердің» сөзіне құлақ түру арқылы түзу жолды таразыламас па? Сол «айтқышбектердің» сөзі арқылы өздерінің һәм өзгелердің бет-перделері ашылмас па? Көлеңкесінен үрейленген мына заманда халықтың көзін ашу тек жекелеген тұлғалардың ғана қолынан келеді. Ел де ақымақ емес. Өз таңдауын өзі жасайды. «Дінде зорлық жоқ». Сөзден қорқады екенсің, зорлықшыл болуға хақың да жоқ. Меніңше, кімнің жолының түзу екенін, кімге ілессе қазақтың қамсыз болатынын ашып айта алатын тұлғалардың бірі Саят Ыбырай. Ой, мұны басқаша ойлап қалмаңыз. Дұрысы Саят Ыбырай біз ғұлама деп әуектеп жүрген кейбір «минидіндарлардың» маскасын шешіп бере алатын тұлға. Ұлттық болмыс тұрғысынан өзгелерге ой сала алатын адам. Ол айтып та жүрген-ді. Бәлкім, түрмеге тоғытылуының салдары тікелей сол айтқанына байланысты шығар. Дәл қазір біздің қоғамға түрлі пікірлер керек. Кімнің ақ, кімнің қара екенін сонда ғана анықтай аламыз. «Кім не айтса, соған иланатын халқымыз бар». Меніңше, Саят Ыбырайдың бастаған ісі салиқалы күрес жолы болатын. Себебі, ол ғалым...
Егор Бычков та ақталмап па еді?
Ағалардан қайыр болмаған соң, Мағжан сенген жастарға үміт артып едім. Саят Ыбыраймен идеялас жеткіншектер неге үнсіз жатыр? Мені осы сауал толғандырады. Кеше рухани ұстаздары әлдекімдерді сынға алып, өзіндік ақиқатты айтқан кезде айыздары қанған қауым «бұл қалай?» деуге дәрменсіздік танытып отыр... Бәлкім, өз бастарының амандығын ойлайтын шығар. Істі болғысы келмейтін шығар. Жоқ, әлде күрестің жолы осы тақырып аясында интернетте жарияланған мақалалардың астына пікір жазумен шектеле ме? Олардың ақиқат жолындағы бар айтары интернеттегі «пыш-пыштаудан» аса алмай тұр. Ал, зікіршілермен ашық қарсылыққа келетіндердің де қылығы осы. Оларды қазақ ғылымының түрмеде отырғаны ойландырмайды. Керісінше, көктен іздегендері жерден табылғандай шат-шадыман... Осы да жеткен жетістік пе? Өздерін гуманист санайтын діндарлардың, яғни Алланы аузына алатын иманды құлдардың сипаты бұлай болмаса керек. Сахаббалар жыбырлаған жәндікті нақақтан басып кетпеуді ойлаған. Ал, адамның жанын азапқа салып, рухын тәуелсіз еліміздің заңымен таптау кімге керек? Күні кеше Саятқа тағылған айып, орыстың «Есірткісіз қала» («Город без наркотиков») Қоғамдық қорының жетекшісі Егор Бычковына таңылмап па еді?. Иә, нашақорлардың жаласынан жапа шеккен Егор мырзаның жайы Медведевтің құлағына жетті. Орыс патшасы тілге келместен істің ақ қарасын тексертті. Нәтижесінде...
Саят Ыбырай жайлы осы ойымды қағазға түсірердің алдында Саяттың үйіндегі жеңгейге қоңырау шалдым. Әрине, бар ауыртпалықты көтеріп отырған Ләззат апаймен аз-кем пікірлестім. Бір топ ғалымдар Елбасыға ашық хат жолдапты. Ол кісі бар үмітін президентке артып отыр. «Біздің елдің басшысы бұл істен хабары жоқ. Хабары болса, тырнақ астынан кір іздейтіндерге жол бермес еді. Ғалым адамды жазықсыз жапа шектірмес еді. Медведев сияқты «істің ақ-қарасын тексеріңдер» дейтін еді?» - дейді.
Ғабеңдердің жоқтығы
Біздің қоғам шынайы сынды қаралау деп ұғады. Оған көз жеткізіп әуре болмайық. Сосын түрлі «ойындар» орын алады. Мысалы, қай нашақор «мен нашақор едім, мені мыналар қамап ұстады, ұрды-соқты» деп арыз жазады. Арыз жазсын делік. Өйткені, жазып та қойды. Алдымен заң орындары сол нашақордың есірткіні қай жақтан алатынына, қайдан келетініне бас қатыруы керек қой. Біздің әділ заң орындары істің ақ-қарасын түпкілікті тексеріп, әділетті шешімін шығарады деп үміттенеміз. Әйтпесе, «есірткіге жол жоқ» деп айғайлайтынымыз қайда қалады? Ал, оларды заңды һәм заңсыз емдеу екінші кезектегі мәселе... Сосын есі түзу адам, «осыны қамап қояйыншы» деп көшеден нашақор іздемейді. Іздесе де таппайды. Келсе, өз аяқтарымен келген шығар. Ол арасын білмейміз. Білетініміз «Бейімбет жау болса, мен де жаумын» дейтін Ғабеңдердің жоқтығы. Қазақ ғылымына қара құлыптың салынғаны.
Түйін
Ғабит Мүсірепов жайлы айтып қалдық. Сол Ғабеңдердің көлеңкесіне жарайды дегендеріміздің өзі өз көлеңкелерінен қорқып, қос тізесі қалтырап отыр немесе бір адамның тағдырына өздерін жауапты сезінбейді. Біреудің басына үйрілген қара бұлт кейін өз бастарына төнбесіне кім кепіл... Оны ешкім ойлайтын түрі жоқ. Және біздегі бір олқылық, салиқалы дінтанушының жоқтығы. Өздерін «дінтанушымыз» дейтіндер дінтанушы емес, діндарлар екен. Олар ортаға от салмаса, адам өміріне ешқашан да араша түспейді. Өйткені, сенімі тек соған итермелейді? Алланы ауызға алып жүргеннен кейін адамдықты да ұмытпайықшы. Одан кейін қазақ деп жүрген қай зиялының (қандай ағымда болмасын) басына осындай күн туа қалса, әрқайсымыз оны арашалауға міндеттіміз. Менің айтпағым осы ғана...