Армангүл ҚАПАШЕВА: «Күрестi тоқтатпаймын»
Жақында Астана және Алматы қаласында қазақ-австрия елдерiнiң арасындағы бизнес саласына қатысты форум өттi. Форум барысында екi елдiң экономикалық қарым-қатынасына байланысты бiрнеше құжаттарға қол қойылды. Бұл жиынға экономика мәселесiнен гөрi құқықтық проблемалардың сұрағына жауап iздеген азаматтар көп болды. 2007 жылы "Нұр Банктiң" топ-менеджерi қызметiн атқарған Жолдас Темiрәлиев пен Айбар Хасенов iз-түзсiз жоғалып кеткенi белгiлi. Қазақстан президентiнiң бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтiң қатысы бар дәл осы шулы оқиғаға әлi күнге нүкте қойылған жоқ. Армангүл Қапашева Венада жатып, өзiн оппозиционер ретiнде көрсетуге жанталасып жүрген Рахат Әлиевтен осыған дейiн Жолдас Темiрәлиев пен Айбар Хасеновтерге қатысты ешқандай мәлiмет ала алмайды. Дәл осы форумға арнайы барып, Қазақстанға қанды қол қылмыскердi қайтармай отырған Австрия елiне өкпе-назын айтып, талап қойған Армангүл Қапашеваны әңгiмеге тарттық.
- Қазақ-австрия бизнесi форумына барудағы негiзгi мақсатым Австрия елiнен келген азаматтармен пiкiр алмасу болды. Қазақстаннан қашып кеткен қылмыскердi өз елiнде қызғыштай қорып отырған Вена билiгiнiң әрекетiн немен түсiндiретiндiктерiн бiлгiм келдi. Үш жылдан берi елiне қайтару туралы қаншама ұсыныстар мен талаптар түсiп жатса да, Рахат Әлиевтi Австрияның Қазақстанға нелiктен қайтармай отырғандығын сұрадым.
- Қандай жауап алдыңыз?

- Өкiнiшке қарай, ешқандай. Рахат Әлиевке қатысты сұрақтарым мен пiкiрiмдi Австрия азаматтары тыңдады. Бiрақ, жауап бере алмады. Мұндай мәселелермен құқық саласының мамандары айналысуы керек деген сырғытпа жауаппен шектелдi. Мәселен, Алматыда өткен форумда Австрияның Алматыдағы өндiрiстiк-сауда палатасының өкiлi Михаел Мюллер, экономика палатасының вице-президентi Рихард Шенсонмен сөйлестiм. Өкiнiшке қарай, австриялықтар саяси мәселелермен айналыспайтындығын айтты. Солай дей тұра Австрия мемлекетiнiң соты тәуелсiз дегендi тiлге тиек еттi. Бұл азаматтардың пiкiрiне қарағанда, Әлиевке бекiтiлген күзеттiң де қандай да бiр негiзi бар көрiнедi.
- Қазақстанда Рахат Әлиевтен жапа шеккендер аз емес. Осы күнге дейiн қашқын күйеу баланың атын естiсе, аза бойы қаза болатындар бар. Сондай жапа шеккендерге "Тағдыр" қоры қандай көмек беруде? -
- Қордың жұмысы дөңгелеп кеттi деп айта алмаймын. Оған себеп: жауап берушi қылмыскердi елге қайтара алмағандықтан деп бiлемiн. Венада жатып, өзiн ешқандай қылмысқа қатысы жоқ оппозиционер еткен Рахат Әлиев Қазақстанға оралмайынша, бастаған iстерiмiздiң шешiмiн табуы екiталай. Қашқын күйеубаланы қалайда Қазақстанға қайтару үшiн қолдан келгенiн жасап жатырмыз.
- Демократиялық бағытты ұстанған елдердiң қатарына енетiн Австрия билiгiнiң қылмыскерге қорған болғаны қалай?
- Менiңше, бұл мәселенiң астарында қыруар қаржының құдiретi жатыр. Қазақстаннан Венаға ағылған ақшамен Қазақстанның қылмыскерiне айналғандардың жеке күзетi бекiтiлiп, еркiн жүрiп тұруына жағдай жасалған. Осыдан кейiн-ақ демократияның да екiншi жағымсыз жағы барын аңғаруға болады. Ақша мен демократия бiр арнада тоғыспайды. Өйткенi, Венаның құқыққорғаушыларын дегенiне көндiрерлiктей, Рахат Әлиевте басқалай күш болуы мүмкiн емес.
- Бүгiнгi билiк қылмыскер күйеубаланы ұмыта бастаған сыңайлы. Оны елге оралту үшiн қанша әрекет жасағанымен, әлi күнге шыбық сындырған жоқ.
- Австрия елiнiң Әдiлет министрi Клаудия Бандион-Ортнердiң атына Қазақстан премьер-министрi Кәрiм Мәсiмовтiң жеке кепiлдеме хаты жiберiлдi. Рахат Әлиевтiң бас қауiпсiздiгi толық сақталатыны жөнiнде айтылған бұл хаттың да тигiзген пайдасы болмады. Осыдан кейiн-ақ оның (Р.Әлиевтiң - М.Х.) Қазақстан мен Австриядағы салмағын таразылай берiңiз.
- Бәлкiм, австрия билiгi Әлиевтiң қазақ саясатына қатысты сөздерiне сенгендiктен оны саяси құрбан көретiн шығар?
- Жоқ. Бiрiншiден, Әлиевтi "саяси құрбан" деуге келмейдi. Неге дейсiз ғой. "Нұр Банктiң" топ-менеджерлерiнiң жоғалып кетуiне байланысты дау ушығып бара жатқан тұста, ол Венаға бас сауғалап кеттi. Егер расында саясаткер болса, осы оқиғаға дейiн неге өзiнiң ұстанымдарын бiлдiрмедi. Менiңше, мұның барлығы алдын ала құрап-пiшiлген iс.
- Әлиевке қатысты қазақ билiгi "үкiм" шығарды. Қашқын күйеу елге оралғанда не өзгередi?
- Маған Рахат Әлиевтiң жолдасым жөнiнде шындықты айтып, оның қайда екенi туралы мәлiмет бергенi маңызды. Басқа қылмыстық әрекеттерiн заң орындары әшкерелейтiн шығар, бәлкiм.
- Саммит жақындап қалды. Қазақстандағы аты бар заты жоқ демократияның елесiне шетелдiктер куә болатын күн жақын. Осы Саммитке қатысушылар осындай қылмыстық оқиғалар төңiрегiнде сөз қозғап, сұрақ тастауы мүмкiн бе?
- Жоқ. Сенiм жоқ. Австрия елiнiң демократиясы бес саусақтай белгiлi болып қалды. Мәселен, Шешенстанның бiр оппозиционер азаматы Австриядан саяси баспана сұрап, қорғауын өтiнiптi. Бiрақ, сол шешен оппозиционерi көп уақыт өтпей, кiсi қолынан қаза тапты. Ендi осы оқиға мен бiздiң оппозиционерсымақтың әрекетiн салыстырып көрiңiз. Сосын, басқа емес, дәл Венада Рахат Әлиевтiң тұрақтап қалуының өзiнен көп нәрсенi аңғара берiңiз. Оның үстiне Лондонға бағытын өзгертпек болған әрекетiнен түк шықпады. Венаға қайта оралды. Осыдан-ақ Австрияда демократияның қандай деңгейде екенiн салмақтап көрiңiз.
- Алдағы мақсатыңыз қандай?
- Қазiргi саяси жүйе тұрғанда, қандай да бiр мақсат қоюдың өзi қиын. Бiрақ күрестi тоқтатпаймын. Бiр жақсылықтың болатынына сенемiн.
- Әңгiмеңiзге рақмет.
Әңгiмелескен - Меруерт ХУСАИНОВА.
«Жас Алаш» газеті