Ауғанстанда "Ислам мемлекеті" тобының командирі қаза тапты
АҚШ әскери ұшақтары Ауғанстанның шығысындағы Кунар уәлаятында орналасқан жихадшылар базасына соққы берген. Әуе операциясы нәтижесінде жихадшылардың бірнеше жоғары басшысы өлген деп хабарлады бүгін Reuters агенттігі. Ақпаратта "Ислам мемлекеті" экстремистік тобының Кунардағы өкілі Абдул Рахманның қаза тапқаны айтылған.
АҚШ генералы Джон Николсон Кабулда жасаған мәлімдемесінде Рахманның өлімі "Ислам мемлекеті" экстремистік тобы күштеріне кезекті соққы боп тигенін айтқан.
Әуе операциясы барысында жихадшылардың тағы үш командирінің көзі жойылған. Генерал Николсон Ауғанстандағы жауды 2017 жылдың соңына дейін жеңуге уәде берген.
Биыл сәуірде АҚШ әскерилері Ауғанстанда салмағы 10 тонналық фугас бомбасын қолданған. "Барлық бомбалардың анасы" деген атауға ие болған бұл қару Ауғанстанның шығыс бөлігінде, Пәкістанмен шекарадағы Нангархар уәлаятында орналасқан жихадшылар базасына тасталған. АҚШ әскери басшылығы бұл операцияны Ауғанстандағы "Ислам мемлекеті" содырларына қарсы жасалған ең тиімді соққылардың бірі деп сипаттаған.
Abai.kz