Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 8018 3 пікір 21 Тамыз, 2017 сағат 07:27

Ректорлардан «Көші-қон туралы» Заңының 33-бабын қатаң атқаруын талап етеміз

«Нұр Отан» партиясына

 

ҚР Ішкі істер министрі,

Полиция генерал-лейтенанты

Қ. Н. Қасымовқа

 

ҚР Білім және ғылым министрі

Е.К. Сағадиевке

 

Республикадағы ЖОО-ның

ректорларына

 

Құрметті «Нұр Отан» партиясы!

Құрметті Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы!

Құрметті Ерлан Кенжеғалиұлы!

Құрметті ЖОО-ның ректорлары!

Сөзді алдымен «Нұр Отан» партиясына, Партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Абрарұлына рахмет айтудан бастағанды жөн көрдік.

Осының алдында ғана «Abai.kz» ақпараттық порталы арқылы «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Абрарұлының атына "Отандас-ел" Отанымен бірге!" (http://abai.kz/post/57467) деген тақырыпта хат жазып, кезінде және үстіміздегі жылы шетелден көшіп келіп, Алматы облысына қоныстанған, ауылдарда бос жер телімдері болмағандықтан, шаруашылық құруға, жұмыс табуға мүмкіндігі шектелген, сол үшін  көшіп келушілер мен қоныс аударушыларды қоныстандыру үшін Үкімет айқындаған өңірлерге көшіп баруға ниет білдірген 58 отбасының тізімін ұсынғанбыз.

Аталған хатқа Төрағаның Бірінші орынбасары назар аударып, тапсырма берсе керек, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ аудандық «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Қуат Байғожаев мырза  «Отандас-ел» РҚБ-ның басшыларын шақырып, кездесу өткізді. Солтүстікке көшуге ниет білдірген отбасылардың тізімін алып, анықтауға кірісті. 2017 жылғы 29 тамыз күні Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар облыстарының Жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармаларының өкілдері Еңбекшіқазақ ауданына келіп, алғашқы көшті бастайтын болып келістік. Аталған көш алдағы күндерде құтты қонысына сәтімен аттанады, қоныстанады деген берік сенімдеміз.

Ұсынысымыздың еленіп-ескерілгеніне рахмет айтып, Партия басшылығына қандастарымыздың жүрекжарды қуанышы мен ыстық сәлемін жеткізгіміз келеді!

Енді келесі ұсынысымызды ортаға салайық.

Қазақ Үкіметінің шет елдерде тұратын этникалық қазақ жастарының Атажұртқа оралып, білім алуына жасаған қамқорлығы ұшан теңіз!

Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі №319  «Білім туралы» Заңының 66-бабында «Шет елдегі қазақ диаспорасының білім алу қажеттіліктерін қанағаттандыру» мәселесі толық шешілген.

2012 жылғы 28 ақпаннан бері Қазақстан Республикасы Үкіметінің №264 Қаулысына сай, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар үшін – 2 пайыз оқуға түсу кезінде қабылдау квотасы бөлініп келді. Елбасымыздың тікелей тапсырмасымен биылдан бастап бұл көрсеткіш екі есеге көбейтілді.

Арысын айтпағанда, биылдың өзінде 16 мамандық бойынша 514 шетелден оралған қандас ұл-қызымыз мемлекеттік грантқа қол жеткізіп, ЖОО-ның студенті атанды.

Мұның бәрі Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың алыста жүрген ағайынға, оның жастарының болашағы үшін жасалған Ұлы Еңбектері, баға жетпес қамқорлығы деп білеміз!

Мемлекеттік грантпен оқуға қабылданған осы студенттердің өзі түскен ЖОО-ның жатақханасына алымен уақытша, ары қарай тұрақты тіркеуге тұрып, оқуын бітіргенше жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға құқығы бар.

Бұл туралы «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 22 шілдедегі №477-IV Заңының «Білім алу мақсатында келетін көшіп келушілердің негізгі құқықтары мен міндеттері» деген 33-бабында ашық жазылған (Заңның аталған бабы қосымша берілді). 

Елбасының қолы қойылған Заңның әр тармағы қатаң, мүлтіксіз атқарылуы керек қой! Өкінішке орай, Жоғары оқу орындарының басшылары Оралман студенттердің осы құқығын шектеп, олардың Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау туралы өтінішхат беруіне мүмкіндік бермей келеді. Қандас студенттер тұрақты тіркеуге тұру үшін басқа жерден пәтер жалдауға мәжбүр.

Ал, басқа жерден пәтер тауып, тұрақты тіркеуге тұрып, азаматтыққа құжат өткізген студент сол пәтерде тұруы шарт. Тұрмаса, «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Заңнаманы бұзған болып есептеліп, жауапқа тартылады.

Аталған Заңды атқару – оралман жастардың тұрақты тіркеуге тұрып азаматтық алу мәселесін шешіп қана қоймай, олардың Үкіметтің жасап жатқан қамқорлығы мен көмегін тіпті де терең түсінуіне, Отаншылдық рухын асқақтата түсуде де ерекше рол атқарары хақ!

Сол үшін Сіздерден биылдан бастап барлық Жоғары оқу орындарының басшыларына «Халықтың көші-қоны туралы» Заңының 33-бабын қатаң атқаруды және оны шеттен келген ұлты қазақ студенттерге түсіндіру жұмысын өз деңгейінде алып баруды тапсыруларыңызды сұраймыз.

 «Отандас-Ел» Респубиликалық қоғамдық бірлестігі

Қосымша:

«ХАЛЫҚТЫҢ КӨШІ-ҚОНЫ ТУРАЛЫ» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 22 шілдедегі №477-IV Заңы

 33-бап. Білім алу мақсатында келетін көшіп келушілердің негізгі құқықтары мен міндеттері

1. Шетелдіктердің немесе азаматтығы жоқ адамдардың мемлекеттік білім беру тапсырысына сәйкес конкурстық негізде техникалық және кәсіптік, ортадан кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі тегін білім алу құқығы Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда айқындалады.

Қазақстан Республикасына білім алу мақсатымен келген этникалық қазақтар оқуға түскеннен кейін:

1) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мекемелерінің жатақханаларында уақытша тіркелуге;

2) тұрақты тұруға және жеңілдетілген тәртіппен (тіркеу тәртібімен) Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау туралы өтінішхат беруге құқығы бар.

2. Білім алу мақсатында келетін көшіп келушілер:

1) Қазақстан Республикасының аумағында болатын көшіп келушілерге қатысты Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген міндеттерді атқарады;

2) оқудың және (немесе) кәсіптік даярлықтың толық курсын аяқтағаннан кейін, егер одан әрі болу үшін заңды негіздері болмаса, Қазақстан Республикасынан кетіп қалуға міндетті.

Қазақстан Республикасының Президенті                Н. Назарбаев

http://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z1100000477  

 

 Abai.kz

 

3 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2051