Омар Шаманов. Бізге дау емес, даму қажет
«Толқынды толқын қуады» деп жырлаған Мағжан ақын ардақты Алаш көсемдерінің жасы үлкеніне іні, кішісіне аға ретінде ілтипат көрсетті. Ағалар сол мәртебеге лайықты өмір сүрді. Інілер ағаларын үлгі тұтып, алдарынан кесе-көлденең өтпеді. Ал бүгінгі жас буынға үлгі- өнеге болуға тиіс аға-буындарымыз не істеп жүр? Олар бірін-бірі мүйіздеп, жүз-жүзге, жер-жерге бөлінуден, қырықпышақ қырқысудан қолдары босамай жүр.
Ата сақал ауыздарына түскенде ақылға келудің орнына «Жастар бұзылып кетті. Ұлттық құндылықтарын жоғалтып, көрінгенге еліктегіш болып барады. Бұлар бізді сыйлауды қойды» деген секілді кінә артып, жастарды жата кеп жазғырады. Жастардың кемшілігі жоқ емес, жас болған соң найзағайдай жарқылдап, алмас қылыштай қылпылдап тұратындығы табиғи заңдылық. Оның үстіне бұрынғыдай «"Орыстарым" сөз айтса, бас изеймін шыбындаптың» заманы келмеске кеткен. Осындай еркін заманда жастарымыз тайсалмай, көкбөрілігін көрсетсе, ағаларымыз олардың кеудесінен итеріп, меселін қайтарып тастайтын әдетін қоймай келеді. Бұған айғақ өте көп. Соның бір мысалы - үстіміздегі жылдың 21-қыркүйегінде Абай атындағы опера және балет театрында өткен жазушылар одағының 75 жылдық мерекелік пленуымында жастар атынан мінберге шығып сөз алған талантты жас ақын Ерлан Жүністің баяндамасын бастамай жатып «шалдардан» қағажу көріп, мінберден түсіп кеткені болса керек.

Осыдан бірталай бұрын әдебиетіміздің бетке ұстар «екі жұлдызы» қос Мұхтар қайдағы бір қалмақ үшін шабысты. Ақыры Мағауин қайсыбір «ұлы тұлғалардың» жолын қуып, Отанынан теперіш көргендей кетіп қалды. Шаханов болса, ұлы істің үдесінен шыққандай боп, жеңілсе де, жеңімпаз сықылды жер-көкке сыймай жүр. Осылайша бір-бірлерінің артын ашып, екуі де досқа күлкі, дұшпанға таба болғаннан өзге ештеңе ұтқан жоқ.
Баспасөз беттерінде мұндай айтыстардың жиі болып тұруы әдетке айналғалы қашан?.. Мысалы, Қабдеш пен Әбдіжәмілдің айтысы, жаңағы қос Мұхтардың айтысы. Шаханов пен Әзілханның айтысы. Мұрат Әуезов пен Зәкіржан КӘЛКЕНБАЙ бастағандардың айтысы, Тұрысбек Сәукетай мен Жұма-назар Сомжүректің айтысы, Дүкенбай мен жастар айтысы. Тізе берсең кете береді. Соңы міне (лайым соңы болсын) Жазушылар одағындағы «құрметті төраға» бастаған топ пен Дулат Исабеков, Төлен Әбдіков, Мұхтар Шахановтардың айтысы...
«Сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңді ұрайын» демекші, бүйте берсе бұлармен биліктің де, халықтың да санаса қоюы екіталай.
Бір сатирик «қазақтар етке әбден тойып болған соң, екі жағы да үшкір Қытайдың тіс шұқығышының бір ұшымен тісін, екінші ұшымен айналасындағылардың артын шұқиды» деп елді қыран-топан күлкіге батырған еді. Жеңіл әзіл болса да, астарында көп нәрсе жатқанын байқайсыз.
Тарихта түрік қағанаты батыс, шығыс болып бөлініп, шығысы Қытайларға бодан болды (сол дәуірдегі жазбаларда «Інісі ағасының тілін алмады. Баласы әкесінің тілін алмады» деген сөздер бар). Шыңғысхан дәуірінде Найман, Керей, Қоңырат, Меркіт, Қыпшақ сияқты бауырлас-туыс іргелі рулар өзінен әлденеше есе әлсіз мұңғылдардан ойсырай жеңілді. Бертінде үш жүздің басы бірікпей орманды орысқа кіріптар болды. Өзге елдердей еңселі еркін ел болып, отаршылдық қамытынан құтылам деп армандаған Алаштың ардақты ұлдары топ-тобымен қырғынға ұшырады. Басқа елдер Совет Одағынан өз еншілерін алып тарап жатқанда, орнынан тапжылмай орыстан кейін ең соңғы боп тәуелсіздік жарияладық. Мұның бәріне себепкер не нәрсе? Әрине, бұл біздің ынтымақсыздығымыздың, арызқойлығымыздың, алауыздығымыздың кесірінен болған «жайбасарлық» екеніне еш шүбәміз жоқ. (Зиялыларымыздың алауыздығы билікке, биліктің алауыздығы сыртқы күштерге пайдалы. Биліктің ел басқарудағы ең ұтымды тәсілі «бөліп ал да, билей бер» екені шындық).
Зиялы қауым ұлтты өрге бастар, сол ұлттың руханиятына, біліктілігіне, қараңғыда адаспай жол табуына жауапты болуға тиісті.
P.S. Сондықтан аяулы ағалар, ұлт үшін, Отан үшін қалтқысыз қызмет етіп, кейінгі буын жастарға жақсы өнеге көрсетеміз, қадірімізді қашырмаймыз десеңіздер, айтыс-тартысты біржолата қойып, бір мақсат, бір тілекте бірігіп күресіңіздер. Бізге дау емес, даму қажет. Жұрт сіздердің жеке мүдделеріңіз үшін тартысқандарыңыздан жалығып бітті. Онсыз да ұлттық мәселелер шаш етектен болып тұрғанда, соларды шешу жолында бас қатырғандарыңыз жөн болар. «Жау жағадан алғанда бөрі етектен аладының» кебін кигізбесеңіздер екен.
«Абай-ақпарат»