Майраш Еркебайқызы. Қазақ елін басқарудағы жаңа жүйеге Ахмет Байтұрсыновтың ұстанымы
Ел басқару саласы адамзат қоғамында ертеден пайда болып, қоғам дамуының сатыларына сәйкес өзгерістерге ұшыраған күрделі әлеуметтік-саяси құбылыс. Қазақ қоғамы да осынау маңызды үрдістен тыс қалмаған. Елдің тарихи өркендеу деңгейіне орай оның басқару формасы мен әдіс-тәсілдері, құралдары жетілдіріліп отырылғаны күмән тудырмайды. Алайда, патша өкіметі қазақтардың қалыптасқан байырғы ел басқару жүйесін жойып, оның орнына басқарудың жаңа формасын енгізді. Ресей патшалығы басқарудың жаңа формасынан қазақ халқына саяси үстемдік орнатудың басты құралын көрді және соның негізінде қазақ елі шын мәніндегі отарға айналды. Осы формамен қазақтарды басқару барысында көптеген келеңсіздіктер етек алды. Бұдан қазақтар ауыр зардаптарға душар болды. Сондықтан А. Байтұрсынов және т. б. қазақ зиялылары бұл мәселелерге ерекше мән беріп, оны патша үкіметіне қарсы күрестің қаруы етті. А. Байтұрсынов қазақ еліндегі ел басқару жүйесіне арнап: «Тағы да народный сот хақында», « Қазақ Һәм 4-ші Дума» «Земство», «Губернатор өзгерілуі», «Орынбор. 13-ші октябрь», «Закон жобасының баяндамасы» және т.б. төл еңбектер жазды. Осы шығармаларында А. Байтұрсынов метрополияның өз саясатын толық қанды жүргізу үшін және оны нығайтып, өрістету үшін қазақ еліне ерекше басқару аппаратын қажетсінгендігін атап көрсетеді.
Ел басқару саласы адамзат қоғамында ертеден пайда болып, қоғам дамуының сатыларына сәйкес өзгерістерге ұшыраған күрделі әлеуметтік-саяси құбылыс. Қазақ қоғамы да осынау маңызды үрдістен тыс қалмаған. Елдің тарихи өркендеу деңгейіне орай оның басқару формасы мен әдіс-тәсілдері, құралдары жетілдіріліп отырылғаны күмән тудырмайды. Алайда, патша өкіметі қазақтардың қалыптасқан байырғы ел басқару жүйесін жойып, оның орнына басқарудың жаңа формасын енгізді. Ресей патшалығы басқарудың жаңа формасынан қазақ халқына саяси үстемдік орнатудың басты құралын көрді және соның негізінде қазақ елі шын мәніндегі отарға айналды. Осы формамен қазақтарды басқару барысында көптеген келеңсіздіктер етек алды. Бұдан қазақтар ауыр зардаптарға душар болды. Сондықтан А. Байтұрсынов және т. б. қазақ зиялылары бұл мәселелерге ерекше мән беріп, оны патша үкіметіне қарсы күрестің қаруы етті. А. Байтұрсынов қазақ еліндегі ел басқару жүйесіне арнап: «Тағы да народный сот хақында», « Қазақ Һәм 4-ші Дума» «Земство», «Губернатор өзгерілуі», «Орынбор. 13-ші октябрь», «Закон жобасының баяндамасы» және т.б. төл еңбектер жазды. Осы шығармаларында А. Байтұрсынов метрополияның өз саясатын толық қанды жүргізу үшін және оны нығайтып, өрістету үшін қазақ еліне ерекше басқару аппаратын қажетсінгендігін атап көрсетеді. Осы орайда А.Байтұрсынов 1822 жылғы «Сібір қырғыздары туралы Уставқа» (бұдан әрі Сібір қазақтары туралы Устав), 1868 жылғы «Уақытша ережеге» және 1891 жылғы «Далалық ережеге» талдау жасап, бұл ережелердің қазақ халқын Ресей империясының түпкілікті отарына айналдыруды заң жолымен бекітуге бағытталған заңдар жүйесі болғандығын айғақтайды. Сондықтан ол жоғарыда аталған еңбектерінде Ресей патшалығының қазақ қоғамына күштеп таңып отырған ел басқару жүйесінің мәнін, мазмұнын, мақсатын өзекті мәселе ретінде қарастырады және бұл жүйенің сипатын және қоғамдық салдарларын ашады. Қазақ елін басқару жүйесіне байланысты қабылданған ережелерді және заңдарды патша үкіметінің чиновниктерді алдын-ала ұзақ зерттеп, мұқият дайындалғанын әрі басқа елдердің отар халықтарды басқару тәжірибесін есепке алғандығын да көрсетеді. Батыс өркениетінің билікті атқарушы билік, сот және өкілдік билік деп тармақтарға бөлу идеясы «Сібір қазақтары туралы Уставқа» енгізілген болатын. Аталмыш идея қазақ даласын басқару жөнінде қабылданған өзгеде ережелер мен заңдарға белгілі бір дәрежеде ықпал еткені дау тудырмайды.
Қазақ халқын басқаруда жергілікті басшыларды сайлау институтының енгізілуі ерекше рөл атқарды. А.Байтұрсынов жергілікті ел билеушілерінің сайлау арқылы билікке келуін білімді, өнерлі елдердің тәжірибесінде қалыптасқан жағымды дәстүр санап, оның маңыздылығын қолдайды. Сонымен қатар сайлау науқанының қазақтар үшін ерекше маңыздылығын халықтың азаттық күресімен тығыз байланыстырады. Сайлау науқаны арқылы қазақтарды оятып, оларды саяси күреске тартуды негізгі мәселе деп санайды. Сайлау науқаны барысында халықтың тереңде жатқан әлеуметтік мүдделерін байқауға болады деп есептейді.
Сайлауды қазақ халқының өзін-өзі басқаруға апаратын маңызды жол санап, халқын сайлауды дұрыс түсінуге, «Сайлау деген өзіңе берген ықтияр» - дей отырып, оны жөнімен пайдалана білуге шақырды. Осы орайда, А. Байтұрсынов, «Адам баласы ғой, пайдасын, зарарын айыра білер, өзіне-өзі қастық ойламас. Жұртқа жағымды, пайдалы болар-зарары тимес деген адамдарын өздері сайласын. Зарарлы болар деген жер иесі адамдарын өздері де сайламас» деп үкіметтің қазаққа сайлау институтын енгізіп, жергілікті басшыларды ерекше сайлау арқылы, оларды таңдауды халықтың өзіне берілген құбылыс ретінде бағалайды.
Лауазымды қызметке басшыны сайлаудың тағайындаудан артықшылығын, ерекшелігін ашып көрсетеді. Сайлаумен ел билігіне келгендер халық алдындағы жауапкершілігін белгілі бір дәрежеде сезінетін, өзіне жүктелген міндетті мүмкіндігінше дұрыс орындауға тырысатын еді. Ал қызметке тағайындалған адам тек өзінің басшысының алдында ғана есеп беретін болған соң, халықтың мұң-мұқтажымен санаса бермейтін. Сондықтан А. Байтұрсынов қазақ халқы үшін болыс басшысын, ауылнайды, мүфтиді, депутатты сайлау тиімді, ал оларды патша үкіметінің тағайындауы саяси жүйе үшін тиімді болғанымен халық үшін тиімсіз деген байлам жасайды.
А. Байтұрсыновтың еңбектерінен бұрынғы қазақтың билер сотын жоғары бағалағаны байқалады. Патшалық дәуірде қазақтардың арасында ондай билердің жоқтығына өкініш білдіреді. Осы кезде бұзық билер шықты. А. Байтұрсынов бұзық билердің қатарына патша үкіметіне иек артып, түрлі жеңілдіктер алып, үкімдері әділ болмаған, оның үстіне парақорлықпен айналысқан қазақ билерін жатқызды. Бұлармен қатар қазақ қоғамында бұзық болыстар да пайда болды. Бұзық болыстардың қалыптасуын А. Байтұрсынов негізінен болыс басшысына сайлау науқанымен байланыстырады.
Болыс басшысына кандидат болыстық билікті қолына алу үшін өзінің туыстарын, жақтастарын жинап, «өз партиясын» құрып, сайлауға түсті. Олардың әрқайсысы қалайда көп дауысты иеленуге тырысып, бәсекелестікті өрістетті және ру намысын қоздырды. Сол тұста сайлаушыларды сатып алу кең етек алып, бұл жағдай облыстың бүкіл болыстарын қамтыды. Сайлау күресі партиялық жауласуға дейін жетіп, жиі қақтығыстарға апарып, адам өліміне шейін жеткізді. Сайлау өткеннен кейін болыс басшысы болғандар да, оған өте алмай қалғандар да сайлауға көптеп жұмсаған шығынын зорлық-зомбылық көрсетіп халықтан бірнеше есе етіп қайтарды. Осы жағдайлардың бәрі, сайып келгенде, бүкіл халықты түрлі әлеуметтік-экономикалық қиыншылықтар мен зардаптарға итермеледі, атап айтқанда, жұрттың малы тартып алынды, салықтардың белгіленген мөлшерінен салық асыра салынды, әр нәрсені сылтауратып айыптар салынды, жөнсіз сый -сияпат алынды.
А. Байтұрсынов сайлаудың адал да әділ өтілуін принциптік мәселе ретінде көтеріп, оны барынша қолдады. Адал әрі әділ сайлау бұзық билер мен бұзық болыстардың билікке келуіне тосқауыл болатын басты фактор деп есептеді. « Бұзық билерді, бұзық болыстарды сыртқа шығып, көзге көрінген дерттің іріңіне, шірігіне» балады, теңеді. Оларды түп-тамырымен жою қажет деп санады.
А. Байтұрсынов жергілікті ел билеушілерін сайлау кезінде болатын қазақтардың психологиялық жәй-күйін көрсетті және әр түрлі әлеуметтік топтарға сипаттама жасады. Сайлау науқанында орын алатын келеңсіз құбылыстарға қазақтардың өздері кінәлі деп есептеді. Олай дейтіні қазақтар жергілікті ел билеушілеріне халыққа пайдалы адамның орнына зиян келтіретін адамды сайлады. Ол жұрттың шырқын алып, тыныштығын бұзды. Осындай келеңсіздіктердің бәрі жинақталып келіп, жергілікті билеушілердің қызметіне ықылассыздығын және жұмысқа шорқақтығын туғызды. Бұл жағдайлар оларды жалпыұлттық мәселелерді ойлап, шешу деңгейіне көтергізбеді, халықтың бірлігін нығайтуға, азаттық үшін күресіне кері ықпал етті. Сондықтан А. Байтұрсынов жергілікті ел билеушілерін сайлау кезінде жеке бастық, туыстық, рулық ұсақ мүдделер мен мақсаттардан қазақтардың жалпы халықтық мүдделері жоғары қойылуы тиіс деп санады.
Қазақтың бұрыннан қалыптасқан билер сотын Ресей патшалығы жойып оның орнына халықтық сотты енгізді. Ол сайланып қойылғанымен орыс әкімшілігінің тікелей басқаруында қалды. Соған қарамастан осы сот жүйесі кезінде елде шексіз озбырлық, заңсыздық пен пара алушылық кең етек алып, адам құқығы аяққа тапталды. Сондықтан үкімет енгізген халық сотының қызметіне қазақтардың көңілі толмады, тіпті оның жұмысын тоқтату қажет деген ел арасында пікір де қалыптасты. Халық сотының орнына өкімет арнайы білімі бар судьяларды қазақ еліне жіберетін болса, онда олар қазақтың салт - дәстүрін, әдет-ғұрпын және т.б. білмей істің шындығына жетіп қызмет істей алмайтын болды. Осылайша қазақ қоғамында билер соты тығырыққа тірелді. Мұндай жағдайдан шығудың жолын А. Байтұрсынов өкіметке қазақ еліне енгізілген жаңа ресми соттың жағымсыздығын дәлелдеп, оның орнына соттардың шешім қабылдауында басшылыққа алатын «Қазақ қағидасын» шығаруды ұсынды. Оның пікірінше бұл байырғы қазақтың ерекше сот ережелерінің негізінде жасалынуы тиіс және сол тұстағы қоғамның талаптарына сәйкестендірілуі қажет. Егерде оны бекітетін болса қазақ билері бұрынғы әділдігіне қайтып оралатынына кәміл сенді.
Қазақ зиялыларының арасында А.Байтұрсынов алғашқыларының бірі болып, «Уақытша ережені», «Сібір қазақтары туралы Уставпен» салыстыра отырып, бірінші ереженің екінші ережеге қарағанда қаталдығын қазақтарды аумақтық әкімшілікке бөлу кезінде қолданған айла-тәсілдері арқылы көрсетеді. Ереже бойынша «Қазақтарды ауылға бөлгенде аталас-тұқымдас болуын есепке алмай, айырған жерін һәм шаруасының ретіне қарай бөлді,...Болыс, яки ауыл қанша үйден құралуға мүмкіндігі хақында белгілі бір мөлшерлер шығарылды (бір ауылнай елде 100-ден 220-ге шейін, бір болыста 1000-нан 2000-ға шейін үй болады деп). Әр болыстың жеріне ішек тартылды, әр болыстың жері өз арасында шаруалары һәм малдарының санына қарай бөлінетін болды. Әр ауылдың жеке кісілерінің де жер пайдалануы осы ретпен болды» - деп жазды.
А. Байтұрсынов «Уақытша ереже» бойынша қазақ өлкесіне болыстық билер съезінің енгізілуі туралы да жан-жақты тоқталды. Бұл ереже осы съездің билік жүйесіндегі атқаратын міндеттерін айқындады, мәртебелерін белгіледі. Ойшыл бұлардың әділ шешпеген үкімдерін төтенше билер съезі шешуге құзырлы екенін жазды. Жеке билер мен болыстық билер съезінің қандай даулы мәселені қарастыруға, билігінің қандай мөлшерде болуы керектігі жөнінде ой толғады.
А. Байтұрсынов халық сотының билікті іске асыруда жіберген жөнсіздігін сынай отырып, оны «Далалық ереженің» ірі қателіктерінің бірі ретінде аталмыш заңды айыптады. «Далалық ереже» бойынша билердің жөнсіз билігіне тыйым салатын талаптар болмаған соң, жұрттың олардың қызметіне сенімсіздігі артты, наразылығы күшейді. Сонымен қатар бұл заң қазақ халқының әлеуметтік жағдайын ескермегендіктен, жұрттың мүддесін ойламағандықтан халықты бұзуға себепкер болған ереже болып шықты деп бағалады.
А. Байтұрсынов қазақ қоғамының жергілікті билеушілерін жер бөлу және салық салу сияқты патша үкіметінің саясатын жүргізушілерінің қатарына қосты . «Далалық ереже» бойынша көшпелілер пайдаланған және оларға тиесілі соның ішінде ормандар, мемлекеттік меншікке өтіп, осы ереженің талабының және тәртібінің негізінде көшпенділер пайдаланған жерлер, олардың қоғамдық шексіз пайдалануына қалдырылды деп жарияланғанымен қазақтың артық жерлері, Мемлекеттік мүлік министрлігінің қарамағына өтуіне А.Байтұрсынов қарсы болды. Ол Жетісу, Семей, Ақмола, Торғай, Орал облыстарында қазақ жерлерін алып, орыс шаруаларына берілуіне жергілікті билеушілердің ат салысып отырғанына күйініш білдірді.
«Далалық ереже» жерді сатып алуға байланысты талабында орыс бодандығына жатпайтын, түземдіктерден өзге, христиан дінін ұстамайтын адамдарға жерді сатуға тыйым салды. Осыған орай А. Байтұрсынов қазақтардың өздерінің мекен еткен аумағында меншікке жер сатып аламыз ба деген үмітін IV Мемлекеттік Думадан шыққан заңның ақтамағандығын атап көрсетті. Себебі, IV Мемлекеттік Дума мемлекеттік жерді тек христиан дінін ұстаушыларға ғана сатып алуға және өзге адамға беруге құқық берген еді.
Сайып келгенде, А.Байтұрсынов қазақ елін басқару жөніндегі қабылданған заңдардың қазақтарды отарлаудың бірден-бір құралы, ал жергілікті билікті үкіметтің отарлау саясатын жүзеге асырушы деп санады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Байтұрсынов А Ақ жол - Алматы: Жалын - 1991
2. Зиманов С.З. Политический строй Казахстана конца XVIII и первой половины XIX веков.- Алама-Ата: изд-во АН Каз ССР, 1960
3. Жиренчин К.А. Политическое развития Казахстана в XIX- начале XX веков.- Аламты: Жеті жарғы, 1996
4. Материалы по истории политического строя Казахстана- Алама-Ата: изд-во АН Каз ССР, Т.1.,1960
5. Материалы по введению русской политической системы управления в Казахстане.- Алматы,1999
Майраш Еркебайқызы Сәулембекова, Абай атындағы теориялық-қолданбалы және әлеуметтану кафедрасының аға оқытушысы
«Ақиқат» журналы