Жұма, 22 Қараша 2024
Әдебиет 8191 15 пікір 25 Тамыз, 2017 сағат 12:08

Құл-Керім Елемес. Махаббат гүлі – ғашықтық

ХАЛЫҚ

(Бисмилләһир Рахманир Рахим)

 

Халық: «халық құдіретті» дер,

Жоқ, ол әсте құдіретті емес.

Хақты ғана құдірет білер,

Халықты әсте «құдірет» демес.

 

Халық рас құдірет болса,

Харлық қорлық кешпес еді.

Еш мұқтажсыз құдіретті Олша,

Жасап мәңгі өшпес еді.

 

Хақсыз оның жоқ түгі де,

Тек ол ештер жиынтығы.

Жете салар жоқ түбіне,

Жоқ бейшара ол қиын түгі.

 

Хақтау Хақтың анық сыйы,

Қанша десең де «емес» мейлі.

Хақсыз халық халық күйі,

Бір хақтыға теңеспейді.

 

Бұл өмірдің ережесі –

Иман барлық қалыпқа өлшем.

Бір хақтының дәрежесі,

Хақсыз күллі халықпен тең.

 

Хақшылдық ол – шын тірілік,

Мың өліден бір тірі артық.

Білсін мұны шын тіріліп,

Жүрген хақсыз құр мұнартып.

 

Халық – «Халиқ» – Жаратушы

атты Хақтың бір есімі.

Халық бірақ жаратушы

емес, жәйлі ол, біл, осыны!

 

Топ ол мұқтаж хақ Аллаһқа,

Хақпен халық боп өседі.

Тағдыры оның хақ Аллаһта,

Хақсыз халық жоқ есебі.

 

Имансыздың тиын құны,

Тіпті халық болсын мейлі.

Жатқа Өзінен сиындыны,

Хақ ешқашан менсінбейді!

 

Малданбау шарт санына аса,

Хаққа қарсы салып егес.

Хақ Аллаһын танымаса,

Халық тіпті халық емес!

 

Көптігінің тиын құны,

Егер иман келтірмесе.

Онда оның қиын күні,

Өйтсе өзін сан өлтірді есе!

 

Құл боу Хаққа жиғаны кем,

Көп болса да ол өлген тексіз.

Халық халық иманымен,

Бір Хаққына сенген шексіз!

 

 

МАХАББАТ ГҮЛІ

(Бисмилләһир Рахманир Рахим)

 

Махаббат гүлі – ғашықтық,

Ғашықтық болса, ол, қашықты

Біріне бірін ынталап,

Қасиет қосар асық қып.

 

Махаббатты егер жер десек,

Ғашықтық соның гүлі өскен.

Жер жоқ па гүлің нөлге есеп,

Кем қалмақ солай үлестен.

 

Таптасаң жерді табанда,

Ардай ақ гүлін жаныштап.

Қалай ғана өсіп бағаң да,

Жаратқанға өрлеп «жан» ұшпақ?

 

Қалай ғана, адам, сафтығың,

Жаралған қалпы сақталмақ?

Қалай ғана артып сақтығың,

Адамдық мұрат ақталмақ?

 

Махаббат, ғашық бірісіз

бірінің күні қаран-ды.

Нұры ол Хақ, Хақтың нұрысыз,

Адамның күні қараңғы.

 

Аллаһтан берген адамға,

Қасиет олар тым нәзік.

Болмаса олар адамда,

Кетпек-ті адам мүлде азып.

 

Айтсақ шын ойдың ашығын:

Бастырған Хаққа қадамды,

Махаббаты мен ғашығын,

Сақтаумен адам адам-ды.

 

Сүюге Хақты арналған,

Қасиетті осы пәсейтіп,

Адам қанша ма қармалған,

Нәпсісін жөнсіз есейтіп?!

 

Тұрса да тәнді алқымдап,

Ғашығын тиған маздаған,

Сабырын сары алтындап,

Жетті Оған адам аздаған.

 

Махаббатсыз шын жоқ ғашық,

Махаббат та жоқ ғашықсыз.

Талайдың жүргені от басып,

Еді олар Хаққа асықсыз.

 

Асығың – Аллаһ, Хаққа асық,

Арыңмен Оны, ал, мақта.

Аллаһың ғана жақтасып,

Жеткізетұғын Жәннәтқа!

 

 

МАХАББАТ  ПА?

(Бисмилләһир Рахманир Рахим)

 

«Хаққым болсын Саған, – дейтін, – жан құрбан!»

Құдай берді құштарлық ол жанды ұрған.

Хақ лебінің бір мысқалы ол, мүмкін,

Соқыр, мылқау, кереңді де жандырған!

 

Дүниенің тартылысы ол – махаббат.

Жасындардың жарқылысы ол – махаббат.

Рух пен тәннің әр тынысы ол – махаббат,

Сезімдердің шарпылысы ол – махаббат!..

 

Ал, онда –

 

Хақ пен өзін ұламаған махаббат,

Хақты айтқанда жыламаған махаббат,

Хақтың аты аты құрлы арудың,

Жан-діліне ұнамаған махаббат,

Махаббат па?

 

Хақты көрмей, қызды көрген махаббат,

Нақты көрмей, ізді көрген махаббат,

Хаққа құлдық ісін жаннан өшіріп,

Нәпсілерге үздіге ерген махаббат,

Махаббат па?

 

Хақ сырына қанықпаған махаббат,

Хақты құлға танытпаған махаббат,

Сонша ма ыстық сүйіспендік күшімен,

Хақты бір де қана ұқпаған махаббат,

Махаббат па?

 

Жүректерді аралаған махаббат,

Жүрген жерін жаралаған махаббат,

Өзі берген құштарлықпен Аллаһты,

Бір сүюге жарамаған махаббат,

Махаббат па?

Жоқ!!!

 

 

ӘУЛИЕ

(Бисмилләһир Рахманир Рахим)

 

Хақтан хақтап пәгеюін сұраған,

Әулие, ол – Хаққа ғашық бір адам.

Хақ болғасын қабыл оның дұғасы,

Сонда да одан сұм болады сұраған.

 

Бірі өзінің әулиесін білмейді,

Бірақ та ылғи қылған ісі гүлдейді.

Басқа біліп оның әулие екенін,

Дұға еткізіп дұғасынан нілдейді.

 

Бірі өзінің біледі әулие екенін,

Хақтан сұрап хақтандырар мекенін.

Дүниеге пысқырмайды өткінші,

Деп біледі дүниені «не теңім».

 

Енді бірін жұрт та, өзі де біледі,

Күндіз күлмей, түнде аз кірпік іледі.

Хаққа шексіз құл болған соң қалтқысыз,

Хақ алдында қабыл шексіз тілеі.

 

Бәрі солай әулиелігі ашылған,

Иманының нұры әлемге шашылған.

Солай рас, бірақ солай екен деп,

Адасады әулиеге бас ұрған!..

 

 

НӘПСІ КҮШІ

(Бисмилләһир Рахманир Рахим)

 

Жетпіс үш бір нәпсіде

Шайтан күші бар екен.

Найынсап дүр нәпсіге,

Қап кетуде бар есем.

 

Шайтансыз-ақ малғұнның,

Атқаратын міндетін.

Нәпсі бауыр әркімнің,

Жегізуде күнде етін.

 

Нәпсі екі аша нәрсе екен,

Біреуі – тіл, «тән» – бірі.

Құлдыққа ол қарсы екен,

Хақ алдында мәнді ірі.

 

Оңайлау шын тән тыю,

Тыю қиын, әй, тілді.

Талай сөзді жан қыю,

Әй, тіл айтты,

Айтылды...

 

Тұратыны ол марқайып,

Сені итеріп кемеске,

Тән тозғанмен қартайып,

Тіл тозбайды емес пе.

 

Жоқ тілді ұру бассалып,

Қоймау үшін ырқына,

Жүрген содан тас салып,

Сахабалар ұртына.

 

Ондай биік қайда, қап,

Ондай төзім жоқ бізде.

Тән-тілді онда байлап ап,

Нәпсіні оларға өткізбе.

 

Сөйт те нәпсіңді ақылға,

Ақылыңды иманға

бағындыр, сөйт, мақұл ма?

Өзің Хаққа иланда!

 

Сөйтсең бағың жанады,

Сөйтсең құс боп ұшасың.

Сонда хақтап манағы,

Хақ Иеңді құшасың!

Иншаллаһ!

 

 

ҚИСЫҚ

(Бисмилләһир Рахманир Рахим)

 

Ақылсыз болса ұл кетер,

Нақылсыз болса қыз кетер.

Ата-ана қалар аңырап,

Айтқаныңменен жүз бекер.

 

Ертсе де татыр жүз нөкер,

Ақылды талай жүзді өтер.

Ибалы болса алғаның,

Жаныңды жылтып ізгі етер.

 

Сіз десер туған, біз десер,

Үмітіңді үзбе, үз, бекер.

Біліксіз болса бауырың,

Маңыңды терең құзды етер.

 

Қарақшы болып із кесер,

Опасыз қара жүзді есер.

Имансыз болса ел патшасы,

Басынан халық құз көшер.

 

Көңіліңді суық күз-ді етер,

Күн шықса жерден сыз кетер.

Майдансыз болса дос, жолдас,

Араны жалтыр мұзды етер.

 

 

АДАМ

(Бисмилләһир Рахманир Рахим)

 

Хақ рас,

Құран рас,

Рас діні!

«Хақ» деген растайды рас мұны.

Тірілтіп өлмей тұрып, Хаққа шүкір,

Танытқан шын расты қыр астырып!

 

Хақ Өзі сүйген құлын дара етеді,

Барды жоқ, жоқты жоқтан бар етеді.

Тәңірін танымаған «Барды жоқ» деп,

Наданды Намұрттай хар* етеді.

 

Ондайлар көз, жүрегі, құлақ тұрып,

Шындықты естімейді құлақ түріп.

Анықты «көрдім» демес көзі көрмей,

Білмекті «білмеймін» дер жылап тұрып.

 

Бұл үшін адам деме перделіні,

Һәм «пенде» дей көрме әсте зерделіні.

Аллаһын естіп, көрмей нанатын бар,

Адам сол адамдықта жердегі ірі!

 

 

КЕНДЕЛІК

(Бисмилләһир Рахманир Рахим)

 

Сақтан «саңлақ, даңықты, ұлы, салмақтым»!

Сезген білмек ауырлығын салмақтың.

Даңық – изар, екен бізше алжапқыш,

Ұлылық ол шапаны екен Аллаһтың!

 

Даңық кімді арбамады қазақта?

Ұлылық та тіркелмеді аз атқа.

Хақ: «екеуін иелемек болса кім,

Салам, – депті, – сол құлымды азапқа»*!

 

«Кешір Аллаһ, тауба!» делік – қайтайық!

Хаққа ғана мақтау, мадақ айтайық!

Құл лайықсыз шынды жалған малданып,

Жүре бермей «ұлымын» деп қайқайып.

 

Ұлы Аллаһ,

Аллаһ дана, Даңықты!

Ұлы, өйткені Ол – жаратты да, дамытты

Аспан,

Жерді,

Жел,

Күн,

Айды, күллі істі,

Екі әлемді,

Жәннәтті һәм тамұқты...

 

Ол жаратты өсімдік, хайуан, жәндікті,

Ол: «бол!» деді, боп бәріне жан бітті...

Ол жаратты өлім, өмір, жоқ, барды...

Нұр, сәулені, жасынды, отты һәм құтты...

 

Ол жаратты періште,

Жын,

Адамды!

Періште ме, пәкизат ол табанды.

Жын ба, жын да тұрақсыздау мақұлық,

Адам – халиф, бірақ көбі надан-ды...

 

Адам рас жаратылыс соңғысы,

Күтілді одан болмақ бәрі оңды ісі.

Қос қасиет – ақыл, нәпсі беріліп,

Болсын делді тек жәннәттық сом кісі.

 

Адам бірақ тілін алып малғұнның,

Жоқшысына айналды, әттең, бал күннің.

Болды міндет дүниеден қайта өрлеу,

Еншісінде Хақ білер жәй... ол кімнің!

 

Соны білмей кердеңсиді көп пенде,

Хақтан қорқу кәперінде жоқ та емге.

Аңғармайды тұрса да өлім алқымдап,

Адам рас ақиқаттан бек кенде!

----------------------------------------------

*Құдыс хадис. Имам Муслимнен

 

 

ТӘРТІП 

(Бисмилләһир Рахманир Рахим)

 

Ханға тәртіп келмесе,

Жұртқа тәртіп кеу қиын.

Ол жоқ қоғамды, ендеше,

«Ашық қоғам» деу қиын.

 

Ханы иманды болмаса,

Халқы иманды болмайды.

Имансыз боп сорласа,

Халық үшін сол қайғы.

 

Иманды боп келеді,

Адам өмірге анығы.

Мұнда да Оған сенеді,

Ақиқатқа қанығы.

 

Иманменен келгеннің,

Сенбегені неткені?

Сенімсіз боп өлгеннің,

Имансыз боп кеткені.

 

Мәнсіз өмір – өмірдің

Құлшылықсыз өткені.

Сеніммен кеп дүниеден

Сенімсіз боп кеткені.

 

 

БОЛАДЫ

(Бисмилләһир Рахманир Рахим)

 

Бұзылуы адамның

Көруінен болады.

Аллаһқа емес шайтанға

Еруінен болады.

 

Қарақшылық хан жолын,

Торуынан болады.

Жаманшылық Хақ ісін

Жоруынан болады.

 

Азу құлдың арлыға

Қозуынан болады.

Ақымақтық әдептен

Озуынан болады.

 

Ұятсыздық ұятты

Ашуынан болады.

Кедейшілік орынсыз

Шашуынан болады.

 

Құдайсыздық Құдайды

Танымаудан болады.

Хақ ісіне ақылды

Жанымаудан болады.

 

Менменшілдік көңілдің

Тасуынан болады.

Әлжеттілік әлінен

Асуынан болады.

 

Жемеңгерлік шүкірдің

Жоқтығынан болады.

Ақылсыздық қарынның

Тоқтығынан болады.

 

Мақтанпаздық құл өзін

Зорсынудан болады.

Такаппарлық басқаны

Қорсынудан болады.

 

Білімсіздік «білдім» деп

Марқаюдан болады.

Ілімсіздік сенімнен

Ортаюдан болады.

 

Нәпсіқорлық пенде өзін

Тектеместен болады.

Иман нұры жүректе

Көктеместан болады.

 

Өзімшілдік, озбырлық

Сараңдықтан болады.

Кісіліксіз надандық

Арамдықтан болады.

 

Жамандықты ұмытпау

Жамандықтан болады.

Жақсылықты ұмыту

Надандықтан болады.

 

Кекшілдік пен жәһілдік,

Білімсізден болады.

Қарсы шығу шындыққа

Ілімсізден болады.

 

Жігерсіздік жігерін

Жанымаудан болады.

Мұның бәрі Тәңірін

Танымаудан болады.

Солай!..

 

 

 

ҚҰРАН

(Бисмилләһир Рахманир Рахим)

 

Құранда тұрып ілім сені күтті,

Менменсіп білмедің-ау соны «мықты».

Онда: «Мен жын, адамды тек Өзіме

жараттым құлдық үшін»* делініпті!

 

Менменсіп оқымадың Құранды ашып,

Санаңды күдікті ауыр күмән басып.

 

Құранды оқысаң саф шын көрер ең,

Жалғанда жалғанға емес Шынға ерер ең.

 

Шынға еріп, шынданар ең періштедей,

Хақты һәм Хақтың ісін терістемей.

 

Ғаламның он сегіз мың сырын біліп,

Кетпес ең кездейсоқты ырым қылып.

 

Таубаңа келіп солай танып Хақты,

Өткенге өкінер ең жанып қатты!

 

Дүние өтірігін рас біліп,

Дүрмектен алыстар ең құлашты ұрып.

 

Тірілер Хақ алдында күніңді ойлап,

Істеген біліп, білмей мінің бойлап,

 

Таубаңа тағы, тағы, тағы келіп,

Хақ құлдың қараүзер ең нағы болып!

 

Күнәдан шыбын-шіркей қашып солай,

Өзіңді жарқырар ең ашып солай!..

 

Бар кітап бір харфіне тең келмейтін,

Оқымай адам оны жөнделмейтін,

 

Құранды – сөзін Хақтың оқымауың,

Ол сенің – екі әлемдік тоқырауың!

 

Ол сенің – Хақ Аллаһпен сырласпауың,

Хақ берген бойдағы игі сырды ашпауың!

 

Ол сенің – надандыққа тірелуің,

Ол сенің – тірі жүріп тірі өлуің!

 

Ол сенің – Хақ ілімін қате алуың,

Қате алып хақсыздыққа маталуың!

 

Ол сенің – өзіңді-өзің аша алмауың,

Жаныңа жарығыңды шаша алмауың!

 

Ол сенің – айырмауың ақ, қараны,

Ол сенің – ақ білуің қап-қараны!

 

Ол сенің – жұмсамауың ақылыңды,

Адамдық қор еткенің асылыңды.

 

Ол сенің – рух, жан һәм сезім жәйлі,

Білмеуің не делгенін өзің жәйлі!..

 

Екі әлем,

Періште,

Жын,

Жаралды Адам,

Жаралып Хақтан зат жоқ нәр алмаған.

 

Жалғыз зат Аллаһ қана жаралмаған,

Һәм Аллаһ сөзі – Құран жаралмаған!

 

Себебі, жаралмайды Жаралмастың

Сөзі де, Өзі де хақ!..

Нәр алмас кім?!

 

Білсең бұл хақ Құранның мәртебесі,

Жіберген бізге оны Хақ, мәрт еді Осы!

 

Білмеуің міне осыны – Құран білмеу,

Көзіңе ілмеу Хақты – Құранды ілмеу!

 

Көзіңе Құранды ілмеу – Хақты «жоқ» деу,

Басыңнан екі әлемдік бақты жөткеу!

Басыңнан екі әлемдік бақты жөткеп,

Пәниде-ақ тозақ оты жақты беттеу!..

Солай!

---------------------------------------

*«Зәрият» сүресі, 56- аят

Abai.kz

15 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5318