Марапат Ескелді. «Шабыттың» шуы мен «Дарынның» додасы
Кейінгі уақытта тас лақтырсаң, халықаралық фестивальдер мен отырыстарға барып тиетін болды. Әйтеуір, күнде отырыс, күнде жиын сондай бір заман болып тұр. Сондай халықаралық фестивальдің бірі - «Шабыттың» шаңы басылмай жатып, «Дарын» сыйлығының додасы қызып жатқанын құлағымыз шалады. Өткендегі «Шабыттың» шуы біраз жерге жетті. «Алсам» деп аптыққан көп жастар бір-біріне қырғи қабақ болып тарқасты. «Алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғы арба солай жүреді» демекші, сыйлыққа, атаққа таласуды көзін уқалап ашқаннан аға буын көкелерін көріп келе жатқан жастар да араға адам салуды, реті келсе жақсы сөзбен жағынуды үйренді. Үйретті. Соның бәрі сыйлық үшін. Пәленше фестивальдің жүлдегері, түгенше сыйлықтың иегері деген жалғыз ауыз сөз үшін. Атақ үшін. Әсте өнер үшін емес. Әсілі, Құдай берген өнерді саудаға, додаға салмау туралы әдетте бәрі айтады. Шынтуайтына келгенде, өнер сатқыш, айырбас жасағыш болып шыға келеді. Кейде, кейбір замандастар өнерді (салалық һәм толық мағынасында) бәйгелермен оның әділқазылары үшін тудыратын сияқты көрінеді. Өкінішті-ақ. Әрине, оның бәрі өнер туындысы деуге келмес. Десе де.

Және жастарға арналған өнер бәйгелерінің басында ағайлар мен апайлар жүреді. Бір қарасаң, асарын асап, жасарын жасап бала-шағаның тілеуін тілеп отыратын шағы. Бірақ, жастарға «жол» көрсетуді, «өнеге» үйретуді өздеріне «парыз» санайтын жандарға адами қағида жүрмейді. Уақыт өте келе әлгінде «өнеге» көрген жас өнерпаз сыйлық пен атақ жарысына келгенде алдына жан салмайтын, иненің көзінен өткендей ысылып шыққанын байқап, таң-тамаша болып отырасың. Бұған дейінгі өтіп келген жастарға арналған бәйге атаулыдан біз осыны байқадық.
Сөз жоқ, жастардың бәйгелерге ұмытылысының екінші бір жағы бар. Ол әлеуметтік көген. Үйлі-баранды болған өнерпаз жас жетілгісі, жеке үй болғысы, жайлы өмір сүргісі келеді. Табиғи талпыныс. Алайда, адал еңбек, табан ет маңдай термен тұрмысты түзеу қажеттігін ұмытпаған дұрыс шығар. Себебі, өнер саудалау арқылы жеке бастың жағдайын жақсарту ешкімге абырой әпермеген іс. Оған кешегі тарих куә. Әрине, одан сабақ алған жанға. Сосын саудаға түскен өнердің құны қалмайды.
Оның үстіне сыйлығың болса сыйың артады деген түсінікте пендені еліктірсе керек. Дегенмен, замана көші, қоғам ойы мен қабылдау жаңа бағытқа өзгеріп келе жатқанын да ескеріп қойған жөн. Әйтпесе, сыйлық пен атақтың «соғысы» біздің ел үшін соның ішінде бүгінгі жастар үшін ескілікке айналатын уақыт әлдеқашан жеткен.
Сосын сыйлық адамның буынына түсіп, мас етеді. Ол да боламын деген балаға жақсы қылық емес-ау. Сондықтан да, елдегі сыйлық пен атақ, марапат және түрлі бәйгелерге билік тарапынан белгілі бір уақытқа кемінде бес жылға тоқтау салар кез жетті. Керісінше, жоғарыдағы сыйлықтарға салық төлеушілердің қалтасынан түскен төленіп жатқан ақшаны өмірде орын алатын түрлі жағдайлардан адамдарды құтқарған, қарапайым тұрмыста ел сүйсінген ерлік көрсеткен жандарға берсе құба-құп. Мұның әр жағында, бүгінгі қоғам аса зәру болып отырған азаматтардың бір-біріне деген мейірімі мен қайырымын ояту жатқаны аян.
Бірақ дәл қазір ол күнннің елесі де жоқ. «Шабыттың» шуы саябырси бастап еді, енді «Дарын» сыйлығы үшін «майдан» даласында жүрген жас қазақтардың дабысы жетіп жатыр. Мемлекет тағайындаған әрбір сыйлықтың артында қарапайым еңбек адамының ақысынан алынған ақша тұрғанын білетін көзіқарақты жас сыйлыққа деген махаббаты маза бермесе, қоғам тарапынан тағайындалатын тәуелсіз бәйгелерге қатысқаны өзі үшін де, өзге үшін де абыройлы болары сөзсіз.
«Абай-ақпарат»