Сенбі, 23 Қараша 2024
Анық-қанығы 4776 0 пікір 5 Тамыз, 2017 сағат 16:14

Қазақстан полициясының заманауи жалғасы – Жергілікті полиция қызметі

 

Құрылғанына ширек ғасыр болып жатқан Қазақстан полициясының өткен кеткені өз алдына бөлек әңгіме десек те, тәртіп сақшыларының қарбаласқа толы бүгінгі тірлігі де ауыз толтырып айтуға тұрарлық. Әдетте, ел іші полицияның қызметіне қол соққан емес. Бұл бір есептен түсінуге болатын кеп. Алайда, өркениетті елдердің өзінде полиция сарбаздары туралы бір жақты пікір жоқтың қасы. Біреу мақтайды, біреу даттайды. Сондықтан болса керек, Голливуд киноөндірісі АҚШ-тың айбынды детективтері жөнінде жағымды фильмдерді жалғасты түсіріп келеді. Өкінішке қарай, қазақстандық  кино режиссерлер тарапынан бұл іс әлі қолға алына қойған жоқ. Осыны себеп ете отырып, біз облыс орталықтарында ашылған Жергілікті полиция қызметінің жұмысындағы ілгерлеушілікті баса көрсетіп, шығармашылық ортаға ой салуды жөн деп шештік.  Бұл ретте біз  Алматы облыстық ІІД Жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция полковнигі М. Күштібаевтың берген мәліметтеріне сүйене отырып, төмендегі жайттарға шолу жасап шықтық.

Аймақта азайған қылмыстардың бірі – мал ұрлығы

«Тұрақты түрде ұйымдастырылатын «Құқықтық тәртіп», «Рецидив», «Тұрмыс» сияқты қылмыстың алдын алу шараларымен қатар, қызмет басшылығы ай сайын қалалық және аудандық деңгейдегі басшылардың қатысуымен жедел кеңестер өткізіп тұрады. Осындай жан-жақты жұмыстардың нәтижесінде өткен жарты жылда облыс бойынша барлық тіркелген қылмыстардың саны 14,1 пайызға азайса, оның ішінде ауыр, аса ауыр қылмыстар 5,8 пайызға кеміді. Пайызға шаққанда азайған қылмыстардың бірі – мал ұрлығы. Облыс аумағында мал ұрлығының алдын алу үшін мемлекеттік органдардың басшыларымен ұдайы бас қосып, нақты тапсырмалар қоя білудің және оның орындалуын бақылаудың нәтижесінде аталған ұрлық 16,5 пайызға азайды. Сонымен қатар, қарақшылық 22 пайызға, тонау 21,8 пайызға, бұзақылық жасау 43,3 пайызға кеміді», – деді өз  сөзінде полиция полковнигі М. Күштібаев.

Алматы облысында атқарылып жатқан игі істердің бірі – биылғы жылы облыс орталығында Қоғамдық көмекшілер жасағы құрылып, жергілікті бюджеттен 50 миллион теңге бөлініпті. Талдықорған қаласы әкімшілік аумағының ұлғаюына байланысты бүгінде Талдықорған қаласында полицияның 56 көмекшісі қоғамдық тәртіпті күзетуде. Қоғамдық көмекшілер жасағын құрып, олардың тиімді жұмыс істеулерінің нәтижесінде қала бойынша қоғамдық орындарда тіркелетін қылмыс саны азайды. Атап айтқанда, өткен алты ай ішінде Талдықорған қаласында қоғамдық орындарда болатын қылмыстар 30,6 пайызға кемісе, оның ішінде көшеде тіркелетін қылмыс 40,0 пайызға төмендеген.

Сонымен қатар, жергілікті полиция қызметі рецидивтік қылмыстар мен мас күйінде жасалатын қылмыстардың алдын алуда да айтарлықтай нәтижеге қол жеткізіп отыр. Есепті мерзім ішінде облыс бойынша 10173 адам есепте тұрса, оның 5495-і – бұрын сотталғандар. Есепте тұрған 3881 маскүнеммен және 564 нашақормен де қылмыстың алдын алу бағытында тұрақты жұмыс жүргізілген. Дей тұрсақ та, Жамбыл және Іле аудандарында бұрын сотталғандар тарапынан жасалған қылмыстардың өсуі байқалып отыр.

2017 жылдың 3 шілдесінде Елбасы «Құқық қорғау жүйесін жетілдіру туралы бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойған болатын. Осы заң талаптарына сәйкес Қылмыстық кодекстің 2 бабы, яғни денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғуға қатысты баптар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске көшірілді. Осыған орай, бүгінде құқық бұзушылармен әңгіме өткізіліп, қылмыстың алдын алу жайлы түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізілуде.

Қылмыстың алдын алуда БАҚ-ты пайдаланудың маңызы зор

Алматы облысының аумағында жиі тіркелетін қылмыстардың бірі – бөтеннің мүлкін ұрлау. Өткен 7 ай ішінде полицияның учаскелік инспекторлары тұрғындармен 771 кездесу өткізіп, ұрлыққа қатысты сақтық шаралары жайлы түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Бұл орайда ұрлықты ашу жұмысының да жандана түскенін айта кету керек. Атап айтқанда, учаскелік инспекторлардың жеке іздеуімен 2653 қылмыс ашылса, олардың қатысуымен 3015 қылмыс ашылды. Бұл көрсеткіштердің өткен жылдың осы мерзімінде тіркелген бөтеннің мүлкін ұрлау көрсеткішімен салыстырғанда айтарлықтай айырмашылығы болмаса да, ілгері жылжу бар.

Жергілікті полицияға жүктелген міндеттердің бірі – кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстардың алдын алу. Облыс аумағында 743 жалпы білім беретін мектеп орналасса, оларда 323 мектеп полиция инспекторлары жұмыс істеуде.

Кәмелетке толмағандар тарапынан кездесетін қылмыстардың дені – олардың заңды білмеулерінен болып жатады. Сондықтан да мектептегі полиция инспекторлары жасөспірімдер арасында заңды білмеу қылмыстық жауапкершіліктен босатпайтыны жайлы жиі әңгімелер өткізіп тұрады. Осы мақсатта олар өткен алты айдың ішінде 2071 оқу орнында болып, 2138 әңгіме өткізіпті. Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алуда бұқаралық ақпарат құралдарын пайдаланудың да маңызы зор. Бұл ата-аналар үшін де аса пайдалы. Жергілікті полиция қызметкерлері тарапынан жарық көрген 128 мақаланың да аталған саладағы қылмыстың азаюына тигізген ықпалы баршылық.

Егер қалалық және аудандық ішкі істер органдарына аталған уақыт ішінде 2346 жасөспірімнің жеткізілгенін ескерсек аталған саладағы жұмыс әлі де жандандыра түсуді талап етеді. Жыл басынан бері 473 кәмелетке толмағандар мен 310 қолайсыз отбасы ішкі істер органдарының тіркеуіне алынды.

Балалардың қылмысқа баруына негізінен бос уақыттарын дұрыс пайдаланбай сенделіп жүруі де себеп болып жатады. Мұндай келеңсіздіктердің алдын алу мақсатында облыс аумғында 1381 оқушы лагерьлері жұмыс істейді. Бүгінге дейін ішкі істер органдарының есебінде тұрған 200-ден астам бала мен қолайсыз отбасында тәрбиеленіп жатқан 500-ден астам бала осындай лагерьлерде демалып қайтты.

Осындай атқарылып жатқан игі істерге қарамастан бірқатар аудандар мен қалаларда жасөспірімдер қылмысы артып отыр. Солардың ішінде, әсіресе, Жамбыл ауданында өткен алты айда жасөспірімдер тарапынан жасалған 36 қылмыс тіркелді. Өткен жылы аудан бойынша 5 қылмыс ғана тіркелген болатын.

Жол – игілік... әрі ол қауіпті

Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Сондықтан да бұл мәселе Алматы облысындағы Құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия мен Үйлестіру кеңесінде бірнеше рет талқыланған болатын. Осындай бірлескен жұмыстардың нәтижесінде қосымша 15 жылжымалы «Крис-П» фоторадар кешені алынды. Жылдамдықты арттыруға тосқауыл болатын кешеннің пайдасы зор екенін бүгінгі оң нәтижелерден көруге болады. Атап айтқанда, жол-көлік оқиғалары 4,6 пайызға (878-ден 838-ге дейін), ал қаза болғандар 3 пайызға дейін (167-ден 162-ге дейін) азайды. Өткен жылдың алғашқы жарты жылдығында 3 ірі жол апаты тіркелсе, биыл бір ғана апат тіркелді. Бұл орайда, Алматы облысының аумағынан өтетін «Алматы – Өскемен» тас жолының жаңаруы да жол-көлік апатының азаюына оң ықпал еткенін айта кету керек. Бүгінде аталған күре жолдың Алматы және Талдықорған қалаларының арасындағы бөлігі ғана аяқталды. Мысалы, өткен жылдың алты айында осы күре жолдың 46-шы шақырымынан 78-ші шақырымына дейінгі аралығында 37 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 19 адам қаза болса, 75 адам әртүрлі дене жарақатын алған болатын. Үстіміздегі жылы 10 ЖКО тіркеліп, 1 адам қаза болды және 17 адам жарақат алды.

Осыған байланысты тағы бір айта кететін жәйт – Алматы облысының аумағында әлемге әйгілі Алакөл бар. Әсіресе, жаз айларында айдынды Алакөлге келушілер негізінен автокөлікпен қатынайды. Суы шипалы көл аумағында салынып жатқан демалыс орындарының да саны жылдан-жылға арта түсуде. Соңғы бір қуанышты хабар – жақын арада «Талдықорған – Өскемен» автокөлік жолының жөндеу жұмыстары басталмақ. Бұл Алакөл жағалауында туризмді дамытуға ғана емес, аталған арақашықтықта болатын жол-көлік оқиғаларының да азаюына септігін тигізбек.

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметі бойынша, «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында автожол саласын дамыту бағытында 17 жоба жүзеге асырылуда. Соның ішіне 312 шақырымдық «Талдықорған-Өскемен» және ұзындығы 184 шақырым болатын «Үшарал-Достық» автожолдары да енгізіліп отыр. Алакөл туризмі үшін инфрақұрылымды дамыту аса маңызды. Бұл істі Елбасының тапсырмасына сәйкес облыс әкімі Амандық Баталов ерекше назарға алып келеді.

Облыс аумағындағы ең қауіпті жол – «Алматы-Көкпек-Көктал» жолы болып тұр. Бұл жолда алты айда 100 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 38 адам қаза болды және 141 адам жарақат алды.

Облыс бойынша жаяу жүргіншілерді басып кету көрсеткішінің 21,2 пайызы осы «Алматы-Көкпек-Көктал» тас жолының аумағына тиесілі. Мұнда алты айдың ішінде 14 адамды көлік қағып кетіп, қаза болды. Аталған аумақта мұндай жан түршігетін фактілердің жиі тіркелуіне ең алдымен елді мекендердің күре жолға жақын орналасуы, жол тарабының жағдайы және көлік ағынының көптігі себеп болып отыр. Тас жолдың бойында 17 елді мекен бар.

Сонымен қатар, базарлар мен сауда үйлерінің, көңіл көтеретін орындардың да жолға жақын орналасуы жүргіншілер ажалына себеп болуда. Осындай адам көп жүретін жерлерде не қоршаулар, не қауіпсіз өтпелі жолдар жоқ. Қазіргі таңда «Алматы – Көкпек – Көктал» тас жолына қатарлас өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының құрылысы аяқталуға таяу. Осы күре жол пайдалануға берілгеннен кейін аталған учаскеде жол апаты азаяды деген үміт мол.

Бүгінде ЖПҚ қарасты жол-патрульдік полиция бөлімшелері халықаралық және республикалық маңызы бар 2564 шақырым автожолға қызмет етсе, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолы аяқталған соң бұл ұзындық 286 шақырымға ұлғаяды. Қызмет көрсететін халықаралық маңызы бар жол аумағының артуына байланысты жол-патрульдік полициясы бөлімшелерінің штат санын да арттыруға тура келеді. Бұл жайлы ЖПҚ бастығы, полиция полковнигі М. Күштібаев   жан-жақты дәлелдермен баяндады.

Облыста көлік жүргізушілеріне салынған әкімшілік айыппұлдарды өндіріп алу жұмысы да жанданған. Алты айдың ішінде 353 миллионнан астам теңгенің әкімшілік айыппұлы өндіріліпті, бұл өткен жылдың осы мерзіміндегі көрсеткішпен салыстырғанда 50 пайызға дейін өскен.

Жетісу жері – табиғи байлығымен де аты шыққан жазиралы өлке. Алматы облысының аумағында небір сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарларды қорғау да жауапты міндеттердің бірі. Өткен алты айда 962 табиғатты қорғау заңдылығын бұзу фактісі тіркелгенін ескерсек, жергілікті полиция қызметіне қарасты табиғат қорғау полициясы жұмысының қаншалықты қарқынды екенін көреміз. Оның ішінде 323 факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, 639 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Табиғат заңдылығын бұзушыларға 3 миллион теңгеден астам айыппұл салынса, оның 2,5 миллион теңгесі өндіріліп алынған. Құқық бұзушылардан 8 тоннадан астам балық, 161 кубметр ағаш тәркіленген.

 

Осы жылдың басында Алматы облысының аумағында дүниежүзілік қысқы Универсиада өткені белгілі. Бүкіл әлем көз тіккен Универсиаданың тыныштығын күзетуге мыңнан астам полиция қызметкері жұмылдырылды. Тәртіп сақшыларының тынымсыз жұмысы да нәтижелі болды. Оған дәлел – дүниежүзінің түкпір-түкпірінен келген қонақтар мен спортшылардың қауіпсіздігі өз дәрежесінде сақталып, тәртіп сақшыларының жұмысына ешқандай шағым болған жоқ.

Жергілікті полиция қызметін қызметтік көліктермен толықтай қамтамасыз ету жұмыстың нәтижелі болуына ықпал ететіні даусыз. Бұл орайда облыс әкімі А. Баталовтың жергілікті полиция қызметінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға деген қолдауын айтпай кетуге болмайды. 2016 жылы 60 қызметтік автокөлік бөлінсе, 2017 жылы да бұл қолдау жалғасын тауып тағы 47 автокөлік бөлінді. Бұл автокөліктер учаскелік полиция инспекторлары мен жол-патрульдік полициясы қызметтеріне берілді.

Жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция полковнигі М. Күштібаев өз сөзінде қалалар мен аудандарда тұрғылықты үйі бірге қарастырылған учаскелік полиция тіректерінің құрылысы жүріп жатқанын, өткен жылы осындай 5 учаскелік полиция тірегінің Талдықорған қаласында, Еңбекшіқазақ, Талғар, Панфилов аудандарында пайдалануға берілгенін, бүгінгі күні Іле ауданына қарасты Ынтымақ ауылында, Қарасай, Ақсу және Алакөл сияқты тағы да бірқатар аудандарда 13 учаскелік полиция тірегі салынып жатқанын және 2017 жылға осындай 62 учаскелік полиция тірегін тұрғызу жоспарланып отырғанын да атап өтті.

Облыс бойынша учаскелік полиция инспекторларының штаттық саны – 638. Олардың ішінде тек 35 учаскелік полиция инспекторы ғана қызметтік пәтерлермен қамтамасыз етілгенін ескерсек, бұл игі істің тез арада жүзеге асуына тәртіп сақшыларының қаншалықты мүдделі екені айтпаса да түсінікті. Өйткені, мынадай нарықтық кезеңде тұрақты баспанасыз жүру қауырт жұмыстың ортасында жүретін полиция қызметкерлері үшін қиын екені даусыз. Ал, тұрғылықты үйі бірге қарастырылған учаскелік полиция тіректерінің салынуы олардың жұмысын алаңсыз атқаруларына және учаскелік полиция инспекторының үнемі өзіне бекітілген әкімшілік аумақта болуына қолайлы жағдай туғызады.

Түйіндей айтқанда, жетісулық сақшылардың нәтижелі жұмысы Қазақстан полициясының ширек ғасырлық мерекесіне деген толымды тарту болды деп сеніммен айтуға болады. Елбасымыз Н. Назарбаевтың «Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» жоспарының 30-қадамында алға қойылған міндет – жергілікті атқарушы органдарға және жергілікті қоғамдастыққа есеп беретін жергілікті полиция қызметін құру болатын. Елбасы жүктеген міндетті жауапкершілікпен орындау мақсатында құрылған ЖПҚ бүгінде өзінің тиімділігін нақты нәтижелермен дәлелдеген қызметке айналды.

Берік Аманхан

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394