Ардақ Беркімбай. Қазалы көтерілісі
«Қазалы көтерілісі» кейбір деректерде «Асан көтерілісі» деп аталып жүр. 1930 жылы қыс-көктем айларында ет және шикізат дайындау науқандарында Қызылорда округінде әртүрлі асырасілтеушіліктердің орын алуы осы наразылықтың өршуіне негіз болды. Бірнеше қайтара салынған астық салығын жинау, адамдарды қорлау, олардың намысына тию аса дөрекілікпен жүзеге асырылды. Осындай жағдайға қарсылық ретінде Арал және Қазалы аудандарынан 3000-ға жуық адам күреске шықты.
Бұлардың көпшілігі Сырдарияның сол жағалауын мекендеген Асан руының азаматтары еді. Ауызекі әңгімелерде бұл көтерілістің «Асандар көтерілісі» деп айтылатыны сондықтан. ОГПУ бұл мәселеге байланысты 1930 жылдың 20 қарашасында тергеу жұмыстарын жүргізген екен. Ол мәліметтерден білетініміз - бұл қылмыстық іс бойынша 16 адам жауапқа тартылған. Олардың ішінде Иімбетов Әбдіхалық, Еділқараев Қалымбет, Өмірбеков Мұстафа, Құрекеев Пірімбет, Мәмбетеев Насыр, Нұрымбетов Арызхан, Таңатаров Айжарқын, Қарақұлов Әбдіраман, Қонысов Жұбанған, Асанов Дәрмен, Қалдыбаев Бошай, Қалдыбаев Аңсат, Машақов Жақан, Дошманов Ниязымбет, Жақыпов Сүйенішәлі және Ізімбетов Әли бар. Бұл аталғандар, әрине, көтерілісте ерекше белсенділік көрсеткен және оның ұйымдастырушы тобына енген белсенділер еді.
«Қазалы көтерілісі» кейбір деректерде «Асан көтерілісі» деп аталып жүр. 1930 жылы қыс-көктем айларында ет және шикізат дайындау науқандарында Қызылорда округінде әртүрлі асырасілтеушіліктердің орын алуы осы наразылықтың өршуіне негіз болды. Бірнеше қайтара салынған астық салығын жинау, адамдарды қорлау, олардың намысына тию аса дөрекілікпен жүзеге асырылды. Осындай жағдайға қарсылық ретінде Арал және Қазалы аудандарынан 3000-ға жуық адам күреске шықты.
Бұлардың көпшілігі Сырдарияның сол жағалауын мекендеген Асан руының азаматтары еді. Ауызекі әңгімелерде бұл көтерілістің «Асандар көтерілісі» деп айтылатыны сондықтан. ОГПУ бұл мәселеге байланысты 1930 жылдың 20 қарашасында тергеу жұмыстарын жүргізген екен. Ол мәліметтерден білетініміз - бұл қылмыстық іс бойынша 16 адам жауапқа тартылған. Олардың ішінде Иімбетов Әбдіхалық, Еділқараев Қалымбет, Өмірбеков Мұстафа, Құрекеев Пірімбет, Мәмбетеев Насыр, Нұрымбетов Арызхан, Таңатаров Айжарқын, Қарақұлов Әбдіраман, Қонысов Жұбанған, Асанов Дәрмен, Қалдыбаев Бошай, Қалдыбаев Аңсат, Машақов Жақан, Дошманов Ниязымбет, Жақыпов Сүйенішәлі және Ізімбетов Әли бар. Бұл аталғандар, әрине, көтерілісте ерекше белсенділік көрсеткен және оның ұйымдастырушы тобына енген белсенділер еді.
Тарихи деректерге қарасақ, көтеріліс 22-ші ауылда басталған. 1930 жылы тамыз айының соңғы күндерінде ОГПУ қызметкерлері астық салығын төлеуден бас тартқан осы ауылдың азаматтары Д.Асановты, Ж.Тілеубаевты, А.Қалдыбаевты және Б.Тілеулиевті тұтқынға алған. Азаматтарын қамауға бергісі келмеген ауыл тұрғындары келесі күні-ақ қарсылық күшпен тұтқындағыларды босатып алған. Көп кешікпей бұл ауылға 19, 20, 21, 23, 25 ауылдардың да және Қазалыға көршілес Арал ауданының кейбір ауылдары да қосылып, толқуға қатысқан адамдардың қатары 1000-ға жуықтаған. Көтерілісшілер өздерінің орталарынан хан сайлап, оған 22-ші ауылдың тұрғыны Иманмақсым Орынбетовті (ОГПУ деректерінде - Сырымбетов) ұсынған.
Қазалы көтерілісін біршама терең зерттеген тарихшы Н.Байқадамов өзінің еңбегінде мынандай құжатты алға тартады. Ауылшаруашылық өнімдерін дайындау науқанындағы қателіктерді және асырасілтеушілікті реттеу үшін жоғарыдан Қазақ Өлкелік комитетінен Сәрсеков деген келген. Бұл уәкілдің мәлімдемесінде мынандай жолдар бар:
«Біріншіден, жоспарлар әр кедейдің, батырақтың отбасына да салынып, бес күн ішінде салықты төлеп тұруға тиіс болған. Қамаудан, тәркілеуден қорыққан қазақ шаруалары иттерді, есектерді, түйелерді сойып, сүйектерін өткізген. Кей жерлерде сиырлардың мүйізін қырқуға мәжбүр еткен. Екіншіден, өткізілген өнімдер үшін 1 тиын да төленбеген».
Дінмен күрес кезінде де партия өкілдері солақай саясатымен тағы да көзге түсті. Мешіттер тартып алынып, тұқым сақтайтын қоймаларға, кеңсеге, адам қамайтын абақтыға айналдырылды. Қазалы, Қармақшы аудандарында сыртқа көшкен бай отбасыларының салығын елде қалған кедейлер мен орташалардың мойнына салады. Ол үшін белсенділер көп ойланып жатпады. Мысалы, Қазалы ауданының ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Қайнарбаев дінге сенушілерге арнайы салық салуды енгізді. Сол ауданның 19-шы ауылының тұрғыны Жәлекенің екі атына және бір сиырына 112 пұт астық салығын салды. Себебі, ол кісі ел арасында сопы деген атпен танылған екен.
Осы сияқты, жағдайлар қарапайым халықты «коммунистер жойылсын», «дін бостандығы берілсін», «дінді қорғайық» деген ұрандармен бас көтеруге итермеледі. Қолдағы бар деректерге қарағанда, көтеріліске қатысушылар ауылдарды аралап жүрген өкілдерге өздерінің ашу-ызаларын, наразылықтарын айқын білдіре бастаған. Мысалы, Алтыарық елді мекенінде жоғарыдан белгіленген 23 000 пұт астық өткізу жоспарына қарсы жергілікті тұрғындар жиналыс жасап, ашықтан-ашық қарсылық білдірген. Олар астық өткізуге шақырған ауылдық кеңестің төрағасы Молдабаевтың сөз сөйлеуіне мүмкіншілік бермеген және астық жинаушы өкілдерге таяқ ала ұмтылып, жиналыста арнайы хаттама жасап, ауылдық кеңестің атынан мөр бастырып, шешім қабылдаған.
Осындай жиналысты Қазалы милициясының бастығы Қайыпов Нұрмақан бастаған уәкілдер тобы Қараарық деген жерде өткізуге талпынған. Асанов Дәрмен, Қалдыбаев Бошай бастаған халық жиналысқа келмей қойған. Наразылық білдіруші халық 11 тамызда 22-ауылдың Қасқа деп аталатын елді мекенінде Ақжан Ақмамбетовтің үйінде жиналып, қалыптасқан жағдайды талқылаған.
Енді өкіметке қарсы көтерілу қажет деген тоқтамға келіп, жиналыста мынандай шешім қабылдаған: біріншіден, кеңес үкіметінің астық дайындау шараларына қарсы жұртшылықты ұйымдастыру қажет, екіншіден, қалың бұқараны кеңес үкіметінің халықты жұтататынына, дінді жоятынына сендіріп, оларды үгіт-насихатпен бір тудың астына жинау керек. Осыған байланысты Әбдіхалық Иімбетов, Насыр Мәметев бастаған бірқатар азаматтар жақын көрші ауылдар арасында үгіт жүргізуді қолға алған.
Әрине, жергілікті басшылардың барлығы бірдей надан, топас болған жоқ. Олардың арасында да жағдайды түсінуге тырысқан азаматтар болды. Мысалы, 22-ші ауылдың партия ұйымының хатшысы Әли Ізімбетов көтерілісшілерге қосылып, 22-ауылдағы наразылыққа қатысқан. Жергілікті партия ұйымының хатшысы мұндай әрекетке неге барғанын тергеу кезінде берген жауабы айқындап тұр. Оған қарағанда, 6 тамызда Қазалы қаласынан 22-ші ауылға аудандық атқару комитетінің тапсырмасымен милиция бастығы Қайыпов уәкіл болып келіп, жергілікті партия және комсомол мүшелерін қатыстыра отырып, шағын жиналыс өткізген. Бұл жиналыста осы ауданнан белгіленген астық жоспарымен жергілікті активті таныстырып, енді оны орындауды талап еткен. Бұл жоспарда шаруалар үкіметке 23 мың пұт астықты өткізу керегі ашық жазылған еді. Бұл шешімге ауылдық партия ұйымының хатшысы Ізімбетов Әли ашықтан-ашық қарсы болған. Оның тергеуде берген жауабында мынандай жолдар бар екен: «Үстіміздегі жылы ауданнан берілген 23 мың пұт астықты дайындау жоспарын орындауға бізде мүлде мүмкіндік болған жоқ.
Өйткені су тапшылығына байланысты көп жерлерде егін шықпай қалды. Сол себепті мен мұндай жоспармен халық алдына шығуға болмайтынын Қайыповқа ескерттім. Бірақ менің ұсынысымды Қайыпов қабылдамады».
Қайыпов өзінің үгіт-насихатын басқа елді мекендерде де жүргізсе керек. 8 тамызда ол Алтыарық деген жерде 300-дей шаруаны жинап, жиналыс өткізіп, астық дайындау жоспарын орындау қажеттігін атап көрсетеді. Жергілікті жерден сөз алғандар: «Үкіметке өткізетін ондай астық бізде жоқ», - деп, ашықтан-ашық өздерінің наразылықтарын білдіреді. Жанжалдың мұнан әрі қарай қалай өршігенін нақты деректерден байқай аламыз. «Алаш» тарихи-зерттеу орталығынан жарық көрген ру-тайпалар тарихының 13-томында осы көтеріліс туралы былай жазылған:
«Мемлекет кедей шаруалар тұрмысына, хал-жағдайларына дұрыс көңіл аудармайды. Керісінше, жүрек жалғап отырған астығымыздың соңғы дәніне шейін сыпырып алғысы келеді. Біз осы уақытқа дейін мұның бәріне көніп келдік, ендігі жерде ел болып, халық болып әрі қарай тіршілік ететін болсақ, бірігіп кеңес үкіметінен қорғануымыз керек».
Жиналған жұрт бұл айтылған сөздерге түгелдей қосылып, өздерінің келісімін, ризашылығын білдіріп, отырған орындарынан тұрып, дауыс көтере бастаған. Осыдан кейін-ақ өтіп жатқан жиналыстың сәні кетіп,соңы у-шуға айналған. Шаруалардың кейбіреулері бар пәле осылардан деп, ауылдық кеңестің төрағасы мен белсенділеріне: «Сендер ауданға егістік жайы туралы дұрыс мәлімет бермегенсіңдер, сол себептен бізге олар іске аспайтын жоспар беріп отыр», - деп, наразылықтарын білдірген. У-шудың аяғы ұрып-соғуға дейін барған. Бірақ Асанов Дәрмен мен басқа ауылдың адамдары ұрыс-керісті тоқтатып, ауылдық кеңестің хатшысы Қожамұратов Нысаға № 22-ауылдың тұрғындары атынан ауданнан жіберілген астық дайындау жоспарының іске аспайтыны жөнінде акт жасатып, оның көшірмесін Қайыпов арқылы аудандық атқару комитетіне жолдаған. Келесі күні ауылдық кеңестің мәжілісі шақырылып, онда да астық дайындау жоспары қаралған. Мәжіліс мүшелері халық жағына шығып, бұл жоспарды бекітпеген. Қабылданған шешімді сол күні ауданға хабарлаған.
Арада 4-5 күн өткен соң Қызылорда қаласынан ОГПУ қызметкерлері Чекалин, Ықсанов және басқалары келіп, мың қаралы шаруаны жинап, астық дайындау науқанының мән-жайын түсіндірген. Бірақ жиналғандар жоспарды тағы да қолдамаған. Жиналыс біткен соң, ОГПУ қызметкерлері ауылдың белсенділерімен ақылдаса отырып, «елді бұзып жүрген» Асанов Дәрмен, Тлеубаев Жұмаш, Қалдыбаев Аңсат және Тілеулиев Бақы деп көрсетіп, тұтқынға алған. Алайда 200-ге тарта ауыл адамы олардың соңына түсіп, тұтқындарды күшпен босатып алған.
Осы оқиғадан кейін кеңес өкіметінің күштеу саясатынан қауіптенген 22-ші ауылдың азаматтары өз беттерімен қорғану үшін ұйымдаса бастаған. Олар көрші ауылдарға арнайы адамдар жіберіп, «Алты арық», «Мақпал», «Майдакөл» деген жерлерде бірнеше жиналыс өткізіп, Кеңес өкіметінің шараларын айыптап, оған қарсы көтеріліске шығу туралы шешім қабылдайды. Көтерілісшілердің ең соңғы жиналысы 2 қыркүйекте «Ханшүңгіл» деген жерде болып, онда біз жоғарыда атап көрсеткен Орынбетов Иманмақсымды хан сайлаған. Ханға уәзір ретінде (тергеу құжаттарында екінші хан деп аталған) Иімбетов Әбдіхалық сайланды. Олардың басқаруымен 2-4 қыркүйек күндері 3000-ға жуық адам жазалаушы отрядпен соғысқан. Көтерілісшілер қамшы, қарапайым таяқ және шоқпар тәрізді қарулармен қаруланған. Сондықтан да жазалаушы отряд көтерілісті аз ғана уақыт ішінде талқандады.
Көтеріліс басшыларының ішінен Иманқасым Орынбетов, ханға уәзір болған Әбдіхалық Иімбетов туралы арнайы деректер сақталып қалған. Әбдіхалық 37 жасқа келген, бай атанғанымен, шын мәнінде, 4 ірі қарасы және үлкен тамы бар қатардағы шаруа еді. Иманмақсымның діндар екендігін ескеріп, зерттеушілер көтерілістің негізгі ұйымдастырушысы және басшысы осы Әбдіхалық Иімбетов болса керек деп топшылайды. Бұған себеп мұрағат құжаттарында Иімбетовтің атының жиі кездесуі болса керек.
Осы шайқастарда жергілікті көтерілісшілердің 40 адамнан айырылғаны, 14 адамның жараланғаны ОГПУ деректерінде көрсетілген. Бұл, әрине, аз шығын емес. Хан сайланған Иманмақсым осы ұрыста қаза тапты. Мұнан кейінгі жазалау шаралары аса қатал болды. Көтеріліске қатысқан 98 адам тұтқындалып, 31 адамға іздеу салынды. 1931 жылдың басында ОГПУ үштігінің шешімімен 9 адам ату жазасына кесілді. Бұлар 1931 жылы 4 мамырда Қызылорда қаласында атылған. 28 адам 2 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге лагерьге айдалып, 16 адам жер аударылды. Көтеріліске қатысқандардың көпшілігі жазадан қашып, Қарақалпақстанға, Өзбекстанға және т.б. жерлерге ауа көшіп кетті.
Зерттеушілердің кейінгі жылдардағы сот құжаттарымен танысуы тергеу ісінің кезінде шала және немкетті жүргізілгенін анықтап берді. Шын мәнінде, көтеріліске қатысқандар асығыс жиналған тізім бойынша жазаланған. Қылмыстық істерді жүргізу кодексі өрескел бұрмаланып, қамауға алынған адамдарға прокурордан санкция алынбаған. Тергеу орыс тілінде жүргізілген, аудармашы іске қатыспаған. Жауап алу хаттамаларында сауатсыз, қарапайым шаруа адамдарының қолы орнына, сияға басқан бармақтарының ізі ғана бар. Тергеуді тергеуші емес, оперативтік қызметкерлер жүргізген. Сонымен бірге жауапқа тартылған адамдардың кінәлары нақты дәлелдермен көрсетілмеген.
P.S.: Қазалы көтерілісіне қатысты ел ішінде айтылып жүрген әртүрлі аңыздар бар. Олардың барлығының болған оқиға деректері негізінде тараған тарихи шындық екені мәлім. Қанды оқиғаның о дүниелік болған кугерлерінен естіген әңгімелеріңіз болса, газет редакциясына хат жазуларыңызды сұраймыз. Мұндай жазбаларды біз «ДАТ» баспагерлік жобасы дайындап жатқан «Ереуілдеген ел болған» деген жинаққа енгізуді жоспарлап отырмыз.
«Общественная позиция» ( «DAT» № 42 (79) 24 қараша 2010 жыл.