Жұма, 27 Қыркүйек 2024
Әріптестің әңгімесі 3614 3 пікір 13 Қыркүйек, 2017 сағат 11:56

Ұлт мәртебесi ұрпаққа сын

Қазақстан жас мемлекет деген ұғым санамызға сiңiсiп, салтанат құрғалы қашан. Халықтың сан жағы да, оған телiнген мәдени-экономикалық жағы да соның айғағы. Алайда, сол жасымыз қалай өзi деген сауал саралауды қажетсiнетiнi және заңды. Ендiгi әңгiме тиегi осы.

Қазақ жасы: ол — кiм? Тау құлатып, тас қопарғандар ма? Әлде, коммерциялық романтиканың шалығы тиiп, шақшадай басы шарадай болып жүргендер ме?

Әрiрек бармасақ та, әнебiр кездегi Ғани Мұратбаевтың тұлғасы мұнартады. Мен мұндалайды. Бүтiн шығыс жастарының шоқтығы биiк шоқ жұлдызына айналып ағып өттi лезде. Көз жаздырып қоймай, көңiл ортайтты. Бастысы — жас Мұратбаевтың мұраты һәм қазақтың мақсаты әлi сол мақсат-мұрат күйiнде. Мұны, бос вакууымды көре бiлген Саттар, Баубектер сияқты көреген жас жанын жалдап жұмыс iстемедi ме?

Iстегенде қандай? Өлiмнiң өзi шошып кетiп, шалқалай құлай шынтағымен жердi сүздi емес пе? Ашуына мiнген сосын, аранын ашып, «алда құдай-ай», — деп, аңырады қазақ сонда. Жастықтың ұлы үлгiсi жаңғырып қалды санада. Мұны мәңгiлiк маңайына сәулесiн сеуiп, нұрландырып жiберетiн прометей оты дерсiң. Мiне, қазақ жасы кiм дегенде, осы тiркестi-ақ алға тартсақ жетiп жатыр.

Бұл бiздiң зерделi көзбен кешеге үңiлгенiмiз. Қазiр хал нешiк?! Өткенде телевизордан ауыл мектебiнiң егде тартқан бiр мұғалiмi сөйлеп жатыр. Айтқандары белгiлi нәрсе:

— «Жағдай нашар. Қыстан қалай шығарымыз белгiсiз. Мал басы азайып кеттi. Жанға бататыны мектепке балалар қыс түссе, тiптен барудан қалатын түрi бар. Киiм жоқ. Оны алатын ақша қайдан болсын. Әкiмдердiң бос сөздерiне әбден тойдық. Бiзге құрғақ уәде емес, нақты көзге көрiнетiн iс керек, — дей келiп күтпеген мына бiр жайтты көлденеңiнен тартты. — Бiз баяғыда жастарға ренжушi едiк. Арақ iшесiңдер, ұрлық-қарлық жасайсыңдар деп. Бекер екен. Ендi онымыз орынсыз сияқты. Айтыңызшы, басқа олар не iстеуi тиiс? Оңды жұмыс, айналысар iс жоқ. Бiздi қойшы. Оларға обал-ақ».

Бұған дау шығарып көрiңiз. Аталмыш ащы ақиқаттан бүгiнгi ескексiз қайығымыздың бет алысын, аға буынмен жас ұрпақтың арасындағы бейдауа байланысты байқаймыз. Бәрiнен бұрын өмiрлiк мақсат-мұраты, бағдарламасы жоқ жосықсыздықты аңғарамыз.

Бұл не қылған ұрпақ? О заманда, бұ заман еш нәрсенiң аяғы аспаннан салбырап түсе қалған жоқ. Тарих әр нәрсенi өз орнына қойып отырған. «Кеңес» атты казармада өскен жетiм ұрпақтың (кешегi күнгi «ұлы өркениеттiң» өкiлдерiн айтамыз) өздерi мойындап, мойығанындай, әйгiлi Эрнест Хемингуэй ақсақалдың сөзiне сүйенсек, олар: «Жоғалған ұрпақ» («Потерянное поколение»).

Шындығында, ащы да болса, айнытпай айтылған. Әйтпегенде, бiзде ұрпақ пен ұрпақ арасындағы жарасымды жалғастық, өзара түсiнiстiк сақталар едi-ау! Бастан кешiп, көрiп көңiл шайлыққан мына қиямет-қайым шақты да тiлеп алмас едiк. Автобус не аялдамада үлкен кiсiлерге кiшiлiк кейпiн сақтап орын берiп жатады ғой жастар. Алайда, кейбiр ата-әжелерiмiз рақмет айтудың орнына отыра кетiп, заманның зарын, жастардың бұзылғанын жыр қылады келiп. Осы нәрсенiң бәрi бiр мiндет секiлдi. Сондай суық қалыпты, сұғанақ тiлдiлiкке үйреткен қоғамды аңсайтындарын қайтерсiз. Көбiнесе өстiп, көпiрме тiлiмiзбен орақ орамыз. Оу, оданда заманның түзелуiне, жастардың жөнделуiне титiмдей тiзе қоссашы. Ендi бұған бәленше-түгенше кiнәлi демей-ақ қоялық. Не десек те адам адамға бауыр деген қоғамды қораштанған екенбiз, онда адам адамға «қасқыр» деген заманға ыңғайланайық.

Нұрлан Әмiрқұлов деген мырза қазақтың қазiргi зиялыларын үш топқа бөлген. Бiрiншiсi, қазақшамен орысшаны жақсы бiлетiн ауылдан шыққандар. Психологиясы, ойлауы бәрi қазақша. Әттеген-айы, болашағы бұлдыр, келешегi көмескi. Екiншiсi, қазақша мен орысшаға қатар жүйрiк болғанмен — тұрақсыз. Өзгенiң икемiне көндiккiш. Үшiншiсi, бүгiнгi қала жастары. Яки, жаңа бағыттағы, еуропалық көзқарастағы адамдар дейдi.

Бұл жiктеуде бiр шындық қылаңытады. Әлi жаңа заманның заңын игерiп, Еуропа мәдениетiн меңгергендерiмiздiң әрекетi, әсер-ықпалы күшейiп келедi. Алайда, халық артынан еруге аңтарылыс танытты. Бұған белгiлi дәрежеде дайындық керек шығар. Оны уақыт көрсетер.

Ендi XXI ғасырдың бекзаттықтың үлгiсiн кiмдер арқылы елестетемiз! Жыласаң тағы ұрамның керi мiне — Қазақстанда бiр жарым миллион қазақ жасы өз ана тiлiне келгенде өгей!

Қазiр бойымыздан «мынау менiң отаным, елiм, жерiм» деген адами сезiм, отаншылдық пен тектiлiктi байқарсыз ба? Мына нарықтың ырқына көнiп, аяғының астында тапталдық. Өз iшiмiздегi iндетiмiз өзiмiзбен шектеле қойса жақсы едi. Өкiнiштiсi, алыс-жақын шет елдердiң алдында таяз санамыз таразыға түсе бастады.

Өткен ғасырда Ресейдiң өктемдiгiне жиырма бес жыл бойы қарсы тұрып, қайрат қылып, жан алысып, жан берiсiп бүгiнге жеткен шешендердiң көсемi Жохар Дудаев: «Егер, Ресей қысым көрсетсе, Мәскеуге үш жүз сексен мың шешендi автоматпен қоямын!» — деп, мәлiмдеген. Мiне, халқына сенгендiк, ұлтына деген сүйiспеншiлiк!

Тығырықтан шығар жол қайсы? Мана айтқандай, ендi аға буын мен орта буынымыз өткен уақыттағы инерциясымен өтерi хақ. Алдымызда тұрған мiндет сол — сiз боп, бiз боп жас ұрпақты құтқару. Қазақтың ендiгi өрiсiн кеңейтпек, не керi кетiрмек жас ұрпақтың қолында.

Кешегi социализмнiң содыр идеологиясының орнында қалған бос кеңiстiктi немен толтырамыз деп бас қатуда. Әрине, басқа елдердiң бай тәжiрибесiне сүйенген мақұл.

Алайда, бiз тым евроцентризмге бой ұрдық. Ғаламдастыру құшағын айқара ашып, өңмеңдеп келедi.

Жұмырына жұқ болмай-ақ жұтылып кете бармаймыз ба?

Ғасыр басында Сұлтанмахмұт Торайғыров қазақтарды жапондармен салыстыра келiп: «Қазақтар барлық жағынан, әсiресе сыртқы бет пiшiнi жағынан жапондарға өте ұқсас. Мұны жапондар да мойындайды. Бiз неге сондай болмаймыз? Бiздiң олардан немiз кем?» — деп, армандаған екен ғой. Ол арман әлi мұрты бұзылмаған арман күйiнде түр. Содан берi бiр ғасырға жуық уақыт өтiптi. XIX ғасырдың екiншi жартысында (1868 жылы Мэйдзи революциясынан кейiн) жарты ғасырға жетпейтiн мезгiлде-ақ феодалдықтың темiр кiсенiн быт-шыт үзiп, дереу даму жолына ұмтылып, жедел өркендей бастаған жапондарды үлгi етудiң де қазаққа бiр ұқсастығы бар. Сонда деймiз-ау, оларды алып бара жатқан не артықшылық? Шикiзаты шектеулi болса да, шiренетiндей не iстептi дейсiз ғой. Оларда әлгi феодалдық заманнан жапондардың бойтұмары iспеттi сiңiп қалған отан дегенде құрбандыққа дайын, жан бар, рух бар екен. Соның арқасында еңбекқорлық пен темiрдей самурайлық тәртiпке сүйенген де бiзге сүйкiмдi көрiнiп отыр. Бүгiнде ұлттық табыстың үштен бiрiн рухани қажеттiлiкке ойланбай жұмсап жатыр. Мұнымен жастарын тәрбиелеуде алдына жан салмасы анық. Бар деген осы деп, үлдемен-бүлдеге орап есiртiп қоймайды. Байлықты белшеден кешiп жүрген өрiмiн қайыр сұратып, «қаңғыртып» жiберетiн көрiнедi. Сонда әлгi тиынның не, адамның кiм екенiн сезiнiп, өмiр сүруге ыңғайланып шығады да, ертеңгi Жапонияның қайыршысынан бастап, ханына дейiнгiнiң жайын ойлап, қамын жей алады. Жұмыр жердi жаулап алған Жапония өз жастарының өстiп жалынын жаниды екен де, үмiтiн үкiлеп қояды екен.

Болатбек Төлепберген

Abai.kz

3 пікір