Неліктен "бұл жолғы соғыста Ресей жеңілді" дейміз?!

Мәскеу найзағайдай жылдам жеңісті армандады, бірақ ұзаққа созылған жеңіліске ұшырады. Украина нық тұрды, Батыс бірікті, Ресей соғыс шырмауына батып, тұңғиыққа бет алды. Енді әңгіме ауаны ресейлік қару-жарақтың жеңісі туралы емес, Ресейдің бұл жолғы соғыста берген бодауының салмағына ауып отыр.
Кремльдің «сәтті шабуыл» туралы үгіт-насихаты мен тез жеңіске жетуді армандайтын көңілді хабарларына қарамастан, көптеген танымал сарапшылар «бұл жолғы соғыста Ресей жеңілді» деп сеніммен айта бастады.
Олардың арасында Ауғанстандағы алпауыт державалардың жеңілісімен салыстыра сараптама жасайтын әйгілі америкалық саясаттанушы Джордж Фридман да бар. Ол: «Кеңес Одағы 1979-1989 жылдары Ауғанстанның едәуір бөлігін иемденді, Кабулды, жолдар мен ірі қалаларды бақылап отырды, бірақ ауған халқының қарсылығын сындыра алмады.
Соның салдарынан Мәскеу кетуге мәжбүр болды, артында ондаған мың табыт қалды және халықаралық беделден айырылды. Кейінірек Америка Құрама Штаттар да осындай жеңіліске ұшырады: теңдесі жоқ ресурстарға ие бола отырып, олар да негізгі мақсатына жете алмай Ауғанстанды тастап шығып кетті.
Ресей де Украинада сол тарихи тұзаққа түсті. Ол территорияның бір бөлігін басып алды, сонда өзінің әскери басқаруын құрды, бірақ ең бастысы – елді өзіне бағындыру және оның қоғамының қарсылығын жұмсартуға қол жеткізе алмады.
Украина теңдесі жоқ икемді болып шықты: Ол мемлекеттілігін сақтап, әскерін нығайтты, Батыстан теңдессіз қолдау алып, империялық басқыншылыққа қарсы күрестің символына айналды.
Кремль найзағай операциясы мен Киевтің жаулап алуына үміт артқан жерде ұзаққа созылған азғындау соғысы басталды, бұл соғыста Ресей шамасы жететінінен цлде қайда көп ұтылып жатыр. Мәскеудің әскери жетістіктері ішінара және уақытша болып шықты. Бірақ оның әскерлері алға жылжыған жерде де елес қалалар, күйдірілген жер және жергілікті халықтың өшпенділігі артынан бірге ереді.
Ресей Украинаға «мифтік қауіптен» азат етуші ретінде келіп, әлем алдында бір ғана стратегиялық мақсатқа жете алмаған басқыншы ретінде кетіп қалды. Киев тік тұрды, Украина мемлекеттілігі нығайды, НАТО әлсіз болып көрінгенмен, керісінше кеңейіп, жаңа мүшелерді қабылдап, әскери әлеуетін арттырды.
Жеңіліс тек майданда ғана сезілмейді. Ресей экономикасы бірте-бірте барлығы соғысқа бағынатын соғыс экономикасына ауысуда. Санкциялар оны жаһандық технологиялар мен инвестицияларға қол жеткізуден айырды, миллиондаған азаматтар жұмылдыру мен репрессиядан қашып, елден кетті. Зияткерлік және адами капитал жойылып жатыр, даму перспективалары жойылуда.
Ресей өз энергиясын болашаққа емес, өткеннің елесін сақтауға жұмсайтын мемлекетке айналып барады. Тарихи жеңіліс майдан шебімен немесе басып алынған ауылдардың санымен өлшенбейді. Ол басқа нәрседе көрінеді: мүмкін болатын тактикалық жеңістердің өзі жалпы көріністі өзгертпейтіндігінде.
Ресей жауға өз еркін таңа алмады, Украинаны оқшаулай алмады, халықаралық тәртіпті өзгерте алмады. Ауғанстандағыдай, алпауыт державаның алдында абыройсыз нәтижеге апаратын жол ғана қалды, мәселе оның қандай түрде болатынында ғана.
Ресей жеңіліске ұшырады, өйткені ол соғысқа нақты шындыққа жанаспайтын мақсаттармен және қате есептермен кірді. Ол күшін көрсеткісі келді, бірақ әлсіз екенін әшкереледі. Ол Украинаны сындырғысы келді, бірақ оны біріктірді.
Батысты екіге жарғысы келді, бірақ жұдырықтай жұмылдырды. Ол өз империясын қайтарып алғысы келді, бірақ болашағынан айырылды. Бүгінде Ресей жеңіс үшін емес, жеңіліске кешігу үшін күресуде.
Соғыстың әрбір жаңа күні адам шығынын көбейтіп, экономиканы күйретіп, әлемдік құрметтен жұрдай ете береді. Бұл енді аумақ үшін шайқас емес – бұл өз мифтеріне сенген мемлекеттің өзін-өзі біртіндеп жоюы.
Тарихта қанша ауыл, қанша қаланы басып алғаныңыз маңызды емес. Ең бастысы, соғыстың мақсаттары орындалмады, оның бағасы өте жоғары болды. Украина берік тұрған сәтте Ресей жеңілді. Одан кейінгі оқиғалардың бәрі жай ғана созылған агония» дейді.
Керімсал Жұбатқанов, тарих ғылымдарының кандидаты, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің доценті
Abai.kz