Айдос Сарым: «Қазақ өркениетін қазақша ойлайтындар қалыптастырады»
Өз басым Қанат Қабдрахмановты біраздан бері білемін. Шығармашылығын мұқият зерттеп жүрген адам ретінде оны негізінен шымбайымызға бататын тың мақалалар мен туындылардың авторы деп санаймын. Алайда, оның қаламының шыққан әрбір дүниені сәтті не әділетті деуге келмес. Оның «Время» газетіне шыққан «Нацию сформируют русскоязычные» деген мақаласын оқыған кезде, «бұнысы қазақтарды оятуға пайдасын тигізер интеллектуалдық провокация» шығар деп қабылдағаным рас. Кейбір кездері қоғамның ішіне осындай дүниелерді тастап, олардың айналасында жап-жақсы талқылар өткізу арқылы ұлтты топтастыру қажет-ақ. Алайда, араға екі апта салып, сол «Время» газетіне «Цивилизацию сформируют русскоязычные» дегенін жариялап, Қабдрахманов қасарысып тұрып алған кезінде, амалсыз қолға қалам алуыма тура келді.
Өз басым Қанат Қабдрахмановты біраздан бері білемін. Шығармашылығын мұқият зерттеп жүрген адам ретінде оны негізінен шымбайымызға бататын тың мақалалар мен туындылардың авторы деп санаймын. Алайда, оның қаламының шыққан әрбір дүниені сәтті не әділетті деуге келмес. Оның «Время» газетіне шыққан «Нацию сформируют русскоязычные» деген мақаласын оқыған кезде, «бұнысы қазақтарды оятуға пайдасын тигізер интеллектуалдық провокация» шығар деп қабылдағаным рас. Кейбір кездері қоғамның ішіне осындай дүниелерді тастап, олардың айналасында жап-жақсы талқылар өткізу арқылы ұлтты топтастыру қажет-ақ. Алайда, араға екі апта салып, сол «Время» газетіне «Цивилизацию сформируют русскоязычные» дегенін жариялап, Қабдрахманов қасарысып тұрып алған кезінде, амалсыз қолға қалам алуыма тура келді.
Қанат Қабдрахмановтың мақаласын, менің ойымша, «мынауымыз қазақтың жауы екен, знәчит, аттан халқым» деп қабылдау қате болар. Әрбір сыни мақаладан, әрбір өзімізге ұнамаған дүниеден, сырт көзқарастан біздер белгілі бір пайда, нәтиже алып шығуымыз қажет. Ол кісінің қате тұстарын тізбес бұрын бір нәрсені мойындайық: әлі де болса қазақ ұлтшылдығы, қазақ ұлтшылдары Қазақстандағы орыстілді қазақтар мен орыстар үшін құбыжық дүние боп көрініп отырғаны рас. Әрине, бұның біраз себептері бар. Ішкі де, сыртқы да. Барлығын тізбелей беру тым ұзақ уақыт алатындықтан, бірнешеуін ғана айтайын: жалпыға ортақ ұлтшылдық дискустың қалыптаспауы; қазақ ұлтшылдарының бөлінуі және бір-біріне қарсы жұмыс істеуі; арамыздағы кейбір өзін «ұлтшыл», «патриотпыз» дегендердің шын мәніндегі дөрекілігі мен саяси мәдениетінің жоқтығы; дауысы қатты шығып жүрген ұлтшыл ұйымдардың ұрандарының замана көшінен кеш қалуы. Бұның әрқайсысын таратып, бөлек мақала қылуға да болады. Қазақ ұлтшылдарының тағы бір басты кемшілігі, бұл құбылыстың көшбасшылары саналатын азаматтардың дүйім көпшілігі - кешегінің адамдары. Айқастары мен айтыстары - сол кездің әңгімесі, буы, жаңғырығы. Өздерін де, ұлтын да өз еліндегі «азшылық» деп санайды. Бұл өте күрделі саяси-психологиялық феномен. Өкінішке орай, оны зерттеп, ығы-жығына жетіп отыратын уақыт жоқ. Заман тым тез дамып, кеңістік қысқарып жатқанда мұндай көзқарастар мен нақты саясат қазақ үшін қымбатқа түсіп отыр.
Анық бір дүние бар: тасы өрге домаласын десек, қазақ ұлттық қозғалысы заман талаптарына, ығына қарай өзгеруі, реформалануы тиіс. Ұлттық қозғалыс институттандырылып, мүмкіндігінше бірегей саяси күшке, екінші кезекте - саяси партияға айналуы тиіс. Саяси партия - ол ең алдымен белгілі бір философия, саяси бағдарлама. Менің пікірімше, бұндай өзгерістер бүгінгі, дәлірек айтсақ, кешегінің ұлтшылдарының қолынан келмейді. Екінші мәселе - қазақ ұлтшылдары өз күресі үшін орыстілді қазақтарды, елімізде тұрып жатқан басқа да этникалық топтарды, әсіресе түркітілдес халықтарды өз маңына топтастыруы қажет. Ұлттық мемлекетті құру және дамыту тек қана қазақтілді қазақтардың еншісі деп түсіну қате. Осы мемлекет үшін жаны ашып, жанын беруге дайын азаматтар жеткілікті. Өз басым патриоттығы мен ұлтшылдығы жөнінен кез-келген қазақтілдіні он орап әкететін орыстілді қандастарымызды көптеп білемін. Яғни, қазақ ұлтшылдығының алдында тұрған басты міндеттердің бірі - орыстілді қазақтарды өз жағына шығару. Мысалы, бүгінгі Ресейдің тіршілігі, Кедендік одақтың құрылуы қалада тұрып жатқан көптеген қазақтардың зығырданын қайнатып жатыр. Оларды «тіл білмедің» деген желеумен ысырып тастау, қазақ қатарына қоспау - қателік және саяси көрегендіктің жоқтығы. Өз басым осы тұрғыдағы қыркүйекте өткен Мемлекеттік тілді қолдау акциясындағы Мұхтар Шаханов, Дулат Исабеков, Смағұл Елубай ағаларымыздың «орыстілділерді кеудесінен итермейік, бауырымызға басайық» деген сөздеріне, жаңа саяси мәдениетті қалыптастыруға шақырған ұрандарына шын жүректен қуанған болатынмын. Енді сөзден іске көшетін кез келді.
Қанат Қабдрахмановтың сөздерін біздер бір адамның сөзі, пікірі деп түсінбеуіміз керек. Оның мақаласы - өзіміздің орыстілді ағайындарымыздың көкейінде жүрген, оларға жатса да, тұрса да маза, тыным бермейтін өмірлік мәні бар сауалдар. Қазақ деген ұлттың үлкен бөлігінің психологиясы мен метафизикасы. Әрине, егер қазақ деген ұлтқа елімізде тұрып жатқан топтардың барлығы кіреді деп түсінсек. Негізі, қазақ ұлтына еліміздегі барлық азамат кіруі қажет. Олардың барлығы да - қазақтар. Бұны мойындағандар бар, мойындамайтындар бар. Мәселе мойындағандармен бірге болып, олармен ортақ құндылықтар негізінде табысып, топтасу. Ондай құндылықтар - тәуелсіздік, мемлекеттік мүдде, жер, ұлттық тарих, мәдениет, тіл, діл. Яғни ішімізден бөлініп, бөлінген сайын ұсақталып, сол микродеңгейдегі көзқарасымызды ұлттық басымдық, ұлттық мүдде деп түсінуден аулақ болғанымыз абзал. Айналасында қырық адамы бар ұйымдардың тағы көзқарастарын «нағыз қазақшылдық», «нағыз мемлекетшілдік» деп түсіну, сол көзқарастарды мойындамағандардың барлығын қазақ санатынан өшіріп тастау саясат емес, сектанттық. Сондықтан, дұрыс түсінсем, Қабдрахмановтың мақаласы - орыстілді қазақтардың өз ағайындарына бағытталған жанайқайы. Ер Төстікті елестетейікші. Ағайыны қапаста жатса, Ер Төстік өзін бақытты сезіне ала ма? Ағайынына араша түспей, өзі дәулет құра берсе оны біреу батыр санай ма?
Жау іздеу қиын емес. Жауды тауып, оны өле-өлгенше табалау - өнер емес. Мәселе көзқарасы өзіңнен бөтен адамды өз жағыңа шығара білу, серіктес ете білу. Уақытша болса да. Бұл саясаттың шыңы. Қабдрахманов, сөзсіз, қателеседі. Қазақ өркениетін тек қана орыстілділер қалыптастыра алмайды. Бірақ, қазақниеттілер, қазақойлылар қалыптастыра алады, қалыптасуына өз себін тигізе алады. Мейлі ол орыс болсын, орыстілді болсын. Қазақ өзінікін алмай қоймайды. Көпшіліктің аты көпшілік. Ал, қазақтілділер бүгін, Құдайға шүкір, көпшілік. Мемлекет те, басқа да алдағы 10-15 жылда түгелдей қазақыланады. Оған ешкімнің күмәні болмауы тиіс. Мәселе осы 10-15 жылды қалай жүріп өтетінімізде. Текетірес болатыны анық. Ол ой мен менталитеттің, саясат пен философияның, тәжірибе мен арманның, сөз бен істің, білім мен ілімнің текетіресі болады. Бұл текетіресте қазақтілді қазақтар орыстілді қандастарын, түркітілдестерді өз жағына шығармай жеңе алмайды. Жеңіске жеткеннің өзінде жеңілгендей болады. Бір нәрсені түсінейік: біз өте аз ұлтпыз. Өз мүмкіндіктерімізді, артықшылықтарымызды оңды-солды шаша беруге қақымыз жоқ. Сондықтан ұранымыз айқын: «Бар қазақ - бір қазақ, бір қазақ - бар қазақ!». Тағы да қайталап айтайын, қазақ дегенде мен қазақ мемлекетін, оның құндылықтарын мойындаған адамның барлығын меңзеп отырмын. Мемлекет құрылды. Оның құндылықтарын жаңарту, қайта жасақтау, олардың төңірегіне барлығын топтастыру алдағы жылдардың ісі. Қалғаны уақыт төрелігінде.
«Халық сөзі» газет, №34