Қауымдастық көшті. Ғимараты кімге қалды?
Үстіміздегі жылдың 23 маусымда Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Елбасы «Қауымдастық орталығын Алматыдан Астанаға көшіретін кез келді. Олар басшылардың жанында болуы керек», - деген болатын.
Президент тапсырмасына сай, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Елордаға көшуді бастады. Ал, Қауымдастықтың Алматыдағы көпқабатты үйі «Отандас-Ел» республикалық қоғамдық бірлестігіне берілді.
27-қыркүйек күні редакциямызға «Отандас-Ел» РҚБ төрағасының орынбасары Нұрбосын Сқақұлы телефон шалып, бұл туралы хабарлады.
Бірлестік төрағасының орынбасарының айтуына қарағанда, Қауымдастық пен аталған Қоғамдық бірлестік басшыларының байланысы марқұм Қалдарбек Найманбаев кезінен басталған екен. «Отандас-Елдің» сол бұрынғы тәжірибесін және қазіргі тебінді қызметін, оң беталысын ескере отырып, Қауымдастықтың жаңа басшысы Зауытбек Тұрысбеков осы шешімге келіпті.
Енді Алматыдағы Қауымдастық үйіне «Отандас-Ел» республикалық қоғамдық бірлестігінің Кеңсесі көшіп кіріп, өз жұмысын бастайды.
Алдағы уақытта ол үй Дүниежүзі қазақтарының Алматыдағы мәдени орталығы болып, Қауымдастықтың іс-жопары аясында және «Отандас-Ел» РҚБ-ның өз жарғысына сай селбесіп жұмыс атқарады.
Шәріпхан Қайсар
Abai.kz