Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Билік 8492 1 пікір 30 Қыркүйек, 2017 сағат 10:35

Мемхатшы республикалық жерлестер форумына қатысты

 

2017 жылғы 28 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен барып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Туған жер» республикалық жерлестер форумына қатысты.

Форумға сондай-ақ Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың басшылары, қоғам қайраткерлері, белгілі ғалымдар, шығармашылық зиялы қауым өкілдері, әйгілі спортшылар, әлемнің 20 мемлекетінде тұратын ақтөбелік жерлестер қатысты.

Г.Әбдіқалықова форумға қатысушыларға ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың құттықтау сөзін оқып берді. Онда «Рухани жаңғыру» аясында жүзеге асырылып жатқан айрықша маңызды жобалардың бірі – «Туған жер» жобасы екені атап өтілген. Туған жерге іңкәрлік Туған елге сүйіспеншілікке ұласады. Туған жерге қамқорлық Туған елге жанашырлықпен астасады. Жалпыұлттық патриотизмнің өзегі іспетті «Туған жер» бағдарламасы осындай ізгі ниеттер мен шараларды жүйелеп, ортақ игілікке айналдыруды көздейді.

Мемхатшы өз сөзінде саясат пен экономикадағы ауқымды өзгерістердің өзегі қоғамдық сананы ісімізден оза отырып жетілдіру – «Рухани жаңғыру» жалпыұлттық жобасы екеніне тоқталып өтті. Осы мақсатқа жету үшін елімізде 6 бірегей жоба жүзеге асырылуда. Соның бірі – жалпыұлттық патриотизмнің маңызды негізіне айналған «Туған жер» бағдарламасы.

Гүлшара Әбдіқалықова сондай-ақ мемлекет-жекеменшік серіктестігі негізінде салынған «Жекпе-жек спорт сарайының» ашылу рәсіміне қатысты. Рәсімнен кейін дзюдодан Қазақстан Республикасы Президентінің кубогы үшін халықаралық турнир басталды.

– Биыл елімізде Үшінші жаңғыру басталды. Оның бір бағыты рухани жаңғыру болып саналады. Біздің «Рухани жаңғыру» бағдарламамыз бен аударғанда «жұмсақ жол» деген мағынаны білдіретін дзюдоның ортақ құрамдастығы бар. Ол – сананың кемелденуі, – деді Гүлшара Әбдіқалықова турнирге қатысушыларға арналған құттықтау сөзінде.

Сапар барысында Гүлшара Әбдіқалықова «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында салынған әлеуметтік-мәдени нысандарда да болды.

Форум қазақстандық эстраданың танымал әртістерінің қатысуымен өткен үлкен мерекелік концертпен аяқталды.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963