АҚШ-тағы қазақ студент фильм түсірмек
Мұрат Есжан
- Осы күні кез-келген жобаны іске асыру үшін аз болсын, көп болсын, қаржы керек. АҚШ-та болса, тіпті де. Демек, біздің жасағалы жатқан шорт фильміміз туралы да “бұлар оған ақшаны қайдан алады” деген сауал туатыны заңды.
Шетелде, қазір бізге де келіп жатыр, "crowdfunding" деген нәрсе бар. Идеяңды көпшіліктің қаржыландыруы. Арнайы сайттан парақша ашып, “мынандай-мынандай нәрсе жасағалы жатырмыз, қызықтырса, көмек көрсетіңіз” деген презентациялық видео және өзіңіз туралы ақпараттар саласыз. Ұнатқан жұрт түрлі мөлшерде ақша салып, идеяның жүзеге асуына жәрдем береді. Парақшаңыз бір ай актив болып тұрады, бір ай ішінде жиналған ақшаның белгілі бір мөлшері сайтқа қалады да, қалғанын сіз аласыз.
Біз де осы қоғамдық қаржыландыру әдісіне арқа сүйегелі тұрмыз.
Бисмилләһ деп, өткенде айтқан, қазақшалағанда "асар", ағылшыншалағанда "crowdfunding” шарамызды бастадық. Төмендегі сілтемеге өтсеңіздер, жобамыз жайлы бейнеролигімізді тамашалап, идеямыз туралы толыққанды ақпарат ала аласыздар. Сайт ағылшынша, бірақ шама келгенше қазақша аудармасын сыналап сыйдыруға тырыстық. Қалай болғанда да, (егер қателеспесем) Indiegogo сынды алпауыт платформадағы тұңғыш қазақстандық һәм ішінде қазақ тілінде ақпараты бар кампания (компания емес) болып тұр.
Қысқасы, бір ай мерізім ішінде Алаш пен АҚШ-қа сауын айтып, фильм түсіруге керекті қаражатты жинауымыз қажет. Егер төмендегі жоба-жоспарымыз көңілден шығып, ептесем, септесем деген ниет туып жатса, марxабат! Indiegogo-дағы парақшамыздың есігі әрдайым ашық. Әрине, көмектің үлкен-кішісі болмайды. Кез-келген көлемге кепкі шешіп, зор алғыс айтуға дайынбыз. Құрғақ қасық ауыз жыртады десеңіз, салынған сомаға байланысты соңыра символикалық қайтарымы да болады. Сайтта ол туралы да ақпарат бар. Одан бөлек, осы сілтемені әлеуметтік желіде бөлісіп, кеңірек таралуына үлес қоссаңыз да біздің жобаға үлкен қолдау білдірген боласыз. Ендеше, кеттік!
Abai.kz