Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Біздің шенеунік 5547 0 пікір 3 Қазан, 2017 сағат 15:28

Маман тағайындаудың қостанайлық қойыртпақтары

 

Басқа жерді білмеймін, біздің Қостанайда кейінгі кездері басқарма басшыларының лауазымдық ғұмыры ұзаққа бармайтын болып жүр. Соңғы «мода» мынадай: бір орында біраз отырып қалған басшының қай-қайсысы да сөзге келместен орнын өзгертеді. Әрине, жайлы қызметінен айырылмайды. Тек қана  ақырындап екіншісіне жылжи қояды. Мүмкін, бұл бір жағынан дұрыс та шығар. Алайда бұрынғы басшының қаншалықты жақсы қызмет атқарғандығы, ал оның орнын басқан шенеуніктің бұл саладан қаншалықты хабары бар және оны алып жүре ала ма деген сауалдар ешкімді де мазаламайды. Ал бұл ең негізгі проблеманың бірі дер едік. Жаңа басшы өзіне тапсырылған істі алып жүре алмай, сол саланы мүлдем тоқыратуға ұшартса ше? Онда тағы бір дүмбілезді әкеліп қонжита қоя ма? Бұлай деуімізге бірнеше жағдай себеп болып отыр. Мәселен, облыстық әкімдіктің қаржы саласын көп жылдар басқарып, тамаша тәжірибе жинаған басшыны аяқ аястынан мұрағат басқармасының басшысы етіп тағайындай салды. Сонда қаржы саласы мен мұрағат саласының пәлендей айырмашылығы болмағаны ма? Мұны бір деңіз. Енді келіп тілдерді дамыту басқармасының басшысына діндер жөніндегі басқарманың тізгінін ұстатты. Ал дін саласындағы мәселелерге біраз қанығып қалған тәжірибелі басшыны тілдерді дамытуға қолайлы маман деп тауыпты. Екі саланың да аса маңызды екендігін түсінеміз, әрине. Алайда екеуінің арасындағы айырмашылықтың жер мен көктей екендігін де жылы жауып қоюға болмас. Қазіргі заманғы үрдіс - бізде кадрлар ауыстырудың осындай таптырмас тәсілі жақсы жаңалыққа айналған тәрізді.

Мұны айтасыз, бізде кейде адам таңқаларлық жағдаяттар да кездесіп қалады. Мәселен, бүгін тағайындалған басшы бірер айдан соң сопаң етіп басқа бір қызметтің жайлы орындығынан табыла кетеді. Біз жоғарыда сөз қылған мұрағатқа кеткен басшымыз арада ай өтпей-ақ медициналық сақтандыру қорының осындағы бөлімшесінің білдей басшысы болып шыға келді. Ал облыстық спорт басқармасына тағайындалған басшы арада үш ай өтер-өтпестен орнынан босап қалды. Ол орын әзірге бос тұр. Бюджетінің өзі миллиардтаған теңге қаржы құрайтын осынау аса жайлы қызметке адам табылмас деген ойдан мүлдем аулақпыз. Бірақ ол қандай кадр болады? Бізді мазалайтын осы сауал ғана.

Қызметтік көлігіне жалған нөмір таққан  Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов деген осы жігіт. 

Кадр тағайындау мәселесіндегі қостанайлық қойыртпақты облыс әкімінің өзі түсінбесе, біздің түсінуіміз тым қиындап барады. Ал соңында тағы бір тұздығы бар жаңалықты айтпай кетпесек, әңгімеміз толық болмас. Облысымыздың алыстағы аудандарының бірі — Жангелдин ауданында әкімдік қызмет атқарған  Асқарбек Кенжеғарин аяқ астынан абыройсыздыққа ұшырап, біреудің пәтерін заңсыз жекешелендіріп алып, кейін оны бір туысына сатып жіберді  деген айыппен қылмыстық іске тартылған еді. Содан көп ұзамай, нақтырақ айтқанда осы жылдың 8 ақпаны күні өзі арыз беріп, қызметінен босаған еді. Сөйткен Асекең жақында облдысымыздағы ежелгі оқу орындарының бірі – Сарыкөл агроөнеркәсіп және заң колледжі директорының жайлы да майлы орынтағына жайғасты. Мінекей, біздегі өзге облыстарға жақсы тәжірибе ретінде таратуға әбден жарайтын таптырмас кадр саясатының жағдайы осындай.

Жайберген Болатов

Қостанай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052