Энергетика министрлігі Елбасын екі сөйлеткені ме?
ҚР президенті Назарбаев 2010 жылы қаңтар айында: «Біз 2014 жылға қарай үш бірдей мұнай өңдеу зауытын жаңалап, іске қосатын боламыз. Сол кезде мұнай өнімдеріне деген ішкі сұраныс толығымен қамтамасыз етіледі», - деген еді (еркін аударма. Орысшасы: «К 2014 году мы реконструируем все три НПЗ и сможем полностью обеспечивать нашу внутреннюю потребность по всему спектру нефтепродуктов»).
Көріп отырсыздар, содан бері арада желкенін керіп жеті жыл өтті. Павлодардағы зауыт тұралап жатыр. Атырау мен Шымкенттегі зауыттардың жаңаланып әм жалаң қағып тұрғаны шамалы. Қазан айының 1-не қараған түні жанар-жағармайдың құны кезекті рет тағы да қағынып шыға келді. Оны айтасыз, автокөлік иелері жанармай құятын стансалардан «Бензин жоқ» деп келетін бедірейген сөз естіп кері қайтуда. Рас, бензин жоқ. Мүлдем жоқ емес, тапшы. Мұнайлы Қазақстан жанармай тапшылығын тартып отыр. Масқара! Ел ішінде қарбалас қарекет (ажиотаж) тудырып жатқан жайтке байланысты кеше Энергетика министрлігі ерініп отырып бірдеңе-сірдеңе деген болды, онысы, бірақ, саудың асын ішіп, жындының сандырағын айтқанның керіне ұқсап кетті. Құрметті оқырман, біз ептеп этикадан озып отырмыз, кешірерсіз, әйтсе де, вице-министрдің уәжіне байланысты өзгеше бір сыпайылық таныту қолымыздан келмеді.
Мағауов. Әсет Мағауов (суретте) Энергетика вице-министрі. Әлгі Мағауов мандырап отырып: «Біз бұндай жағдайға сараптама жасап көрмеппіз» дейді. Құдай тас төбесінен ұрсын! Сонда, жылда болатын жанармай тапшылығы мен бағаның күрт өсіп кететінін білмейтін, білсе де соның себеп салдарын зерттеп, әрекет етпейтін бұл қандай министрлік? Бұл министрлікті министрі Қанат Бозумбаев дейтін бозымнан бастап бәрін қызметтен айдап шықса жөн болар еді! Бір өкініштісі: біздің халық бұндай талап қоя алмайды. «Бензин қымбаттады ма?». «Қымбаттады». «Енді қайтеміз, «жазған құлда шаршау жоқ» деп, көтензорлыққа көніп жүре береді. «Ұялған тек тұрмастың» керін келтіріп әлгі Мағауов «2018 жылы жанармайға деген барлық саланың сұранысын қамтамасыз етеміз» деп уәде қылды. Атасының басы! Жет жылда жер бауырлап жатқан салбөкселер бір жылда бірдеңе бітіреді дегенге сене алмайды екенбіз.
Қит етсе, бәрін президенттен көреміз. Президент сөз жоқ, игілікті істерді атқаруға пәрмен береді. Ал сондай істерге жауапты лауазым иелері болса, «күнде ертеңмен» Құдайдың күнін өлтірумен жүр. Айналып келгенде ел алдында Елбасы екі сөйлеген болып шығады. Осы дұрыс па? Бұл ретте саясаттанушы Расул Жұмалының сөзіне жүгінгеніміз жөн шығар. Ол былай дейді:
- Қарағандыда көмір, Маңғыстауда газ, Алматыда жылу, Астанада бензин, Атырауда балық тапшы болса, бұл біреуде мый тапшы деген сөз (FB-дағы жазбасынан).
Дәурен Қуат
Abai.kz