Украина парламенті Донбасты қалпына келтіру жөніндегі заң жобасын тез арада қарамақ
Украина президенті Петр Порошенко Жоғарғы Радаға тез арада Киев егемендігін сақтау үшін, сепаратистер бақылап отырған Донецк мен Луганск облыстарын қалпына келтіру жөніндегі заң жобасын өткізді. Бұл құжат Франция, Германия және АҚШ елдеріндегі әріптестерімен кеңескеннен кейін, парламентке тіркелді.
Заң жобасы Ресейдің мәртебесін "агрессор-мемлекет" ретінде заңды түрде белгілейді. Донецк пен Луганск облыстарын "басып алынған" деп есептеп, Минск келісімін Украинаның тұтастығын қалпына келтірудегі негізгі құжат ретінде бағалайды.
"Украина Ресейдің агрессор-мемлекет ретіндегі заңға қарсы әрекеттеріне, қарулы күштеріне, уақытша басып алынған Донецк және Луганск облыстарындағы оккупациялық әкімшілігіне қатысты жауапкершілік алмайды", – делінген құжатта. Онда сонымен бірге ресейлік агрессиядан қорғау Украинаның Қарулы күштерінің біріккен оперативті штабына жүктелетіні айтылған.
Құжатты әзірлеген авторлардың пікірінше, бұл БҰҰ-ның халықаралық соты алдында Киев ұстанымын күшейтеді.
Заң жобасын әзірлегендер құжатты 18 қазанға дейін қабылдауды сұрайды. Себебі бұл уақытта "Донецк және Луганск облыстарының жекелеген аудандарындағы өзін өзі басқару тәртібі туралы" заңның күші жойылады. Бұл заң сайлау және бөлінген топқа амнистия жариялау үшін жергілікті билікке арнайы өкілет берген еді.
Abai.kz