Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2357 0 пікір 5 Маусым, 2009 сағат 13:22

Тәуелсiздiктiң темiрқазығы берiк пе?

Георгий лентасы және қазақтың жалтақтығы
Шығыста құлақ құрышын қандырып қана қоймай, естiген жанның жүрегiн тербетiп, кеудесiнде нәзiк те тәттi бiр әуен қалдыратын аңыздар көп. Естi адамдар сол аңыздардың ешқашан аяқталмауын тiлейдi көбiне. Әсiресе, қиялы жүйрiк қазақ халқы әдемi аңыз туғызуға жаны құмар! Ұлы халық қана ұлы аңыздар туғыза алатыны да рас.
Өйткенi, қазiр қазақ қоғамы сол қасиеттi тәуелсiздiктi шын мәнiнде қастерлей алмағандықтан азаттықтың асыл мұраттарын аяққа таптағандай күн кешуде. Осынау ащы ой жүрекке тотияйын тамшысындай болып тамшылайды. Өкiнiшке қарай, мұны амалсыз күйiнiшпен айтатын, ерiн бауырына алып тулайтын бәзбiреулердiң тұлан тұтқан қарсылығына қарамастан “улы сиямен” жазатын қилы заман аңдатпай келiп үлгерген сыңайлы. Бүгiнгi таңда Қазақстан мемлекетiнiң, қазақ халқының қастерлi тәуелсiздiгi арнасынан аса буырқанған асау өзен бетiндегi қалтқыдай қалтылдап, бiрте-бiрте болашағы беймағұлым боп барады. Үмiт пен сенiм iркiтке салған терiдей жидiген шақ.

Георгий лентасы және қазақтың жалтақтығы
Шығыста құлақ құрышын қандырып қана қоймай, естiген жанның жүрегiн тербетiп, кеудесiнде нәзiк те тәттi бiр әуен қалдыратын аңыздар көп. Естi адамдар сол аңыздардың ешқашан аяқталмауын тiлейдi көбiне. Әсiресе, қиялы жүйрiк қазақ халқы әдемi аңыз туғызуға жаны құмар! Ұлы халық қана ұлы аңыздар туғыза алатыны да рас.
Өйткенi, қазiр қазақ қоғамы сол қасиеттi тәуелсiздiктi шын мәнiнде қастерлей алмағандықтан азаттықтың асыл мұраттарын аяққа таптағандай күн кешуде. Осынау ащы ой жүрекке тотияйын тамшысындай болып тамшылайды. Өкiнiшке қарай, мұны амалсыз күйiнiшпен айтатын, ерiн бауырына алып тулайтын бәзбiреулердiң тұлан тұтқан қарсылығына қарамастан “улы сиямен” жазатын қилы заман аңдатпай келiп үлгерген сыңайлы. Бүгiнгi таңда Қазақстан мемлекетiнiң, қазақ халқының қастерлi тәуелсiздiгi арнасынан аса буырқанған асау өзен бетiндегi қалтқыдай қалтылдап, бiрте-бiрте болашағы беймағұлым боп барады. Үмiт пен сенiм iркiтке салған терiдей жидiген шақ.
ХIХ ғасырда өмiр сүрген орыстың ұлы ойшылы Петр Яковлевич Чаадаевтың (1794-1856): “...Мен өз Отанымды аузымды тiгiп, тiземдi иiп, көзiмдi жұмып жақсы көруге мойынсұнған емеспiн. Менiң ойымда, Отанға мейлiнше пайдалы болудың әрi төте, әрi жалғыз жолы – оны қапысыз тану. Менiң ойымда, көзжұмбай құштарлықтың заманы әлдеқашан өткен. Барды жоқ деме, әсiресе, жоқты бар деме. Менiң ойымда, бiз алдыңғы толқындардан кейiн олардан қарға қадым болса да iлгерiлеу үшiн келгенбiз. Олардың кеудесоқты көрсоқырлығын қайталамау үшiн келгенбiз. Ел тарихына адамзат ойының ұшар биiгiнен қарамайынша түк те шықпайды”, – деген тебiренiске толы ұлағатын үлгi тұта алмағандығымыз аса қатерлi болып шықты. Бiз “алдыңғы толқындардан қарға қадым болса да iлгерiлеу үшiн келген” болсақ та, 90-жылдардың басында тәуелсiздiкке қол жеткiзген кезден қарға қадым ұзамақ түгiлi, керiсiнше, тiптен тәуелсiздiк принциптерiне адал қалпымызды бұзбай сақтауға да күш-құдiретiмiз жетпей қалды, өкiнiшке қарай. Кемелденбек түгiлi керi кеттiк.
Биiк сана, асқақ рухтың дүр сiлкiнiсi, ұлттық намыстың оянуы уақыт өте келе жазылып кететiн кесел емес екенi бесенеден белгiлi болғанмен, амал нешiк, бойкүйез,мейлiнше жалтақ қазақ қоғамында қасиеттi Тәуелсiздiк торға қамалған бейшара құстың кейпiн киiп отыр. Тәуелсiздiктiң алғаш тәй-тәй басқан жылдарында жерден бауырын көтеруге талпынып, сәл-пәл биiктеген ұлттық рух, ұлттық намыс арада өткен аздаған жылдарда “бетегеден биiк, жусаннан аласа” бәзбаяғы қалпына қайта көшкендей. Ұзақ жылдардан берi ресми билiк ұстанған жадағай саясат, “екi шоқып, бiр қарау” дағдысы, оңтайлы кездейсоқтықтарға орай әрекет етуге иек артқан жалтақ ұстанымдары осындай күрделi әрi қатерлi жағдайға тұмсық тiреткен сыңайлы. Бұған жеке тұлға, ұлт өкiлi ретiнде көптеген қазақ азаматтарының аса керенаулығы, Отан тағдырына басы ауырмайтын бойкүйездiгiн қосу керек. Әсiлi, жеке адам, тiптi, тұтас аймақтардың тағдырында, күнделiктi қам-қарекетiнде тосын жайттар, кездейсоқтық жиi орын алуы ықтимал болғанымен, мемлекеттiң, әсiресе, ұлттың тарихы мен келешегiн кездейсоқтықтар айқындауға тиiс емес. Мемлекет мүддесi, қазақ ұлтының мүдделерi бұдан былай да тек қана кездейсоқтықтарға негiзделе беретiн болса, одан асқан тар ойлылық мысалын тарихтан iздеп табу қиын шығар. Амал қанша, жалпы көршiлерiмiздiң, әсiресе алып Ресейдiң ала көз, көк сүңгiсiнен үрейiмiз ұшатыны соншалықты, кейiнгi уақытта Қазақ мүддесiн кездейсоқ жайттарға орай сөз етуге машықтанып алдық.
Бұны ең әуелi ақпараттық кеңiстiгiмiздегi әлсiздiгiмiз, сауысқан сақтығымыз бен жалтақтығымыздың нәтижесiнде орын алып отырған сорақылықтардан айқын аңғаруға болады. Сондықтан да елiмiзде коммунистiк кезеңдi дәрiптеу, қызыл империяны аңсау, ұлы орысшылдық идеологиясы мен “Ресей әлемдегi ең мықты, қуатты мемлекет болған, болып қала бередi, ал әрбiр орыс – қаһарман” деген құлдық психологияны санаға сiңiру үздiксiз өршiп келедi күннен күнге. Оның өрескел мысалдарына қадам басқан сайын жиi ұшырасудамыз.
Мамыр айында Жеңiстiң 64 жылдығын апталап тойлауымыз, әсiресе, елiмiздегi үш-төрт беделдi телеарналардың Мәскеудегi Қызыл алаңда өткен орыс қаруы мен соғыс күштерiн агрессивтi түрде насихаттайтын салтанатты әскери шеруден төрт-бес сағат бойы үзбей тiкелей хабар жүргiзуi осының бiр дәлелi.
Телеарналардың баршасы дерлiк соғыс тақырыбына арналған фильмдердi апталап көрсетумен болды. Тәулiгiне үш-төрт фильм! Барлығы дерлiк орыс идеясын – Ұлы Отан соғысындағы жеңiс орыстарға ғана тиесiлi жеңiс дейтiн ұғымды ашық та, астыртын да насихаттайтын фильмдер. Турасын айталықшы, Ресейдiң киноларында ерекше ерлiк көрсеткен өзге ұлт өкiлдерiнiң жағымды бейнесi сомдалғанын көрген жан бар ма? Қазақтың ер ұлы, жалпы батыр азиат бар ма? Ондай кейiпкерлер көбiне жексұрын етiп сомдалатыны өтiрiк пе? Тiптi, соңғы кезде мақталып жүрген “Апостол” телехикаясында жау қолында да өз Отанын шексiз сүйетiн орыс – командир, ал әлгi командир дайындықтан өткiзiп жүрген үш диверсанттың бiрiнiң фамилиясы – Мамедов, екiншiсi латыш, әлде литван, әйтеуiр Балтық теңiзi жағалауы халықтарының өкiлi. Әлгi байғұс Мамедов мұнда да берiлген бұйрықты орындауға қауқарсыз бейшара, түк түсiнбейтiн миғұла етiп бейнеленедi. Қаршадай балаларды (кәмелетке толмаған қылмыскерлер, жетiмдер үйiнде тәрбиеленгендер) ажал аузына айдаған “Сволочи”, орыстың жаңа сипаттағы батырлары – шекара түбiндегi шептен қашып, жол-жөнекей немiстердi жаппай қыратын кейiпкерлер сомдалған “Июнь 41-го” секiлдi фильмдер Кремльдiң жаңа замандағы идеологиясын көкке көтерген туындылар. Осы фильмдi жасаушылар жергiлiктi қарияны да (поляк па, батысукраиндық болар, бәлкiм) жеккөрiнiштi етiп сомдауға ұмтылған. Әлгi шалдың бар кiнәсi – өз Отанын отарлаған, дүние-мүлкiн талан-таражға салған қызыл әскерлердi (орыстар, коммунистер) жек көретiндiгi ғана. Сондай-ақ немiстердi мазақтауға толы, жартылай жалаңаш-жалпы безек қақтырып жүгiртетiн “Крепкий орешек” кинокомедиясы да фильмдi жасаушылардың ой өресiнiң төмендегiне жиренiш туғызбаса, ешкiмдi тамсандыра қоймасы кәмiл. Осындайда П.Я.Чаадаевтың: “...Менiң ойымда, орыстың санасы кескiнсiз, реңсiз, төменшек ой. Еуропанiкi – анау, бiздiкi – мынау. Бiрi – пiл, бiрi – қанден”, – деп тағы бiр айтқан сөзi ойға оралады ерiксiз.
Иә, миллиондаған адам қаны төгiлген соғыс – қасиеттi соғыс. Әйтсе де жеке адамның немесе билiк басындағы аз ғана топтың, бiр мемлекеттiң ғана мүдделерi үшiн қасиеттi нәрсенiң құны түсiрiлмеуге тиiс. Ұлы Жеңiс барша адамзаттың жеңiсi дейтiн болсақ, оның нәтижелерiн Кремль мен орыс халқы ғана иемдене алмайды. Бұл – шындықты аяққа таптау әрi нағыз әдiлетсiздiк.
Ресей, орыс қоғамы 1941-45 жылдардағы соғысты, жеңiстi алға салып, өз мемлекетiнiң сан қилы мүдделерiн астыртын жүргiзуге әккiленгенi соншалық, 9-мамыр қарсаңында, одан кейiн де қарапайым адамдар тәуелсiз Қазақстанда емес, баяғыша орыс империясының бұғауында күн кешiп жатқандай қорқыныш сезiмiнен арыла алған жоқ. Әсiресе, сол 9-мамыр күнi елiмiздегi барша телеарна журналистерi мен студия қонақтары эфирге кеуделерiне Георгий лентасын тағып шығуы қасиеттi Тәуелсiздiктен саналы түрде бас тарту ретiнде бағалануға тиiс. Егер олар Тәуелсiздiк белгiсi – мемлекетiмiздiң көк туының бөлшегiн жүрек тұсына тағып шыққанда жеңiстiң құны төмендеп қалар ма едi?!
Георгий лентасы дегенiмiз не? Георгий Победоносец дегенiмiз кiм? Орыс икондарында ұзын найзамен ат үстiнен айдаһарды өлтiрiп жатқан қалпында бейнеленетiн Георгий Победоносец аңыздық тұлға, православ дiнiнiң, Ресей империясының желеп-жебеушiсi. Патшалық Ресей заманында Георгий кресiмен солдаттар мен төменгi шендi офицерлер – қазақ даласын қару күшiмен жаулаған отаршылдар, қатыгездiгiмен аты жайылған орыс-казактары, Кенесары ханның басын шапқан жендеттер мен 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерiлiсi кезiнде қазақ ауылдарын аяусыз шауып, бейбiт халықты қан-жоса етiп қырғандар көптеп наградталғаны тарихтан аян. Ең қайғылысы сол, отаршылдарға осыншалық құрмет танытып отырған әлемдегi бiрден-бiр мемлекет – Қазақстан, тек қазақтар ғана. Бүйткенше, әлгiндейлер құлдық сананың, нағыз құлдықтың шынайы белгiсi – шынжыр бұғауды, ағаш ажырғыны мойнына кигенi игi едi. Тым болмағанда көлгiрсу мен кезектi өтiрiкке жол берiлмес едi мұндайда.Екiншi Дүниежүзiлiк соғыста ағылшындар да аянбай шайқасты. Тiптi, олар фашистiк Германиямен 1939 жылдың қыркүйегiнен бастап соғысқан болатын. Олардың туы құрметке әлдеқайда лайық. Ендеше оны кеудемiзге неге тақпасқа?! Әсiлi, қай кезеңде де орын алған тарихи оқиғаларды тәуелсiздiк призмасынан бағалап үйренбегенiмiз ергежейлi өремiздiң бiрден бiр белгiсiндей. Ұлы Отан соғысындағы жеңiс те қазақ халқының қаһармандығын әлемге паш еткен, жәй ғана бұратана халық емес, шынайы тәуелсiздiкке нағыз лайық ұлт екенiн дәлелдеген ұлы оқиғалардың бiрi болатын. Әрбiр төртiншi-бесiншi қазақ азаматы майдан далаларында ерлiкпен қаза тапты. Баршасы дерлiк 18 бен 40 жас аралығындағы нағыз қылшылдаған шағындағы ер азаматтар. Қазақ ұлты өзiнiң генофондынан бiр сәтте түгелдей айырылып қала жаздады. Және соғыста осынша құрбандыққа ұшыраған халықтар бiрлi-жарым ғана. Осыны орыс тарихшылары, Мәскеу мойындап отыр ма? Жоқ! Бiздi әлi де екiншi сортты санайды. Сондықтан да осы ретте бiр шындықты баса айтуымыз керек, әлемде орыстарды, ресейлiктердi ұнатпайтындар қарақұрым, жалпы орыс болғандығы үшiн емес, Ресейдiң ғасырлар бойы жүргiзiп келе жатқан дөкiр саясаты, Кремль билiгiн ұстап отырғандардың қазiргi өктемдiгi, екiжүздiлiгi мен өзге барша халықтарды бiтiспес дұшпан, ата жау санайтын өресiздiк, тар ойлылығы үшiн ұнатпайды. Орыс халқының өзi айтатындай: “Әлiмжеттiкпен әйбат бола алмайсың!”, (“Насильно мил не будешь!”).
Былтыр тамыз айында Солтүстiк Кавказ аймағындағы соғысты қазақстандық журналистер “Оңтүстiк Осетия жанжалы” деп күлбiлтелегенмен әлем жұртшылығы Ресейдiң осы агрессиясын қатты айыптағаны мәлiм. Ресейдiң бақайшығына дейiн қаруланған күшi басым әскерлерi, 58-армияның шынжыр табанды танкiлерiнiң қуатты тобы тәуелсiз, егемендi Грузияның территориялық тұтастығын табанға таптап, елдi бөлшектегенде әлемдiк беделдi басылымдардың баршасы дерлiк “Кремлевские пираты” (“The Wall Street”), “Запад больше не может безучастно наблюдать за бесчинствами бандита – России” (“The Guardian”), “Грузия : Россия напрашивается” (“The Financial Times”) деп жазуға мәжбүр болды. Тiптен, әр сөзiн екшеп айтатын АҚШ президентi, сабырлы да аса мәдениеттi Барак Обаманың өзi: “Ресей тым өшпендi, әлемге қауiп төндiрiп, аймақтағы тұрақтылыққа кесiрiн тигiзуде. Ресейге қатысты бiздiң барлық саясатымызды қайта қарауымыз керек” деуге мәжбүр болды. Мiне, осы соғыс басталмас бұрын Мәскеу Оңтүстiк Осетия мен Абхазияда азаматтарға Ресей төлқұжаттарын астыртын жаппай үлестiрiп, Ресейдiң мемлекеттiк наградаларын оңды-солды таратқан-ды. Тiптi, тәуелсiз елдiң территориясында осындай екiжүздi саясат жүргiзiлiп жатқандығына алаңдаған Грузия президентi Михаил Саакашвили бiрнеше рет арнайы мәлiмдеме жасап, Кремльдi қатты айыптағаны да белгiлi. Алайда, бұл Ресейдiң өктем әрi жымысқы саясатына тоқтау бола алған жоқ. Кейiнiрек Кремль Оңтүстiк Осетия халқының 90 пайызы Ресей азаматтары, оларды қорғауға тиiспiз деген екiжүздi желеудi алға тартты.

<!--pagebreak-->

Бiр ғажабы, соңғы жылдары Қазақстанда да шет елдердiң, ең әуелi Ресейдiң наградаларына құмартушылардың қатары көбейе түсуде. Елiмiздегi Ресейдiң елшiлiгi жылма-жыл ондаған қазақстандықтардың кеуделерiне түрлi орден-медальдi тағуды әдетке айналдырып келе жатқаны аңғарылады. Олардың арасында өнер адамдары, қоғам, мемлекет қайраткерлерi, экономиканың түрлi салаларындағы айтулы мамандар да бар. Кремльдiң марапатына ие болғандар осы наградаларын мақтан ете бастады. Тәуелсiз елдiң азаматтарын өзге мемлекеттер неге наградтайды? Сол мемлекеттiң сойылын соғып, Қазақстанда солардың мүдделерiн қорғайтындығы үшiн бе? Онда Қазақстан мүддесiн кiм қорғайды?! Таяуда Ресей президентi Дмитрий Медведев қазақстандық белгiлi актер, М.Лермонтов атындағы орыс драма театрының әртiсi Владимир Толоконниковты “Достық” орденiмен марапаттады. Жарлықта: “Қазақстанда орыс өнерi мен орыс тiлiн таратып әрi насихаттап жүргенi үшiн” деп ашық айтылған. Алдағы уақытта тәуелсiз Қазақстанның қаншама азаматын дәп осындай себеппен наградтамақшы? Әрине, үстiрт қарағанда мұнда тұрған ешқандай жымысқы саясат, сөкеттiк жоқ сияқты. Ал шынтуайтында бұл ұлы орысшыл шовинизм мен сепаратизмнiң қолтығына су бүрку, орыс тiлiн насихаттау арқылы Ресейдiң мемлекеттiк мүдделерiне басымдық берудiң шынайы көрiнiсi. Өзгелерге көрнекiлiк сабақ, қайда жүрсең де қасық қаның қалғанша орыс тiлiн қорға деп меңзеу, ынталандыру. Қазақ қоғамы үнемi желеу ететiн “халықтар достығын нығайту” дегендi де Д.Медведев бiлмейдi емес, тек көпе-көрнеу көзге iлмей отыр. Интернет арқылы Максим Крамаренко секiлдi саяз ойлылардың елiмiздегi белгiлi журналист Серiк Малеевке “артымда православ дiнi”, “ұлы да күштi”, “материктiк” орыс өркениетi, арысы Ресей бар”, – деп қоқан-лоққы жасауы да (“Жас қазақ” газетi, №16, 24 сәуiр, 2009 ж. Өркен Кенжебековтiң “Ротофобия” атты мақаласы) сол жымысқы саясаттың улы жемiсi. Осыдан бiраз бұрын телеарналарымыздың бiрiнде өткен өткiр пiкiрталас үстiнде жас қазақ радиожурналисi “31-радио” арнасында жұмыс iстеп жүргенiнде сондағы орыс әйелiнiң: “Сен мұнда 50-де 50 бағдарламасына ғана бола жүрсiң, әйтпесе сенiң де, қазақ тiлiнiң де қажетi жоқ”, – деген ауыр сөздердi айтқанын бүкiл Қазақстанға жаны жүдеп жайып салды.
Содан кейiн ешкiм селт еттi ме? Әлгi әйел қызметтен босатылғанын естiдiк пе? Жоқ! Қазақ тiлiн, қазақтарды жән-тәнiмен жек көретiн әлгiндей шовинист қызметкерлер бұқаралық ақпарат құралдарында – мемлекеттiң, ұлттың мүдделерiне қорған болуға тиiстi салаларда қалайша әлi күнге қызмет атқаруда?! Көшедегi қарапайым адам емес, бiрге қызмет iстейтiн әрiптесiне осындай пiкiр бiлдiрген жан бұдан былай Қазақстанның мүддесiн қорғайды деп сене аламыз ба? Сондықтан да телеарналардың көпшiлiгi дерлiк төл шығармалар көрсетуден гөрi, Ресей фильмдерi мен телехабарларын тәржiмалап ұсынуды жөн санайды. Бағдарламаларда (“каз.”) деп көрсетiлгенмен, оның қазақшасын төмендегi жүгiрiп жатқан титiмдей титрлерден ғана оқи аласың. Ал оған кiм шұқшиып отырады?! Өткен сенбi күнi “Первый канал Евразии” телеарнасы әлемдiк кино ретiнде “Полицейский по найму” фильмiн ұсынды. Телебағдарламада әдетiнше “каз.” деп көрсетiлген әлгi киноның қазақша дыбысталуы сұмдық сорақы болып шыққан. Аударған артистердiң дыбыстары көрсетiлген кадрлерден кешiгiп, мүлдем ауа жайылып естiлген.
Мәселен, қылмыскер көшедегi әйелдi ту сыртынан үшкiр темiр сұғып өлтiретiн сәтте экранда аузы ашылған әйелдiң, шошынған жұрттың бейнелерi үнсiз көрiнедi де, дыбысталуы бiрнеше минуттан кейiн-рахаттанып отырған бұрынғы полицейдi ваннаға шомылдырып жатқан әйелдiң күлiп отырған кезiнде: “Құтқарыңдар! Ойбай, өлтiрдi!” деген сипатта көрерменге естiледi. Аудармалардың сапасы айтыла-айтыла жауыр болған әңгiме, ал сол орашолақ аударманы да техникалық тұрғыдан мүлдем сиықсыз етiп шығару қазақ тiлiн сүйкiмсiз етуге бағытталған арандату әрекеттерi секiлдi.
Иә, соңғы жылдары онсыз да шыдамдылық пен көнбiстiктiң полигонына айналған Қазақстанда ұлттық намысымызды осылайша таптау күн санап өршiп, тұрақты үдерiске айналып кеткенi өтiрiк емес. Қазақ БАҚ-тарындағы титiмдей қателiк, елеусiз кемшiлiктердi қатаң қадағалап, қит етсе жаза қолдануға құштарлық танытатын шенеунiктер орыстiлдi ақпарат құралдарында алаштың намысын аяққа таптауды, қасақана жiберiлетiн сорақылықтарды аңғармағанситындарын жиi байқауға болады. Бұл – ұлттық намысты көпе-көрнеу таптауға жол беру, тiптi, кейбiреулер үшiн ерекше сәнге айналғандай. Турасын айтсақ, бiз, қазақтар, қорқынышқа жүктiмiз. Орыс империясынан, кеңестiк тоталитарлық жүйеден үзiлмей жеткен қорқыныш. 1916 жылғы қырғын мен Ұлы аштықтан, 1937-38 жылдардағы қаратүнек зобалаң мен үрейден, үнемi жүрегi шайлыққан адамдардың қойдай момындығы әрi бейшаралығы. Осыдан бiрер жыл бұрын белгiлi ақын ағамыз Несiпбек Айтов және өзге де ұлт жанашырлары мемлекеттiк тiлдi қорғау мақсатында Астанада көше шеруiн ұйымдастырғаны бар. Ортаңқол орыс әншiлерiнiң концертiне мыңдап жиналатын қазақтардың жиырма-отызы ғана әлгi шеруге қатысты. Ресейдегi орыс әйелiнiң француз күйеуiмен бала үшiн соттасып жатқанын қазiр күндiз-түнi хабарлап жатқан Қазақстан ақпарат құралдарының көпшiлiгi осынау маңызды шараға тiптен назар аударған да жоқ. Ол ол ма, 31-мамыр Қазақстанда Саяси қуғын-сүргiн құрбандарын еске алу күнi екенi баршаға белгiлi. Ал сол ұлттық Аза күнiн “Ел арна”, “Хабар” мен “Қазақстан” телеарналары ғана қаперге алды. Өзге барлық арна басшылығы бүлк еткен жоқ.
“Шердi шер қозғайды” демекшi, әлгiндей бейбiт шерулердi көптеп ұйымдастыру орнына, соңғы кездерi мемлекеттiк тiлдiң тағдыры саяси ұпай жинаудың тәсiлi емес,популистiк құралға айналмасын дейтiн “көсемдер” елiмiзде жауыннан соңғы саңырауқұлақтай қаптап барады. Мұндай өлi сөздi лауазымды мемлекеттiк қызметкерлер де, тiптен түрлi қозғалыстардың белсендiлерi де ойланбай айта салуды әдетке айналдырған. Ау, әрбiр нағыз қазақ үшiн туған тiлiнiң тағдыры, оның келешегiнен артқан саясат, одан асқан өмiрлiк мүдде бар ма?! Бар болса – ол қандай мүдде!? Бүгiн тiлiмiзден айрылсақ, ертең-ақ дiлiмiз, дiнiмiз, сан ғасырлық тарихымыз бен қайталанбайтын мәдениетiмiзден бiржола айырылатынымызды бiлуге көп ақылдың керегi жоқ қой. Ана тiлiн бiлмейтiн пенде, жұмыр басты адам болып қалуы ықтимал, бiрақ қазақ болып қала алмайды ғой.
Жалтақ, табансыз, қоянжүрек ересектер кейiнгi жастардың жүрегiндегi ұлтжандылық алауын, туған халқына, тiлiне деген сүйiспеншiлiгiн өшiрiп, етектен тартпақ болары қайғылы жайт.
Кейiнгi жастар да әр қадамын аңдап басса, суырылып алға шықпаса, баяғыша “бетегеден биiк, жусаннан аласа” болса деп тiлейтiндер, солай тәрбиелеуге құштарлар көп.
Бiрақ, жастардың өз жолы, өз үнi бар...
Осыдан бiрер апта бұрын Алматы қаласының әкiмi Ахметжан Есiмов мырза Студенттер сарайында Қазақ Ұлттық университетiнiң ұстаздар және студенттер қауымымен кездесу өткiзген болатын. Әдеттегiдей баяндама ресми тiлде оқылып, түрлi факультеттердiң атынан әкiмге құттықтау айтушылар да орыс тiлiнде жосылтқан. Жиналған жастардың арасында: “Апыр-ай, бiз ұлттық университетпiз бе, әлде Ресейдiң провинциялық оқу орнымыз ба?” деген наразы күбiр-сыбыр ұлғая түстi. Тек кездесу аяқталар тұста микрофонға қолы жеткен қаршадай қазақ қызы (экономика факультетiнiң 1-курс студентi екен): “Осында отырғандардың 90 пайызы, тiптен 100 пайызы қазақша жақсы түсiнедi. Менiң қояйын деген сұрағым баяндама неге орысша жасалды деген сұрақ емес, менiң қояйын дегенiм, баяндама неге қазақша жасалмады?” деп салды. Жиналған барша студенттер асқан ризалықпен дуылдата қол соққан сәт сол сарайдағы ең ұлы, қасиеттi сәт едi. Iле-шала кейбiр жастар әлгi қызға қарата: “Әттең-ай, оқудан шығарылатын болдың-ау, қаракөз қарындас!” десiп аянышпен бас шайқасты. Мiне, белгiленген шекара-шеңберден шығып кетсе тағдыры аяусыз талқыға түсетiнiн аузынан ана сүтi кеппеген кейбiреулер де жақсы ұғынып алған. Бiрақ әлгi қаршадай қыздың өрлiгi мен намысқойлығы қайталанбас қаһармандықпен пара-пар және ұлы ақын Мағжан Жұмабаев: “Мен кейiнгi жастарға сенемiн!” деген асқақ сөздердi осындайдан айтқаны даусыз. Ал студент қыздың болашақ тағдыры сарай президиумында отырған марқасқалардың арына сын. Билiгi бардың сөзiн ғана сөйлейтiн кейбiр оқытушылардың ұятына безбен!
Футболды тамашалауға кейде стадионға жиналатын қазақ жастарының:
“У казахов нет “назад”,
У казахов есть “вперед”!
Эй, детвора, слушайте
Это поет великий народ!” – деп күркiрей қосылып айтатын қазiргi әндерiнен-ақ ел намысын биiк қоя бiлетiн алаш ұрпағы қалыптасып жатқанына қуануға тиiспiз.
“Қорқақтан момын жаман” деген ұлы Абай. Табиғат тумысынан қорқақ етiп жаратқан жанның кiнәлерiн кеңпейiлдiкпен кешiруге болады, ал момындықты қой аузынан шөп алмайтын ынжықтық пен маубастыққа ұластыруға әдеттенген мосқал кiсiлердiң жаңа ұрпақ – жас қазақтарды да тайғанақ етiп тәрбиелеуге ұмтылатындығын ақтауға болмайды. Әсiлi, сондықтан да әлi күнге Ресейдiң илеуiнен шыға алмай жүрмiз, қолтығынан пана iздеуге құштармыз. Елдiк туымызды “Еуразия идеясымен” ауыстыруға әуестiгiмiздiң шектен асқаны соншалық, түр-түсiмiз, өмiр салтымыз, дiн мен дiлiмiз, тiптi, қамыт аяқтау кейпiмiз шынайы азиат екендiгiмiздi бадырайта әйгiлеп тұрса да, екiжүздiлiкпен өзiмiздi әлдебiр еуразиялық нәсiлге жатқызбақ боп қара терге түсудемiз. Әйгiлi Лох-Несс құбыжығы секiлдi не бар екендiгi, не жоқ екендiгi жұмбақ әлгi еуразиялық нәсiл қай ауру қиялдан туғанын түсiну қиын.
Еуропаға қарай ұмтылыстың да үдесiнен шығар түрiмiз жоқ, өйткенi, мамыр айында НАТО-ның Грузияда өткiзген әскери жаттығуларына қатысудан Қазақстан көпе-көрнеу бас тартқаны елiмiздi Еуропаға сүйкiмдi ете қойды дей алмаймыз.
Ал бүкiл НАТО елдерi мен оған мүшелiкке ұмтылып отырған жаңа тәуелсiз мемлекеттердiң баршасы өз елдерiнiң ұлттық қауiпсiздiгi аталмыш альянстың қызметiне тiкелей байланысты екенiне әбден көз жеткiзiп болған.
Солтүстiк Кавказдағы соғыстан кейiн өткiзiлген осынау әскери жаттығуларға Батыс елдерi айрықша маңыз бергендiгi белгiлi және оған Ресейдiң түбегейлi қарсы болғаны да мәлiм. Аталмыш штабтық жаттығулардан Қазақстанның бас тартуына Кремльдiң ықпал еткенiне әлемдiк сарапшылар мен халықаралық зертеушiлердiң еш күмәнi жоқ.
Ол аз дегендей, Еуропа мемлекеттерiнiң өкiлдерi Прага қаласында бас қосып, аса маңызды “Набукко” газ құбырының құрылысы таяу арада басталатыны туралы Декларацияға қол қойғанда Қазақстан тағы да қалыс қалды. Ресей территориясын айналып өтетiн әрi басқа жобалардан неғұрлым арзан түсетiн және мейлiнше қауiпсiз “Набукко” жобасына өктем Ресейдiң әу бастан өш, түбегейлi қарсы екенi де белгiлi. Барша Батыс елдерi тиiмдiлiгiн мойындап отырған стратегиялық газ құбырынан Қазақстанның бас тартуы кездейсоқтық еместiгiн Еуропа аңғармайтындай ессiз емес шығар?! Газ мәселесi тым терең, құйтырқысы көп әңгiме. Келер күнге қалдырайық оны да.
Қара сөзге дес бермеген қазақ осыдан сан ғасырлар бұрын-ақ: “Орыстан досың болса, қойныңда балтаң жүрсiн”, – деп ғақлия еткенiн Еуропа елдерi ендi-ендi мойындай бастаған iспеттi. Сондықтан да өз қауiпсiздiктерi үшiн алаңдайды, посткеңестiк елдерге бүйрегi бұрады. Ал Қазақстан... жеме-жемге келгенде үнемi Кремльге қарап жалтақтайды. Осылайша зымыран уақыт жүйткiп барады. Жиырма екi жасында қан майданда ерлiкпен қаза тапқан қаһарман ұлдарымыздың бiрi Баубек Бұлқышев сонау 1942 жылы “Өмiр мен өлiм туралы” толғанып: “Адам туады, адам өледi. Мұнда тұрған қайғы не? Бұл – жаратылыс заңы. Бiздiң шығыс елдерi: “Адам – дүниеге келген қонақ, бiраз қонақтадың, аттануың керек”, – деседi.
Бiрақ адам дүниеге тек қана келiп, әшейiн ғана аттана бермейдi: ол артында ой қалдырады, ойдан мұра қалдырады. Ол өмiрге адам болып келiп, адам күйiнде қайтады”, – деп тебiренген екен. Қазiргi ұрпақтың қолына Тәуелсiздiктiң көк байрағын бұйыртыпты, кемеңгер Жаратушы! Сол асқақ Тәуелсiздiк туралы бүгiнгi шындық келер ұрпақтар үшiн әлдебiр аңыздық мұраға айналмаса игi. Әдемi аңыздар аяқталмаса игi.

 

 

Жаңабек ШАҒАТАЙ, «Түркістан» газеті, 04.06.2009

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5524