Дүйсенбі, 21 Қазан 2024
Енді қайттік?.. 4703 15 пікір 18 Қазан, 2017 сағат 11:49

 Жепуттардың жалақысы тағы да өскелі жатыр

 

«Мешкей деген жақсы атақ емес» демекші, депутаттың «жепутат»  аталуы да қайбір дұрыс дейсіз?.. Көп болды Қазақстанда «халық қалаулылары» «жепутат» аталып жүр. Жиіркенішті атау. Бұл атаудың ар жағына үңіліп жатудың қажеті шамалы, бер жағында-ақ оның адырайған албасты бейнесі көрініп тұр: жемеңгер, ішіп-жеуден, ұрлықтан еш тиылмайтын пенде. Қолымызды жүрек тұсымызға қойып айталық, әлгі «жепуттардың» қатарында ел ісіне елгезек, қоғамдық, ұлттық мүддеге жаны ауратын азаматтар да бар. Олар – депуттар. Алайда, жеп қоятындармен қойын-қолтық араласатындықтан оларға да жалпы атауды, халықтық атауды жаба саламыз: жепутаттар. Бұл жебекеңдер жеке мақсат, желкенді армандарына келгенде шетінен жер тарпып тұр. Қаржылық топтардың заң шығарушы органда отырған сыбайластары – осылар. Оны өздері әредік байқатып та қояды. Мәселенки, Қазақстанда тарифтер үздіксіз өсіп жатады. Дауыс көтеріп, үн шығаратын депутатты сондай кезде таба алмай қаласың. Неге? Себебі олардың аузын монополист алып қойған. Тіл мәселесі, көші-қон, ішкі миграция, оқу-білім, т.б. сияқты ұлттық мазмұны терең мәселелер күн тәртібіне шыға келеді. Бірер депутаттың ғана үні естіледі де қалғандары үнсіз, тымырайып отыра береді. Неге? Себебі, бұл жайттар түбегейлі шешімін табатын болса, қоғамда қазақтілді қауымның белсенділігі артып, билік пен бизнеске ауыз салуы мүмкін. Сондықтан «аш пәледен қаш пәле», бұндай тақырыпқа үн қосудың қажеті шамалы. Өйткені бизнес элита мен билік түгел орыстілді. Депутат болған соң алпауыт атаулының ығын тауып, ықтап өмір сүрген абзал. Әлгі жепуттардың ішінде Қазақстандағы орыстілді элитаның ғана емес, қазіргі Ресей билігінің мүддесін ашық қорғайтындар да бар. Соның бірі: «Латын қаріпіне көшсек, «Руский мир» әлемінен жырақтап кетеміз» деп сықсыңдаған депутат-маржамыз болатын. Бүгінгі депутаттардың ортасында бұндай маржалар көп және бола да беретін сияқты...

Кеше Экономика министрі Бақыт Сұлтанов әскери қызыметкерлер мен құқыққорғау органында істейтіндердің жалақысымен бірге Парламент депутаттарының да алатын айлықтары еселенетінін айтып қалды. Жоғары жалақы көлемін өсіру үшін бюджеттен 33,1 миллиард теңге қарастырылған. Соның 640 миллионы Мәжіліс пен Сенат депутаттарының еңбекақысын үстемелеуге жұмсалады екен. Міне, керемет! Біз  депуттардың жылдап, айлап өсіп бара жатқан жалақысының көлеміне қарап, «керемет» деп тамсанамыз, «бұ қалай?» деп сұрақ қоя алмаймыз. Өйткені әлгіндей сауалға беті қызара қоятын депутат Мәжілісте аз, өте аз. Оны айтасыз, осы 6-шы шақырылымдағы Мәжіліс депуттары баспаналарына кіріп болғанша, өздеріне Астанадан қымбат қонақүйлерді талап етіп елді шу-шұрқан қылған. Одан кейін...доллардың теңгемен арадағы бағамы зымырап өскенде тағы да жалақыларының жайын айтып жылап-еңіреп шыға келді. Сөйтті де қалталарын кезекті рет қампайтып алды. Сөйткен жемеңгер жепуттардың 640 миллион теңгеге қол салғандарына қарап еш таңқалмаймыз да, көлденең сұрақ та қоймаймыз. Сондай-ақ коррупциямен ортасы әбден былыққан, коррупцияны жүйеге айналдырған құқық қорғау саласының қызметкерлеріне берілетін жоғары жалақыға да «жол болсын» айтамыз.

Ілияс Ақбай

Abai.kz

 

 

15 пікір