Кімдікі дұрыс?
Қазір қаламдастарымыз бір жазылмас «дертке» ұшырады. Ол жазу емлесіне байланысты. Қазір екінің бірі көрінген жерге қос нүкте қоя беретін болды. Директор десе де, редактор десе де - қос нүкте. Ал ереже бойынша негізінен жалпылауыш мәнді сөздің алдынан кейін қойылады. Шындығына келсек, бүгінде әріптестеріміздің дені жалпы мен жалқыда шаруасы жоқ, шүпірлетіп қоя береді. Оған мысалды көп газеттің мекен-жайын оқып көрсеңіз тез табасыз.
Сол сияқты тырнақша да ойыншыққа айналды. Мысалы, «Түркістан» газетінде (№42.(1212)19.10.2017) Анар Лепесова Әуезов театрының жаңа маусымының ашылуы туралы мақаласында:«...театрдың «Әдебиет бөлімінің» меңгерушісі, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Әлия Бөпежанова және «Музей» бөлімінің жетекшісі Наргиз Тамабекқызы қатысты. Жиынның модераторы театрдың «Баспасөз қызметі» бөлімінің жетекшісі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Бақыт Беделхан болды» деп жазады. Осындағы астын сызған сөздер бас іріппен де, тырнақшаға да алынбауы керек емес пе?
Тағы бір «дерт» - мекеме, кәсіпорындары өз атын құжат бланкілерінде қалай жазса, сол ғимараттарының маңдайшасына да сол күйінше, ащы ішектей созып жазатын дағдыға айналды. Сонда да қаптап тұрған тырнақша мен аббревиатуралар.
Айтпағым, тыныс белгінің ережелеріне пысқырмай барамыз. Бәлкім, мен қазақ тілі емлесіне енген жаңалықтардан бейхабармын ба? Төрелігін «Абай» порталын оқитын мамандар айтып берсе деймін. Кімдікі дұрыс?
Т. Т.Жаңашалов, Қостанай
Abai.kz