Жұма, 22 Қараша 2024
Алашорда 16365 63 пікір 26 Қазан, 2017 сағат 08:46

Қырғыз тарихшысы Б.Солтоноевтың Кенесары хан туралы жазбалары

Түгелдей дерлік, тарихшы-зертеушілер, өз еңбектерінде Қырғыз тарихшысы Белек Солтоноевтың (1878-1938) еңбектерін пайдаланып, сілтемелер жасайды. Осы белгігілі тұлғаның, Кенесары хан туралы жазбаларына тоқтала кетсек. Белек Солтоноев - Қырғыздың атақты тарихшы, әдебиетшісі. Қырғыз тарихына арнап жазған белгілі еңбегін араб әріпімен 1895 жылдан бастап, 1934 жылы (40 жылдай уақыт) аяқтаған екен. Өзі, 1938 жылы қуғын-сүргінге ұшырап, атылып кеткен, 1955-жылы ақталған.

Б.Солтоноев

Еңбегі басында «Қырғыз-қазақ тарихы» деп аталынып, кейіннен, «Қызыл Кыргыз тарыхы» болып өзгертілген. Осыдан-ақ, бұл атақты ғалым адамның еңбегі тура сол күйінде жетті ме; түпнұсқасы бар ма; кейбір жерлерінде қоспалар, қысқартулар бар екендігі неліктен анық көрінетіндей; еңбек араб графикасынан тура сол күйінде осы әріптерге көшірілді ме немесе бұрмаланды ма (себебі, біраз грамматикалық қателер бар екен) және т.б. сұрақтар туындайды. Баяндалған оқиғалардың кей тұстарында, Кеңес Өкіметі саясатының қысымын және өз руластарына «бүйрегі бұрыңқырап» жазылғандығын да (адам сенбес, балаларды бауыздау, екіқабат әйелдердің ішін жару), кейбір қарама-қайшылықтарды да аңғаруға болады. Біраз зертеушілердің осы еңбекке жасаған кей сілтемелерін өз басым, осы жерден кездестіре алмадым, яғни, шығарманың бірнеше нұсқалары да бар ма, олай болса міндетті түрде «жұлмаланғаны» ғой деген ойға қалдым.

Еңбекті оқи отырсаңыз, тарихи құжаттар ұшыраспайды, ел аузынан жинаған сөздер екені (анау былай деген, мынау былай деген; «черикчилер 100 киши, бир кабарда 180 киши» сияқты...) айқын байқалады. Сондықтан, бұл атақты еңбекті тарихи емес, әдеби, ауыз әдебиеті (фольклор) түріне жатқызып, сілтемелер жасағанда осыны ескерген дұрыс болар деген ойдамыз. Бұл жерде баса ескеретін тағы бір жайт, ол еңбектің Кене Хан оқиғаларынан кейін 50 жылдан кейін жазылғандығы (ауыз әдебиеті үшін үлкен уақыт)!

Осы, 2 томдық еңбекте Кенесары ханға қатысты: Абылай Хан уулы Кене Хандын Кыргыз менен согушу (Жылкы жылы) 1846-жылында; Солто Бөлөкбайлардын казак Шоорук баатырды өлтүргөнү; 1847-жылында Кене Хандын кыргызга экинчи чабуулуу (кой жылы) атты тараулары бар.

Тарауларда көптеген қазақ-қырғыз кісілерінің аттары, жер атаулары, оқиғалар баяндалады. Оқиға желісі Абылай ханның және Қасым сұлтанның қырғыз жеріне келгендігі, көрсеткен қысымдарынан біраз мәліметтер беріліп келіп, Кенесары хан тұсына ойысады. «Казакта оруска багына баштаганда Күн батыш Сибирде төрөлөрдөн башка кара казактан багынгандары..» дей келе, қазақтың кейбірі Орысқа, кейбірі Кене ханға қараған, қолдаған адамдары, рулары аталады.

Кене ханның 1846 жылы Қырғыз манаптарына «бірлесейік, ел болайық...» дегеніне, олардың ақылдасып, «Не да болсо казак менен бирде эл, бирде жоо боло келсек да азап-асылыбыз аралаш журт элек, кандай болсо да эл болуп туралы, деп, чаар атка жолборстун терисин жаап, тартуу кыла Тынаалы менен Байтерек, Үкү Бий уулун жиберіп», кейінірек бұл келісімнің «Бөлөкбай кыргыздары барып, Кененхандын...» біраз жылқысын ұрлап алып, іздеушілерге мазақ сөз айтқаны баяндалады. Осыдан кейін автор, «Кыргыз менен урушууга шылтоо таппай турган Кененхан...» шабуылдарды бастады дейді. Бірталай ұрыстар (көбіне сенімсіздеу) баяндалады.

Бұдан кейін екі жақ та келісімге тырысқан, тұтқындар босатылған, «жараштырабыз деп Чапырашты Шоорук баатыр аракет кылганда солтодон Бөлөкбай, Жаманкара баатыр менен Болотту баш кылып, 15 кишини жиберген» делінеді. Осы жерде мүлде түсініксіз айтылған жағдай, елші Жаманқараның  оқиғасы былай: «Буларды Кененсары өлтүрүүгө ооп калганда, казактан Экей, Сарыбай бул кыргыздарды мен күтүп турайын деп барганда Кененсары: мен өзүм күтөмүн деп Сарыбайды ынандырып кайта жиберген. Сарыбай кеткен түнү Жаманкараны чөк түшүрүп олтургузуп коюп, бир бөйрөгүн сууруп алганда Жаманкара былк эткен эмес. Экинчи бөйрөгүн сууруп алганда чалкасынан кетип, агаң кошо Турсун дегенди дагы өлтүрүп, калган жолдошторун коё берген. Өлүктөрүн журтка таштап, өзү көчүп кеткен» айтылады. Оларды не үшін өлтіргені айтылмайды және ең күмән туғызатыны бұдан кейін барған елші «тынай кыргызы Калыгул» жақсы қарсы алынған (кызыл-ала бачайы күрмө кийген, кийимдери таза узун бойлуу ичке шыптай болгон ак чекир сыяктуу сакал-муруту чыга элек жаш жигит «биздикине конок болуңуз» деп алып кеткен. Бул жигит баягы, айтылуу Норузбай төрө экен»). Міне, осыдан-ақ бұл оқиғаның шала екендігі білінеді.

Кенесары атақты ақсүйек, жеке басы ержүрек батыр, ата-салтты бұлжытпай орындаған адам екенін бәріміз білеміз. Олай болса Жаманқараға қатысты айтылғандар ойға сыйғысыз! Айтылу бойынша, ханның өзі өлтірген деген мүлде шындыққа жанаспайды! Ол хан! Жендет емес! Ондай жазалау, үкім орындаушылардың арнайы адамдары болғанын да (І.Есенберлинде ханның ишарасынан ұғатын, өзі мылқау, дүлей күш иесі «Қара Үлек» аталады) білеміз. Ханның жеке басының көзсіз ер екенін автор да бірнеше эпизодтарда өзі келтірген. Мысалы: «Ормонбек... өлүп жаткан агасы Субанбекти көрүп, казактын соңуна түшкөн... Кененханга жетип, «кара болсоң жүрө бер, кан болсоң токто» деп, чакырганда кайрылып көрүп, Кененхан кылычын сууруп ала бурулуп карап турган, Ормонбек кылыч менен шилтеп жибергенде Кененханга тийбестен, тердигин таарып кеткен. Кененхандын шилтеген кылычы Ормонбектин чекесине тийип, эси ооп бара жатканда аттын жалына сүйөнө, кайта «чу» деп качкан...», дейді. Белек жарықтық, өз-сөзіне өзі қарсы шыға қоймас еді... деген ойдамыз.

Ақыры, екі жақ: «Башка карыялар жана Калыгул өз сөзүндө бул сапарда берген убадасы аныгы мындай болгон: казак, кыргыздын жоосу болсо биргелешип жоолайлы, өзүбүз эл болуп туралы, чоң кеңешибизди Кененханга салып анын айтканынан чыкпайлы»,- деген келісімге келген. Осы тұста (еңбекте айтылмаған) хан Кене де өз тарапынан «өткенге салауат жариялап» тұтқындарды босатқаны белгілі.

Алайда көп ұзамай келісім-шарт бұзылып, Солто Бөлекбайлар «70-80 тандалмалуу азаматтар аттанып чыгып» жылқысын барымталап, артынан қуған Саурық батырды «Самак менен Күрпүк үзөңгү тийиштире качырышып бири аттан ыргыта сайганда, бири жөө качып бара жаткан Шоорукту далыдан сайган...» өлтіреді.

Содан, «1847-жылында Кене Хандын кыргызга экинчи чабуулуу» басталған. Қоқанның Мерке қамалы алынғандығын естіген қырғыздар, «Пишпектеги өзүбектин беги Алишерге келип, Кененсарынын кабарын айтып: «Сиз урушасызбы, жаки жарашып турасызбы»,- дегенде бек: «Меркенин беги арамзада коркок жана бача эле. Хан азиретибиздин тузу урсун, менин эки замбирегим бар. Азирети ханыбыздын тузун кантип актабайын, урушамын»,-деген. Өзі, Пішпекке (қазіргі Бишкек) Кене Хан келсе, айналадағы қырғыздарға хабарлайтынын айтқан. Жан-жаққа жаушылар жіберіліп Солто, Шерікші, Тынай, Сарыбағыш және басқалар түгел қамданып, соғысқа дайындалған.

Міне, осыдан, автор анықтап айтпағанмен, қырғыздарды (өздеріне бағынышты ел себепті) Қоқандықтар толық қолдап, басқарып, үйлестіріп отырғанын және әскери іштіртін (тыл) көмек бергенін көреміз.

Ары қарай автор: «Кененхан казактан 8-9 мин кол жыйнап, кыз-келинге тумак кийгизип, көгөөн желесин байланта жүрүп, Пишпектен өтүп кыргызга чабуул кылган. Кол башчылары: чымырдан - Байзак датка, ботбайдан - Супатай, Түлөберди, каракойлудан - Кудайберген, аккойлуудан - Байет, аргындан - Чубуртбалы, Агыбай, тамандан - Богогусчул баатыр менен Бармен датка болгон» дейді. Бірталай соғыс эпизодтары баяндалады.

Бір түсініксіз жер, Ержан төре туралы жазбалардың мүлде анық еместігі (бұл туралы қазақ деректері тіптен басқаша): «Бөлөкбайдын боз балдары беттешип согушуп жүргөндө кара кызыл ат минип жүргөн Эржан төрөнү Жоосейит, бир кабарда жетикашкадан Андаш бет алдынан найза менен сайып түшүргөн. Норузбай бура тартып, кыргызды качырып кирип келип найза сала албастан «Эржан төрө деген осу, кыргыздар жаксылап багыңдар» деп, кайта кеткен. Эржан төрө экенин кыргыздар билген соң кескилеп өлтүргөн. Бир кабарда Жаманкаранын агайындары багып туруп, кийин өлтүргөн. Жана бир кабарда Жаманкаранын Самак деген тууганы Эржан экенин билер замат бычак менен жара тартып жиберип, канынан үч ууртап алып, Жаманкаранын күйүтү эми кетти,- деп атына минип казакты каптаган жолдошторуна кошулган». Міне, өздеріңіз де көріп отырғандай, қай хабарға сенерімізді білмедік. Ахмет сұлтанның (Кенесарыұлы) жазбасында «Ержан төре, Наурызбай екеуі тауда қырғыздарды қуып бара жатып, Ержанның аты болдырады, «Көке» дегенін естіген Наурызбай бұрылып келіп, қоршаған қырғыздарды қуып тастап, Ержанды құтқарып алады. Кейін, қолға түсіп, өлтірілген» делінген. Жазбада «Кудайменде төрө Чынгыштын колуна түшүп, аны Алимбек менен Болот өлтүргөн» делінген.

Жазбада Наурызбайдың жеке ерліктері де суреттелген: «Норузбай үч күн катары менен жекеге чыгып келип, үч кыргызды сайып кеткен. Мунун бири өлүп, экөө аман калган...

Норузбай минген Кертайлак,

Текеликтен сеңирден,

Чыга келди кол жайнап.

Коркконунан көп кыргыз

Ойбайлаган кудайлап.

Өтүп чыккан өтүнүп,

Орто жол менен төтөлөп,

Өң жүйрүгүн жетелеп...» және т.б. жазбалар бар.

Автор қазақтардың жеңілуіне басты жағдайдың бірі ретінде «Мындан соң кыргыздар жалпы атка минип, Чүйдүн суусун бөгөп, таш салып жиберип, сууну Кызыл-Суу, Шамшынын оюн көздөп буруп жибергенде казактар сууга жетпей калган» дегенді келтіреді. Жан-жақтан көмекке қырғыздар келе берген, Орман манап та жеткен, кернейлетіп. Соңғы шайқаста күші басым жау, «Бөлөкбай, Атаке, Абайылдаган!» ураан чыгып, мылтыктар атылып, күн абдан батып, эл орунга олтура казак качты, жоо качты деп каптаган кыргыздын дүбүртүнөн, аткан октун үнүнөн ойдо-тоодогу кыйкырыктан жер-суу дүңгүрөп кеткен» деп жазғандай, жеңіске жетеді.

Қазақ ішіндегі сатқындықтардың, кейбір үрейленудің де себептері көп екенін мынадан, яғни: «Казактан ак көйнөк кийип аман калганы Чымыр Байзактын эли болгон. Ол ... астыртан Ормонго киши жибергенде: «элине текши ак көйнөк кийгизсин, мен кыргызга ак көйнөк кийгизем»,- дегенінен байқаймыз. Бір «қызығы» автор бұл жерде Рүстем төре мен Сыпатайдың ұрыс алаңынан елін бастап, қашып кеткенін айтпайды (әлде бір себептер болды ма екен?). Оларға қосымша, Байзақ датқаның да «іштен шыққан жау» болғаны, нақты жазылыпты. Кейіннен осындайларды қырғыздар қалай босатқаны туралы, жазбада деректер бар: «Кудайбергендин сарыгер аты бермет бастырган ичи-тышы кундуз бөркү, алтын кемери жана кундуз болгон. Жантай кудалашып, 100 төө, 1000 кой калыңдыкка убадалашып узатып жиберген. Чымыр Байзакты ат баштаган бир тогуз менен Ормон узаткан...» Ал Ағыбай туралы: «Чубуртбалы Агыбай өз казактарын бир бөлүп, кыргыздын куугунтугу өткөнчө жардын түбүндөгү муюшка жашырып, кыргыз текши өткөн соң Токмоктун арал жолуна салып аман-эсен кутулуп кеткен» делінген.

Енді, автор қанша «жұмсартқанмен», анық көрінетін нағыз трагедиялы тұсқа да жеттік. Осыдан ары қарай, жазбадағы қисынсыздықтар, қарама-қайшылықтар көбейе түседі. Хан мен Наурызбай сұлтанның қолға түскендері (сан түрлі) былай баяндалады: «Тынай кыргызынан Дайырбек, Калча дегендер таң атарда Норузбайды кармаган. Жана Тынай кыргызынан Кармыштын балдары Текеликтин тоосунда Кене ханды шашкеде кармаган»; және «Бир кабарда Кенен хан Норузбайды кармаган Чечей Атамбектин Опу, Топу, деген балдары кармаган. Ак койлуу Байеттин 19 жаштагы Кудайберген баласын Тынай кыргызы Абыла уругунан Аалы кармаган»... Көріп отырғанымыздай анықтық жоқ.

Енді «Кененсары, Норузбай эки башка айылда болуп 7-8 күн багып турган» делінеді. Алайда, бұл туралы мүлде басқаша деректердің бар екендігін, қазір көпшілік біледі. Мысал ретінде, орыс зерттеушілерінің бірі А. Добросмыслов былай жазғанын келтірелік: «Оны өлтірмес бұрын, қырғыздар аса ерекше батылдығы мен қайсарлығы асып туған Кенесары Қасымұлынан өздеріне ұрпақ алу үшін, қырық түн бойы қойнына қалаулы қыздарын салумен болды». Бірақ ұлттық қаһарман, әрі билеуші бұл жолы да бас имеді. Ал, Наурызбайдың қолға түскені туралы жазбада, «ұсталынды» дегенмен, көптеген естелік-деректер, оның өзі барғанын растайды.

Хан өмірінің соңғы сәтін автор былайша баяндайды: «Кыргыздар Кене ханды өлтүрүүгө макулдашып киши жиберип, мурунку жылы элчи жиберген киши бар ма дегенде Кене хан «болсо боолор» деген. Кыргыздын өлтүрмөк болгонун Кене хан билген соң: «Мен даарат алып, намаз окуп алайын, анан соң ишаара кылайын, ошондо жанымды кыйнабай кылыч менен бир чаап өлтүргүлө»,- деген. Эртең менен намаз багымдатты окуп болуп, ишаара кылганда мурунку жылы Кененсарыдан өлгөн Ормонбек Субанбектин Тайсары деген иниси Таштанбектин болоту менен шилтеп жибергенде башы ыргып кеткен. Башы томолонуп, кыймылдап жатканда жесир катындар чуркап келип кулактарын кесип алган. Өлүгүн Кызыл Суу менен Шамшынын ортосундагы Борду деген сайдын орто бөксөсү тоого көмгөн. Кененсарыны өлтүрөр замат күн катуу жааган.» Ал Наурызбай туралы былай айтылған: «Норузбайдан мурунку жылкы элчилер барбы дегенде: «Жаманкараңды жайлаган, Ормонбегиңди ойрондогон, Субанбегиңди сулаткан, Калпагыңды талпак кылган колум осы»,- деген. «Өтүң эминеге дары?» дегенде, “Кызыңдын... даары,- деген. Төрт арманым калды: биринчи - апам байга узатылган жок деди, экинчи - перзентим калган жок, үчүнчү арманым - токсон төөдө бул ачылган жок. Төртүнчү арманым - алты ата алач баласын артыма салып, Эдил Жайык, Сары Аркада орус менен беттешпедим»,- деген. Мурунку жылы казактан өлгөн Калпактын катыны кылыч менен чабаарда Норузбай: «Кыргызда эркек жокпу?»,- деген. Калпактын Түлөбай деген жигити кылыч менен башка тартып калганда оңкосунан кетип өлгөн. Калпактын катыны ичин жара тартып, канынан үч ууртап алган. Сөөгүн Шамшынын күн чыгыш жаккы кашатка көмгөн». Алайда, бұл туралы да басқа көптеген деректер бар екендігін көпшілік қазір біледі.

Автор, енді осындай «аярлық-қаніпезерліктерді» барынша жұмсартып, өз тайпаластарын ақтауға тырысады: «Бүткүл кыргыздын баш кишилери Ормон ичинде болуп кеңеш кылып, казак менен эл болуп туралы, өлгөн өлдү, калганыбыз журт бололу, Кененсары, Норузбайга катын алып берип узаталы дегенде мурунку жылы өлгөн жигиттердин, эрлердин ага-инилери болбостон алардын энелери, катындары айыл курчап жатып алган.

Кене хан кыргыздын бир баш кишисине меңи жолуктургун дегенде кыргыздар макул албаган. Кыргыздар акыры мындай деген: “Буларды коё берсек биринчиде, элибиз бузулат экен, эгер өлтүрбөстөн багып жүрсөк казактар Төрөгелдини коё бербестен багып жүрүп, Кененсары менен Норузбайга оро-пара кылып буларды бошотуп кетет экен». Жиналған елдер: «Кене хан Норузбай колго түшүптүр деп угуп, өлтүрөбүз деп Кененсары жаткан жолбундун үйүн курчап калган». Және «Булардын өлгөнүн ырастоо үчүн Кененсарынын башын орустун улугуна тартуу кылсаңар Төрөгелдини бошотот дегенде, Жантай өз жакын туугандарынан Калыгул Алыбек уулунан Кененсарынын башын берип, Омбудагы орустун жандыралсына жиберген. Орус улугу Калыгулга жана башка кыргыз өкүлдөрүнө медал, чепкен берип, Төрөгелдини бошоткон». Осындай тектес сөздерден соң, Кене Хан, Наурызбайдың әлпеттері, киімдері сипатталып, қазақ пен қырғыздың қару-жарақтары, аттары да сөз болған. Қоқан ханына екі арбаға тиеп апарған қазақ сарбаздарының бастары туралы (капитан Рыльцовтың мәліметі) мүлде айтылмайды. Көптеген әңгімелерді Қалығұлдың (1899 жылы өлген) өз аузынан 1895-жылы жазып алдым, «Кененсарынын башын алып барганда алган алтын медалдары бар экен» дей келе, оның нақты көптеген деректерін келтірмегендей. Автор: «Көкжал Барактан (1770-жыл) башталган кыргыз-казак согушу эл чабыш, кедей-дыйкан орто чарбаны эзиш, өлтүрүш, жылкы тийиш менен жүрүп, кээде жараш, кээде уруш болуп, кедейден миңдеген кишилер, баатырлар кырылып, алардын эч бири айтылбастан, алар аман-эсен калгансып, баякы канкор феодал манаптардан ондогон гана кишилери, кансоргучтар өлгөн болсо, алар гана айтылган. Бул кыргыз-казактын арасындагы жаңжал 77 жылдан кийин кан соргуч Кенехан, Норузбай, Эржан, Кудайменде төрөлөрдүн кыргыздан өлтүрүлгөнү менен токтоду»,- деп, бұл тарауларды коммунистік рухта түйіндейді (өз сөзі ме... кім білсін?).

Әрине, өз еліңнің осалдығы, әлсіздік-қатігездігі туралы жазу, ешкімге де оңай емес! Сондықтан болар, Белек жарықтықтың, ханды бір адамдар емес, «жалпы жиналған көпшілік тобыр өз беттерінше жазалады (расправа)» ретінде келтіруге тырысқандығы! Бұл жерде не айтуға болады, сондай ғұлама адам, ежелден келе жатқан, «Ханның басын хан алар; Қонақты жәбірлеуге жол жоқ... т.б.» сияқты, Ұлы Дала қағидасының бұзылғандығын білмеді, түсінбеді деп айтуға ауызымыз бармайды! Бірақ, ол ата-дәстүр сақталмады...

Тараулардың «Абылай Хан уулы Кене Хандын Кыргыз менен согушу» деп аталуы да, ойлантады. Неге, қазақ-қырғыз соғысы демеген? Тіптен, Халықаралық Заңдылықтарға жүгінсек, (сол кездегі қырғыздың Қоқан елі екенін ескеріп), бұл – «Қазақ пен Қоқан Хандықтарының соғысы» аталуы керек емес пе? Ал Қоқан хандығы ол кезде Ұлыбританияның қолдауын (Ресейге қарсы қолданған) сезіне бастаған. Бұқара әмірлігімен, Ташкент және басқа жерлер үшін, Хиуа Хандығымен бағынышты елдер үшін, тату қарым-қатынаста болған жоқ. Солай бола тұра, Кене Ханның Ресейге қас екенін біле тұра, Қазақ Хандығын құртуға бірінші кезекте мүдделі болды! Өздерінің де кешікпей, Ресей бодандығына түсетіндіктерін ұғына алмады. Қазақ-қырғыз арасындағы шайқастардың басталуына әлеуметтік-тұрмыстық (жылқы ұрлау т.с.с.) деңгейдегі себептерге байланыстырған сол кездің адамдарынан, Орта Азиядағы күрделі - саяси, экономикалық ахуалдың себепкер екендігін түсіндірмегендіктеріне ренжуге қақымыз жоқ болар...

Азкен Алтай

Abai.kz

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

63 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5320