«Құрылтай өткізуге тым ерте екен»
«Құрылтай өткізуге тым ерте екен. Жалпы, ұлт мәселесі дегеніміз - өте нәзік әрі қымбат мәселе. Ол асығыстықты көтермейді. Мен осыны терең ұғындым»,- дейді Қажымұқан Ғабдолла мырза (суретте) «Абай.кз» ақпараттық порталына арнайы беріп отырған сұхбатында. Естеріңізге сала кетейік, Орал қаласынан шығатын «Жұмадағы жүздесу»газетінің бас редакторы Қажымұқан Ғабдолла бауырымыз «Қазақстанның батыс аймағы қазақтарының 1-Құрылтайын» өткізбек болып әрекеттенген еді. Бірақ, оның бұл талабы алдымен ұлтжанашырларының тарапынан қарсылыққа ұшырады. Неге, не үшін, нендей себеппен қарсылыққа ұшырағанын төмендегі сұхбатында Қажекең де ептеп аңғартып өтеді. Біз сұхбатты сұхбат алушының алғысөзімен бірге үтір нүктесін өзгертпей жариялағанды жөн көрдік.
«Абай-ақпарат»
«АҚЫЛЫМЫЗ АМБИЦИЯМЫЗДАН ЖЕҢІЛСЕ - АЛТАУ ДА АЛА БОЛАДЫ...»
- дейді ұлт жанашыры, республикалық «Жұмадағы жүздесу» газетінің бас редакторы Қажымұқан ҒАБДОЛЛА
«Құрылтай өткізуге тым ерте екен. Жалпы, ұлт мәселесі дегеніміз - өте нәзік әрі қымбат мәселе. Ол асығыстықты көтермейді. Мен осыны терең ұғындым»,- дейді Қажымұқан Ғабдолла мырза (суретте) «Абай.кз» ақпараттық порталына арнайы беріп отырған сұхбатында. Естеріңізге сала кетейік, Орал қаласынан шығатын «Жұмадағы жүздесу»газетінің бас редакторы Қажымұқан Ғабдолла бауырымыз «Қазақстанның батыс аймағы қазақтарының 1-Құрылтайын» өткізбек болып әрекеттенген еді. Бірақ, оның бұл талабы алдымен ұлтжанашырларының тарапынан қарсылыққа ұшырады. Неге, не үшін, нендей себеппен қарсылыққа ұшырағанын төмендегі сұхбатында Қажекең де ептеп аңғартып өтеді. Біз сұхбатты сұхбат алушының алғысөзімен бірге үтір нүктесін өзгертпей жариялағанды жөн көрдік.
«Абай-ақпарат»
«АҚЫЛЫМЫЗ АМБИЦИЯМЫЗДАН ЖЕҢІЛСЕ - АЛТАУ ДА АЛА БОЛАДЫ...»
- дейді ұлт жанашыры, республикалық «Жұмадағы жүздесу» газетінің бас редакторы Қажымұқан ҒАБДОЛЛА
Соңғы қараша айының көлемінде қазақ баспасөзінің барлық деңгейін, тіпті, еліміздің Парламентінің Мәжіліс залын да бір елес, турасын айтсақ, елес емес-ау, қағынған құйын немесе долданған дауыл кезіп кеткендей. Ол: «Қазақстанның батыс аймағы қазақтарының 1-ші Құрылтайының» ұйымдастырушысы, республикалық «Жұмадағы жүздесу» газетінің бас редакторы Қажымұқан ҒАБДОЛЛАның аты мен оның идеясының айналасындағы құйын...
Алдымен, «Дат» жобасының «Общественная позиция» газеті, іле-шала «Абай кз.» порталы, әрі қарай аймақтық баспасөздер жамырады, сосын, республикалық басылымдар түсті бәйгеге, ақыры, Парламенттің Мәжіліс залы дүр сілкінді...
Бір айда күллі иісі қазаққа аты мәшһүр болып үлгерген Қажымұқан ҒАБДОЛЛАны табудың өзі бір қиямет болды. Ұялы телефондардың шықпаған «жаны» қалған шығар, әупірімдеп, Қажымұқан Ғинуарұлын да таптық-ау, әйтеуір...
- Қажеке, сізді тапқаннан, құмнан ине суырған жеңіл болды ғой. Қалта байланысыңыз үзілген, ел шулап жатыр, қайда жүрсіз?
- Қытайда іссапармен болдым. Мен әртіс те, бизнесмен де, саясаткер де емеспін, жұрты сағынатындай белгілі де тұлға емеспін...
- Мұныңыз рас, бірақ, бізді қызықтырғаны сіздің кіші жүздің құрылтайын ұйымдастырмақшы ниетіңіз...
- Мен ешқашан, ешқандай жүздің құрылтайын өткізуді ойлаған емеспін. Тек, биылдың көктемінде Алматыда өткен ұлт жанашырларының басқосуынан қатты қапа көңілмен қайттым. Тіпті, артық сөз де, балағаттау да орын алған жиыннан кейін көпке дейін өз-өзіме келе алмай, мең-зең күйде жүрдім...
Қаршадайымнан тағдыр тауқыметін тартып өскен адаммын. Мүмкін сондықтан болар, ешқашан өзімнің қара басымның қам-қарекетін, ұлтымның мүддесінен, қазағымның мұқтаждығынан жоғары қойған емеспін. Адуынды «Айғақ» басылымында да, азуы алты қарыс «ДАТ» газетінде де, «Ақжол Қазақстан» газеті мен «АПТА kz» басылымдарында да жұмыс істедім. Қолымнан келгенінше қазақтың бір жетпегенін айтсам деп жүрдім.
Сөйтсем, ұлтжанды ағаларымның өздері қырық пышақ қарсылықтарынан әлі арыла алмай келеді екен. Осыған қарным ашып, сайып келгенде: «Мұқым қазақтың басын қосып, берік біріктіру үшін, бәлкім, тұтастай емес, ақырындап аймақтан бастасам қалай болады?» - деген ой келді.
- Сол етқызумен кіші жүздің құрылтайын өткізіп жібермекші болдыңыз?
- Тағы қайталап айтайын: бір жүздің немесе рудың құрылтайы деген тұтас қазақтың тарихында болмаған және болмайтын да нәрсе. Неге десеңіз, қазақ өте азбыз. Мен қазақты жүз бен ру немесе жерлестікке бөлу түгілі, «таза», не «шала» қазақ деп бөлуге де қарсымын. Бір-біріміздің жағамызға жармаса бергенше, демография мәселесімен айналысуымыз керек. Қазақ көбеюі керек. Біздің нағыз жауымыз сырттан келеді...
Менің айтқаным: «Қазақстанның батыс аймағы қазақтарының 1-ші Құрылтайы» деп атап, Қазақстанның барлық аймақтарымен қоса, Қытайдан, Ресейден, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан, Түркменстаннан және басқа да Еуропа елдерінен қазақтарды Оралға шақырып, қазақтың болашағы туралы ақылдасып, өз отандастарыма үлгі боларлық шаруа істемекші едім...
Оның ақыры тағы да әдеттегідей бос байбалам, құр қоқан-лоққы болып шықты. Мысалы, мәжілістегі әріптес ағам Уалихан ҚАЛИЖАНның өзі менің өзімнен: «Інім-ау, мұның ақ-қарасы, өтірік-шындығы қайсы?» - деп сұрамады. Басқа бірде-бір ағам осы сауалды өзіме қоймады. Тек, алып-қашпа, жел-өсек сөздердің шылауында кете барды...
Ол-ол ма, күнделікті менімен бірнеше мәрте сөйлесіп жүрген жақын, жанашыр адамдардың өздері газеттен оқығаны мен теледидардан көргендері бойынша тон піше бастады. Міне, интернет пен озық ақпарат заманының «зардабы»...
- Байқасақ, бетіңіз қайтып, кейіңкіреп қалған сияқтысыз ғой?
- Мәселе менің батылдығымда, әйтпесе, қорқақтығымда емес. Мәселе - қазақтың бірігуден бұрын, бүлінуді ойлайтындығында болып тұр...
Басымыз бірігіп, қарымымыз ілігу үшін бізге қанша уақыт керек? Білмеймін. Міне, күні кеше әлемнің төрт бұрышының басшылары Астанаға келді. Жер бетіндегі проблемалар шаш-етектен. Біреуде жер жоқ, біреуде отан жоқ, біреуде тамақ жоқ, енді біреуде тыныш ұйқы жоқ...
Ал, Құдайға шүкір, біздің туған отанымыз да, ұлтымыз да, жеріміз де, еліміз де, тіліміз де, дініміз де дін-аман. Енді ынтымақты болсақ, ырыс алысқа кетпес. Осыны тілмен сайрай бермей, сәл-пәл іске асыруға ниеттеніп едім, бөрінің артындай шулап шыға келді. Қолдан жау жасағысы келеді, өсек айтып, дұшпан тапқысы келеді...
- Қажеке, сонымен, сіздің қазақты бөлуге емес - біріктіруге, ыдыратуға емес - ынтымақты етуге ұмтылған ниетіңізді білдік. Ал, әлгі әлемді шулатқан құрылтайыңыздың жайы не болды? Қашан, қайда өтеді?
- Біз ойымызды білдірдік, жұрттың, көпшіліктің, жалпы халықтың ой-пікірлерімен танысып жатырмыз. Иісі қазақтың мүддесін көздейтін құнды ұсыныстар тым-тым аз. Яғни, менің ойымша, біз құрылтай өткізуге әлі пісіп-жетілген жоқпыз. Сондықтан, құрылтай өткізуге тым ерте екен. Жалпы, ұлт мәселесі дегеніміз - өте нәзік әрі қымбат мәселе. Ол асығыстықты көтермейді.
Мен осыны терең ұғындым. Және байбаламшыл басқалар да ауызын ашпастан бұрын , алдымен, осыны ойланып алса деймін...
- Қажеке, айтқандай, Сіздің өзіңіз бір кезде қызмет жасаған «Дат» жобасының «Общественная позиция» газеті биылғы жылдың 17 қарашасындағы №41 санында былай деп жазды: «Кезінде Мұстафа Шоқайұлы: «Амангелді қыпшақ руынан еді. 1917 жылдың көктетмінде төңкеріс басталып кеткен соң, Түркістан түріктерін майдан жұмысына алу тоқтатылды. Уақытша үкімет тарапынан Торғай уәлаятына комиссар болып тағайындалған Әлихан Бөкейханов Торғай халқын көтерілісті тоқтатып, бейбіт өмірге қайтып оралуға шақырды. Әлиханмен бірге оның ең жақын достары болған ұлтшылдар Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы да халық бұқарасы арасына үгіт жүргізіп, дала уәлаяты тұрғындарын тыныштануға үндеді. Ахмет пен Міржақып арғын руынан болуы себепті Торғай өңіріндегі арғындар олардың сөздеріне құлақ асты да, қыпшақтан шығып, «хан» сайланған Әбдіғапар мен Амангелдіні тыңдамады. Нәтижесінде кеше ғана орыс отаршыларына қарсы бірге соғысқан Торғай қазақтары енді қыпшақ пен арғын болып екіге жарылды...» - деп жазады «Батыр большевик Амангелді хақындағы ақиқат» деген мақаласында.
Автор одан әрі: «Бұл тұста халық арасына «төңкерістен соң орыс мұғажырлары Ресейіне қайтатын көрінеді» деген қауесет сөз тараған. Осыдан келіп орыстардан қалатын жерді бөлу туралы мәселенің төбесі көріне бастады. Тірі жүрген аюдың терісі үшін арғын-қыпшақ таласқа түсті. Әбдіғапар хан мен Амангелді қыпшақтар жағын алып, арғындарға тізесін батырды. Рушылдыққа ешқашан бой ұрмаған Ахмет Байтұрсын мен Міржақып Дулатқа қыпшақтар арғындардың басшылары деп қарай бастады...» - дей келе: «Әбдіғапар мен Амангелдінің рушылдық дерті әбден асқынғаны сонша, 1917 жылы Орынборда болған жалпы қазақ құрылтайынан соң және 1918 жылдың жазында Торғай даласын аралап жүрген кезімде, маған да жақын кісілерін жіберіп, менің қыпшақ руынан екенімді есіме салып, төреден шыққан Әлихан Бөкейхан мен арғыннан шыққан Ахмет, Міржақыптарға қарсы күресте бізге саяси жетекші болыңыз» деп өтініш жасады», - деп ойын сабақтай түседі.
Осы ретте «бізге саяси жетекші болыңыз» деген руластарына Мұстафа не деп жауап қайырды деп ойлайсыз? «Жарайды» деп келісе кетті ме, әлде, ұсыныстан бас тартты ма? Егер өз заманында саясаткер Мұстафа рушылдығын алға оздырып алғанда, оны біздер бүгінгідей құрметтемес едік.
Меніңше, ол тек оқыған, сауатты көп қазақтың бірі болып қалар еді. Ал, Мұстафа сын сағатта өзінің рушылдығын емес, ұлтшылдығын дәлелдей білді. Оған: «Мен, әрине, олардың ұсынысынан бас тарттым. Өйткені, мен Түркістандағы түрік адамы үшін, әсіресе, Түркістанның ұлт-азаттық туын көтерген адам үшін арғын, қыпшақты былай қойып, тіпті, өзбек, қазақ, түрікмен болып бөлінудің өзі Түркістан түріктерін бөлшектеп, өлімге бастайтын жол екенін жақсы білетін едім...» - деген сөзі - айғақ. Демек, Мұстафа айтқан «өлімге бастайтын жолдың» қаупі әлі сейілмеген екен. Мынау құрылтайыңыз сол сұрқылтайдың басы болып жүрмесін...» - деп жазды...
Бұған не дейсіз?
- Бұған айтарым мынау: Мұстафа Шоқай 1917 жылы желтоқсан айында Екінші жалпықазақ съезіне қатысып, Алашорда құрамына сайланды. Съезд аяқталғаннан кейін Мұстафа ағамыз біртұтас автономия мәселесін қарау үшін "Сырдария қазақтарының құрылтайын" шақыру туралы тиісті қайраткерлерге жеделхат жолдады. Онда: «Сырдария халқына өз тарапымнан айтарым, тегінде Алаш баласының басы қосылатын кезі осы бүгін. Алаш ұранына шаппайтын қазақ болмас. Сырдария қазағы кешікпей Алаш туының астына жиналар деген үміттеміз» делінген еді...
Бұл не деген сөз? Бұл дегеніңіз - Мұстафа ШОҚАЙ кезінде қазақтың бірігуіне үміттеніп өткен, осылай етпекке тырысқан, іс-қимыл да жасаған.
Сондықтан, жігіттер білімін толықтырсын, кітаптың өздерінің қара бастарына қажетті жерлерін ғана атүсті қарап шықпасын, жан-жақты ізденсін. Бабам қазақ: «Өзің дуанасың - кімге пір боласың?!.» деген. Жартылай білім болмайды, жарымжан ғылым болмайды...
Тіпті, Абайды аңыратқан, Бұқар жырауды жылатқан, Исатай мен Махамбетті құмға қамаған, Кенесарыны қырғызға қашып, тұзаққа түсуіне мәжбүр еткен, қазақтың қамын ойлаған боп, қой терісін жамылған Қотыраштар әлі күнге дейін құйысқанға қыстырылып, қалмай келеді...
Тағы айтарым: қазаққа бірлік пен тірлік қашанда ауадай қажет. Аталарымыз: «Жау жоқ деме, жар астында» демей ме?!. Біз, ең алдымен, еліміз бен жерімізді, отбасымыз бен отанымызды, дініміз бен тілімізді қорғауымыз керек. Әрбір қазақ үшін ең қастерлі, ең биік мәңгілік мүдделер, міне, осылар.
Құдай бетін әрмен қылсын, егерде ақылымыз азайып, амбициямыз асқындап кетсе, етектен шалар бөрілерде есеп болмайды, алтау ала шықпас үшін - төртеудің татулығы керек!..
- Қажеке, білім демекші, өзіңіз онжылдықты қайда тәмамдадыңыз: қалада ма, далада ма?
- Алматы облысының Шелек ауданына қарасты Ащысай ауылында...
Сұхбаттасқан Жанкелді Естенбаев,
"Тәуелсіз басылымдар редакторлары қауымдастығы"