Сенбі, 23 Қараша 2024
Біртуар 6077 0 пікір 7 Қараша, 2017 сағат 15:32

Серiк Қонақбаев: «Бiздi ұратындар да көбейiп барады ...»

 

100 КҮНГЕ - 100 СҰХБАТ. №38, 15.06.2007 жылғы сұхбат. «ЕВРАЗИЯ-KZ» газеті.

Алдымен саясаттың, кейiн өз көкiрегiмнiң құрбаны болдым...

— Секе, сұхбатымызды рұқсат етсеңiз бәрiмiздiң әлi күнге дейiн көз алдымыздан кетпейтiн 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасының финалындағы Патрицио Оливамен болған жекпе-жектен бастасақ. Сол айқаста жеңiлiп қалуыңыздың басты себебi не болды — сiз нокдаунға түсiп қалған жартылай финалдағы ауыр айқастың әсерi ме, жоқ әлде мемлекетi бойкот жарияласа да спортшыларының өздерi қашып келген капиталистiк елдердiң ойыншыларына деген саяси жеңiлдiктiң салдары ма?

—Мен ол жарыста 8 келiге дейiн салмақ қуумен болдым. Оның үстiне рас, жартылай финалдағы кубалық боксшымен өткен ойын да оңай болмады. Мен осы екi себептiң салдарынан финалдық жекпе-жекке бойыма күш жинап үлгере алмай қалдым. Бұл — бiр.

Екiншiден, жақында маған Италиядан келген парламент депутаттары, әрiптестерiм итальяндық мамандардың өздерi түсiрген сол айқастың кинолентасын алып келдi. Және олар бiрауыздан «сiздiң жеңгенiңiз бiз үшiн де даусыз едi, жеңiстi қалай Оливаға бергенiне аң-таңбыз» дедi. Мен өзiм де әлгi лентаны үш-төрт рет қайталап көрдiм. Сабырмен, салмақпен, бүгiнгi күннiң биiгiнен қарасам да менiң жеңгенiм анық көрiнiп тұр екен. Саясаттың рөлi болғаны ол кезде де ешкiм үшiн құпия емес-тұғын...

— Сiз сол ойында да, екi жылдан кейiн әлем чемпионатының финалындағы жекпе-жекте де қарсыласын қарсы шабуылда тосып алатын өзiңiзге тән, көп жеңiс әкелген керемет тактикаңыздан бас тартып, тiкелей шабуылға көбiрек көшiп кеттiңiз. Неге?

— Менiң жеңiлгенiме ол себеп болды деп ойламаймын. Оливаның жайын айттым. Әлем чемпионатына келсек, финалдағы қарсыласым америкалық боксшыны мен сол жарыста бiр-екi рет көрдiм. Көрдiм де онша мықты емес деген пiкiрге келдiм. Финалдағы қарсыласым сол екенiн бiлгенде мен айқас басталмай жатып-ақ өзiмдi чемпион сезiнiп үлгердiм. Сол көңiл-күймен рингке шықтым. Америкалық жiгiт болса соңынан маған бұл шайқасқа қалай тыңғылықты, мұқият дайындалғанын айтып бердi. Өкiнiшке қарай, мен олай дайындалған жоқ едiм. Тiптi, қарсыласымды көзге де iлгiм келмедi. «Нәтижесi» белгiлi. Сөйтіп мен алдымен саясаттың, кейiн өз көкiрегiмнiң құрбаны болдым... Мен бұны қазiргi жастарға сабақ болсын, олар бiздiң орны толмас қателiгiмiздi қайталамасын деп әдейi айтып отырмын.

— Сiздердiң кездерiңiздегi боксқа әдемi техника, сұлу тактика тән едi. Одан өнердiң элементтерi де байқалып тұратын. Қазiргi бокс төбелеске көбiрек ұқсайды. Мұндай бокс Сiзге ұнай ма?

— Иә, бiздiң замандастарымыздың бәрi өз кезiмiздегi боксты аңсайды. Бүгiнгi бокстың қарабайыр төбелеске ұқсап кеткенi де рас. Себебi, бүгiнгi бокста тактика, алдау, түрлi маневрлар жоқ. Көздейтiнi бiр ғана мақсат — көбiрек соққы дарыту. Мен бұл жайында керемет азамат жiгiтiмiз, Афины Олимпиадасының чемпионы әрi ең шебер боксшыға берiлетiн Уолл Баркер кубогын жеңiп алған Бақтияр Артаевқа да айттым. Жаттықтырушыға байланысты ғой бәрi.

— Мүмкiн, бокстың даму үрдiсi, соның iшiнде ұпайды есептеуге компьютердiң жегiлуi кiнәлi шығар бұған?

— Оның да рөл ойнайтыны рас. Дегенмен, бiз, республикалық бокс федерациясына жаңадан келiп жатқан басшылық, вице-президент ретiнде менiң өзiм де боксшыларымыздың тактикалық, техникалық шеберлiктерiн байытуға, жан-жақты дамытуға бар күшiмiздi салатын боламыз. Спорт та өмiрдiң бiр саласы болғандықтан, онда да ақша арқылы жеңiске жету, төрешiлердi, басқаларды сатып алу деген сияқты келеңсiз көрiнiстер орын алып жататыны жасырын емес. Өмiр ғой. Бiз сондықтан жiгiттердiң ойынының сапасына баса назар аударатын боламыз. Бiзге тек сапа керек! Жiгiттерiмiз барлық жағынан өзгелерден мойны озып тұрса ешкiм де оларға қарсы ешнәрсе iстей алмайды.

— «Қазмұнайгаздың» президентi Ұзақбай Қарабалин бұрынғыша бокс федерациясын басқаратын болады, сiздер ол кiсiнiң орынбасарысыздар?

— Иә. Ұлттық компания бұрынғыша бокс спортына жанашырлық көрсете бередi.

— Сiз бес-алты жыл бойы ең биiк деңгейден бiр елi төмен түспей өнер көрсеттiңiз. Бүгiнгi iзбасарларыңыз осы деңгейдi ұстап қала алмай жүр. Ердос Жаңабергенов болсын, Бақтияр Артаев болсын, бәрiне тұрақтылық жетпейдi. Бiр жарысты жеңсе, келесi жарыста жеңiлiп қалады. Сiздiңше мұның сыры неде?

— Бокс федерациясына жаңадан келiп жатқан менiң мұның сыры дәл мынада деп бiрден кесiп айтуым қиын. Дегенмен, дайындық циклi реттеудi, түзетудi керек ете ме деп ойлаймын. Бақтиярға келетiн болсақ, төрт жылдық олимпиадалық цикл — көп еңбектi, көп күштi, жан-жүйенiң ерекше жұмылуын қажет ететiн ауыр жұмыс. Кез келген спортшының екiншi олимпиадалық циклда да дәл сондай биiкке жете алу-жете алмауы неғайбыл нәрсе, оған жүз пайыз кепiлдiк беруге болмайды. Оның қаншалықты ауыр жұмыс екенiн өзi спортшы болып, чемпиондық атаққа таласып, толық циклдi басынан өткерген адам ғана түсiнiп, бағамдай алады. Сондықтан мен кезiнде Геннадий Головкин Афины Олимпиадасынан күмiс жүлдегер болып келiсiмен «бұл жiгiттiң обалына қалмайық, елiмiзге медаль алып бердi, атақ алып бердi, еңбегiн ескерейiк те тезiрек кәсiпқой боксқа жiберу керек оны» деген болатынмын. Бақтияр Баркер кубогын ұтқаннан кейiн оның да кәсiпқой боксқа ауысып кеткенiн дұрыс көрдiм.

— Сол абырой-атақпен ауысса гонорары да көбiрек болатыны бар ғой тағы да?

— Иә, ол да бар.

— Сiз спортшының екi бiрдей олимпиадалық циклдi табысты аяқтауы қиын шаруа дейсiз. Ал, кубалықтар екi-үш олимпиадалық циклде де сыр бермей чемпион атанып жатады ғой. Бұған не дейсiз?

— Оның себебi Кубаның саяси жүйесiнде жатыр. Сексенiншi жылдары АҚШ-та өткен бiр жарыстан соң маған америкалықтар келдi. «Сiз осы салмақтағы ең мықты әуесқой боксшысыз, кәсiпқой бокстағы ең күштi — Рейнард. Осы екеуiңiздiң араңызда коммерциялық бiр кездесу ұйымдастырайық, шын мәнiнде кiм күштi екенiн бүкiл әлем өз көзiмен көрсiн, гонорарына пәленбай мың доллар аласыз» деген ұсыныс жасады. Әрине, олар бұны ақша табу үшiн, өз iстерiн жарнамалау үшiн жасап отырғаны түсiнiктi. Дегенмен, ұсыныс орысша айтқанда «заманчивый» едi. Бiз, жаттықтырушым Юрий Андреевич Цхай екеумiз Мәскеуге келген соң ұсыныс жайын басшыларымызға баяндадық. Сөйтiп едiк, «тағы да осындай бiр ұсыныс жайын сөз етсеңiздер, шетелге шығуды ұмыта берiңiздер» деген жауап естiдiк... Идеология ол кезде сондай едi ғой. Мiне, Кубада әлi күнге дейiн осы жүйе сақталып қалған.

Қазақта Мұхтархан екеу емес

— Мәжiлiс қабырғасында жүрiп темекi туралы заңның қабылдануына мұрындық болдыңыз. Екi рет қатарынан Мәжiлiс депутаты ретiнде билiктiң осы саласындағы өз жұмысыңызға көңiлiңiз қаншалықты толып, қаншалықты толмай жатыр?

— Темекi туралы заң қабылдауға бастамашы болғаным рас. Жалпы, Қордай, Шу, Мойынқұм аудандарын қамтыған сайлау округiнен сайланған депутат ретiнде менiң арманым — мұғалiмдер мен дәрiгерлердiң жалақысын көтеру. Бұл салаларда шешiлмей жатқан мәселе өте көп. Мұғалiмдер таңертеңнен кешке дейiн мектепте жүредi. Ең бастысы, олар педагог. Бiздiң болашағымыз, балаларымыз қандай бiлiм алып шығады, қандай азамат болып өседi, ол осы педагогтарға тiкелей байланысты. Мен сондықтан олармен депутаттыққа үмiткер адам ретiнде кездесулерде мұғалiмдер мен дәрiгерлер туралы заң қабылдауға атсалысамын деп уәде бергенмiн. Жаттықтырушылар дегенiмiз де педагог, ұстаз. Ауылдағы дәрiгерлердiң жағдайы жоқ екенiн бәрiмiз бiлемiз. «Отбасылық дәрiгер» деп жатырмыз, оның сапасы қандай болады? Бұл екi мәселенi бiр күнде бiр өзiм шешiп тастай алмаймын, бiрақ, уәдемдi орындауға, олардың жағдайын жақсартуға бар күшiмдi саламын.

— Спортшы, оның iшiнде боксшының аренадағы ғұмыры қысқа. Ары барса отызға дейiн ғана өнер көрсетедi. Содан кейiн олардың көбiсi өмiрден өз орнын таба алмай, сергелдеңге түсiп жатады. Ең ақыры рэкет, бандит болуға дейiн барады. Өйткенi, спортта жүрiп олар шынын айтқанда толыққанды бiлiм, мамандық ала алмайды. Спорт жайлы заң болғанымен спортшылардың қорғалуын, үлкен өмiрге бейiмделуiн әлi жолға қоя алмай келе жатырмыз...

— Сiз айтып отырған жағдай, әсiресе, кеңес өкiметi кезiнде көп орын алған едi. Оған мысал келтiру үшiн алысқа барудың қажетi жоқ, Лемешев, Мирошниченко секiлдi көптеген атақты есiмдердi еске түсiрсек жетiп жатыр. Кезiнде Қазақстанда кәсiпқой боксшылардың федерациясын құрғандағы мақсатымыздың өзi кешегi елiмiзге атақ-даңқ әкелген, еңбегi сiңген, жастық өмiрiн, күш-қайратын аямаған жiгiттердi әуесқой бокстан кеткен соң далада қалудан, қолынан келетiн басқа мамандығы, өнерi болмаған соң жаңағы сiз айтқандай рэкетир, бандит болып кетуден аман сақтап қалу, олар өзiнiң өнерiмен, адал еңбегiмен отбасын асырасын деген мақсат едi. Мен осы мәселенi көтерiп, Сергей Терещенконың алдына бардым. Нәтижесiнде кәсiпқой бокс федерациясын құру жайлы үкiметтiң арнайы қаулысы шықты. Кейiн АИБА конгресiне Венесуэлаға барғанымда, оның президентi маған «сiздерге рахмет, мемлекетiңiздiң басшысына, үкiметке рахмет, осындай арнайы қаулы шығарыпсыздар. Бұл бокс тарихында бiрiншi рет болып отырған жағдай. Бiз сiздердiң бұл үлгiлерiңiз жайлы барлық өзiмiз барған елдердiң басшыларына айтып жүрмiз» дедi.

Спортшыларға деген құрметке келсек, осы бүгiн ақтық айқастар өтiп жатқан менiң турнирiмде Мұхтархан Дiлдәбековтi сый-сияпатпен шығарып салатын болып келiскенбiз. Ал, мен келгелi берi қарап жүрмiн, ешқандай дайындық жоқ... Бiз, шынын айту керек, өзiмiз оңбаймыз. Арқадан қағып, «рахмет, бауырым» дей саламыз. Олай болмайды! Ерлердiң еңбегiн ерекше елеп, ескерiп, үлкен құрметпен, қадiрлеп, қастерлеп, бүкiл елiмiз теледидардан көрiп, бiр емес бiрнеше рет көретiндей етiп, газеттердiң бәрiнен оқитындай етiп шығарып салсақ қандай орынды болар едi! Қазақта Мұхтархан екеу емес қой. Батыр ұлына жөндеп рахмет айтуға жарамаған елге не айтуға болады? Қазақтың шетелде абыройының асқақтауына спорт шенеунiктерi емес, осы Мұхтархандар үлес қосты емес пе?! Сол Мұхтарханның бүгiн керек болмай қалғаны ма?

— Сiздi, Серiк Қонақбаевты, қазақ балаларын боксқа ғашық қылған Қонақбаевты қалай шығарып салды, айтыңызшы?

— Ол кезде жаңағы айтылған кеңестiк жүйе едi ғой, атымыз қазақ болған соң арамызда көре алмайтын адамдар да табылған шығар, мен оған ренжiмеймiн...

— Жас боксшылардың жарысқа, оқу-жаттығу жиындарына баруы — бүгiнде ақырет нәрсе. Бiрiншi нөмiрдегiлердiң өзiне зорға дегенде ақша табылады, ал, одан кейiнгi нөмiрдегiлер өз қаражатына баруға мәжбүр. Оған жұрттың бәрiнiң бiрдей қалтасы көтере бермейдi. Соның салдарынан көптеген талантты жастар жөндi дайындықтан өте алмайды, жарыс көрмеген спортшы өсушi ме едi?!

— Бұның бәрiн ендi шамамыздың келгенiнше жолға қоюға тырысып көремiз.

— Сiздер жұмысты жаңаша ұйымдастырамыз деген ниеттесiздер. Ол қалай көрiнiс таппақ?

— Бiз бокс федерациясының облыстық бөлiмшелерiне басшыларды баламалы түрде, жаңадан сайлап шығамыз. Үмiткердiң әрқайсысы өзiнiң бағдарламасымен, бағдарламасымен ғана емес, оны қалай жүзеге асыру тетiктерiн қоса көрсеткен бизнес-жоба секiлдi жоспарымен жұртты алдын-ала, бiр ай бұрын таныстырсын. Сонда жарты жыл боксшы болғанын бұлдап басшылыққа жарты жолдан жабыса кететiн пысықайлардан арылатын боламыз. «Телефондық құқық» аталып кеткен бұл жағдай жасыратыны жоқ, әсiресе, оңтүстiкте бұрын көп орын алып келдi. Мен Шымкенттiң жiгiттерiне бұл жөнiнде ашық айттым. «Өздерiң өкiнбейтiндей болып, жұмыс iстейтiн жiгiттi iштерiңнен әдiл сайлап алыңдар да, кейiн бiзге өкпелеп келмеңдер!»

— Қазақстанның өз iшкi жарысында да төрешiлердiң әдiл қазылық жасамайтындығы, сыртқы жарыстарда бiздiң спортшыларға деген әдiлетсiздiктiң белең алып бара жатқандығы баспасөзде көп әңгiме болып жүр. АИБА басшылығындағы бiздiң өкiлiмiз кетiп, оның орнына көршi елдiң өкiлi, журналистер жазғандай қылмыстық әлемнiң өкiлi келдi. Кешегi Азия Ойындарында бiз әсiресе, «өз ағам» деп әспеттейтiн сол ұлттың өкiлдерiмен кездесуде төрешiлер көпе-көрiнеу оларға бұрғаны көрiнiп тұрды. Бұл жағдайды реттеудiң жолы қандай?

— Төрешiлердiң әдiл болмауы — бiздiң өзiмiздiң жұмысты кәсiптiк, адал, әдiл жүйеге қоя алмауымыздың, табандылық көрсете алмауымыздың кесiрi. Мысалы, жақында менiң өзiме үлкен қызметтегi бiр кiсi телефон шалады. «Айналайын, Серiкжан, пәленше деген бала менiң анауым едi, сол чемпиондыққа iлiнiп кетсе деп едiк, соған септiгiң тисе» дейдi. Мен: «Аға, менi ешкiм телефонмен чемпион еткен жоқ, мен де ондай iспен айналыспаймын» дедiм... Мұның бәрi айналып келгенде бiздiң басшыларымыздың мамандар дайындау iсiмен, iзбасарлар дайындау iсiмен жүйелi түрде шұғылданып келмегенiнiң салдары. Бекет Махмұтов ағамыз АИБА-да бiраз жыл жұмыс iстедi. Бекең жұмыс iстеген жылдары АИБА-ға қай қазақты тартыпты? Тартса қазақтар сол беделдi ұйымда жүрмейтiн бе едi?! Өзбек ұлтының өкiлдерi қазiрдiң өзiнде АИБА-да аз емес. Ал, жаңағыдай «қылмыс әлемiнiң өкiлi» деген сөздi бiз Ғафур Ахметұлына айта алмаймыз. Бүгiнгi нақты өмiрмен санасып, ол кiсiмен тiл табысып жұмыс iстеуге тырысамыз. Ол да өзiмiз секiлдi бокстан шыққан азамат. Кезiнде жарыстарға қатар барып жүргенбiз. Бокстың болашағы жайлы әңгiмелесiп те жатырмыз. Мысалы, бокстан бiздiң Президентiмiздiң кубогын халықаралық бiрiншi санаттағы жарыстар қатарына қосуға ол кiсiнiң уәдесiн алдық. Және ол кiсi уәдесiнде тұрды.

— Он бес жылдан берi үздiксiз өтiп келе жатқан Серiк Қонақбаев атындағы турнирдiң сәулеттi Спорт сарайында емес, институттың жаттығу залында өтiп жатқаны сiздiң жаныңызға батпай ма?

— Иә, турнир дәстүрлi турнирге айналған. Көптеген қазақ боксының жұлдыздары, оның iшiнде марқұм Бекзат Саттарханов та, Бақтияр Артаев та үлкен жеңiске алғашқы қадамын осы турнирден бастап едi. Украиналық, ресейлiк достарым «бiз бұл турнирге келерде кубалықтармен кездесетiндей болып жүрексiнiп келемiз» дейдi. «Не деген байлық, не деген бокс, бiзде мұндай таланттар жоқ» дейдi. Және олар жарыстың осындай залдың iшiнде өтiп жатқанына да таң қалып, түсiне алмай жүр. «Мүмкiн, турнирдi спорт залдың iшiне қуып тығу бiр көре алмайтын адамдардың iсi шығар» дейдi. «Ол жағында сiздердiң жұмыстарыңыз болмасын» дедiм... Бiрақ, шынымды айтайын, көңiлiм қатты қалды. Бiр туысқаным «Секе, сенiң атыңдағы турнир өтiп жатқанын мүлдем кездейсоқ бiлiп қалдым» деп отыр.

— Дұрыс айтаcыз, ешқандай хабарландыру, жарнама болған жоқ. Буклеттер жасалып таратылған жоқ.

— Кiм кiнәлi бұған, мен оны iздеп, әуре болып жатпаймын. Әйтсе де, турнирдi Шымкентте өткiзгендi тоқтатамыз-ау деймiн.

— Бiр-екi басшыға өкпелеп, солай еткенiңiз жөн бола ма?

— Жо-жоқ, бiз оны былай iстеймiз, биыл Алматыда, келесi жылы Астанада, үшiншi жылы Атырауда дегендей. Қай iстi қолға алсақ та ең биiк деңгейде жасағанымыз дұрыс қой, бұны да солай ететiн боламыз. Әдетте, жасыратыны жоқ, бiз кешкi дастарханға барымызды үйiп-төгемiз. Жоқ, бiз ақшаны алдымен жарысқа жаратуымыз қажет. Қараңыздаршы, кiшкентай балаларын ертiп келген қанша ата-ана түрегеп тұр. Олар сол ұлым Бақтияр Артаевты көрсiн, келешекте сондай болсын деп келедi ғой. Турнир маған керек емес. Менiң өз басыма жетерлiк атақ-даңқым, абырой-ақшам бар, турнир болашақ жастар үшiн керек. Әйтпесе Спорт сарайын жалға алғанымыз үшiн 300 мың теңге уақтылы аударылған едi. Мұз айдынын жаңа жылға дейiн бiтiруiмiз керек деген сылтау айтылыпты. Бiр апта соншалықты рөл ойнай қояр ма едi?..

Бiздi жеткiзген — асыл ағалардың аялы алақаны

— Жастар арасындағы КСРО чемпионатын ұтқаннан кейiн Мәскеу Сiздi ересектер арасындағы оқу-жаттығу жиынына шақырыпты. Мақсаты Сiздi ересектерге сабатып, «сындырып тастау» болған көрiнедi. Осыны жете түсiнген Жамбыл обкомының сол кездегi бiрiншi хатшысы Бектұрғанов Сiздi Мәскеудiң көзiнен екi жыл таса ұстапты дейдi. Осы сөз қаншалықты рас?

— Мен ол кезде баламын ғой, мүмкiн солай болса болған да шығар, оны дәл айта алмаймын. Бiрақ Бектұрғанов ағайдың маған шын қамқор, жанашыр адам болғаны рас.

— Ал, Қонаев атамызбен араласа алдыңыз ба?

— 1981 жылы ма екен, 1982 жылы ма екен, күздiң күнi, мен бiр жарыстан келiп едiм, кешке таман қоңырау шалынды: «Сенi Димаш Ахметұлы Қонаев көргiсi келедi, ертең қабылдайды». Ол кiсi менi Алматыдағы өзiнiң резиденциясында қабылдады. Менi Орталық Комитеттiң iс басқарушысы Статенин гүлмен, конфеттермен күтiп алып, өзi ертiп барды. Менi көрген бойда Димекең дауыстап: «Зухра, бол тез, наш любимчик пришел!» деп алдымнан шығып, бетiмнен сүйiп қарсы алды. Бiр сағаттай уақыт Статенин үшеумiз шәй iшiп, өте бiр жақсы әңгiме-дүкен құрып отырдық. Таң қалғаным, Қонаев менiң әкемнiң өмiрден ерте кеткенiн, анамның қай жерде, ағамның қай жерде жұмыс iстейтiнiн, бәрi-бәрi жайлы егжей-тегжейлi бiледi екен. Қоштасарда тағы да бетiмнен сүйiп «Серiк, не сұрайсың?» дедi. Мен «Димаш аға, сiзбен осылай отырғаным мен үшiн үлкен бақыт, маған ешнәрсенiң керегi жоқ!» дедiм. Сол кезде Статенин «Димаш Ахметович, Серiктiң машинасы жоқ екен» деп қалды. Ол туралы Статенин жолда келе жатып менен сұрап бiлiп алған едi. Мәскеу Олимпиадасынан кейiн алған «Газ-24» автокөлiгiм сәтсiздеу болып кездестi ме, әйтеуiр көп бұзыла бердi. Оның үстiне әкемiздiң басын қарайтқымыз келдi де, машинаны сатып, қаражатын соған жұмсаған болатынбыз. Мен оның бәрiн Статенинге болса да тәптiштеп айтқан жоқпын ғой, «сатып жiбердiм» деп қоя салғанмын. Димекең: «Как это так нету?! Мы же давали!» дедi. Сосын iле-шала маған бұрылды, себебiн сұрап жатпады: «Какую хочешь, большую или малую?» Мен күлiп «желательно, большую» дедiм... Димекең ендi Статенинге қарады: «Күнi ертең шешiм шығарып берiңдер!» «Басқа қандай өтiнiш?» «Жо-жоқ, Димаш аға, ешнәрсе керек емес!»

Ал, одан бұрын, бiз Мәскеу Олимпиадасына дайындық кезiнде Киевте олимпиадашылардың жаңадан ашылған базасында жаттығып жатқанбыз. Бiр күнi жаттығу үстiне Украина компартиясының бiрiншi хатшысы Шербицкий келдi. Капитанымыз Виктор Савченко 48 келiдегiден бастап құрамадағы бәрiмiздi таныстырып жатыр. Кезек маған келгенде Шербицкий: «О, Серик Канакбаев, мне Димаш Ахметович про тебя все время говорит, и мы все за тебя болеем» дедi... Шербицкий қарапайым адам екен, тер сасып тұрған бiздермен асықпай әңгiмелестi. Кетерiнде «не жетпей жатыр?» деп сұрады. Савченко «бiз салмақ қуамыз, бiзге қара уылдырық керек!» деп салмасы бар ма?! Шербицкий неге нақ сол уылдырық керек екенiн түсiнбей қалды. Савченко «тамақ iшпеймiз, су iшпеймiз, энергия беретiн тамақ керек» деп түсiндiрiп жатыр. «20 келi жете ме?» «Жетедi, жетедi!» Шербицкий қасындағыларға қарады: «Ертең әкелiп берiңдер!» Содан күнiне үш мезгiл тойғанымызша уылдырық жейтiн болдық... Бiз уылдырықтан солай шыққанбыз.

— Бәрiңiз екiншi Верещагинге айналған екенсiздер ғой... Кубалықтар секiлдi әуесқой бокста ұзағырақ жыл жүрiп, 1988 жылғы Олимпиадаға баруға тырысып, 1980 жылы қолдан сусып кеткен алтын медальдi иеленуге әрекет жасап көрмедiңiз бе?

— Мен 1980 жылдардың ортасында сары ауру, гепатиттiң «В» түрiмен ауырып қалдым. Содан сәл көбiрек салмақ қусам болды, бауырыма күш түсе бастады. Сосын амалсыз, денсаулық керек, үлкен спортпен қоштасуға тура келдi ғой.

— Балаларын боксқа бергiсi келетiн ата-ана олар жарақат алып қалады, өмiр бойы бас ауруға ұшырайды деп қауiптенедi. Сiз бұған не жауап айтар едiңiз?

— Маған қараңыздаршы, мен жарақат алған адамға ұқсаймын ба?

— Сiз өмiрi ешкiмнiң соққысын денеңiзге дарытқан жоқсыз ғой!

— Статистиканың мәлiметтерi бойынша бокс денсаулыққа қауiп-қатерлiлiгi жөнiнен спорт түрлерiнiң арасында 52-орында екен.

— Сiз кәсiпқой бокс федерациясын басқарып жүрдiңiз, әуесқой бокс федерациясына ендi келдiңiз. «Ертерек келуiм керек едi» дегендей кiшкене бiр өкiнiш жоқ па?

— Жоқ. Өйткенi, мен осы жолдың бәрiнен өтуiм керек болды-ау деймiн. Үлкен өмiрлiк тәжiрибе жинадым. Қазiргi күнде менiң боксқа деген көзқарасым басқаша.

— Бүгiнгi сұхбаттың соңғы сұрағы. Футболды ойлап тапқан — ағылшындар. Бiрақ, ол бразилиялықтардың ұлттық ойынына айналып кеттi. Боксты да ойлап тапқан — ағылшындар. Бiрақ, ол қазақтың ұлттық ойынына айналды. Қалай ойлайсыз, бiз де қашан футболдағы бразилиялықтар секiлдi барлық жарыста тек қана бiрiншi орыннан басқаны қанағат тұтпайтын болу үшiн не iстеуiмiз керек? Және сол деңгейге қазiр қаншалықты жақын тұрмыз? Әр салмақ категориясында күштерi тең кемi екi-үш боксшымыз бар деп айта аламыз ба?

— Мен бiраз уақыт бойы боксқа тек сырттан қарап келдiм ғой. Бiрақ, дәл қазiр әр салмақта қорықпай әлем чемпионатына алып баруға болатын бiрнеше боксшымыз бар деп айта алмаймын. Қарағандыдағы өткен соңғы ел чемпионатында 4-5 жiгiт қана көңiлiмнен шыққандай болды. Бiржан Жақып өте қатты ұнады. Серiк Сәпиев те. Артаевпен түскен Елеусiнов. Осындай 4-5 жiгiт. Бiз қазақпыз ғой, әсiрелеп, асыра сөйлегендi жақсы көремiз. «Бiз бәрiнен мықтымыз, кубалықтардың өзiмен тереземiз теңесiп қалды, ананы да, мынаны да ұрамыз» деп жүрдiк. Бiздi ұратындар да, қараңыздаршы, көбейiп барады. Азия Ойындарында өзбектер тағы озып кеттi. Айтып отырмын ғой, алдағы уақытта атқарылар жұмыс ұшан-теңiз. Дегенмен, қажымай-талмай, ешкiмге өкпе артып бұртимай, тек өзiмiздiң күшiмiзге сенiп жұмыс iстесек, әлемнiң алдына шығатын сәтiмiз күн санап жақындай түседi деп ойлаймын.

— Бiр салмақта күшi тең екi боксшы бар. Бiрде анау, бiрде мынау жеңедi. Құрамаға кiмдi алу керек? Соңғы сөздi кiм, қалай айтады?

— Соңғы, шешушi сөздi спарринг-айқас айтады. Мысалы, мен әлi Еуропа чемпионы болып үлгермеген кезiмде, АҚШ құрамасымен жолдастық кездесу өткiзу үшiн КСРО құрамасы Лас-Вегасқа баратын болды. Менiң салмағымдағы Львов — әлем чемпионы! Мен соны спаррингте айқын басымдықпен ұттым. Жаттықтырушылар сонда да сенбей «еркiн шайқас» өткiздi. Ол дегенiмiз — 6 раундтан тұратын айқас. Львовты екi рет нокдаунға жiберiп, тағы мен жеңдiм де Лас-Вегасқа құраманың бiрiншi нөмiрi болып бардым. Сондықтан спарринг-шайқас — ең әдiл бәсеке.

— Қатарынан екi рет Парламент депутаты болдыңыз. Бокс федерациясына келiп жатырсыз. Кубалық Сагарра секiлдi Сiзге де ендiгi қалған өмiрiмдi түгелiмен қазақтың осы ұлттық өнерiне арнасам деген ой келген жоқ па?

— Жаттықтырушы болып па?

— Жоға, ол үшiн жаттықтырушы болу мiндет емес қой. Ұйымдастырушы ретiнде болса да.

— Жоқ, ондай ой жоқ менде. Менiң басқа да жұмыстарым бар. Былтыр экономика саласынан ғылым кандидаттығына диссертация қорғадым. Сондықтан тек бокспен айналысамын деп айта алмаймын.

— Бiзде нақ осы нәрсе, фанатизм жетiспейдi. Көп нәрседе соның кесiрiнен ұтылып жатырмыз ғой...

— Ол былай ендi. Мен жаттықтырушы болып iстей алмаймын. Ол үшiн де ерекше талант, дарын, шыдам керек. Олар жоқ менде. Бiрақ, бокс үшiн қолымнан келгенiнiң бәрiн iстейтiнiм, ешнәрседен аянбайтыным ақиқат!

— Арман-мақсатыңызға жетуiңiзге бiз де тiлектеспiз!

Сұхбаттасқандар Өмiрзақ Ақжігіт, Абай Балажан

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377