Серік ҚАРАБАС. Қауіпсіздік комитетінің қауіпті «ойыны»
Қылмыстық істің қозғалғанына бақандай он күн өткенде ҰҚК-нің аса ширақ қимылдайтын қызметкерлері «Қазатомпромға» қатысты көп күттірген ресми мәлімдемесін жасады, әйтеуір. Аталған комитеттің баспасөз қызметіне жетекшілік етуші Кенжеболат Бекназаровтың аузынан естілген айыптауларға жүгінсек, Мұхтар Жәкішев қазақтың бүкіл уранын меншіктеп алған қылмыскер, қаржылық қитұрқылықпен заңсыз пайда тапқысы келген барып тұрған алаяқтың нақ өзі екен-міс. Өткен жылы Президент оған «Құрмет» орденін берген кезде сәл қателесіп қалса керек. Сонымен...
Қылмыстық істің қозғалғанына бақандай он күн өткенде ҰҚК-нің аса ширақ қимылдайтын қызметкерлері «Қазатомпромға» қатысты көп күттірген ресми мәлімдемесін жасады, әйтеуір. Аталған комитеттің баспасөз қызметіне жетекшілік етуші Кенжеболат Бекназаровтың аузынан естілген айыптауларға жүгінсек, Мұхтар Жәкішев қазақтың бүкіл уранын меншіктеп алған қылмыскер, қаржылық қитұрқылықпен заңсыз пайда тапқысы келген барып тұрған алаяқтың нақ өзі екен-міс. Өткен жылы Президент оған «Құрмет» орденін берген кезде сәл қателесіп қалса керек. Сонымен...
Тексеру амалдары бойынша, Жәкішев мырза 2004-2007 жылдар аралығында қыруар қаржыны жымқыру мақсатында бірқатар заңсыз компаниялар мен жалған фирмалар құрып, сол арқылы 200 мың тоннадан астам шикізат қоры бар уран кеніштерін жеке меншігіне өткізіп алған. Былайша айтқанда, мемлекетке қарасты уран кен орындарының 60%-дан астамын еншілеген деседі. Осы ретте біздің күмәншіл көңіліміздің сонау түкпірінен «Биліктегі бір шоқып екі қарайтын кіл «құзғын-қарғалар» мұндай батпан құйрықты Мұхаң секілді кланға да, планға кірмейтін жігіттің қолына қалай ұстатып қойды екен» деген жаман ой бас көтереді. Бұның үстіне біздің елде бір кісінің рұқсатынсыз уран сатпақ түгілі, жел соғып, қурай сынбайтындығын және қосыңыз. Ендеше, арнаулы қызметтің он күн ойланып барып таратқан деректері, оның ішінде «Қазатомпромның» экс-президенті Мұхтар Жәкішев пен басқа да тұлғаларға қарсы қылмыстық кодекстің 3-ші бөлімі, 176-бабына сәйкес «аса қомақты көлемде мемлекет қаржысын жымқырды» деп таққан айыптаулары ақиқат ауылынан алыстау жатыр. Сол сияқты табан астынан табыла қалған 3 млн. АҚШ доллары бар «қара кассаның», заңсыз компанияларға тиесілі құжаттар мен мөрлердің, белгілі адамдардың аты-жөндері жазылған тізімнің шынайы дәлел екендігіне күдік зор. Бейнетаспа арқылы түсірілген жазбадағы қылмыстық іске қатысы бар компанияның вице-президенттері Малхаз Цоцория, Асқар Қасабеков және Дмитрий Парфеновтердің айтқан куәгерлік сөздері, яғни Мұхтар Жәкішевтің басшылығымен мемлекет қаржысын жымқыру үшін жалған фирмалардың құрылғандығын растауы да қисынға келмейді. Әйтсе де, белді бекем буынып қаржы полициясының шаруасына тұмсығын сұққан арнаулы қызмет жұрттың көзінше күлкіге қалмау үшін барын салады. Бұлай дейтініміз, «Құлекеев ісінде» қаржы полициясының кірерге тесік таппай қалай қарабет болғанын жақсы білеміз. Жоғарыдағы тапсырыс беруші топтың алдында да, «қойылымды» сырттай қызықтаған қарапайым халықтың алдында да жемқорлықпен күрескіш белсенділер беделден түгел айрылған. Тапсырыс үдесінен шыға алмаған қаржы полициясын бұл жолы ҰҚК-нің «ұқыпты» мамандарының алмастыруы сондықтан. Бірақ, олар тексеріліп жатқан қылмыстық істе саясаттың жұрнағы да жоқ деп жар салуда.
«ҰҚК тексеріліп жатқан қылмыстық істе қандай да бір саяси астардың жоқ екендігін ескертеді. БАҚ арқылы таратылған Жәкішевтің «Қазатомпром» басшылығынан босатылуы және артынша тұтқынға алынуы Рахат ӘЛИЕВ пен Мұхтар ӘБЛӘЗОВқа байланысты болғандықтан, саяси тапсырыспен жасалды деген сөз мүлдем теріс. Сондай-ақ, «Қазатомпромның» сатылуы туралы әңгіме де жалған», - дейді Бекназаров сенімді түрде.
«Құлдық өмір сүргенше, өлген артық...»
Ресми өкілдің мұндай мәлімдемесімен елдегі оппозиция жетекшілері Болат Әбілев, Төлеген Жүкеев, Петр Свойк мырзалар келіспейді. Олардың пайымдауы бойынша, Жәкішевті қылмыстық қудалауға салудың артында билікті құм қаптырып кеткен Мұхтар Әбләзовты «тұқырту» мәселесі тұр. Астанадағы ҰҚК-нің он күн әзірленіп өткізген ресми жинынан кейін, оңтүстік астанада ұйымдастырылған арнаулы қызметтің аузын ары қаратқан баспасөз мәслихатында демократиялық күштер осындай пікір өрбітті.
Болат ӘБІЛЕВ, Қазақстанның «АЗАТ» демократиялық партиясының төрағасы:
- «Қазатопром» 100% мемлекеттік компания. Акциясының барлығы Энергетика және минералды ресурстар министрлігі бастаған Үкіметтің иелігінде. Кен орындарын оңды-солды сата беретіндей ол сіздерге жекеменшік дүңгіршек емес. 2005-2007 жылдар аралығында елдегі әрбір кен орны Владимир Школьниктің қолында болғаны және барлық келісім-шарттарға ол өзі немесе оның орынбасары қол қоятындығы бұлтартпас шындық. Жәкішев кен орындарын сата алмайды. Бүгінгі ҰҚК-нің алға тартқан дәлелдері мүлдем дұрыс емес және үкіметтің үнсіз қорқып отырғандығы да түсінікті жайт. Мұхтар мен «Қазатомпром» топ-менеджерлерін тұтқынға алудың саяси түйткілінен басқа себеп жоқ. Шындығына келсек, қаржы мәселелесімен негізінен қаржы полициясы айналысуы керек, бірақ бұл іс ҰҚК қызметкерлеріне тапсырылды. Неге екенін іштеріңіз сезетін шығар. Тағы да қайталап айтамын, уран кеніштеріне қатысты барлық келісім-шарттаға Энергетика және минералды ресурстар министрлігі қол қояды. Керек десеңіз қашан және кімдердің қолы қойылған келісім құжаттардың нөмірлеріне дейін көрсетіп отырмыз. «Қазатомпром» компаниясы жасаған шаруалардың барлығы жоғарғы жақтың, яғни министрліктің, үкімет пен мемлекет басшысының мақұлдауымен атқарылды
Екі ай болды Мұхтар Әбләзовтың ісінде өлі тыныштық орнады. Қазір олар Мұхтармен келісімге келуге тырысып жатыр. Айтқаным айтқан, қалай келісім жасалады, солай БТА банктің де, «Қазатомпромның» да қылмыстық істерін тоқтатады. Ертең, Президент келеді де, «Мен демалыста жүргенде Шабдарбаев қателіктерге жол беріп қойыпты» деп, істің бетін жылы жаба салады.
Петр СВОИК, «АЗАТ» демократиялық партиясы төрағасының орынбасары:
- Мұндағы барлық жағдай алмағайып саяси оқиғаларға толы болған 2005 жылмен байланысты екені рас. Айталық, сол кездері ҚДТ қозғалысы жабылып, оған шетелде жүрген Мұхтар Әбләзовтың қатысы болған. Осы жылдың мамыр айында Әбләзов елге оралып, өзінің БТА банкін қайтарып алған. Бұдан кейін санаулы уақыт өтер-өтпесте, маусым-шілде айларында қазіргі Жәкішевтің мойнына артып отырған «жалған» кәсіпорындар Мұхтар Әбләзовтың араласуымен құрылған-тын. Егер, осының бәрін Жәкішев пен Әбләзов істеді дейтін болсақ, БТА банкті де Әбләзовқа Жәкішев қайтарып берген боп шығады. Алайда, жоғары лауазымды тұлғалардың араласуынсыз мұндай мәселелер шешілмейді. Тағы бір ескертетін жайт, ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы қазіргі «Қазатомпромның» вице-президенттерінің бірі Нартай Дүтбаевтің тасада қалып қоюы. Бір қызығы 2007 жылғы қаржы полициясының тексеруі кезінде дәл бүгінгі арнаулы қызмет орындары келтіріп отырған жалған фирмаларға қатысты деректер анықталған, соған қарамастан өткен жылы Президент Жәкішевке «Құрмет» орденін сыйлады. Кейіннен Мұхтар Әбләзовке байланысты жаңа оқиғалар туындаған сәтте осы қылмыстық іс қозғалды. Бұдан шығатын қорытынды, қалай айтсақ та қылмыстық істің негізі саяси себептерге келіп тіреледі.
Төлеген ЖҮКЕЕВ, «АЗАТ» демократиялық партиясының бас хатшысы:
- Қайта құру кезіндегі халық жауларын жазалау туралы кеңестік ескі фильмдерді көрген шығарсыздар. Сол кезде саяси бюроның мүшелері, үлкен төңкеріс жасаған, қуғын-сүргіннің азабына төзе білген ер мінезді азаматтар өздерін бес бірдей елдің шпионымыз деп мойындаған. Жапонның, немістің, италян, швейцариялық, американдық, тіпті «антарктидалықтардың жансызымыз» деуге әзір болған. Өйткені, ол кездегі азаптауға адам шыдай алмайтын еді. Өздеріңіз теледидардан көрген шығарсыздар, Түркіменбашыға қастандық жасалған кезде Борис Шахмурадов теледидар арылы кешірім сұрап: «Құдайдың өзі жіберген елшісі, ұлы Түркіменбашыға қол көтергенім үшін мені Құдай тағала жазаласын!» деген. Азаптаудан өткен адам кез келген нәрсені мойына алады. Олай болса, серіктесім Болат Әбілев айтқандай, «Қазатомпромның» вице-президенттері өте зиялы адамдар екендігін ескерсек, қазіргі біздің ҰҚК әлі күнге дейін қолданып келе жатқан рецидивистік, НКВД-лық қинау тәсілдері оларды «сындырып» жіберді. Моральдік және физикалық тұрғыдан азаптау жасалғандығы, айтпасақ та түсінікті. Әрине, Жәкішевті күнәдан пәк періште деп ешкім айтып отырған жоқ. Егер осы мәселелер бұған дейін байқалған болса, ол туралы ешкім тіс жарған емес. 2007 жылы қаржы полициясы анықтайды да, іштен тынып отырады. Тек керек адамды қысу керек болғанда, не әлдебір кампанияны ұйымдастырған кезде әлгі деректерді бері шығарады. Қазір біз 37-ші жылдардағы қуғын басталды деп қорқып жатпай, керісінше оларға қарсы соққы беруіміз керек. Егер өздерінің ар-намысы үшін қарсы тұра алмайтын адамдар болса, мұны саяси күштер жасайды, біз жасаймыз. Бұл үшін басымызды қатерге тігу керек болса, ҰҚК де, билік те, Назарбаев та, Шабдарбаев та, Әбіқаев та ешқайсысы бізді қорқыта алмайды. Құлдықта өмір сүргенше, өлген артық!
«Қазақстан» апталығы. 04.06.09