Аққу қырылған
Бұл былтыр болған оқиға еді. Қара күз айы. Іленің жағасында "Қазақ елі" тарихи сериалы түсірілу үстінде.Түсірілім алаңы үнемі абыр-сабыр, қарбалас, бірақ, бізден атшаптырымғы айнала күзгі мұңлы тыныштықта бөгіп тұрады; оқ жетер жерде Іле дария байсалды, сабырлы қалпынан танбай ағып жатады. Сәлден соң, осы мұңлы тыныштықты аққулардың гəккулі үні тербеп қоя береді. Еріксіз мойыныңды бұрып, көздеріңді көгжілтім Ілеге тігесің. Сол кезде ғажап көріністің куəсі боласың: көз ұшында толқынмен тербетіліп, ағыспен бірге ығып бара жатқан аққулар көрінеді. Бəріміз тамашалап қарап қаламыз. Ақ төсін айдынға аймалатып, күміс қанатын Күнге сүйгізген сыңқыл үнді ару аққулар айналаны ғажайып күйге бөлеп, мейрамдатқан күйі жанымыздан өтіп бара жатады. Не керек, күн сайын осынау көрікті көріністің куəсі болып жүрдім. Күн сайын аман ба екен деп, сұлу құстарымды түгелдеуді əдетіме айналдырым, күн сайын тура 17 аққу санаймын. Дін аман! Күн сайын Іленің жағасысына барып, аққулардың суға шомылғанын, таранып, сыланғанын тамашалау күнделікті көз қуанышыма, рəуішті ғанибетіме айналды.
Аққулардың амандығы, сұрқай дүниені сұлулыққа шомылдырғаны - көктемсіз көңілге кəдімгідей медет.
Бір күні, кенет, дүңк-дүңк еткен мылтық даусы естілді. Сұлу дүниені мылтықтың сұсты үні көміп кеткендей болды. Сәлден соң, Іленің үстімен жанталаса ұшқан аққулар көрінді. Үрейлене, сабалана ұшқан олар əлдеқайда бейберекет маңып бара жатты. Арада бірнеше күн өтті, аққулар оралмады. Жетімсіреген Іле өлібеттеніп, көгіс тартты.
Арада күндер сырғыды. Бір күні ертеңгілік көз ұшынан жаси ұшқан ақққулар тобы көрінді. Қатары кəдімгідей селдіреген аққулар ажалды айдынына үнсіз қонды. Осы сəтті құр жібермей, баяғыдай сыңқыл қақпай, көңілсіз, бұйығыңқы үнсіз жүзген аққуларды операторларға түсіртіп алдық. (Егер "Қазақ Елі" сериалын көрген болсаңыз, бұл бес аққу кадрде бар).
Келесі күні өзен бойын жағалап, серуендеп келе жатыр едім, қасыма есік пен төрдей "Джип" көлігі тоқтады. Ішінен жапырлап қаба сақал төрт жігіт түсті. Еңгезердей, қауға сақалы төсін жапқан біреуі түсе сала Ілеге дүрбі салды. Аяңдап қастарына келдім.
- Мына тұстан аққу көрмедің бе, - деп дүңк ете қалды қауға сақал.
- Оны қайтесіңдер? - дедім.
- Қайткені несі, атамыз!
- Қазақ атаң аққуды киелі құс деп атпаған. Тимеңдер, киесіне ұшырайсыңдар, - дей бергенім сол еді əлгі уаһабтар шек-қарны ақтарыла күлді:
- Аллаһ қана киелі, - деді, күлкісін доғарып, түсін суытқан қаба сақал, - Біз адасқан аталарымыз құсап көрінген жан-жануарға, от пен суға табына бермейміз, - деді сосын, өзен жаққа қарай өшпенділікпен қарап қойып. Бұдан кейінгі əңгімеміздің жараспасын сезе қойған мен көлікті айналып кеттім. Жүк салғышы ашық екен. Құдай-ау, əлгінің ішінде не жоқ дейсің! Неше түрлі шетелдік мерген мылтықтар, арасында АК 74 автоматы да қылтияды.
- Сендерді біреу-міреу ұстамайды ма, - дедім таңғалған үнмен.
- Көкелер бар ғой,- деді дүрбілі қауға сақал бос қолымен жоғарыны нұсқап, сөйтті де қасындағы серіктеріне "кеттік" деп белгі берді. Жапыр-жұпұр көліктеріне мінген қаба сақалдылар "дүр" етіп жүріп кетті. Мен олардан ертеңгілік үш аққу көргенімді бүгіп қалған едім, амал нешік, аңшылық түйсіктері сездіртті ме, қарақшылар үш аққу ұшып кеткен жаққа бағыт алды. Айтпақшы, сол күнге дейін он жеті аққудан үш-ақ аққу аман қалған-ды. Қалғандары мына қаба сақал қаныпезерлердің мылтығына жем болып үлгерген еді. Арада сүт пісірім уақыт өтпей, қаһар шашқан қарулардың гүрсілдеген үні алыстан талып естіліп жатты.
Содан қайтып аққу көргеніміз жоқ. Биыл да зым-зия, су бетінен сыңар аққу таппайсың. Аққу түгілі жоғары-төмен сымпылдап ұшып жататын қаз-үйрек те ұшыраспайды. Əйтсе де жапанды жаңғырықтырған мылтық даусы жиі-жиі естіліп тұрады. Құсы жоқ, базарынан айырылған Іле құлазып ағып жатады. Іле мен бірге сен де құлазисың, көлде де, көңілде де аққу жоқ...
PS. Мынау өлең аққулардың аманында дүниеге келіп еді. Он жеті аққудан, көңілдегі гəккуіңнен... қалған белгі осы ғана...
АҚҚУЛАР ƏНІ
Астың - Жалған, үстің - Жар,
Аққулар қайда ұштыңдар?
Қанатың күнге шағылып,
Айқара ақ бұлт құштыңдар!
Аспандап ұшқан аққулар,
Ақ шыңдар асып барасың.
Аспанда бейне ақ тулар,
Көкпенен тапқан жарасым!
Менің де бар-ды Аққуым...
Анарын Айға төсеген.
Кеудесі күмбір гəкку үн,
От ерні жақұт, төсі өлең...
Əуезді саздай сұңқылы,
Барады бір сəт үзілмей.
Ақ күміс қанат сыңқылы,
Сол жанның сыңғыр үніндей.
Аққуым сол бір қайда екен?
Жетпеді ешбір дерегі.
Құшағын кімге жайды екен?
Жаспенен толып зереңі.
Аққулар енді аман бол!
Жат мекен сені күтеді.
Лашынға Көктен бағам бол!
Күтеді боран түтегі.
Күтеді боран түтегі,
Алдыңнан асқар құз шығар.
Мергендер оғын түтеді,
Бəлкім бұл соңғы Күз шығар?
Дүние құстың сүті еді,
Расында соңғы күз шығар?
Қай жерден ғұмыр бітеді,
Тазаның соңы Сіз шығар?..
Ерлан Төлеутай
Facbook-тегі парақшасынан