Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 7235 0 пікір 14 Қараша, 2017 сағат 01:01

Бақыт Беделхан. Мейрамбек және біз...

(Аманат арқалатқан ағаға)

толғау

...Ақаңның аманаты – деп,

Нарға емес,

Арға салып бір жүкті,

Қали ағам, қатты айтыпты шындықты.

Қатты айтқанда,  жақсы айтыпты,

Мына сұрқай тірліктегі сұмдықты;

«Ғалымнан залымды,

Арыңнан жаныңды,

Жаныңнан малыңды оздырған,

Бәйге атындай бауырын пұлға жаздырған,

Қасыңдағы қошеметшіл тобырға

Тереңдеп қабір қаздырған.

Көк сандығың көзді көкшитіп,

Ашынаш пен құшынашты мәз қылған.

Саңқылдап самғар қырандар,

Қаңқылдатып  қаз қуған,

ХАЛҚЫМ , ҰЛТЫМ, ЖҰРТЫМ – деп

Пәленің ошағын қазды сөз қуған?!

Бұл не деген заман боп тұр, Мейрамбек,

Албастының да арқасын қоздырған?!

Айғайлағаны әнші боп,

Ыңыранғаны Шәмші боп,

Құрқұлақпенен ауырған

Жазықсыз жұртың жылпостарға жалшы боп,

Топтан озып, дүлдүлі шықпай,

Бақтан ұзап, бұлбұлы ұшпай тобырдың

Ой балқытқан көсемі де,

Сөз шалқытқан шешені де

Бара жатыр жәй, әншейін, жаршы боп...

Айтпайын десем, Намысым...

Жерге қарасам, өзіме тиді,

Елге қарасам,

Көзіме тиді қамшы боп.

Ұлтты ойлайтын ұлым қайда?

Жұртты ойлайтын қызым қайда?

Жолың қайда?..

Жолым қайда?..

Мен қайда?..

Керуен-керуен көші ілгері,

Ұлы дала төсіндегі еңсесі зор ел қайда?

Жоғалтпаған тасқын кейпін,

Он үшінде баспын – дейтін, ездігі жоқ ер қайда?

Соларды ойлап берілемін шерлі ойға...

Осылай,..

Төте болды қойған сұрақ,

Ойлан, Шырақ! »

 

Иә, ойланайық, бағамдайық, бажайлап,

Басымыздан үркіп ұшқан талай бақ.

Қырын қарап кетсе дағы бір кезде,

Қызыр да жүр қырсыз елді маңайлап.

Ұлтын сүйген ұлыларды ұлықтап,

Түс көрсем де,  түс қашса да соны ойлап,

Мінер жағын менсінбейтін...

қасқа айғырдай,   сақсынып,

...Қамшылар жағыма қарайлап,

Сөз бастадым орайлап,

Алды-артымды абайлап.

 

Қалекемнің қазық қып қадап, айтқаны-ай,

Айналасын солқылдатты, ... зырқ етті.

Жер қозғалып кетпесе де..,

Миымыздан шаң ұшқандай,  бұрқ етті.

Қазағымның қайран сөздері-ай,

Тәңір - нәттес, Ай  менен анау,  Күн - текті.

Бұлтақтатпай, бұра тартпай қалай жеткізем,

Буырқанып, булығып тұрған бұл-кепті?

 

Бозторғайы ұя салып жүрекке,

Сол - алты жасында-ақ,

боздауын айтқан бұ көпке.

Мейрамбектей бір ұл берген құдайға

Айта алар дейсің кім өкпе?..

 

...Өкпе де емес, назда емес.

Бұл – артындағы інілерге айтқан

Ағалық ақыл,  аз кеңес...

Әйтпесе,

атынан түспей дәрет сындырған талайлар

Анау,

үлкендердің араларында аз да емес...

Құдай емес-ау, құдайсынғаннан қорқамыз

Ойсыздарменен  толған да  сайын ортамыз.

Өлідей-бейне тобырдың санын көбейтпей,

Бөрідей кейде  ...біздер де жалғыз  жортамыз.

Сосын, ауылға шөлдеп,  қайтамыз

Тандыр боп кеуіп қолқамыз...

 

Жортып та жүріп жоралғы, жол мен жосыққа

Қиянат қылмай  айтамыз сөзді,  дос ұқса...

О, біздердің толқын,  топаны бірге аралас

Айыра алмайсың  мықтысын,

Араластырып, қосып та,

Алдына аттай тосып та!..

Кебегі бөлек, керегі бөлек шығар ед,

Қалбырлап,  қайта тасытса.

Өтпелі кезең кезекпе-кезек кеп жатыр

Кім ұғар дейсің?

Солай екен ғой, асықса...

 

Асыққан ұрпақ..,

аптыққан толқын - толқын ба?

Аңғара алмайды,

алдында жар ма, ор тұр ма?

Абай да қорыққан балалар менен жастардан

Ағайлар қорықса, атадан қалған жол тұр да?..

Жоқ, біздер...

Туса екен –дейміз,

тектіден бәрі текті – боп,

Тектілер бірақ, тексізден жүр-ау, тепкі жеп.

Арсызға құмар атақтың құны не керек?

Ертеңің үшін езіліп жатса, ет-жүрек.

Сыбырлап сырттан тон пішіп жүр ме бірулер,

Өнердің  Қызыр-шапаны биттеп кетті –деп...

 

Биттемей қайтсін?!

Шошқаны үргізіп қорада...

Қораның итін қаңғытып қойып далаға,

..Ит сиген жерге аунатып,

Қораға қайта түнетіп,

Күлімсі иісін мүңкітіп,

Періштелерді үркітіп,

жын-жыбырды пір тұтып,

Төбесіне,  билетіп қойсаң,  шылқытып....

Биттемей қайтсін?!

Қолтығына дым бүркіп,

Етек-жеңін өрмекшідей

Өңшең өлермендерге  ыздыртып,

Мойнына лыпасыз сайтан мінгізтіп,

Жағасындағы киіз боп кетсе, қыл-қылпық...

 

Биттемей қайтсін?.. - дейміз-ау, көзден мұң сүртіп,

Қызырдай шалды қымсынтып.

Бит-бүрге басқан киелі ондай шапанды

Бытыр-бытыр еткізіп,

жалынға қақтап,

Отқа алу керек бір сілкіп!..

 

Содан соң, күннің көзінен

Төгілтіп, нұр бер,  шуақ бер.

Ай сәулесіне суарып,

арылмас мәңгі қуат бер.

Сайын даламда самалмен, желмен жарыссын,

Жер-көкті түгел шарлайтын тұлпар-пырақ бер!

Жағасына алтын, жеңіне жезден өрнек сап,

Астарында аруақ аунайтын,

Тысында ешкім мазасын алмайтын,

Иығына жұлдыздай жанған шырақ бер,

Тек, сосын барып сынап көр!..

 

А, Тәңірім, жамандығыңды  жеткізбе,

Шежіремнің шерлі мұңын шерткізбе!

Жалын кешіп, жасын құшқан жастарға,

Жала менен жапаны да шеккізбе!

Басқа салса, тозақты да жұмақтай

Көтеретін  нар тұлғалар көп бізде.

Жақсы ағалар жанымызда жүргенде,

Жар құлатар толқын болу – серт, бізге.

 

Тәңір иісі - тамыр иісім жұмсарып,

Өзегінен жұпар шашып тұрса анық ,

Менің рухым – сенің рухың асқақтап

Өзге жұрттар қарап тұрса, күн салып .

 

Үнімізге ай мүлгісе, күн жайлап,

Сырын төксе, сыбызғы мен сырнайға-ақ.

Әруақтар танитындай даусынан

Бесігінде-ақ  уілдесе, іңгәйлап...

Өр рухыңды оятардай сәт туса,

Жанарыңнан жарқ етсе бір, нұр қайнап

Бағаласаң – байлығың ғой,  бұндай бақ!

 

Тілімізге темір сауыт кигізбей,

Төрт құбыладан соққан желге тигізбей.

Маңдайынан Таң жүзіндей Тәңір мен

Күннен басқа ешбір жанға сүйгізбей...

Қабырғасының астына

Кір-дүниені кіргізбей,

Аяласақ, білгізбей!..

 

Біздің жүріс  - өрлігінен жаңылмау.

Аласармас ар-намыстан арылмау.

Ат тезегін алтын көрген біреуден,

Бақ кезегін күтіп жүрмей, арындау.

Біздің арман – салмақ қосқан санаға,

Әруақ қосқан мынау ұлы далаға,

Жаны ауырып, қамқор болған Қалаға,

Ақтамберді арманынан ауырлау!..

 

...Ақаңның аманаты – деп,

Қали ағам қатты айтқыны – дұрыс болды.

...Жақсы айтқаны – жанымызға тыныс берді.

Ұлы дала - ұлт үшін мәңгілік төр,

Ытымаққа берейік ырыс-төрді.

Ағасы – ақыл, інісі – мақұл болып,

Болашаққа бастайық,   ұлы істерді!

 

P.S

...Мейрамбек тумам емес, тұғырласым.

(Құдайым ұзақ қылсын ғұмыр жасын.)

Тұрғандай бір бүйректі бүлкілдетіп,

Туғандай қадірлеймін жұмыр басын.

Жүректі нұрға аунатып жүретұғын

Өрнекті өнер жолы құбылмасын.

Іс қылса, ізгіліктің ізін көріп,

Ілкі жұрт ұлықтайды ұғынғасын.

Сөзіне жұрт көңілі жібімесе,

Сезеді өз жүрегі жылынбасын.

Белбеудің қасиетін біледі ол да

Бұл жолда белді бекем буынғасын.

Ән айтса, күн құлатып, ай жүгіртер...

Осылай туу керек,  туылғасын!

 

Бақыт Беделханұлы

Ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1479
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475