«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Ауылым - алтын қазынам» атты форум өтті
Талдықорғандағы І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында өткізілетін Қоғамдық келісім кеңесінің «Ауылым - алтын қазынам» атты IV облыстық форумы өтті. Форум облыс аумағындағы этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді нығайтудағы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бағыттарын жүзеге асырудағы Қоғамдық келісім кеңестерінің рөлін арттыру, Кеңес жұмысын ұйымдастырудағы озық үлгілерді насихаттап, өңірлерге таратуды мақсат етеді.
Мәдениет сарайының кіреберіс фойесінде аудан, қала, ауылдық округтердегі Қоғамдық келісім кеңестері жетістіктерінің көрмесі ұйымдастырылды.
Форумда кіріспе сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша аймақта атқарылып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталып өтіп, алдағы жоспарлардан да хабардар етті. Осы жұмыстарға Қоғамдық Келісім кеңестерінің атсалысуын жандандыра түсу қажеттігін айтты.
Жиында негізгі баяндама жасаған облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбайдың айтуынша, бүгінгі күні облыста түрлі деңгейдегі 627 қоғамдық келісім кеңестері жұмыс істеуде. Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық келісім кеңестерін құру арқылы еліміздегі азаматтық қоғам мен мемлекеттік мекемелердің қызметтері бір арнаға тоғыстырылды. Өткен 9 айдың қорытындысы бойынша барлық 627 қоғамдық келісім кеңестері облыс бойынша әр түрлі деңгейдегі 2727 іс-шара өткізді, 409 өзекті мәселе қаралып, оң шешімін тапты. Сонымен қатар қоғамдық келісім кеңестері өз қызметін қоғамдық бақылау, медиация, қайырымдылық сияқты Ассамблеяның жаңа міндеттерімен толықтырған. Ғ. Тұрсынбай «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының «Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру» атты бесінші реформаны жүзеге асыруға дайындық үшін Қоғамдық келісім кеңестерінің қазірден жұмыс жүргізуі қажет бағыттарын атап өтті.
Басқосуда «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғ. Сарыбаев, Іле, Көксу, Панфилов аудандық Қоғамдық келісім кеңестерінің өкілдері және тағы басқа азаматтар сөз алды. Мәселен, Іле ауданында аталмыш кеңес жұмысының алдын ала түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде 20-ға жуық көшенің атауын ауыстыруды халық түсініп қабылдап, іс оң шешімін тапқан. Ал Көксу ауданында кеңестің қатысуымен жасалған қайырымдылық шаралары көптеп саналады. Ұйғыр ауданында Қоғамдық келісім кеңесі мүшелері жастардың жат ағымдардан сақтау шараларына белсене атсалысқан. Әр аудан-қаланың осындай озық тәжірибелері аталып өтілді.
Жиынды қорытындылаған облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Оралбек Жақиянов форум соңын «Ауылым - алтын қазынам» көрмесінің үздіктерін марапаттау рәсімімен аяқталды. Бас жүлде Қарасай ауданына берілсе, 1-ші орынды Еңбекшіқазақ ауданы иеленді. Екінші орын Ақсу, Іле аудандары, 3-ші орынды Кербұлақ, Панфилов аудандары мен Текелі қаласы алды. Жеңімпаздарға дипломдар мен бағалы сыйлықтар, белсенді қатысқандарға алғыс хаттар табысталды.
Abai.kz