Сенбі, 23 Қараша 2024
Алаң 6685 15 пікір 22 Қараша, 2017 сағат 13:19

«Қара ат» қайтер екен?

 

Енді екі күннен кейін Бішкекте Қырғызстан Республикасының жаңа президенті Сауранбай Жиенбековты ұлықтап, елдегі нөмірі бірінші биліктің орынтағына отырғызу рәсімі өтеді. Ақпарат көздері инаугурацияға Қырғызстандағы елшілік өкілдерінен өзге шетелдік қонақтар қатыспайда деп жатыр. Ал, ұлықтау рәсімнен кейін ресми түрде билік тізгінін қолына алатын Жиенбековті құттықтау, құттықтамау әркімнің өз ісі. Ежелден көршілік байланыс пен бүгінгі дипломатияның талабын ескере отырып, Ақорданың Жиенбековке «қадамың құтты болсын» айтарына бек сенеміз.

Сонымен, Сооронбай әка – (ұйғыр мен өзбек сияқты олар да үлкенді «әка» дейді) ел билігінен құлағаны бар (Ақаев), қашқаны бар (Бакиев), уақыт аралық кезеңді өткергені бар (Отынбаева), сайланғаны бар (Атамбаев)  Қырғыз Республикасында бесінші президент. Бұл адамды саяси ойындарды бақылап отыратын сарапшылар қауымы шахмат тілінде «қара ат» (черная лошадка) атап үлгерді. Десе дегендей-ақ, өйткені ол  Қырғызстанда қалыптасқан төңкеріс жолымен емес, билікке төтесінен келіп, қол жеткізді. Алайда оның биліктегі «еңбек кітапшасында» да елді елең еткізе қоярдай ештеңе жоқ.  1995 жылы Жоғарғы Кеңестің депутаты болған. 2000-2005 жылдар аралығында Жоғарғы Кеңес төрағасының орынбасары қызметінде жүрген. 2007 жылы Ауылшаруашылығы, су ресурстары және өндіріс министрі лауазымын атқарған. 2010 жылғы төңкерістен кейін Ошқа кетіп, губернияны басқарған. 2015 жылы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі мекеменің төрінде отырған. 2016 жылы Қырғызстан Республикасы президенті әкімшілігінде екінші тұлға (аппарат басшысының бірінші орынбасары) болып жүреді де бірден премьер-министр қызметіне тағайындалады. Содан кейін президенттік сайлауда – үміткер, сайлау науқаны аяқталған соң – жеңіскер. Ұмытып барамыз, Сауранбай Жиенбеков Алмасбек Атамбаевтың Социал демократиялық партиясын бірге құрғандардың қатарынан табылады. Алайда оның партиядағы белсенділігі пәлендей көзге түсіп, даралана қоймаса керек. Қалай десекте, Жиенбеков – президент. Ал, президент Жиенбеков өзінің миссиясын қалай атқарады? Дұрысы: қалай атқаруы мүмкін? Істі неден бастайды? Қазақ пен қырғыздың арасына сөз жүгіртіп, Атамбаевтың жолын жалғастыра ма, әлде, басқа бағытты бетке ала ма? Бізді, әсіресе, осы сауалдар толғандырады. Өйткені Атамбаевтың айқайы екі ел билігін түс шайыстырып қана қоймай, екі елдің арасын аша түсуі мүмкін. Ал, бұндай салқындық қазақ пен қырғызға керек пе? Әлбетте керек емес. Ендеше алғашқы қадам Жиенбековтың тарапынан басталатын шығар деп күтеміз. Ол үшін:

Жиенбеков Атамбаевтың «адамы» болып қалмауы керек

Рас, Атамбаев Жиенбековке жеңісті қолдан әперді. Оның ең күшті оппоненті Өмірбек Текебаевты сайлау додасы басталмай жатып, «алаяқтықпен айналысты» деген күдікпен қаматтырып, ақырында 8 жылға бас бостандығынан айырды, мүлкін тәркіге салды. Текебаев саяси күрестерден 8 жыл сырт қалған жағдайда Жиенбеков пен Атамбаев тандеміне жайбарақат билік құра беруге болатын сияқты. Бірақ... бұл «бірақтың» сырына  кейіннен ораламыз. Оның үстіне оппозициялық күштерді біріктіруге мүмкіндігі бар Бабановты да елден айдап шықты. Парламенттегі негізгі дауыс та қазіргі биліктің мақсат мүддесімен үндестік табатынға ұқсайды. Осының бәрі жиылып келгенде Жиенбеков билігіннің қауіпсіздігін қамтамасыз ете түскен сыңайлы. Әйтсе де, осының бәрінің артында Атамбаевтың тұрғанын Жиенбековтің үнемі ескеріп жүретінін де есте ұстаған абзал. Демек, Жиенбеков Атамбаевтың көрші елдің билігін сүйкімсіз етіп көрсету арқылы өз билігін нығайту, айналасына қырғыз халқының саяси элитасын топтастыру ісін жалғастыра береді ғой?.. Өкінішке қарай, бұндай жағдайда Қырғызстан Беларуссияға қысым жасап отыратын Ресей сияқты Қазақстан тарапынан нақты қарсылықтарға ұшырайды. Кедендегі қазіргі іркіліп тұрған көш-керуен жайына қалады; Қазақстан осы қыста Қырғызстанға алдымен отын бермей тастайды. Көмір тиелген эшолондар тізбегі тоқтайды. Астық қоймаларының қақпасы тарс жабылады. Қырғыз гастарбайтерлері қуғынға ұшырайды. Ішкі жалпы өнімі бір айдың ішінде 0/3 пайызға құлаған қырғыз экономикасы Қазақстанмен бұрынғы қолайлы қарым-қатынастың пайдасын сезініп, бұқара халық тарапынан талап күшейе бастайды. Бұның соңы Қырғызстанның қазіргі премьер-министрі Сапар Исаковтың отставкасымен аяқталуы ықтимал. Исаковтың отставкасы осылайша «оңынан орайласқан» жағадайда, ойдағысы болған Атамбаев оның орнына барып жайғасуы мүмкін. Сосын Медведев-Путин, Путин-Медведев тандемы сияқты Орта Азия мемлекеттерінің арасында да Атамбаев-Жиенбеков тандемы пайда болмақ. Әйткенменде, Қырғызстан Ресейдің көшірмесі емес, Атамбаев бәрібір Путин бола алмайды. Өйткені, Қырғызстан – Қазақстан мен Ресей секілді «жүнді білек» жүйе орнықпаған ел.  Жоғарыда көп нүктемен қалдырған «бірағымыздың» жайына көшсек, абақтыда демалып қана жатқан Текебаев пен оның жақтастары, қала берді Жиенбековтің Оңтүстіктегі жерелестері-ақ кезекті төңкерістің тәуекеліне бел байлап, тандемді Бакиевтің артынан тентіретіп жіберуден тайынбайды. Ендеше, Жиенбеков уақыт өткізе келе өз командасының құрамын нығайтып, Атамбаевтың ықпалынан бірте-бірте алыстауы қажет. Солай болатын да шығар. Өйткені Жиенбеков премьер-министр кезінде елдегі экономика министрлігінің инвесторлармен байланысын қызу қолдап, Қазақстанды Қырғызстандағы үшінші инвестор деп атаған болатын. Ал,

Үшінші инвестор: Қазақстан қандай қадам жасауы тиіс?

Жасыратыны жоқ, Ақорда осы күндері Орта Азиядағы көршілеріне тыным бермейтін болып барады. Ресми Астананың белсенділігі сырт көзге онша біліне бермегенімен ақырында міне, өзінің сүреңсіздеу «нәтижесін» әйгілеп тынды. Таңғы асын ішпей тұрып Кремльді, Кремльдің ішінде шалқая басып жүргендерді бір сыбап алатын Лукашенко сияқты біздің аймақта да Алатаудың ар жағынан Астанаға қарап айқайлап отыратын бір пенде табыла кетті. Ол кісінің кіжіне сөйлеуіне себеп тудырған біздің тараптың қылығын да осы арада ескеріп қойған абзал.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың тілімен айтқанда, «киндер-сюрприз» саясаткерлер 2001-2006 жылдары демокартиялық күшке айналып, өздерін «Жас түріктер» атай бастаған кезде президент Назарбаев «Бұларды экономикалық тұрғыдан тұралап жатқан Қырғызстанға жіберу керек, демократияның не екенін көрсін сонда барып» деген болатын. Елбасының осы сөзіне сол кезде оппозицияға кеткен Алтынбек Сәрсенбаев: «Қырғыз халқын неге кемсітеді? Оларда біздегідей мұнай жоқ шығар, газ, уран жоқ шығар, бірақ, саяси ой мен саяси ерік-жігер бар», - деп уәж айтқан еді. Бұл сөзді қырғыз тарапы естімеді дейсіз бе? Естіді.

Бакиевтің тұсында қазақ байлары қырғыздың хан жайлауларын ақшаға сатып алды. Соның бірі атақты Қарақол жайлауы. Қарақолға малының тұяғын іліктіре алмай отырған қырғыз қазаққа қарап кіжінбегенде қайтеді енді?..

«Алматының жалпы экономикасы Қырғызстаннан 6 есе артық» деген сөз де Бішкек билігіне жетпей қалмады емес, жетті.

ЕАЭО-нің жиындарында қырғыз тарапы «Қазақстан әртүрлі нәрсені сылтау етіп, тауарларымызды Ресей нарығына шығармай келеді» дегенді зар жылап талай айтты. Бұл да «атаң қоқилауға» апаратын тірлік қой.

Өткен тамыз айында вице-премьер Асқар Мамин көрші қырғыз елінде 400-ге жуық кәсіпорын қазақ капиталымен жұмыс істеп жатыр деп мәлімдеді. Бұның сыртында Қазақстанның оңтүстік өңірлері қырғыз жерінен ағып келетін өзен суларына тәуелді. Қырғыздың жұмысшы күші де қазақ нарығынан орын таба бастады. Соның бәрін былай қойып, Ақорданың Бішкекті қырына ала бергені қаншалықты жөн? Қырғыз Қазақстанның экономикалық көмегінсіз-ақ күнін көріп кете алады. Себебі, былай қисайса, қытай, алай қисайса, өзбек, тәжік, орыс бар. Қазақстанға да Қырғызстаннан пәлендей келіп кетер ештеңе жоқ. Бірақ, Орта Азиялық экономикалық одақ пен интеграцияны ойлап отырған елге аймақтың тұтастығы мен бүтіндігі аса қажет болса керек. Мәселенки,

Кәримовтің кезінде тақиясын шекесіне теріс қондырған Өзбекстан

қазір Қазақстанға етене жақындығын күн өткен сайын сездіруде. Жас әрі жалынды басшы Шавкат Мирзеевтің жадыраңқы жүзі қазақ пен өзбектің арасындағы салыңқы қабақ пен салқындықтың ізін қалдырмай бара жатқандай сезіледі. Марқұм Кәримовтің тұсында қазақ-өзбек арасында ашық бәсеке, арбасу мен жанжалдасу жиі болмаса да, көрініс беріп қалатын. Ал, бұл шындап келгенде қазақ-өзбек арасындағы емес, екі ал басшысының арасындағы мінәйі мәселеден шығып жататын. Кәримовтің дөрекілігін кездесулер сәтінде Назарбаев: «Қайрат» пен «Пахтакордың» арасында тартыс болғанымен, біздің арамызда еш бәсеке жоқ» деген сияқты әзілмен  жуып-шайып отыратын. Алайда, Кәрімовтің еліне барып алып гәпірген сөздерін ел болып елемеуге тырстық. Оның қайсыбірі, рас, қазақтың құлағына жете де беремейтін. Кәримов әзелден дәстүр-салтына берік өзбектің тілі мен мәдениетін сақтағаны болмаса, өркенін өсіре қойған жоқ. Ол, әрине, аталған елдің ішкі жайы. Өзбектің ішкі жайына ендеп енуге біздің мүмкіндігіміз шектеулі. Өйткені ақпарат тым аз. Сондықтан Кәримовтің кезіндегі Өзбекстанның көршілерімен қырбайлау болғанын, ол қырбайлықтың қыр асырмағанын, ОА елдеріндегі екі лидердің арасындағы тұлғалық қайшылықты Ресей сияқты пиғылы жат жұрттың әркез өз ыңғайына пайдаланып отырғанын айтсақ та жетіп қалар. Сондай Өзбекстан өзінің туғанын тауып, тумаластырмен ауыз біріктіре бастағанда Қырғыз билігінің қыңырая қалуы көңілге кірбің ұялатады. Бұндайда

ОА ЕЕ сияқты болса деп армандайсың

«ЕЕ» деп отырғанымыз – Еуропа елдері. Қысқасынан қайырайық, Еуропаның қандайда бір еліне саяхаттап барған жан біледі, сіз мысалы Парижге ат басын тірген болсаңыз, ертеңінде Британияның бір қаласынан таңғы асыңызды ішіп, кеште Испанияның бір қаласында сейіл серуен құрып, қона кетесіз. Ұзақ жылдарға созылған ырғасулар мен шекара бөлісуден, басып алулар мен азат етулерден шаршаған кәрі құрлықтың халқы соңында өзара мәміліге келіп, қазір «бір үйдің» баласындай болып отыр. Ішім-жемі ортақ, мәдениеті ортақ, әдебиеті ортақ. Қайғысы да, қуанышы да бір. Бір-бірінің жетістігіне қол соға біледі. Қандай да бір шетін жайттың шеті шыға қалса, шешімін бірігіп іздейді. Бізге де, Орта Азия елдеріне де, сондай жарасымдылық пен жасампаздықтың аясында өмір сүруге әбден болады. Ол үшін аймақтың ықпалдастығын арттыратын тетіктер іске қосылуы керек шығар. Әрдайым жақсылықтан үміт етейік!

Дәурен Қуат

Abai.kz

  

 

 

15 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1469
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5404