Болат Мүрсәлім. Алаш һәм Алашорда туралы бірер сөз
Бүгін халық «Алаш күні құтты болсын!» деп, бір-біріне Тәңір жарылқасын айтып, қалта телефондарымен хат жіберіп, жаңа дәстүр бастап отыр. Интернет пен газет беттерінде Алаш туралы мақалалар лек-легімен шығып, «Ақжол» партиясы 13 желтоқсанды «Алашорда күні» деп белгілеу туралы Үкіметке ұсыныс та білдіріпті. Қазақтың Алашқа деген іңкәрлігі осыдан-ақ көрініп тұр.
Тарихи құжаттардан белгілі, 1917 жылдың 13 желтоқсаны - екінші жалпықазақ съезінің аяқталған, қазақ даласының түкпір-түкпірінен келген съезд делегаттарының тарқаған күні. Ал, Алаш қайраткерлерінің жекелеген естеліктері мен құжаттары Алашорда үкіметінің құрылған күні деп желтоқсанның он екісін көрсетеді. Ал, съезд делегаты, математик Әлімхан Ермековтің мақаласы үкіметтің жасақталған уақыты мен автономия туралы қуанышты хабардың қай сағаттарда айтылғанын нақтылай түседі: «Декабрьдің 12-күні, түс ауа, сағат 3-те дүниеге «Алаш» автономиясы келіп, азан шақырылып ат қойылды. Алты Алаштың баласының басына ақ орда тігіліп, Алаш туы көтерілді... Жасасын Алаш автономиясы!» («Сарыарқа» газеті, 22 қаңтар, 1918 жыл.). Сол себепті, Алаш күні деп 12 желтоқсанды атау - анағұрлым дәлірек сықылды.

Алайда, қателеспесек, 1918 жылдың ақпан айынан бастап Лениннің декретімен Ресей григориан күнтізбесіне көшіп, 13 күн алға бір-ақ секірді. 31 қаңтардан кейінгі күн 14 ақпан болып белгіленді. Соған орай, Ә.Ермеков жазып отырған 12 желтоқсан - бүгінгі 25 (12 желтоқсан + 13 күн) желтоқсанға сәйкес келмей ме деген сауал туындайды. Ендеше, Алаш күнін белгілейтіндей күн туса, тарихшылар осы күннің есебін күнтізбелік ерекшеліктерге орай дәл есептеп шығарғаны дұрыс сияқты.
***
Алаш туралы сөз қозғалғанда, тарихшылар, жазушылар, журналистер, қоғам қайраткерлері Алаш қозғалысы, «Алаш» партиясы, Алашорда үкіметі және Алаш автономиясы сияқты үлкен ұғымдарды орынсыз, ретті-ретсіз қолданады. Тіпті, ғылым докторлары мен мүйізі қарағайдай жазушылардың өзі осы ұғымдардың мән-мағынасын айырмайтындығы еңбектерінен көрініп тұрады. Бұл - Қазақстан Республикасы, Қазақстан үкіметі, «Нұр-Отан» немесе «Ақ жол» партиясы, «Ұлт тағдыры» яки «Желтоқсан» қозғалысын бірінің орнына бірін атағанмен бірдей ғой.
«Алаш» партиясы 1917 жылдың жазында, тарихи деректерге қарағанда, І жалпықазақ съезінен бастап құрыла бастады. Өйткені, Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына қазақ мүддесін қорғауға жеке партия қажет еді. Бірақ, Уақытша үкімет Құрылтайды бірнеше рет сырғытып, ақырында Ленин оны тарқатып жіберуге нұсқау берген соң, «Алаш» партиясының жұмысын жалғастыруға дәл сол мезеттерде аса қажеттілік болмай қалды. Ал, біздің жазарман қауым «Алаш» партиясын 1937 жылға шейін бір-ақ әкеледі.
Алашорда үкіметі Алаш автономиясының ісін жүргізетін бірден-бір саяси құрылым болды. Рас, 12 (25) желтоқсанда Алаш автономиясы де-юре жария етілген жоқ. Оны жариялау мәселесі кейінге қалдырылды. Бірақ, 1918 жылғы жаздағы Ә.Бөкейхан қол қойған жарлықтар автономияның нақтылы іске кіріскенін көрсетеді. Әсіресе, «Алашорда үкіметі Алаш автономиясы территориясындағы билікті өз қолына алады» деген мазмұндағы құжаттар автономияның де-факто құрыла бастағанын білдіреді. Осы құжаттармен бірге Алаш әскері, сот, білім-ғылым, Совет өкіметіне көзқарас туралы бірнеше жарлық шыққан болатын. Біздің тарихшылардың осындай маңызды тарихи деректерге аса зер салмай отырғандығы бізді әлі де таңдандырады.
***
Енді Алашқа жаңа көзқарас қажеттігі туралы пікір білдіре кетсек. 1988-89 жылдардан бүгінге дейінгі жиырма жыл аралығында Алашқа деген саяси, ғылыми, қоғамдық баға «1937 жылы Алаш қайраткерлері атылмағанда...» деген әуен басталады. Біздіңше, бұл нағыз конъюнктуралық, ғылымнан гөрі саясиландырылған баға. Неге? Жауабы - айқын: Алаш - тәуелсіздік мұратына жете алмады, біз - жеттік!
Бұл мәселеде Алашты 1905 жылғы Қарқаралы петициясынан бастап, 1937 жылдар аралығындағы локальды, бөлек құбылыс ретінде қарастыратын тарихшылардың да ұстанымы айрықша рөл атқарып тұр. 37 жылы аяқталған тарихи құбылысты «тікелей» Желтоқсан-86-мен немесе Тәуелсіздік-91-мен байланыстырып, Алашқа «құрмет» көрсететін тарихшыларға да жол болсын дейміз!
Алаш автономиясы (1918-20 жылдар шамасында автономияның іс жүзінде іргетас қалай бастағанын ескеру қажет) арыны айтпағанда, бергі Керей-Жәнібектен Кенесарыға дейін жеткен Қазақ Ордасының тарихи мұрагері. Алаш қайраткерлерінің қай-қайсысы болсын, Қазақ ордасының мемлекеттілігін қалпына келтіру жолында күрескенін айтып та, жазып та жүрген. Ә.Бөкейханның Кенесары туралы екі ауыз орысша өлең жазуының сыры да терең. Бұған қоса, Алаш автономиясы енді ғана қалыптаса бастаған мемлекеттілік, саяси институттарымен, соттарымен, әскерімен, газетімен, тіпті саяси элитасымен Кеңестік Қазақ автономиясының іргетасын қалауға атсалысты деп, тарихи сабақтастықты ғылыми тұрғыда жазған тарихшыны кездестіре алмайсыз. Қазақ тарихының ғасырлық, дәуірлік ағыстарында Алаш тарихы қашанда «менмұндалап» жеке жүргені...
Біздіңше, Алаш тарихы 37-мен аяқталған емес, 37-ден соң да жалғасқан тарих. Біздіңше, Алаш - жеңілген емес, жеңген ұрпақ, белгілі дәрежеде өз мақсат-мұраттарына жеткен ұрпақ. «1937 жылы Алаш қайраткерлері атылмағанда...» деген көзқарас - Алаштың шекара мәселесіндегі жеңістерімен, ғылым-білім, өнеркәсіп, театр мен тарихты зерделеу, баспасөздегі қыруар-қыруар жеңістерімен, Кенесары мен Кеңес одағының арасындағы тарихи ролімен ауыстырылуы керек сияқты. Әйтпесе, Алаш туралы сөз басталғанда олар ештеңе жасай алмай кеткендей, үлгере алмай кеткендей әсерде қаламыз.
***
«Бостандық! Теңдік! Туысқандық!» Бірінші Француз республикасының ұраны болған, әлі күнге Франция Конституциясының Преамбуласында тұрған бұл категорияларды 1917 жылы Ә.Бөкейхан бірнеше мақаласында тектен-тек атамайды. Сол себепті Ә.Бөкейхан құрғысы келген автономияны Бірінші Қазақ Республикасына ұқсатуға болар еді. Әрі Әлихан Бөкейхан Алашорда үкіметіне жалпыхалық ұсынған делегаттардың дауыс беруі арқылы сайланды. Яғни, съездегі сайлауда ол 82 дауыстың 40-ына ие болды. Бұл қазақ тарихындағы тұңғыш республикалық негіздегі жалпыхалықтық әділ сайлау.
Франция монархиядан республикалық басқаруға өткен күндерін ұлттық күнтізбесінде «Бастилияны азат ету күні» деп ерекше ұлықтайды. Сол себепті, біз Алаш күнін немесе Алашорда күнін ұлттық мереке ретінде күнтізбеге қоссақ, Алаш мәртебесін одан сайын асқақтатқан болар едік. Әзірге бар қазаққа, сол зиялыларымыздың сөзінше, әлі иғлан етілмеген Алаш күніне Тәңірі жарылқасын айтамыз.
«Абай-ақпарат»