Париждегі құны 65 миллион еуро тұратын пәтерді кімге саттыңыз?
Адамдар қызық, ниеттері бұзық... Бәрін білгісі келеді. Бельгиялық брокер Игнас Мювиссен кофе ішіп отырған, ұялы телефоны шырылдады.
– Алло?
– Маған Игнас керек еді, – деп сұрады Астанадан қазақстандық біреу.
Ағылшын тілінде тілін тістеп сөйлейді екен.
– Ия, құлағымды сізге беріп тұрмын.
– Сіз Қазақстан үкіметі өкіліне Парижде құны 65 миллион еуро тұратын пәтер сатқаныңызды мәлімдедіңіз ғой?
– Иә.
– Мен өте кедей адаммын. Бейшарамын. Сорлымын. Қазақстанда мендей бейшаралар жетіп артылады, өте көп. Айтыңызшы, қымбааат пәтерді кімге саттыңыз?
– Оның қажеті не сізге?
– Оның Парижден сатып алған пәтеріне күзетші керек емес пе екен? Көзімді ашқалы күзетші болып келемін. Бірақ айлығы алақанда тұрмайды.
– Жоқ, ғафу өтінемін, айта алмаймын. Сізге дейін де қаншама адамдар сұрады, айта алмаймын...
– Айтыңызшы?
– Мүмкін сіз КНБ тыңшысы боларсыз?
– О не дегеніңіз? Айтыңызшы?
– Айтпаймын!
– Айтпайсыз ғой?
– Ал, айтпасам не істейсіз?
– Айтпайсыз ғой?
– Ал, айтпаймын!
– Айтпасаңыз бар ғой?
– Не істей аласыз?
– Айтпасаңыз бар ғой...
– Мені қорқытып тұрсыз ба?
– Жаман болады. Ойланыңыз! Айтпайсыз ғой?
– Айтпаймын дедім ғой, айтпаймын!
– Точно?
– Ағылшын тілінде ол не?
– Айтпайсыз ғой?
– Құдайым–ай, айтпаймын деп қаншама рет айттым? Сізбен сөйлескім келемейді. Ұялы телефонымды өшіре саламын енді...
– Өшіре салыңыз!
– Бірақ мені сіздің маған не істей алатыныңыз қызық болып тұр...
– Айтпайсыз ба сонымен?
– Жалынамын, бұл құпия.
– Оңбаған миллиардер! Халықтың ақшасына Парижден пәтер сатып алыпты. Қарашы, мен жүрмін Астанадан пәтер ала алмай, кім көрінгеннің үйін жалдап... Игнас?
– Әу?
– Айтпайсың ғой?
– Иә!
Қазақстандық бейшара күрсініп салды да:
– Айтпасаң, Айтбайдың қатыны бол! – деп салды. Көз алдында өмірі көрмеген Париж...
Мұхтар ШЕРІМ
Abai.kz