Сейсенбі, 26 Қараша 2024
3439 0 пікір 3 Қараша, 2017 сағат 22:59

Ақтөбеде Мәслихаттың тұрақты комиссиясы ауылшаруашылығы мен ауызсу мәселесін талқылады

Жуырда Ақтөбе облысындағы облыстық мәслихаттың аграрлық мәселелер, экология және табиғатты пайдалану жөніндегі тұрақты комиссиясының кеңейтілген отырысы №21 Қарғалы сайлау округінің депутаты Гүлжанат Ерғазинаның төрағалық етуімен өтті. Жиынға облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова, облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов және депутаттар мен қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.

 

Жиында екі мәселе көтерілді. Бірі — облыстың елді мекендерін орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз ету, екіншісі облыстың ауыл шаруашылығы өнеркәсібін дамытуға қатысты болды. Бірінші мәселе  бойынша облыстық  энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Жанат Жұбанышев баяндама жасады.

Облыс тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстары 2002-2010 жылдар аралығындағы «Ауызсу» және 2011-2020 жылдарға арналған «Ақ бұлақ» бағдарламалары аясында жүргізіліп жатыр. 2002 жылдан бері облыс тұрғындарының 70,2 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілген. Жүргізілген ауқымды жұмыстардың нәтижесінде бұл көрсеткіш 90,5 пайызға жетіп отыр. Облыстағы су құбырының жалпы ұзындығы — 3 мың 115 шақырым. Оның 45 пайызының тозығы жеткен. Ақтөбе қаласы бойынша су құбырының  64,4 пайызын жөндеу қажет болса, Шалқар ауданында — 63,6, Хромтау — 62, Темір ауданындағы су құбыры желілерінің 65 пайызын қайта жаңарту керек. Ж.Жұбанышевтің айтуынша, облыста Ырғыз ауданы бойынша Нұра, Мамыр ауылдары, Байғанин ауданында Қазақстан елді мекені ауызсуды тасып ішіп отыр. Мамыр мен Нұра ауылдарын  ауызсумен қамтамасыз ету үшін 633,9 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжат әзірленіп, республикалық бюджетке енгізу үшін комиссияға жолданған. Ал Қазақстан ауылы болашағы жоқ елді мекендердің қатарына қосылғандықтан, ол жердегі 8 отбасы аудан орталығы Қарауылкелдіге көшіріледі. Қазіргі күні орталықта үй дайын тұр. Тұрғындар қараша айында қоныс аударады. Сондай-ақ «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Ұлттық қордан 9 жобаны қаржыландыруға 3,0 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаражат Алға, Әйтеке би, Шалқар, Мұғалжар, Темір аудандары мен Ақтөбе қаласының сумен жабдықтау жүйелерін жаңартуға жұмсалмақ. Сонымен бірге 2017-2019 жылдары 32 жобаны жүзеге асыру үшін  8,5 миллиард теңге бөлу туралы республикалық бюджет комиссиясына ұсыныс жолданған. Бұл бағыттағы жұмыстарға  бюджет қаржысынан бөлек, халықаралық қаржы ұйымдарынан инвестициялар тарту көзделмек. Мәселен, 2016-2020 жылдары «Ақбұлақ» АҚ жалпы сомасы 3,9 миллиард теңгеге, соның ішінде республикалық және облыстық бюджет қаржысынан және Еуропалық қайта құру, Даму банкі тарапынан несие қаржысына облыс орталығындағы сумен жабдықтау нысандарын қайта жөндемек. Жиында Жанат Жұбанышев осы және өзге де атқарылған шаруаларды баяндады. Депутаттар сұрақ қойды. Депутат Жеңіскүл Мұханбетпайызова көлік және коммуникация колледжіне келетін ауызсудан санитар мамандар бактерия тауып, айыппұл салғанын, судың сапасына жауапты орындар мәселені қалай шешетінін сұрады. Басқарма басшысы бұл сұрақ бойынша арнайы жұмыс жүргізілетінін айтты. Депутаттар келер жылдың бюджетіне ұсынылған Байғанин ауданындағы Миялы, Кемерши, Жарқамыс, Ебейті ауылдарын ауызсумен қамтамасыз ету жобасы қашан жүзеге асатынын сұрады. Басқарма басшысы бұл жобалар бюджет қарауына жіберілгенін айтты. Сондай-ақ Шалқар ауданындағы Тоғыз, Шілікті елді мекендерін ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстарының аяқталмауы да депутаттардың алаңдаушылығын тудырды. Жанат Жұбанышев бұл жобалар да келер жылы жүзеге асырылатынын мәлімдеді.

Кеңесте облыстың ауыл шаруашылығы өнеркәсібінің дамуы сөз болды. Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қ.Ыбырайымұлы баяндама жасады. Биылғы жылдың қаңтар, қыркүйек айларында ауыл шаруашылығы саласы бойынша 132,4 миллиард теңгеге өнім өндірілген. Тамақ өнімдерін өндірудегі негізгі капиталға салынған инвестицияның нақты көлемі 60,7 пайызды құрап, 976,0 миллион теңгеге инвестиция тартылған. Сондай-ақ биыл барлық суармалы жерлерге түгендеу жұмыстары жүргізілген. 2018 жылға дейін суармалы жерлер жүз пайыз пайдаланылмақ. Облыста ет, сүт өнімдерін өндіру жұмыстарында да ілгерілеушілік бар. «Алтын асық», «Құлан», «Ырыс» мемлекеттік бағдарламаларының  игілігін көрушілердің қатары өскен. Мәселен, «Ырыс» бағдарламасы бойынша 450 басқа алты тауарлы сүт фермасын құруға несие берілген. Жиында басқарма басшысы атқарылған жұмыстар мен алда қолға алынатын шаруаларды пысықтады. Депутаттар сұрақ қойып, көтерілген мәселелер бойынша ұсыныс, пікірлерін айтты.

Кәмшат Қопаева

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1539
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3329
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6076