Сәрсенбі, 30 Қазан 2024
Жаңалықтар 2858 0 пікір 18 Қараша, 2017 сағат 00:21

Үкімет басшысы Жамбыл облысындағы инвестициялық жобаларды аралады

Үкімет басшысы Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаев Жамбыл облысындағы ірі инвестициялық жобаларды аралап көрді, деп хабарлайды "Абай ақпарат" агенттігі.
Жуалы ауданындағы қуаттылығы 50 МВт-қа дейінгі, Орталық Азиядағы ең ірі күн электр стансасы «Бурное Солар – 1»-ді аралау кезінде Бақытжан Сағынтаевқа өңірде жаңартылатын энергия көздерін дамыту келешегі туралы баяндалды.
Екі жыл бұрын шетелдік инвесторлармен бірлесіп іске қосылған «Бурное Солар – 1» стансасы бүгінгі таңда 2,2 млрд теңгеден астам сомаға 73,18 млн кВт/сағ электр энергиясын өндіреді, бұл болжамды көрсеткіштерден 10%-ға жоғары. Бұдан өзге, жыл соңына дейін қуаттылығын 100 МВт-ға дейін арттыру көзделіп отыр, ол Қазақстанның оңтүстік өңірлерінің энергия қажеттілігін толықтай қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Бурное Солар-1» ЖШС бас директоры Нұрлан Қапеновтың айтуынша, аталған станса — экологиялық тұрғыдан қауіпсіз жоба. СЭС іске қосқан уақыттан бастап, үздіксіз, апатсыз, жабдықтың істен шығуынсыз жұмыс істеп тұр.
Жалпы елімізде қазіргі таңда жиынтық қуаттылығы 335,8 МВт болатын жаңартылатын энергия көздерінің 55 нысаны қызмет көрсетіп тұр. ЖЭК нысандарының электр энергиясын өндіру көлемі ұлғайтылуда, 2017 жылы өсім 13,5%-ды құрады.
Сарысу ауданында құны $950 млн тұратын, «ЕуроХим–Тыңайтқыштар» ЖШС көлемді инвестжобасын іске асыру мысалында, Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевқа өңірде химия өнеркәсібін дамыту туралы баяндалды.
Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдірайымовтың айтуынша, химия өнеркәсібі Жамбыл облысында аса дамыған салалардың бірі. Өңір өнеркәсібіндегі химия өнімінің үлесі 24,6%-ға тең.
«ЕуроХим–Тыңайтқыштар» басшысы Дмитрий Валышев өз кезегінде химия кешенін дамыту келешегі туралы айтып берді.
Зауыт құрылысы жобалық қуаттылығы жылына 1,4 млн тоннадан астам болатын минералды тыңайтқыштар өндірісін іске қосуға мүмкіндік береді. Өнімді Орталық Азия елдеріне, Ресейге, Қытайға экспорттау жоспарда бар.
Жоба іске асырудың екінші сатысында тұр. Іске қосу операцияларын 2020 жылы бастап, жобаның толық қуаттылықпен шығуы — 2021 жылға жоспарланған. Қазіргі таңда жоспардағы $750 млн инвестицияның $203 млн-нан астамы салынған.
Жалпы елімізде осы жылдың 10 айында химия өнеркәсібі өнімдерінің өндірісінде оң қарқын байқалады. Өсім жоспардағы 3%-дан асып, 4,8%-ды құрады.
Тақырыпқа тұздық: ҚР Индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында Жамбыл облысында жалпы инвестициялар көлемі 159 млрд тг болатын 53 кәсіпорын іске қосылған, 6 200-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылған. Өңірге инвестициялар тарту маңызды басымдықтардың бірі болып қала бермек.
2017 жылдың басынан бері өңірде өнеркәсіптік өндіріс көлемі 226,9 млрд теңгені, нақты көлем индексі — 100,6% құрады. Негізгі капиталға инвестициялар көлемі 130,7 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштердің 100,9% құрайды.
Ерғали Берікұлы
Жамбыл облысы
Abai.kz
0 пікір