Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 5353 0 пікір 17 Желтоқсан, 2010 сағат 07:05

Тәуелсіздік – тәу етер жалғыз киең

Ақындардың үш күндік аламан айтысының алтын арқауы осылай өрілді

Газетіміздің өткен нөмірінде ел тәуелсіздігінің 19 жылдығына ар­нал­ған ақындар айтысы туралы есепті жа­рия­лаған едік. Бүгін сол жыр сайысында оза шап­қан Аманжол Әлтаев пен Айнұр Тұрсынбаева және Мұхтар Ниязов пен Бекарыс Шойбеков се­кілді ақындардың жауаптасуын  оқырман­дары­­мызға ұсынып отырмыз.

Аманжол ӘЛТАЕВ:

Қазағым, жаныңнан да арың биік,

Болмайды бойыңдағы қаның сұйық.

Бабалар тұлпар мініп, ел қорғаған,

Шашақты ақ найзаның сабын сүйіп.

Кешегі ер қазақтар атқа мінген.

Кісінеген күреңнің жалын түйіп.

Өлеңнің құралайын өргізейін,

Қырқадан құлағандай қалың киік.

Айтысқа келген бүгін ағайынға,

Өлеңнің ұсынайын балын құйып.

Дүниеге тоқтау айтқан Қазақ елі.

Айтыс деген Алаштың базары еді.

Төрт мұхиттың арасын жалғастырған,

Қазақ елі әлемнің назары еді.

Оққа ұмтылып жатқанда өзге елдер,

Аман бол, баққа ұмтылған,

Қазақ жері!

Астында аспандағы ай-табақтың,

Сал-серінің тағдырынқайталаппын.

Найманның қыздарымен айтысам деп,

Қырыққа толғанымды байқамаппын.

Бәрі де шыққан сайын жол сұрайды,

Біріне бермеймін деп айтаалмаппын.

Керіліп, Айнұр сұлу сөйле енді,

Күйме мінген қызындай бай-манаптың.

Ақындардың үш күндік аламан айтысының алтын арқауы осылай өрілді

Газетіміздің өткен нөмірінде ел тәуелсіздігінің 19 жылдығына ар­нал­ған ақындар айтысы туралы есепті жа­рия­лаған едік. Бүгін сол жыр сайысында оза шап­қан Аманжол Әлтаев пен Айнұр Тұрсынбаева және Мұхтар Ниязов пен Бекарыс Шойбеков се­кілді ақындардың жауаптасуын  оқырман­дары­­мызға ұсынып отырмыз.

Аманжол ӘЛТАЕВ:

Қазағым, жаныңнан да арың биік,

Болмайды бойыңдағы қаның сұйық.

Бабалар тұлпар мініп, ел қорғаған,

Шашақты ақ найзаның сабын сүйіп.

Кешегі ер қазақтар атқа мінген.

Кісінеген күреңнің жалын түйіп.

Өлеңнің құралайын өргізейін,

Қырқадан құлағандай қалың киік.

Айтысқа келген бүгін ағайынға,

Өлеңнің ұсынайын балын құйып.

Дүниеге тоқтау айтқан Қазақ елі.

Айтыс деген Алаштың базары еді.

Төрт мұхиттың арасын жалғастырған,

Қазақ елі әлемнің назары еді.

Оққа ұмтылып жатқанда өзге елдер,

Аман бол, баққа ұмтылған,

Қазақ жері!

Астында аспандағы ай-табақтың,

Сал-серінің тағдырынқайталаппын.

Найманның қыздарымен айтысам деп,

Қырыққа толғанымды байқамаппын.

Бәрі де шыққан сайын жол сұрайды,

Біріне бермеймін деп айтаалмаппын.

Керіліп, Айнұр сұлу сөйле енді,

Күйме мінген қызындай бай-манаптың.

Ғасырдың басталғанда қос өрнегі,

Алаштың зиялылары өсем деді.

Қазақтың автономиясын жариялаған,

Дәл бүгін Алашорда көсемдері.

Ол кезде біз қауқарсызболатынбыз,

Киіктің лағындай нөсердегі.

Дүние ақ, қызыл боп бүлінген соң,

Ұйытқымыз төгілді кеседегі.

Түбі бір тәуелсіздік аламыз деп,

Қайтпаған Әлиханның меселдері.

Алаштың көсемдеріне қойылса екен,

Астана, бір ескерткіш көшеңдегі.

Шыққанбыз екеуміз де ұлық белден,

Шыққанбыз қазақ деген ғұрыпты елден.

Алдыңда бағыт берген ағаң едім,

Қарындасқа сәлемін тұрып берген.

Аяулы Айнұр сұлу, самға енді,

Аққу құсы ұшқандай тұнық көлден.

Аналар көз тастасам даламызға,

Айналған жақсылардың бәрі аңызға,

Кешегі Томирис пен Зариналар,

Билігін жүргізбеп пе ед даламызда.

Қазақтың мейірімі байқалады,

Қарасаң Домалақтай анамызға.

Қарқабаттай ананың әзиз жүзі,

Сақталған ізгілікпен санамызда.

Қазақ деген ұлтымның ақылы бар,

Төле, Әйтеке, Қазыбек бабамызда.

Тар құрсаулы заманнан шыға алмай,

Күңіреніп өтпеп пе еді

Сара қыз да.

Кешегі Ләззат пенен Сәбиралар,

Азаттық деп мерт болған қара мұзда.

Тәуелсіздік дегенің осы емес пе,

Айнұрларды сайратқандаламызда.

Айнұр ТҰРСЫНБАЕВА:

Алла деп келдім тағы да,

Аулыңнан шықсын асқақ ән.

Күн-анам, күліп көгімнен,

Шуақ-нұрыңды шаш маған.

Көк аспанымды жамылып,

Қара жер, сені жастанам.

Астана жұрты, армысың,

Тамырын терең тастаған.

Тәуелсіздіктің осындай,

Думанды тойын бастаған.

Төрдегі жатқан қарт пенен

Бесіктегі жас балаң,

Алланың нұры аймалап,

Алтын тәж киген Астанам.

Абылай бабам ту тігіп,

Қолбасы болған Астанам.

Нұрлы жол салып Нұр-ағам,

Жолбасы болған Астанам.

Тұлпарлардың да ішінде,

Жорғасы болған Астанам,

Береке менен бірлікке

Жол басы болған Астанам.

Алты Алашымның айбынды,

Ордасы болған Астанам.

Алла деп қызың сөйлесе,

Сөзімнен халқым танысын,

Ұлбике менен Сараның

Мұра боп жеткен әні үшін.

Әлия менен Мәншүктің,

Төгілген ел деп қаны үшін.

Әселхан менен Әсияның,

Өлеңге құмар жаны үшін.

Жазира менен кешегі

Ләззаттардың ары үшін.

Алдыңа шықты Айнұр қыз,

Ұнаса жұртқа шабысы.

Жалғыз-ақ қорғап көрейін,

Қыздардың барлық намысын.

Ағаға қатты сөйлесем,

Сағымыз біздің сынбай ма,

Бірлігін елдің жырласақ,

Түйсініп елім тыңдай ма?

Қадірін сөздің білетін,

Аманжол, сіздей ұл қайда?

Екі күн бойы айқасып,

Бойдақтарменен шығып ем,

Көнбейді тіпті ыңғайға,

Қадірін қыздың білетін,

Аманжол жақсы мұндайға.

Бағасын егер білмесең,

Бір демде ұшар бақ деген,

Мен сізді сыйлап жүрейін.

Күнде болмайды осындай,

Тамаша қызық сәт деген.

Қарындасың боп өзіңе,

Арнап кетейін тәтті өлең,

Ай маңдай менің ағамсыз,

Ниетім сізге ақ дер ем.

Дулығаң түссе басыңнан

Иіліп жерден ап берем.

Аманжол ӘЛТАЕВ:

Айнұржан, білінбесін ызғар үнім,

Өзіңді құлатпаспын құзға бүгін.

Алдыңдағы дәл мендей ер болмаса,

Жас бала білер деп пе ең қыз қадірін?!

Басына бірлікті елдің бақ келетін,

Осындай мейірленер шақ келетін.

Айтыстың аршындаған оғыланына,

Сызылған ақын қыздар тап келетін.

Өзіңдей ақын қыздар аман болсын,

Дулығамды көтеріп ап беретін.

Аманжол білгенінше мүсіндесін,

Білемін қарындастың кішірмесін.

Өзіңе сөз саптайын Айнұр қалқа,

Ару деген затыңды түсінгесін.

Ешқашанда бір Алла қазағымның

Басынан дулығасын түсірмесін.

Тұлпарға тұмар тақтырған,

Атанға кілем жаптырған.

Шуға кеп көшін тоқтатып,

Алтыннан қазық қақтырған.

Қазақтың басын құраған,

Қарашасына ұнаған,

Тәуелсіздік таңын құрам деп,

Алладан медет сұраған.

Азаттық десем Керей мен

Жәнібек еске түседі.

Келсе де небір ақтабан,

Қазақты Құдай сақтаған.

Абылайдайын еріммен,

Тәуелсіз күнде мақтанам.

Батыры елді қорғаған,

Билері сөзін жолдаған,

Үш жүздің құрап бастарын,

Жамандық ісі болмаған.

Азаттық десем кешегі,

Абылай еске түседі.

«Ереулі атқа ер салған,

Егеулі найза қолға алған».

Есілер жерде есілген,

Көсілер жерде көсілген.

Қаймана қазақ қамы үшін,

Әзіз де басы кесілген,

Исатай, Махамбеттерді,

Шығарам қайтіп есімнен.

Артына әскер жиылған,

Соққысын берген қиырдан.

Шегірмен он жыл соғысып,

Қорға деп жерді бұйырған,

Азаттық десе кешегі

Хан Кене еске түседі.

Алашым, менің Алашым!

Бел буып алға барасың.

Әлихан, Ахметтердің

Төмендетпейік бағасын.

Мағжандай ақын наркескен,

Толғаған заман жарасын,

Алаштың ардақ ұлдарын

Еске алмай қалай қаласың?

Желтоқсандағы жаңғырық,

Болуы әбден заңдылық,

Еріңді тақтан тайдырып,

Келгенде Колбин қаңғырып.

Отанды сонда боздатты-ау,

Алыстан әскер алдырып.

Қазағым барда өшпейді,

Желтоқсандағы жаңғырық.

Жайыма келсем бүгінгі,

Естірттің қазақ, үніңді.

Көк күмбезіңді көтеріп,

Көк байрағымыз тігілді.

Қадірін елдің білгізген.

Қазаққа тұлпар мінгізген,

ЕҚЫҰ-ның тағына,

Қазақстанды мінгізген.

Ақордасына қазақтың,

Елу алты елдің басшысын,

Сәлемін алып кіргізген.

Моңғолия, Қытай, Иранға,

Шашырап кеткен қазақтың,

Бастарын қосып жинаған,

Атамекенге ап келіп,

Басына орда сыйлаған.

Жүз отыз елді бөлмеген,

Тәуелсіз күнде өрлеген,

Нұрсұлтан сынды ерім бар,

Осындай ерді баптаған,

Бірлігін әсте сақтаған,

Алдымда отырған осынау,

Қазақтай қайсар елім бар.

Назарда болсын жеріміз,

Бірлікте болсын еліміз,

Ендігі тілек Нұраға,

Көркейтіп тілді беріңіз!

Өзіңе үміт артады,

Қазақтай асыл еліңіз,

Ел-жұртың еді ойыңыз,

Биіктей берсін бойымыз.

Халықтан ақша тонаған,

Жемқордың бәрін жойыңыз.

Бәрін айт та, бірін айт,

Баянды болсын бүгінгі,

Азаттық деген тойымыз!

Айнұр ТҰРСЫНБАЕВА:

Елбасы жайлы негізі,

Менің де ойым осы еді.

Патшаға қарсы шықпа деп,

Қасиетті Құран кітапта,

Жазылып кеткен деседі.

Аллаға қарсы шықпайын.

Мұсылмандығым осы еді.

Бүкіл жұртының шешені,

Түркі жұртының көсемі,

Күлтегіндердей көшелі,

Сақ бабаларым киінген,

Саф алтындардың кесегі.

Ауызын ашса ақыл мен

Парасат желі еседі.

Еуропа түгіл әлемнің

Есін шығарған есебі.

Елбасысы бар осындай,

Елімнің бағы бес елі.

Жақсылығымды айтайын,

Ақындық сондай қасиет.

Тәуелсіздіктің жолында,

Ерлердің кеткен басы көп.

Исатай менен Махамбет,

Нарын құмдағы асыл ед.

Амангелді менен Бекболат,

Ақ патша мысын басып ед.

Әлихан, Ахмет, Міржақып,

Тәуелсіздікке ғашық ед.

Мұстафаның да Парижде,

Елім деп аққан жасы көп.

Солардың соңғы сарқыты,

Қайратым қандай жасын ед.

Негізі біздің қазақтың,

Тарихы сондай қасірет.

Субхан Алла тілегім,

Нұрыңды бізге шашып өт!

Азат та ғажап өмірді

Қазаққа мәңгі нәсіп ет!

Төккен тер менен еңбектің

Табымен келген еркіндік.

Отыз жетіде ананың,

Зарымен келген еркіндік.

Желтоқсанның алғашқы,

Желімен келген еркіндік.

Қайраттай қайсар балаңның,

Қанымен келген еркіндік.

Жәзира менен Ләззаттың,

Арымен келген еркіндік.

Шәмшідей асыл ағаның

Әнімен келген еркіндік.

Қасірет пен қайғының,

Дәмімен келген еркіндік.

Аманжол ағам сен едің,

Ай маңдайлы, айбарлым,

Үш жыл бойы айтыста,

Сен шықпай қойдың, ағатай.

Мен оған біраз ойландым,

Тиісуші едім бұрын да

Еркелікті негізі,

Баяғыда қойғанмын.

Аға деп, бүгін құрметпен,

Жолымды беріп кетейін,

Атасы сол ғой ойлардың.

Уақытша дейді дүние,

Жүлдеге әбден тойғанмын.

Айтыстан қалмай, Аманжол,

Төрінде жүрші тойлардың.

Дағдарыс келген екен деп,

Дағдарып қалар ел ме едің?

Еуропа шулап жатыр ғой,

Қаржы деп айтып сенгенім.

Қазақстанда бірақ та,

Күнде той болып жатыр ғой.

Ақын мен әнші ермегің,

Қадірі кете қойған жоқ,

Біздің халықта теңгенің.

Көк байрақтағы қырандай,

Қияға қанат сермедің.

Еселеп Алла қайтарсын,

Елбасымыздың еңбегін.

Халқыма мәңгі жар болсын,

Тек қана көкте Тәңірі!

Халқыма қиын болмасын,

Заманның қиын нарығы.

Төрде отырған көкелер,

Үзілмей жұрттан тамыры,

Ісіңді хаққа тапсырып,

Халқыңа жаса жақсылық.

Халықтың болса сабыры,

Ханның да кетпес қадірі.

* * *

Мұхтар НИЯЗОВ:

Өкпесін қолына ұстап жетті ақындар

Өрісі кеңейгесін өлеңдегі.

Өрісіміз кеңеймей не болыпты

Еліміз әр сәт сайын кемелденді.

Ат арбасын тоздырған аталардың,

Ақыры ақталғандай бар еңбегі.

Қазақстан бүгінде жер бетінің,

Тек қана бір Аллаға тәуелді елі.

Екі бас сыйған емес бір қазанға,

Деген сөздің көрінді көнергені.

Мәселенің дәл мұндай еместігін,

Елорда күні кеше дәлелдеді.

Тірліктің тағы да атты таныс таңы,

Кеп қалдық текті

жұртпен танысқалы.

Үрейіңді жеңдіріп, үмітіме,

Үлкендермен үзеңгі қағысқалы.

Жаратқан төл өнерге төлқұжатты,

Айтысың қайта қолға табысталды.

Апыр-ау, қандай бақыт басымыздың,

Қайтадан халықпенен қауышқаны?!

Ассалаума ғалейкум, қазақ деген,

Арманға қол жеткен ел алыстағы.

Айға шауып мерт болмай, аман түскен,

Азияның азулы арыстаны.

Бақ таймасын осынау байтағыңнан,

Шаңырағың аман тұр шайқалудан.

Күндік жерден көз тартып, бәйтерегің,

Кемдік көріп жатқан жоқ жайқалудан.

Заман бұл қай адамның ұртын ашсаң,

Аузынан екі қасық май табылған.

Елбасына ерекше ел алғысы

Астананы тұрғызған айтақырдан.

Арқаға Тоныкөк пен Күлтегіннің

Қасқайтып, қағанатын қайта құрған.

Бекарыс ШОЙБЕКОВ:

Мұндайда пейіл бар ма ашылмаған?

Мұндайда көңіл бар ма тасымаған.

Тәуелсіздік тойының қарсаңында

Дүрмекке дұрыс болмас қосылмаған.

Бармысың қара ормандай, қалың елім,

Қадірін, қара өлеңнің қашырмаған.

Батыры дұшпанына бас ұрмаған,

Ақыны басынан сөз асырмаған.

Армысың, қазағымның Астанасы,

Жүзінен қуанышын жасырмаған.

Елу ел патшасын күтемін деп,

Екпіні әлі күнге басылмаған.

...Алыспен, жақынмен де тату болған,

Қайта біздің күніміз көктем екен.

Он бір жылда бастарын бір қоспаған,

ЕҚЫҰ-ның кенеуі кепкен екен.

Бір-біріне алакөз патшалардың,

Басын қосқан қазағым тектен екен.

Қазақстан болмаса Еуропаң да,

Жететұғын жеріне жеткен екен.

Алдыңнан туған кезде арайлы арман,

Бір сәтте өзгереді қалай заман?

Астанаға келген соң барлығының,

Көзқарасын өзгерту оңай болған.

Жасанған бас қаланы көрген кезде,

Тамсанып шеттерінен қарай қалған.

Көздері сүрінгенін өздері айтты,

Біздегі салтанатты сарайлардан.

Көшпелі еліміздің көрсін енді,

Көш ілгері екенін талайлардан.

Қазақстан - ұясы қарлығаштың,

Аспаны азаттық пен арай құшар.

Тыныштық пен береке сақталып тұр,

Артта қалып талай шың, талай құзар.

Елбасымыз төредей әділ шығып,

Еліне көкіректен жыр ағызар.

Бабасы өз ұясын бұзбағанның,

Баласы өз ұясын қалай бұзар.

Біз бір күнде жетпедік баққа бұлай,

Тәуелсіздік ыстығы-ай, аптабын-ай!

Үш жүздің басын қосып бір кездері,

Патшаңды қондырды ғой атқа Құдай.

Айрандай ұйып келе жатқан елді,

Сүт болып төгілуден сақта құдай.

Бекарыс ШОЙБЕКОВ:

Ер қадірін білер ел аман болсын,

Жерім аман болсыншы түгі майлы.

Қазақтың ынтымағын берсін Құдай,

Ынтымақтан айырылған ұлы қайғы.

Баяғы бабаларым айтқандай-ақ,

Тату елге тақсырет жуымайды.

Кептелген сөзді айтайын көмейге енді,

Ақындар деп отыр ғой не дейді енді.

Бостандықтың құдіреті күшті екен ғой,

Жаратқан ием өзі жебейді енді.

Шетте жүрген қандастар елге келіп,

Еліміз одан сайын мерейленді.

«Егемен Қазақстан» газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5550